Әкімдер сайлауы бойынша сұрақтар
-
Облыстық сайлау комиссиясының алдағы сайлаудағы рөлі қандай және оның функциялары қандай актімен регламенттеледі?
Қағидалардың 63-тармағына сәйкес, Қағидалармен реттелмеген мәселелер Сайлау туралы заңға сәйкес және Ортсайлаукомның актілерімен шешіледі.
Облыстық сайлау комиссияларының өкілеттіктері, соның ішінде әкімдер сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге қатысты өкілеттіктері Сайлау туралы заңның 14-бабымен регламенттелген.
Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:
1) төменгi тұрған аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық етедi; олардың шешiмдерiнiң күшiн жояды және тоқтата тұрады; республикалық бюджеттiң сайлау науқанын өткiзуге арнап бөлiнген қаражатын олардың арасында бөледi; округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне қажеттi материалдық-техникалық жағдайлар жасалуын бақылайды; округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгіне) түскен арыздар мен шағымдарды қарайды; тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс шегiнде құрылған барлық сайлау комиссияларының Орталық сайлау комиссиясының шешiмдерiн атқаруын ұйымдастырады; осы Конституциялық заңның бұзылуына жол берген сайлау комиссияларының қызметiн тоқтату туралы сайлау комиссиясын құратын органға немесе сотқа жүгiнедi;
2) сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер бойынша сайлау комиссияларының, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың есебiн, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың сақталуы мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктер органдарының хабарламасын тыңдауға хақылы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
-
Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының сайлау күні туралы хабары жергілікті БАҚ-тарда қай мерзімде жариялануы тиіс?
Сайлау күні туралы хабарды аумақтық сайлау комиссиясы баспа басылымдарының кезеңділігіне қарай жергілікті БАҚ-тарда әкімдікке кандидатты ұсыну мерзімі басталғанға дейін жариялауы тиіс.
-
Ауыл әкімдерін сайлау бойынша дауыс беруді бастаудың бірыңғай уақыты айқындалатын бола ма? Дауыс берудің уақыты мен орны туралы хабарды жариялау қажет пе және қандай мерзімде?
Дауыс беру уақытын әрбір аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының өзі айқындайтын болады. Дауыс берудің уақыты мен орны туралы хабар аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының қалауына қарай жарияланады.
-
Резервтік бюллетеньдер дайындалады ма?
Ортсайлауком сайлау бюллетеньдерінің санын 1 мандатқа 3 бюллетеньге тең резервпен айқындау туралы қаулы қабылдады.
-
Бюллетеньде қорғалу дәрежесі көзделген бе?
Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін сайлауда дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі оларға басылған тиісті аумақтық сайлау комиссиясының мөрі және комиссия мүшесінің қолы болып табылады.
-
Жергілікті қоғамдастықпен консультациялар өткізу тетігі қандай, оларды өткізу қорытындылары бойынша аумақтық комиссияға қандай құжат ұсынылады?
Жергілікті қоғамдастықпен консультациялар өткізу нысанын аудандық (қалалық) әкімдердің өздері айқындайтын болады, атап айтқанда, жеке кездесулер, тұрғындармен сауалнама жүргізу, сондай-ақ азаматтардың активімен, мысалы, ақсақалдардың, еңбек ардагерлерінің кеңестерімен кездесулер өткізу арқылы және т.б. Қандай да бір растайтын құжаттарды ұсынудың немесе жасаудың қажеті жоқ.
-
Сайлау комиссиясы дауыстарды санау процесін жеделдету үшін дауыс беруге арналған бюллетеньнің теріс бетіне ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының атауларын орналастыруға құқығы бар ма?
Бюллетеньнің теріс бетіне аталған жазуларды орналастыруға, сондай-ақ елді мекендерді белгілеу үшін түрлі түсті бюллетеньдерді дайындауға рұқсат етіледі. Бұл ретте, ол үшін қосымша қаржы шығыстары қажет болатынын ескерген жөн.
-
Әкімдікке кандидат болып табылатын мәслихат депутаты таңдаушылардың отырысына және дауыс беруге қатысуға құқылы ма? Сайланбалы әкім лауазымына кандидат ретінде ұсынылған мәслихат депутаты депутат лауазымынан босатыла ма?
Иә, құқылы.
Депутат қызметінен босатылмайды, өйткені ол заңнамамен көзделмеген.
-
Қайта сайлауларға бұдан бұрын қатысқан кандидаттар қатыса ала ма?
Иә, қатыса алады.
-
Сайлау өткізілгенге дейін әкімдікке кандидаттар тестілеу рәсімінен өте ме?
Қазіргі уақытта Мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер енгізілуде, оларға сәйкес әкімдікке кандидаттардың тестілеу рәсімінен өтуі көзделмеген.
-
Кім және қашан тиісті органдарда арнайы тексеруден өтуі тиіс? Іс басындағы әкімдер мен басқа да әкім лауазымына кандидаттар арнайы тексеруден өтуі тиіс пе? Тексеру қорытындылары бойынша теріс нәтиже алынған жағдайда, аудан әкімі мен аумақтық сайлау комиссиясының бұдан кейінгі іс-қимылдары қандай болмақ?
Арнайы тексеруден сайланған әкімдер ғана өтуі тиіс, өйткені олар Мемлекеттік қызмет туралы заңның 13-бабының талаптарына сай мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Арнайы тексерудің теріс нәтижелерін алған жағдайда, сайланған әкіммен еңбек шарты бұзылады және аумақтық комиссия сайлауды қайта тағайындайды.
-
Әкімді сайлау таңдаушылардың отырысында өтеді. Таңдаушылардың отырысында төрағалық етуші мәслихат хатшысы болып табылады. Отырыс сессия түрінде ме әлде басқа нысанда өте ме, ол нақты көрсетілмеген?
Сайлау таңдаушылардың отырысында өтетін болады.
-
Әкімдікке кандидаттардың кезекті (жалақысы сақталмайтын) демалыс алуы қажет пе? Егер иә болса, онда ненің негізінде?
Сайлау туралы заңға сәйкес (27-баптың 4-тармағы 1) тармақшасы) мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Сондықтан, егер іс басындағы әкім не мемлекеттік органның өзге лауазымды адамы болып табылатын әкімдікке кандидат сайлау алдындағы үгітті өз бетімен өз пайдасына өткізуді қаласа, онда ол демалысқа (кезекті еңбек немесе жалақысы сақталмайтын демалысқа) шығуы қажет. Егер де мұндай кандидат сайлау алдындағы үгітті жүргізуді қаламаса, онда демалысқа шығудың қажеті жоқ.
-
Мемлекеттік қызмет туралы заңда әкімдікке кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын кім тексеруі тиіс? Бас прокуратураның Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармасына бір тізіммен барлық кандидаттарға сұрау салуға бола ма? Талаптар нысанында өзгерістер бар ма? Талаптардың үлгілері өңірлер бойынша таратыла ма?
Жергілікті мемлекеттік басқару туралы заңның 35-бабымен қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі тиісті аудандық (қалалық) әкімдіктің лауазымды адамы болып табылады деп регламенттелген.
Аудан (қала) әкімінің аппараттарында кадр қызметтері және құжаттарды қарайтын, әкімшілік мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыратын тиісті конкурстық комиссиялар бар.
Ауыл әкімінің кандидатурасын сайлауда жеңген жағдайда аудандық (қалалық) әкімдіктің штатына енгізілетін әкімшілік мемлекеттік қызметші ретінде аудан (қала) әкімі ұсынса, онда аталған кандидатураның Мемлекеттік қызмет туралы заңның талаптарына, біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеруді әкімдіктің кадр қызметі жүзеге асыруы тиіс. Тексеру нәтижелерін тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссияларына әкім ұсынуы тиіс. Аталған нормалар әкімдікке кандидаттардың оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау жөніндегі сайлау комиссияларының хаттамаларында көрсетілген. Сұрауларды әкімдіктер белгіленген тәртіппен жіберетін болады.
-
Кандидаттар 1 шілдедегі жағдай бойынша (2013 жылғы бірінші жартыжылдықтағы) салық органдарына табысы туралы декларация ұсынулары қажет. Түрлі меншік нысанындағы ұйымдарда еңбекақы әр түрлі мерзімдерде төленеді. Декларация ұсыну кезінде (шілденің басында) маусым айының еңбекақысы әлі төленбеуі және, тиісінше, міндетті зейнетақылық аударымдар зейнетақы қорына аударылмауы мүмкін. Салық органдарының кандидаттардың декларацияларын тексеруі кезінде (шілденің ортасында) зейнетақылық аударымдардың сомалары бойынша сәйкессіздік анықталуы мүмкін, бұл кандидатты алып тастау үшін негіз болып табыла ма?
Табыс туралы декларацияны ұсыну кезеңінде ұйым кандидатқа бірінші жартыжылдық ішіндегі табысы мен одан ұсталған сомалар туралы анықтама береді. Декларацияны кандидат берілген анықтаманың негізінде толтырады.
Міндетті зейнетақылық аударымдар мен басқа да ұсталатын сомалардың аударылуы үшін ұйым немесе жұмыс беруші жауап береді.
-
Бюджет кодексінің 54, 56-баптарына сәйкес сайлау науқанының шығыстарын облыстық бюджет пен аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің қаражаты есебінен қаржыландыру шығыстары көзделмеген. Сонымен қатар Бірыңғай бюджеттік сыныптамада аталған шығыстарды жүзеге асыруға арналған бюджеттік бағдарлама жоқ.
Бюджет кодексіне тиісті түзетулер қазіргі кезде Парламенттің қарауындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі Заңның жобасымен енгізілуде. Заң жобасы қабылданғаннан кейін Бірыңғай бюджеттік сыныптамаға тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Қабылдануы маусымның аяғына дейін жоспарланып отыр..
-
Аумақтық комиссиялар төрағалары мен хатшыларының лауазымдары тұрақты негізде қашан енгізілуі мүмкін? Өйткені аумақтық сайлау комиссиялары мәслихат депутаттарының қосымша сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге қатысады, ал енді ауылдық округтердің әкімдерінің қосымша сайлауына да қатыспақшы.
Бұл сұрақтың аудан әкімдерінің сайлауына қатысы жоқ.
-
Облыстың, аудандардың, қалалардың әкімдері аппараттарының бас бухгалтерлері жұмысына ақы қалай төленуі керек? Әкімдіктердің бухгалтериялары өздерінің негізгі жұмысынан басқа сайлауды қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастыру бойынша үлкен жұмыс атқарып отыр.
Сайлау туралы заңда бухгалтерлердің жұмысына ақы төлеу көзделмеген. Бұл жағдайда оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес көтермелеуге болады. Сонымен қатар, әкімдердің сайлауы бухгалтерлердің негізгі жұмысының бір бөлігі болып саналады.
-
Кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай беру және барлық кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыруға орын белгілеу үшін аудан әкімдігінің құқықтық актілер қабылдауы қажет пе?
Қағидалардың 63-тармағына сәйкес осы Қағидалармен реттелмеген мәселелер Сайлау туралы заңға сәйкес шешіледі.
Тиісінше, әкімдіктер кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін үй-жай беруге, үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін орын белгілеуге және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандыруға тиіс («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабы 4 және 6-тармақтары).
4. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс.
Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.
-
Әкімдікке кандидаттардың сайлау қорларын ашуы міндетті ме?
Жоқ, міндетті емес. Сайлау қорын ашу мәселелерін әкімдікке кандидаттар өз еркімен шешеді.
-
Әкімдікке кандидат жарнасын төлеуі керек пе?
Әкімдікке кандидаттардың сайлау жарнасын енгізуі көзделмеген.
-
Сайлау уақытында кандидаттар мәслихаттар депутаттарының бәрімен бір жерде кездесе ме әлде әр ауылдық округте жеке-жеке кездесе ме? Сайлау алдындағы үгіт шеңберінде ауылдық әкімдікке кандидаттармен кездесу үшін мәслихат депутаттарының жол шығыстарының төленуі мүмкін бе?
Бұл рәсімдік мәселені кандидаттардың өздері шешуі тиіс, ал көліктік шығыстар әкімдікке кандидаттар үшін ғана көзделген.
-
Әкімдікке кандидаттарға Қағидаларда көзделген талаптардан басқа, тағы қандай талаптар қойылады? Біліктілік талаптарына сәйкес жұмыс тәжірибесі ескеріле ме әлде кандидаттың жоғары білімі болуы мен тиісті әкімшілік бірлік аумағында тұруы жеткілікті ме?
Кандидат жұмыс өтілі бойынша Е-R-1 санатына қойылатын Үлгі біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс (Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 09.01.2008 жылғы N 02-01-02/5 бұйрығы).
-
Бюллетеньдерді дайындау облыстық сайлау комиссияларына жүктелуі керек, өйткені аудандарда баспаханалар жоқ.
Бюллетеньдерді дайындауды аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы ұйымдастырады. Осыған орай, бұл мәселені сайлау комиссияларының өздері шешуі тиіс. Облыстық сайлау комиссиясы жәрдемдесуге құқылы.
-
Қағидаларға сәйкес дауыс беруге қатысқан таңдаушылар дауыстарының көпшілігін алған кандидат сайланған болып есептеледі. Дауыстар тең бөлінсе, не істеу керек?
Бұл жағдайда қайта сайлау тағайындалады (Қағидалардың 55-тармағы).
55. Егер сайлау жарамсыз деп танылса не екі кандидат дауысқа түскен кезде олар сайланбаса, аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу туралы шешім қабылдайды.
-
Қай уақыттан бастап аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін жұмыстан босатуға болады?
Сайлау тағайындалған кезден бастап.
-
Егер ұсынылған кандидаттардың ішінде мәслихат депутатының жақын туысы болса, депутат қалай дауыс беруі тиіс?
Өзінің ішкі сеніміне сәйкес.
28) Таңдаушылардың тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс пе?
Тиіс емес.
29) Сайлау құжаттарының бекітілген үлгілері бола ма?
Сайлау құжаттарының үлгілерін Ортсайлауком ___ бекітті.
30) Әкімдерді сайлау кезінде дауыс беруді жүргізу және дауыстарды санау Сайлау туралы заңда белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады. Заңның 43 және 44-баптарына өзгерістер енгізіле ме?
Жоқ, енгізілмейді.
31) Бекітілген қағидаларда байқаушылар туралы ештеңе айтылмаған. Егер сайлауға байқаушылар келсе, бұл қатынастар Конституциялық заңмен реттеле ме?
Иә. Байқаушылар болған кезде әкімдер сайлауын байқау Сайлау туралы заңның ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады.
32) Бүгінгі күні бірқатар аудандық мәслихаттар әкімдіктердің ғимараттарында орналасқан. Бұл ғимараттарда сайлау өткізуге бола ма? Дауыс беру пункттері бойынша ОСК қандай ұсынымдар береді (сайлау қандай үй-жайларда өткізіледі: мәслихаттар орналасқан және өз сессияларын мәжіліс залдарында өткізетін әкімдіктердің ғимараттарында ма немесе мәдениет сарайларында ма)?
Ұйымдастырушылардың қалауына қарай. Бұл ретте дауыс беру пункті таңдаушылардың отырысы өтетін үй-жайда орналасуға тиіс.
33) Кандидаттың өз сайлаушыларымен кездесулері қаншалықты жиі өткізілуі тиіс?
Әкімдікке кандидаттар кездесулер санын өз қалауы бойынша айқындайды.
34) Егер әкімдікке кандидат 25 жасқа 2013 жылғы 7 тамызда толатын болса, оны тіркеуге бола ма?
Әкімдікке кандидат ұсынылу кезінде 25 жаста болуға тиіс. Кандидатқа ұсыну сайлауға 25 күн қалғанда тоқтатылатындықтан, бұл жағдайда оны тіркеу мүмкін емес.
35) Сайлау науқаны барысында тек бір ғана әкімдікке кандидат қалса, не істеу керек?
Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мен тіркеу мерзімін ұзартады, бірақ ол он күннен аспауға тиіс (Қағидалардың 16-тармағы).
36) Қаржылық құжаттарда сайлау комиссиясы төрағасының қолы болса, жеткілікті ме? Олай болса, неліктен қаржылық бақылау өкілдері тексеру жүргізген кезде әкім аппараты бас бухгалтерінің қолы болуын талап етеді?
Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне сәйкес (388-тармақ) екінші қол қою құқығы тиісті әкім аппаратының бас бухгалтеріне (қаржы қызметінің басшысына) тиесілі. Тиісінше, сайлау науқанына арналған қаражатты жұмсау жөніндегі қаржылық құжаттардың сәйкестігі үшін аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларымен бірге тиісті әкім аппаратының бас бухгалтерлері де жауапты болады.
37) Әкім орнынан түсуге өтініш бере ала ма?
Жоқ. Ол өз қалауы бойынша жұмыстан босату туралы өтініш бере алады.
38) Азамат әкім болып неше рет сайлана алады?
Әкім болып сайланудың саны бойынша заңнамалық шектеулер жоқ.
39) Дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын шығару кезінде кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдары қатыса ала ма?
Сайлау туралы заңға сәйкес әрбір кандидаттың бір сенім білдірген адамы және басқа да адамдар қатыса алады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан сенім білдірілген бір-бір адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден және Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, басқа да коммерциялық емес ұйымдарынан бір-бір байқаушыдан және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы екені белгіленген (Конституциялық заңның 20-бабы 8-тармағы).
40) Аудан әкімі ұсынған кандидаттар ішінде іс басындағы әкімнің кандидатурасы болмаған жағдайда, ол қайда кетеді? Іс басындағы әкімдерді жұмыстан босату мәселелері қалай шешілетін болады? Оларға жәрдемақылар төленетін бола ма?
Қағидалардың 64-тармағына сай бұрын тағайындалған ауыл әкімдері жаңадан сайланған әкім тіркелген күннен бастап өз өкілеттіктерін тоқтатады. Бұл жағдайда, ол бос орынға ауыстырылуға не қызметінен босатылуға тиіс. Оларға жәрдемақылар төлеу көзделмеген.
41) Стендтегі ақпараттық плакаттар қалай орналасатын болады (әліпби тәртібімен әлде округтер бойынша)?
Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының қалауы бойынша.
42) Кандидаттың жасы қай мөлшерден аспауға тиіс? Сайланған әкімнің зейнеткерлік жасқа жетуі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату үшін негіз болып табыла ма?
Кандидаттың жасы ерлер үшін 63 жастан және әйелдер үшін 58 жастан аспауға тиіс. Қағидаларда әкімдердің 4 жыл мерзімге сайланатыны айқындалғандықтан, олардың зейнеткерлік жасқа жетуі олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату үшін негіз болып табылмайды.
43) Сайлау кезінде бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста отырған ауылдық округ әкімінің жұмыс орны мен лауазымы, егер осы лауазымға басқа адам тағайындалса, сақтала ма?
Еңбек кодексіне сәйкес (195-баптың 3-тармағы) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Іс басындағы әкім бала күтіміне байланысты демалыста болған жағдайда және ол жаңа тәртіппен әкімдікке дауысқа түскісі келмесе, онда бұл адам бала үш жасқа толғанға дейін жұмыстан босатыла алмайды. Бұл жағдайда, ол бос орынға ауыстырылып не бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыстан босатылуға тиіс.
______________________________________________
Достарыңызбен бөлісу: |