МЫСЫР АРАБ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ (СЫРТҚЫ ЖӘНЕ ІШКІ АСПЕКТІЛЕР)
Әбдіқадырова Ж.Б.
Мысыр Араб Республикасының (МАР) араб әлеміндегі жетекші мемлекеттердің бірі екені сөзсіз. Жетекші ұстанымдарын сақтап тұру үшін Мысыр өзінің ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелерін шешуді маңызды орынға қояды.
Каир қазіргі кездегі елдің негізгі сыртқы қауіптеріне араб-израиль қақтығысы дамуын алдын ала болжай алмауды және Израиль тарапынан қауіптің сақталуын, Ніл суын бөлісу мәселесін (су қауіпсіздігін), аймақтағы елдердегі лаңкестік және экстремистік ұйымдардың белсенді қызметі және олардың жергілікті исламшыл радикалдармен байланысын жатқызады.
Мемлекеттің сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бар қауіптерді жоюға байланысты мәселелерді мысырлық басшылық негізінен саяси жолдармен, зорлық күш салмай, алайда мықты, соғысқа жарамды және техникалық жағынан жақсы қамтылған әскери күштерге, әскери-өнеркәсіптік қауқарына сүйене отырып шешпек. Ал Таяу Шығыста әскери одақтарды құруға МАР қарсы шығады.
Мысыр аймақта тұрақтылықты сақтауға және өзінің өткір ішкі мәселелерін шешуге: әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарды жеңуге, экономиканың өсіңкілік дамуын қамтамасыз етуге, ішкі тұрақтылықты сақтауға барынша қажетті әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында көршілес елдермен жақсы қатынастарды дамытуға мүдделі. Сыртқы тұрақтылық МАР үшін кіріс кіргізетін халықаралық туризмді, көршілес мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.
Мысырдың стратегиялық және сыртқы саяси мүдделерінің мейлінше маңызды дәстүрлі төрт аймағы ретінде Солтүстік Африканы, Африка Мүйізін (Суданды қосқанда), Левантты (Шығыс Жерорта теңізі аймағы) және Парсы шығанағы аймағын атауға болады. Бұл аймақтардағы ахуал елдің ұлттық қауіпсіздік жағдайына тікелей ықпал етеді деп есептеледі. Бұл бірінші кезекте Левант пен Солтүстік Африкаға қатысты.
Мысыр негізгі таяу шығыстық «күш орталықтарының» бірі ретінде және өзінің геосаяси орналасуы бойынша аймақтағы болып жатқан оқиғалардың шеттегі бақылаушысы бола алмайтын мемлекет ретінде аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға зор ықпал етеді. Мысырлық басшылық өзінің араб және таяу шығыстық саясатын жүргізгенде, саяси, экономикалық және шекаралық-территориялық сипаттағы көптеген даулы мәселелерді шешу ісінде тежеуіш күш рөлін ойнауға барынша ынталы. Аймақтың су, экономикалық ынтымақтастық, қоршаған орта сияқты маңызды мәселелері бойынша көпжақты келіссөздерде Мысыр рөлінің айтарлықтай маңызы бар.
Ірі көлемде әскери және экономикалық көмек алуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ сыртқы қауіптердің шиеленісуі жағдайында қолғабыс ету мүмкіндігіне сенуге негізделетін АҚШ-пен әскери-саяси серіктестікті сақтау МАР сыртқы саясатында және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешуде басым орынға жатқызылады. Сонымен бірге Вашингтонмен ынтымақтастық Мысырды айтарлықтай деңгейде Таяу Шығыс аймағында американ саясатына байлап, Каирдың сыртқы саясатта айла-әдістерді қолдану мүмкіндіктерін шектейді /1/.
Елді Ніл суымен қамтамасыз ету мәселесі МАР ұлттық қауіпсіздігінің ең жоғарғы өрісіне жатқызылады /2/. Елдегі қайнарлары шектеулі тұщы суды тұтынудың шапшаң өсуі Мысырдың су қауіпсіздігі мәселесінің шиеленісуіне апарады. Мұнда, әрине, Ніл суын бөлісу мәселесі ең бастысы болып табылады. Бұл істе Каир ұлттық мүдделерді қорғауда әрқашан қатаң ұстанымға ие болды және қазір де ие. Әлбетте, Мысыр Ніл проблемасын мүдделі тараптармен келіссөздер жүргізу арқылы шешуге ынталы. Сонымен бір уақытта мысырлықтар өзен бассейнінің қандай да бір елінің МАР-дың тұщы судағы қажеттіліктерін тиісті мөлшерде қанағаттандырудан ашық түрде бас тартқан жағдайда күш қолдану қауіптерін, тіпті күш қолданудың өзін де жоққа шығармайды /3/.
Мысыр қауіпсіздігін нығайтуда маңызды құрамдас элементерінің бірі ретінде таяу шығыстық бейбіт үдерісінің сәтті алға жылжуы, жақын арадағы келешекте мүмкін болса араб-израиль қайшылықтарының мейлінше толық реттелуіне қол жеткізу есептеледі. Каирде бұл мәселедегі алға жылжудың болмауы, араб-израиль қақтығысының оқтын-оқтын шиеленісуі қандай да бір дәрежеде МАР да араласып кете алатын жаңа кең ауқымды соғысқа ұласып кету қаупіне ие екендігін түсінеді. Бүгінгі таңда таяу шығыстық реттеуге байланысты мысырлық ұстаным араб елдері мен Израильдің өзара мойындаулары мен қатар өмір сүруіне негізделген, тәуелсіз Палестина мемлекетін құрумен қоса, палестина мәселесінің әділ шешілуін, сондай-ақ сириялық Голан жоталарынан Израильдің кетуін білдіретін «тепе-теңдіктегі бітімге» қол жеткізуден тұрады. МАР палестиналықтар мен Израильге белсенді түрде делдалдыққа жүреді. Парламенттік сайлаудағы жеңісінен кейінгі өзінің алғашқы шетелдік сапарын палестиналық ХАМАС радикалды қозғалыс басшылығының делегациясы дәл Каирге жасағанын баса айтқан жөн /4/.
МАР-ды Израильге деген прагматикалық ыңғай үлгісі деп есептеуге болады. Сонымен бірге екі мемлекет те әдеттегі саяси және экономикалық байланыстарды сақтауға мүдделі болғанымен де, екі ел арасындағы сенімсіздік, бір-бірінің ниеті жөніндегі өзара күдіктілік екі жақты қатынастарға жағымсыз із түсіреді. Бұл жайт едәуір түрде Мысыр /5/ және Израильдің өз әскери қауқарларын арттырып отырғандықтарын түсіндіреді.
Осының бәрін ескерген жағдайда да, араб-израиль реттелуінің қарқынына байланысты МАР ұстанымының екі жақтылығын айтуға болады – дағдарыстың тез арада реттелуі ақысыз американ көмегін тоқтатуы мүмкін, Каирдың делдал ретіндегі рөлін жоғалтуына және, сәйкесінше, Мысырдың аймақтық рөлінің елеулі төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Парсы шығанағы аймағында болып жатқан оқиғалар өзінің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей байланысты деп есептейтін Мысырда ол аймақтағы ахуалдың дамуын жіті қадағалауда. МАР аравиялық монархияларды қаржы-экономикалық көмек алудың маңызды қайнарларының бірі және мысырлық жұмысшы күштің кең тұтынушысы ретінде қарастыра отырып, ондағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға мүдделі. Мысыр Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі (ПШАМЫК) елдеріне олардың егемендігі мен территориялық тұтастығына шетелдік сұқтанушылықтан қорғау ісінде әскери көмекті қоса, бар қажетті көмекті көрсетуге даярлығын танытып отыр.
Каир Ирактағы жағдайды тез арада тұрақтандыру, ол елдің бірлігі мен территориялық тұтастығын сақтау бағытын ұстанады.
Мысыр халықаралық лаңкестік және саяси экстремизммен күрес мәселелерінде араб және басқа да елдер әрекеттерінің тығыз үйлестірілуін қолдаған және қазір де қолдап келеді /6/.
МАР таяу шығыстық аймақтың жаппай қырып жоятын қару-жарақтың барлық түрлерінен азат аймаққа айналуының жақтаушысы /7/. Мысыр ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шарттың қатысушысы. Президент Хосни Мүбарак Африканы ядролық қарудан азат аймақ ретінде жариялауға бастама білдіргендердің бірі болды. Каир бұл мәселедегі аймақтық айқындылықты, халықаралық тексерістерді жүргізу және ядролық қаруды таратпаудың ұйғарылған тәртібіне халықаралық кепілдемелерді (басқалардан гөрі американ кепілдемелерін) беруді жақтайды. Сонымен бірге МАР Израильдің ядролық объектілеріне халықаралық бақылау орнатылуын, оның ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шартқа қосылуын көздейді. Каир Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жанжалды саяси-дипломатиялық әдістермен реттеуге ынталы.
Мысырдың беделді аймақтық держава орны мен рөлін сақтап отыруы көбінесе елдің ішкі хал-жайына және ұлттық экономиканың жағдайына тәуелді, ал нық ішкі тұрақтылық пен қауіпсіздік оның үдемелі дамуының негізгі шарттарының бірі болып табылады.
Бүгінгі күні Мысырдың ұлттық қауіпсіздігіне шынайы және ықтимал қауіп төндіретін негізгі ішкі мәселелерге демографиялық проблема, елді тұщы сумен қамтамасыз ету, өңделетін жерлердің ауданын кеңейту, халықты жұмыспен қамту, экономикалық дамудың жоғары қарқынын қамтамасыз ету, әр алуан әлеуметтік мәселелер, мысырлық қоғам өміріндегі ислам факторы ықпалының өсуі және осыған байланысты экстремизм және лаңкестік мәселелері, елдің қоғамдық-саяси өмірін одан ары демократияландыру қажеттілігі, МАР-дың экономикалық және ғылыми-техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдегі экологиялық жағдайдың нашарлауы жатады. Бұл мәселелердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты, ал оларды шешу кешенді және жүйелі бағытты талап етеді.
Қазіргі уақытта үкімет ішкі саяси тұрақтылықты сақтау және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне, бірінші кезекте ислам экстремизмі мен фундаментализміне қарсы тиімді әрекет етуге, экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, әлеуметтік жағдайды күрт өзгеріске ұшыратпай, экономикалық реформаларды жүргізуге басым көңіл бөледі.
Сонымен бірге қазіргі заманғы Мысырда өмірдің барлық саласында дерлік шешуін таппаған проблемалардың болуы олардың ары қарай шиеленісуі жағдайында елдегі ахуалдың тұрақсыздануына септігін тигізетін жағдайлар туғызуы мүмкін және қазіргі тәртіптің өмір сүруіне тікелей қауіп төндіруі ықтимал. Оған қоса негізгі қауіп болып кенеттен туатын апатты лап ете түсуден, әлеуметтік дүмпуден гөрі, МАР-дың ең жақсы өкілдерін қоса, халқының барған сайын көп бөлігі енжарлық пен торығуға батып жатқан кезде қоғамның бірте-бірте пауперизацияның барған сайын төменгі деңгейлеріне сырғып түсуі саналады. Және тағы бір көңіл қоюды талап ететін мәселе – бұл исламшыл фундаменталистер билікке келуге тырысатын жағдайдағы қоғамның «жайыла өсетін» исламдануы /8/.
МАР үшін күрделі мәселелердің біріне демографиялық мәселе жатады. Ел ресурстары, әсіресе су ресурстары артып келе жатқан халық санының қажеттіліктерін барған сайын ауырлықпен қамтамасыз етуде. Мысыр халықты қанықтырудағы қиын-қыстау жағдайға жетуден өте таяу. Шиеленіскен демографиялық жағдай, шын мәнінде, экономикалық жаңарту бағдарламаларының жолын бөгейді, мысырлықтардың негізгі көпшілігінің өмір сүру деңгейін тез көтеру үмітін жояды, экономиканың өсуін төмендетеді, басқа да ауыртпалығы кем емес мәселені – жұмыссыздық мәселесін шешуде қиындықтар тудырады /9/. Одан басқа кедейшіліктің жоғары деңгейі кезінде елдегі халық санының тым көп болуы әлеуметтік шиеленісушіліктің өсуіне жағдайлар қалыптастырады, қоғамда радикалды рухтың таралуына септігін тигізеді. Жағдай МАР-дағы дәстүрлерге, ең алдымен діни дәстүрлерге бола халық санының көбею қарқынының күрт төмендеуі болашақта айқын көрінбейтіндігімен ұшықтырылады /10/.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де өте шиеленіскен /11/. МАР-дың азық-түлік пен астық экспортына тәуелділігі артуда. Бүгінде Мысыр қажетті азық-түлік өнімдерінің 60 пайыздан астамын шет елдерден, негізінен АҚШ-тан импорттайды. Елдің азық-түліктің орасан мөлшерде шеттен әкелінуіне тәуелділігі көп жылдарға сақталатынын сеніммен айтуға болады.
Шешілу деңгейі көп жағдайда Мысырдағы жақын арадағы жылдардағы тұрақтылықты анықтайтын мәселелерге қоғамның демократияландырылуын; ғаламдану үдерісіне мүмкіндігінше дағдарыссыз бейімделуін; халық табысындағы зор қарама-қарсылықтарды қысқартуды; билік сабақтастығын сақтауды жатқызуға болады. Және де Х.Мүбарактің ресми мұрагерінің болмауы МАР саяси өміріндегі шиеленісушіліктің елеулі элементін құрайды /12/.
Солайша, Мысырдағы ахуалдың кейінгі дамуы айтарлықтай деңгейде ел басшылығының экономикалық реформаларды жүргізуде, өзекті саяси проблемаларды шешуде және ислам экстремизмін тежеуде елеулі нәтижелерге қол жеткізудегі қабілеті мен мүмкіндігіне тәуелді болмақ.
1. Приложение. Проблемы национальной безопасности Египта (внутренние аспекты) // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (27 марта – 2 апреля 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/03-04-06.htm
2. Мамед-Заде П.Н. Прозрачное золото. О проблеме водных ресурсов на Ближнем Востоке и в Африке // http://www.iimes.ru/rus/stat/2004/21-09-04.htm
3. Юрченко В.П. Проблема распределения вод Нила: трудности и перспективы // http:// www. iimes.ru/rus/stat/2003/19-03-03.htm
4. Приложение. О политике руководства Египта в деле обеспечения внешней безопасности страны // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (13-19 февраля 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/ 20-02-06с.htm
5. Трофимов А. Стремиться к миру и готовиться к войне. О наращивании военной мощи Египтом // Еврейские новости, № 12, от 2.10.2002. // http://base. ijc.ru/basesite/site.aspx? SECTIONID=70134&IID=70142
6. Камлевская Я.Е. Борьба с терроризмом в Египте на рубеже XX-XXI веков // Ближний Восток и современность. Сборник статей (выпуск девятнадцатый). – М.: ИИИБВ, 2003. – С. 51-63.
7.Мамед-заде П.Н. Египет и проблема распространения оружия массового поражения на Ближнем Востоке // Ближний Восток и современность. Сборник статей (Выпуск двадцать восьмой). – М.: ИИИБВ, 2006. – С. 69-75.
8. Приложение. О политике руководства Египта в деле обеспечения внешней безопасности страны // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (13-19 февраля 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/ 20-02-06с.htm
9. Мамед-заде П.Н. Ближний Восток перед лицом проблемы неграмотности. // http:// www.iimes.ru/ rus/stat/2005/11-04-05.htm
10. Приложение. Проблемы национальной безопасности Египта (внутренние аспекты) // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (27 марта – 2 апреля 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/03-04-06.htm
11. Мамед-заде П.Н. Демографическая проблема в Египте. // http://www.iimes.ru/rus/stat/ 2005/24-08-05.htm
12. Приложение. Проблемы национальной безопасности Египта (внутренние аспекты) // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (27 марта – 2 апреля 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/03-04-06.htm
Достарыңызбен бөлісу: |