Биязы зиялы
Осынау жылы жүзді азаматты көрген адамның ойына бірден: «Зиялының тұқымы» - деген сенімді тұжырым келеді. Ал орайы түсіп әңгімелесе қалған тәжірибелі адам оның не педагог, не мұғалімдер жанұясында тәрбиеленгеніне анық көзі жетеді. Шындығында да солай. Зиялыға тән биязы мінез оның тума да төл қасиеті.
Мен ол кісімен қызметтес болмасам да, кеңсесіне кірмесем де оның бойындағы осы жылы биязылық ол жүрген жердің барлығында сақталып қалғандығына сенімдімін. Өйткені атын бала жастан естіп, әсіресе әкесі Рахмет ұстаз туралы Төлеужан Исмайыловтың өлеңін жаттап өскен маған, Нығымет ағамен танысқаннан бергі жиырма жылдың ішінде ол кісіні мені үнемі «Мінезі ақылының сауытына сиған» (Абай) қалпынан айныған емес. Ол кезде тасы өрге домалап келе жатқан қайраткер болатын. Сол екпінімен Кеңес одағының қарапайым кеңсесінен басталған қызмет жолының төріне – Кремльге алып барады. Әлемдегі ең алып империяның тарқату рәмізі бұйырады. Міне, осындай ауқымды қызмет кеңістігінде қанаттас жұмыс істеген адамдардың есіне осындай биязы зиялы ретінде сақталып қалғанына еш күмәнім жоқ. Нығаңның – Нығымет ағаның басты қасиеті де осында.
Ал енді осы зиялы биязылықты үнемі «жасасындатқан» науқаннан қолы босамайтын комсомол мен кәсіподақ қызметінде қалай сақтап қалды. Бұл маған беймәлім жұмбақ сыр. Алайда адалдықты жолдас еткен ағаның жүзі қандай жылы болса, жүрегі де сондай жұмсақ сияқты көрінеді де тұрады. Оған ағамыз қолына қалам алып, естелік жазып, ғылыми зерттеулер жүргізіп, кітап шығара бастаған тұстағы байланыс барысында анық көзім жетті. Ол - өзінің әр пікірін аялап, қорғай біледі екен. Сондай-ақ қаламды батыра батыл айтатын пікірдің өзін жеткізгенде де, сөз әдебін сақтай біліпті. Әсіресе, ССРО-ның тарқатылар тұсындағы қилы-қилы қатпарлы құбылыстарға баға бергеннің өзінде де кішіпейілдік танытады. Мұндай да бір пікірді, бір көзқарасты ұстану қиын. Ағамыз, тіпті, Кеңес одағының тарқатылуына Кремльмен қимай қоштасқандай сезіледі. Қалай десек те ол өмірдің шындығы. Демек жалған патриотизмге бой алдырмаған. Кремльдегі күндерді қимастықпен жазбаса, өзін тәуелсіздіктің туын ұстатқандардың қатарына қосып жазса, бәрібір оқырмандар сенбес еді. Қарапайым оқырман сенсе де біз сенбес едік. Бұл – Нығымет ағаның өз өмірінің иірімін силағаны. Жазу өнерінде де сол зиялының биязылығын сақтағандығы. Әйтпесе, кейбір ағаларымыз: өзінің тарихтағы орынын көрсетемін деп, тарихты өзіне қызмет еткізіп қоятыны бар. «Демократия мен парламентаризм» туралы кітабындағы толғаныстарынан осындай адал пікір аңғарылады. Уақыттың екпінінің жетегінде кетпейді. Бүгінгі оппозицияға кеткен депутаттардың сол кездегі жанкүйін қаз-қалпында жеткізеді. Әйтпесе, бір кездегі достарынан бас тартқан қайраткерлер де аз емес. Бұл жинақтың шынайлығы мен байсалды ойы мені сүйіндірді.
Өткеніне адал баға беріп, одан үлгі алған ұрпақтың саяси санасы салмақты болады. Бұл ретте Нығымет Рахметұлы сияқты мемелекет қайраткерлерінің өмір тәжірибесі келер ұрпаққа игілікті қызмет етеді. Мысалы, Нығаңның Еуразия университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына силаған 30 кітабының – отызының да студенттердің қолында болуы соны толық дәлелдейді.
Біздің ел қашан да парасат иелерімен мақтанады. Мен сондай дегдардың қатарына Нығымет Рахметұлы Жотабаевты да қосамын.
Т. Жұртбай,
жазушы, ф.ғ.д., профессор,
«Отырар кітапханасы» ҒО-ның директоры
Достарыңызбен бөлісу: |