Қонаевқа сыйланған қанжар
Алматы қаласындағы қазақ жұртының зиялы қауым өкілдері тұратын Мұқан Төлебаев көшесінің бойына орналасқан Д.А.Қонаев атындағы мұражай-үйі 2002 жылдың 12 қаңтарында ашылған. Өйткені 12 қаңтар – қазақ халқының біртуар дарынды ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Осы мұражайдың іргетасын қалаушылардың бірі әрі тұңғыш директоры Болысбек Батталхановтың айтуына қарағанда, ең алғаш жеке отау тіккен кезде бұл мұражайда 21-ақ жәдігер болған көрінеді. Қазір олардың саны 2,8 мыңнан асып жығылады. Олардың қатарында Дінмұхаммед Ахметұлының Үкімет тарапынан алған 40-тан астам орден-медальдары – 3 Социалистік Еңбек Ері атағының «Алтын жұлдызы», 8 «Ленин» ордені, Моңғолияның «Сухэбатор» алтын жұлдызы және Чехословакия, Куба, Қытай елдерінің мемлекеттік ордендері, Министрлер Кеңесінің төрағасы болған кезде пайдаланған жазу үстелі, қазақтың тұңғыш мүсіншісі Кәкімжан Наурызбаевтың 1952 жылы, яғни ұлы қайраткердің 40 жасында соққан мүсіні, тағы басқа өзі тұтынған заттары бар. Осы жәдігерлердің бәрі құнды әрі бағалы.
Дей тұрсақ та, біздің назарымызды ерекше аударғаны – Қонаевтың аңшылық қару-жарақтары болды. Мұражайдың Бас қор сақтаушысы Гүлмира Бекмұратованың айтуына қарағанда, Димаш атамыздың 81 қару-жарағы болған екен. Олардың 12-сі – мылтық, 1 «Браунинг» тапаншасы, қалғандары – пышақ, қанжар, семсер, қылыштар. Бұл жәдігерлердің басым көпшілігін шетел мемлекеттерінің басшылары мен еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері сыйға тартқан. Осы жәдігерлердің ішінде Германия, Куба, Югославия, Чехословакия елдерінің басшылары Эрик Хоннекер, Фидель Кастро, Иоссиф Броз Тито, Гусак Густовтардың қос ауызды карабині, Орта Азия Әскери округының сол кездегі қолбасшысы Д.Язовтың 1647 жылы жасалған «Петр» мылтығы және генерал П.Лушевтің 1777 жылы соғылған «Толедо» деп аталатын қынсыз семсері бар. Ал кавказдық қанжардың біріне «Қайғыға емес, сұлулыққа қызмет ет!» деген таңба соғылыпты. Осы қару-жарақтардың ішіндегі ең құнды жәдігерлердің бірі де бірегейі – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Дінмұхаммед Ахметұлының 70 жасқа толуына орай сыйлаған қанжары. Асыл да бағалы тастармен көмкерілген қанжардың бір бетіне «Д.А.К» ал екінші жағына «Н.А.Н» деген белгі салынған. Бұл – «Д.А.Қонаевқа Н.Ә.Назарбаевтан» деген ұғымды білдіреді.
– Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев бала кезінде сыныптас досы, кейінірек белгілі жазушы болған Дмитрий Снегинмен бірге жиі-жиі аңға шыққан көрінеді. Ал Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарған жылдары сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов және оның орынбасары Сұлтан Жиенбаев, қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов, жеке дәрігері Ахат Мүліковтермен аңға шығып тұрған. Олардың айтуына қарағанда, Дінмұхаммед Ахметұлы құралайды көзге атқан мерген болған деседі. Ол аңға шығу мерзімін қатаң ұстанып, тек астық жинау науқаны аяқталған кезде ғана өзіне демалыс жариялап, аң-құс атуға уақыт бөлген. Ал басқа кезде мемлекеттік маңызды істермен айналысқан. 1986 жылдың қыркүйек айында соңғы рет аңға шыққан екен, – дейді мұражай қызметкері Гүлмира Бекмұратова.
1986 жылы Ішкі істер министрлігінің аңшылық қару-жарақтарды үкіметке тапсыру туралы арнайы қаулысы шығады. Осы қаулыға орай Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев өзінің 80-нен аса қару-жарағын тиісті орынға табыс етеді. Бұл – ұлы тұлғаның Отаны мен халқын сүйіп, оның заңын құрметтей білетінін білдірсе керек. Ал мұражай ашылғаннан кейін әлгі жәдігерлерді қайтару қиямет-қайым болады. Мұражайдың директоры Болысбек Батталханов Үкіметке қайта-қайта хат жазып жүріп, сол кездері Ішкі істер министрі болған Қайырбек Сүлейменов пен Зауытбек Тұрысбековтердің арқасында құнды жәдігерлер мұражайға қайтарылады. Ол қару-жарақтардың барлығын бүгінгі күндері Ұлттық Қауіпсіздік комитетін басқарып отырған Амангелді Шабдарбаев өз қолымен әкеліп тапсырса керек. Осы қызметтері үшін мұражай қызметкерлері ол кісілерге дүйім халық, мұқым ел атынан ризашылықтарын білдіріп, мың да бір алғыстарын айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |