08.06.2022
Отбасылық- тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылық.
Заманауи дамыған қоғамда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары әлі де жиі кездеседі. Көбіне, бұл туралы ашық айту әдетке жатпайды. ІІМ мәліметінше, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны пандемия мен карантин режимі кезінде айтарлықтай артқан. Сарапшылар бұл шиеленісті әртүрлі себептермен байланыстырады, соның ішінде бір орыннан ауысу мүмкін еместігі, алкогольді ішімдіктерді тұтыну көлемінің артуы, қаржылық жағдайдың нашарлауы.
Әдетте, тұрмыстық зорлықтың 4 түрі болуы мүмкін: 1. Физикалық зорлық - денсаулыққа қасақана физикалық күш немесе физикалық ауыртпалық көрсету; 2. Психологиялық зорлық - бұл адамның эмоциясына немесе психикасына әсер ету: қорқыту арқылы, қоқан-лоқы көрсету, балағаттау, сынау, кінәраттау және тағы сол сияқты әрекеттер; 3. Сексуалдық зорлық - басқа адамға қатысты сексуалдық сипаттағы кез келген әрекетті қолдану; 4. Экономикалық зорлық - бөгде біреудің ақшасын немесе басқа да материалдық ресурастарын (тұрғын-үй, тағам, киім) бақылап, оны жұмсау. Бұл адамның денсаулығына физикалық және психикалық тұрғыдан әсер етеді.
Алдын алу мен заңсыз оқиғаларға әрекет ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табуға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, барлық жағдайларда отбасын сақтау, отбасылық байланыстар мен құндылықтарды нығайту мүмкіндігі ерекше ескеріледі. Оңтайлы тепе-теңдікке ешбір елде қол жеткізілмегенін атап өткен жөн. Қазақстан қоғамында жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі ғылыми полемика әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алудың маңызы зор. Сондықтан да «жанжалдасушылармен жүйелі түрде» әлеуметтік-оңалту және тәрбие жұмысын жүргізу, сондай-ақ қоғамдағы зорлық-зомбылықты азайту үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Мұндай шаралар кешені отбасылық тәрбие, білім беру мәдениетін қамтуы керек.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемасы Орталық Азия елдерінде әлі де өткір күйінде қалып отыр. БҰҰ мәліметтері бойынша, осы аймақтағы әйелдердің 18%-ы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке тап болады. Бұл ретте әйелдердің біршама үлесі тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында көмекке қайда және қалай жүгіну керектігін білмейді.
Әдетте үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарының басым көпшілігі әйелдер болады, күйеуі немесе серігі тарапынан қорлық көретін де осылар. Жиі бұл өлімге әкеп соғады. Жалпы, отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасауға жұмыссыздық, тұрақты табыстың болмауы, дұрыс тәрбие алмау, алкогольді асыра пайдалану, психологиялық тұрақсыздық және т.б. әсер етеді.
Осы саладағы құқық бұзушылықтарға ықпал ететін жағдайларға жеке адамға қарсы зорлық қылмыстарын жасауға бейім адамдарды анықтау бойынша профилактикалық және алдын алу шаралары кешенін формальді жүргізуді жатқызуға болады.
Интернет пен бұқаралық телекоммуникацияларды пайдалану арқылы алкоголь, қатыгездік, зорлық-зомбылық, порнографияны насихаттау жүргізіледі және күштеп таңылады, отбасы институтының маңыздылығы, әйелдің қадір-қасиеті, оның қоғамдағы рөлі төмендетіледі, осының салдарынан жағдай одан әрі ушыға түседі. Жәбірлеушілер көбінесе әртүрлі қылмыстар үшін соттылығы бар адамдар болып табылады.
Үйдегі зорлық-зомбылық әйелдерді қоғам өміріне толыққанды қатысу мүмкіндігінен айырады, сондай-ақ оның эмоциялық және психикалық жай-күйіне теріс әсер етеді. Жалпы отбасына, оның ішінде еріксіз зорлық-зомбылықтың куәгері болатын балалардың дамуына теріс әсер етеді.
Ұлттық заңнама жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығы мен қоғамдық қауіптілігіне байланысты әкімшілік не қылмыстық жауаптылық туындайтындай етіп құрылған. Бұл ретте қылмыстық жауаптылық теріс қылықтардан аса ауыр қылмыстарға дейін жіктеледі.
Отбасылық-тұрмыстық саладағы ең көп тараған құқық бұзушылықтар - денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ауырлық дәрежесі бойынша ұрып-соғу әкімшілік теріс қылықтарға жатқызылды, ал адамды жүйелі түрде қорлау үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмалары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №292-VI Заңды қабылдау арқылы іске асырылды.
Заңды әзірлеуге мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдар, тәуелсіз заңгерлер мен құқықтанушылар да қатысқанын атап өту қажет.
Жаңа өзгерістерге сәйкес Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі (қинау) 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді (3 жылдан 7 жылға дейін болған).
Жауаптылықты күшейту мақсатында ҚК-нің 110-бабының 1-бөлігі (қинау) жеке-жариялы айыптау санатына ауыстырылды, бұл отбасындағы зорлық-зомбылықтың неғұрлым тиімді алдын алуға мүмкіндік береді, өйткені жәбірленушінің арызы бойынша қинау фактісін құқық қорғау органы арқылы мемлекет тексереді. Түзетулер әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауаптылықты күшейтеді.
ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) санкция 3 тәуліктен 7 тәулікке дейін ұзартылды, ӘҚБтК-нің 73-2 және 73-3-баптары бойынша (денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу) құқық бұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамға қатысты іс-әрекеттер жасағаны үшін жауаптылық енгізілді, ол тиісінше 20 және 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазаны көздейді.
Сонымен қатар соттың құқық бұзушыларға өз бастамасы бойынша ерекше талаптарды қолдан өкілеттігі кеңейтілді (іс бойынша процеске қатысушылардың және ішкі істер органдарының өтініші бойынша ғана емес).
Сот құқық бұзушыға жәбірленушінің еркіне қарамастан жәбірленушіні іздеуге, ізіне түсуге, оған баруға, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және т.б. пайдалануға тыйым салуға құқылы.
Талаптарды орындамағаны үшін құқық бұзушыға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 7 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, егер ол осы бұзушылыққа қайтадан жол берсе, онда оны 10 тәулікке дейін қамауға алады (ӘҚБтК-нің 669-бабы).
Татуласуға байланысты сот ӘҚБтК-нің 73, 73-2 және 73-3-баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған адамдарды ғана жауаптылықтан босата алады. Қайталап жасалған құқық бұзушылықтар кезінде татуласу көзделмеген.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығы, әркімнің өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға құқығы бар екені бекітілген. ҚР Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына қосыла отырып, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендету бойынша белсенді қадамдар жасауда.
Ақтөбе облысының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданарылық сотының
кеңсе бас маманы Ж.А.Таирова
Достарыңызбен бөлісу: |