12.02.2010 / 14:18
Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Елшісі Абдалла Омар Альарноси С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың ректорымен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, ақпанның 11-і күні Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абдалла Омар Альарноси Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында ректор университеттің 50 жылдық тарихымен қысқаша таныстырып, оқу орнында соңғы жылдары тәжірибеге енгізілген инновациялық технологиялар тұрғысында, сондай-ақ өзге шет елдерімен орнатылған тығыз ынтымақтастық жайында баяндап берді.
Мәселен А.Бұлашев, өткен жылы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Болонья қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойғанын және сол арқылы өзінің әлемдік білім беру кеңістігіне енуге әзірлігін дәлелдегенін атап өтті. Сондай-ақ оқу орны төрт мамандық бойынша философия докторларын дайындауға лицензия алғанын, университет жанында жұмыс істеп тұрған Биотехнология ғылыми-зерттеу институты мен жақында ашылған «Энергия тиімділігі және энергияны үнемдеу» аймақтық ғылыми-зерттеу және инновациялық орталығы жайында әңгімеледі.
Сонымен бірге ректор, университет ғалымдары жасаған бидайдың өнімді сорттарын, ветеринария мен егін шаруашылығы бойынша бірқатар ғылыми ізденістердің өндіріске енгізілгенін тілге тиек етіп, Мысыр елінің аграрлық сектордағы жоғары технологиялары қызығушылық тудыратынын мәлімдеді. Аграрлық білім мен ғылым саласында Мысыр Араб Республикасымен іскерлік байланыстар орнатуға және ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін жеткізді.
Өз кезегінде Елші, университет жайында ғана емес, Қазақстанның аграрлық секторының жалпы жағдайы туралы берген ақпараттарға алғысын білдіріп: «Университет тек ауыл шаруашылығына кадрларды даярлаумен ғана айналысады деген ойда болатынмын, сіздер ІТ технологиялар мен ғылымның басқа да заманауи жетістіктерін игеріпсіздер. Бізді Қазақстанның дәнді дақылдардың астықты сорттарын өсіру технологиясы қызықтырады. Мен Қазақстанда 5-8 масақты бидайдың өсетінін көрдім. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Мысыр Нілдің негізгі арнасын бұру арқылы құмды алқаптарды игеруде. Сондықтан Мысырда жердің мелиорациясы мен ирригациясы технологиясы дамыған, сол сияқты энергияның баламалы көзі ретінде күн энергиясы да жетістікті пайдаланылуда», - деп атап өтті.
Кездесу барысында тараптар алдағы уақытта білім беру және РһD докторларын даярлау бағыттарындағы бірлескен жұмыстарды жандандыруға және дамытуға уағдаласты.
Достарыңызбен бөлісу: |