Бағалау кезеңдері мен құралдары
Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің (Роберт Юджин Глейзер енгізген ұғым, 1963) нақты жиынтығының көмегімен өлшенеді. Бұл нормаға негізделген бағалаудан өзгеше. Нормаға негізделген бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі олардың сыныптастарының үлгерімімен салыстырылып қойылады.
Оқушылардың пән бойынша оқу жетістіктері екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау.
Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде жүреді. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, балл не баға қоймастан-ақ оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдер оны оқушылардың жетістіктерін өлшеп, алдағы сабақтарын жоспарлау үшін қолданады.
Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін/ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған соң оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.
Қалыптастырушы және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады, алайда бағалау тәсілдері пәннің мазмұны мен ерекшеліктеріне байланысты ерекшеленуі мүмкін. Мұғалімдер қалыптастырушы және жиынтық бағалаудың нәтижелерін оқушылармен арадағы кері байланыс үшін және оқу үдерісінің барысында ата-аналарға ақпарат беру үшін пайдаланады.
Бағалаудың барлық түрлері пән бойынша оқу бағдарламаларының мазмұнына негізделеді. Бұл мәселеге қатысты толығырақ ақпаратты «Негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық», «Өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық», «Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы», «Жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныстар» әдістемелік құралдарынан табуға болады.
Критериалды бағалау жүйесінің мақсаты бағалау критерийлерінің негізінде оқушылардың оқу жетістіктері туралы шынайы ақпарат алу және оқу үдерісін жетілдіре түсу үшін оны барлық қатысушыларға ұсыну.
Достарыңызбен бөлісу: |