Есік – Іле Алатауының солтүстік баурайында, теңіз деңтейінен 935-
1040 метр биіктікте орналасқан қала болып саналады. Алматы
облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының осы орталығында тұрғындар
саны 31,3 мың болса, оның басым көпшілігін жергілікті халық
құрайды. Сондай-ақ орыс, түрік, шешен және басқа да көптеген ұлт
өкілдері тұрады. Есік қаласының орнын адамдар өте ертеден
мекендеген. Қаланың солтүстік жағында сақ мәдениетінің б.з.б. V-IV
ғасырлардағы аса көрнекті ескерткіші — Есік обасы бар. Бұл маңдағы
сақ дәуірінен сақталған обалар бірнеше топқа бөлінеді. Мұның ішінде
ең көрнектісі – үлкен Есік қорымы. Қорым құрамында солтүстіктен
оңтүстікке қарай созылып ауданы 3 шаршы шақырым жерді алып
жатқан 45 топырақ бар. Әр топырақ көлемінің диаметрі 30-90 метрді,
ал биіктігі 4-15 метрді құрайды. Өкінішке қарай, обалардағы қыш
құмыралар, алтын және көптеген бағалы заттар патшалық Ресей
тұсында көптеп тоналған болатын. Сонымен қатар Есік қаласының
маңынан тарихқа бай көмбелерді де кездестіруге болады. Есік
көмбелерін 1953-1958 жылдар аралығында Г.Мартынов, Қ.Ақышев,
И.Копылев зерттеді. Көмбелер Есік қаласының және Жетісу өлкесінде
көптеп кездеседі. Мұндай деректер осы өңірдің ежелгі дәуірлерде
қола құю, темір соғу ісі жақсы дамыған үлкен металлургиялық
орталығы болғанын дәлелдейді.
Алтын адам – еліміздің азаттық
символы
Есік аумағы жайлы сөз еткенімізде ең алдымен байтақ қазақ елінің
атын әлемге әйгілеген, отандық қана емес, әлемдік тарихқа жаңалық
әкелген сақ ханзадасы – «Алтын адам» ойға оралады. 1970 жылдың
басында Есік қорғанында сақтар тайпасының жас көсемінің зираты
табылды. Қорған қазбалары Қазақстанда мекен еткен ежелгі
тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді.
Бұны археолог Кемел Ақышев тапқан. «Алтын адамның» киімі 4 мыңға
жуық барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелері бар алтын
әшекейлермен безендірілген. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт
тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі
қазақ киімі үлгілеріне ұқсас.