Ормандай көрермені бар орыс театры
К.Станиславский атындағы орыс драма театрының құрылғанына 80 жыл толғалы отыр. Театр тарихы тереңде. Алғаш рет Семейдің көркемөнерпаздар үгіт бригадасының жанынан жылжымалы театр ашылып, үгіт және көпшілік мәдени насихат жұмыстарын жүргізеді. 1932 жылы Турксиб үгіт поезының құрамындағы жылжымалы театр болып қайта құрылады. Театрдың тұңғыш директоры әрі көркемдік жетекшісі, ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері В.Портнов болды. Драматург ол сахналық қойылымдарды өзі жазып қоймай, артистерді дайындап, сахналық көріністер көрсетіп отырған. Олар үш вагонмен ел аралап өнер көрсеткен. Үш вагонның бірінде актерлер тұрса, қалған екеуі реквизиторлар сақтайтын және әртістер дайындалатын орын болған. Труппа әуелі кеңес драматургтарының пьесаларын қойып, кейін орыс және батыс еуропа классиктерінің спектакльдерін дайындай бастайды. 1935 жылы жылжымалы театр Қостанайға орын ауыстырғанда, оның репертуарында В.Шекспирдің, А.Островскийдің, А.Финогеновтың және басқа да авторлардың пьесалары болған.
1936 жылы өнер ұжымы Қарағанды облыстық орыс драма театры атағына ие болып, Балқаштан орын тебеді. 1937 жылы В.Портнов театрдың директорлығында қалып, көркемдік жетекші қызметін Ленинградтан ауысып келген К.Раушқа ұсынады. К.Рауштың келуімен ұжымның кәсіби деңгейі көтеріліп, репертуар құрамы атақты драматургтердің еңбегімен толыға түсті.
1940 жылы ұжым Қарағандыға келіп тұрақтады. Труппа өзінің бірінші мерейтойын «Гамлет» қойылымымен атап өтті. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде театрдың 20 қызметкері өз еркімен соғысқа аттанды. Театрда концерттік бригада жасақталып, Прибалтикалық майдан әскерлерінің алдында өнерлерін көрсетті. Қарағандыға Мәскеу мен Киевтен театрлар көшірілді, ал қарағандылық ұжым 1951 жылы Кеншілердің мәдениет сарайының құрылысы аяқталғанша, Балқаш қаласына ауыстырылды. Ұжым бұрынғыдай «жылжымалы жағдайда» өнер көрсетті. 1962 жылы театр Бейбітшілік гүлзары бойында ашылған жаңа ғимаратта қоныстойын тойлады. 1963 жылы ҚазССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен театрға шығармашылық қызметтегі жетістіктері үшін К.Станиславскийдің есімі беріледі. 1960-1970 жылдары ұжымның шығармашылық қызметін режиссерлер Қазақ КСРО еңбек сіңірген артисі А.Подобед, Г.Жезмер, Қазақстанның халық артисі Р.Андриасян, М. Зильбермандар басқарды. Осы кезеңдерде театр бірнеше мәрте республикалық конкурстардың лауреаты атанды. Осы жылдары театр Алматы, Омбы, Полтава, Фрунзе, Новосибирск, Павлодар, Иркутск және т.б. қалаларда гастрольдік сапарда болды.
Театрдың 1979 жылғы Москвадағы гастролі ерекше жетістікке толы болды. Онда театрдың таңдаулы спектакльдері көрсетілді, көбісі бас режиссер ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері Н.Воложанинның қойылымына жоғары баға берді. Көрермендердің жылы ықыласына бөленген спектакльдерді атақты драматургтар В. Розов, А. Арбузов, В. Тендряков тамашалап, өздерінің авторлық пьесалары бойынша қойылған спектакльдерге жоғары сипаттама берді.
1981 жылы театр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. 1986 жылдан 2006 жылға дейін театрдың бас режиссері болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Оганесян істейді. 2010 жылдан бастап театрдың шығармашылық жетекшісі А.Алтынбеков болады. Театрдың басты байлығы әр уақытта дарынды артистер. Әр жылдары Қарағанды сахнасында Қазақстанның халық артистері В.Караваев, А.Демидова, В.Корниенко, В.Борисов, республиканың еңбек сіңірген артистері К.Рауш, З.Горева, Г.Подзолкин, Н.Белкин, И.Калачанов, И.Кошелев, Т.Зеленин, Т.Давыдова, В.Макуш, Д.Белов, Л. Спасский, А.Зимарева, Ресей Федерациясының халық артисі А.Булдаков, Ресейдің еңбек сіңірген артисі Н.Микрюкова еңбек етті. Театрдың бүгінгі мақтаныштары республиканың еңбек сіңірген артистері А.Григоров пен Н.Штоколова, жетекші артистер Т.Федоренко, И.Немцев, А.Кочемаскин, Л.Пекушева, И.Немцева, В.Злобин, Г.Турчина. Театр тарихында Қазақстанның халық артисі В.Борисов өшпес із қалдырды. Ол театрды 1961 жылдан 1997 жылға дейін ұзақ жыл басқарып, оның дамып жетілуіне зор үлес қосқан қайраткер. Ал 1997 жылдан 2005 жылға дейін театрдың көркемдік жетекшісі әрі директоры болып Г.Оганесян қызмет атқарады. Одан кейінгі театрдың директоры – С.Юн. Театрда көптеген талантты суретшілер еңбек етті. Олар ҚазССР еңбек сіңірген артистері Н.Белкин, А. Алмазов, Д.Крейн, А.Щербина, В.Вильчинский, Ю.Назаров, П.Томиловский, О.Писаренко. Бүгінгі күндері театрдың бас суретшісі – И.Реченский. Соңғы жылдары театрда Қазақстан мен Ресейдің белгілі режиссерлері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ә.Оразбеков пен И.Гонопольский, РФ еңбек сіңірген қайраткері Д.Горник және т.б. тығыз шығармашылық қарым-қатынаста. Театр ұжымы үш рет «Театр балалар әлемінде» атты аймақтық фестивалінің «Гран-при» иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі А.Григоров, артистер А.Кочемаскин, Г.Турчина, И.Немцев, суретші И.Реченский Қарағанды облысы әкімі сыйлығының лауреаттары. Ұжым 2008 жылы Ресейдің Омбы қаласында гастрольдік сапарда болып қайтты.
2010 жылы республикалық театрлар фестивалінде аталмыш театр А.Дударевтің «Не покидай меня...» атты спектаклін сәтті қойып шығып, жүлделі орынды иеленіп, дипломмен марапатталды.
2011 жылдың наурыз айында К.Станиславский атындағы орыс драма театрының директорлығына тұңғыш рет өнер жанашыры, «Мәдениет қайраткері» Жомарт Жақыпұлы Әбілтаев атты қазақ азаматы келді. Жомарт Жақыпұлы Москвадағы М.Щепкин атындағы (жоғары білім беретін) театр училищесін қызыл дипломға бітірген. Жомарт актерлер әулетінен шыққан. Әкесі Жақып Әбілтаев ҚазССР еңбек сіңірген артисі, режиссер. Талдықорған және Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театрын құрған. Анасы артист. Жомарт бұған дейін С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрында актер, директордың орынбасары, директоры қызметін атқарған. Одан кейін Жезқазған облыстық мәдениет басқармасының бастығы болады. Жезқазған облысы жабылған соң 2001 жылы Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рымбала Омарбекованың шақыруымен басқарма бастығының орынбасары қызметіне ауысады.
Елбасының «Қазақстанда өзге тілді театрлар қазақстандық авторлардың шығармасын аз қояды» деген сөзі өнерге жанашыр жандардың жадында болса керек. Алғаш рет аталмыш орыс театрында белгілі драматург Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» қойылымы қойылмақ. Бұл қойылым ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту етіп ұсынылады.
Биылғы жылдың қыркүйек айында өнер ұжымы Алматыға барып бір апта бойы өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленіп келді. Жұрт Г.Турчина, И.Немцев,Л.Василченко,А.Кочемаскин,А.Петровичтің өнеріне шексіз риза болған.
Қай кезеңде болса да театр ел мен халықпен бірге өмір сүруде. Бүгінде сексен жылға толып отырған театрдың шығармашылық өмірі ізденіс пен жарқын бастамаға толы болсын деп тілейміз.
Жұлдыз ТОЙБЕК.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 8 желтоқсан (№ 204/205). - 7 б.
Достарыңызбен бөлісу: |