Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби тiлi



бет15/27
Дата09.06.2016
өлшемі2.26 Mb.
#124791
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   27

Зат есімнің тәуелдік категориясы

Зат есімнің тәуелдік категориясы түркі тілдерінің ерекшелігін білдіретін категория, өйткені «грамматикалық категорияларда универсальды грамматиканың жалпы категориялары емес, туыстас тілдердің тобының немесе жеке тілдердің грамматикалық құрылысының басты ерекшеліктері көрінеді». Сондықтан түркі тілдерінде соның ішінде қазақ тілінде дербес категория болып табылатын тәуелдік категориясы орыс тілінде жоқ. Бірақ орыс тілінде тәуелдік мағына бар.Ол лексикалық тәсіл арқылы беріледі (мой,твой,т.б.).

Түркі тілдерінің ерекшелігі болып табылатын тәуелдік категориясы -бір заттың екінші затқа меншіктілігін білдіретін категория. Дәлірек айтқанда,тәуелденіп тұрған зат есімнен әрі біреудің иелігіне жататын сол заттың өзі, әрі оны иемденуші адам-мұның екеуі де қоса ұғынылады "немесе" иеленуші үш жақтың біріне белгілі бір заттың меншікті екенін білдіретін грамматикалық категория.

Тәуелдік категориясының мағынасы тәуелдік жалғаулары арқылы беріледі, яғни тәуелдік жалғауы грамматикалық мағынасы жағынан ең алдымен тәуелдік мағынаны, екіншіден, сол тәуелдік мағынаны белгілі жаққа байланысты жекеше, көпше түрде білдіреді:

1-жақ: -ым, -ім, (кітаб-ым, іні-м)-м; -ымыз, -іміз,-мыз, -міз (кітаб-ымыз, іні-міз)

2-жақ: анайы-ың, -ің,-ң (кітаб-ың, іні-ң); (-лар.-дар, -тар)-ың (-лер,-дер, -тер)-ің

сыпайы-ыңыз, -іңіз, -ңыз.-ңіз. (кітаб-ыңыз,іні-ңіз); (кітаптар-ың,інілер-ің) (-лар,-дар,-тар)-ыңыз (-лер,-дер,-тер)-іңіз (кітаптар-ыңыз,інілер-іңіз)

3-жақ: -ы,-і,-сы,~сі {кітаб-ы, іні-сі)

(-лар.-дар, -тар)-ы (-лер,-дер,-тер)-і (кітаптар-ы, інілер-і)

Сонымен бірге тілімізде тәуелдеудің оңаша және ортақ түрі қалыптасқан Бұл-«тәуелденетін заттың (заттардың) бір я бірнеше затқа, адамға тән екенін білдірумен байланысты». Егер бір я бірнеше зат бір адамға (затқа) меншікті болса, тәуелдіктің бұл түрі оңаша тәуелдеу деп аталады. Мысалы, менің дәптерім, дәптерлерім.

Жекеше: Менің жиен-ім, дәптер-ім

сенің жиен-ің, дәптер-ің

сіздің жиен-іңіз,дәптер-іңіз

оның жиен-і, дәптер-і

Көпше: жиен-дер-ім, дәптер-лер-ім

жиен-дер-ің, дәптер-лер-ің

жиен-дер-іңіз, дәптер-лер-іңіз

жиен-дер-і, дәптер-лер-і

Егер бір я бірнеше зат біреу емес, бірнеше адамға (затқа) меншікті болса, тәуелдіктің бұл түрі ортақ тәуелдеу деп аталады. Мысалы: біздің дәптеріміз, дәптерлеріміз.

Жекеше: біздің жиен-іміз, дәптер-іміз

сендердің жиен-дер-ің, дәптер-лер-ің

сіздердің жиен-дер-іңіз,дәптер-лер-іңіз.

Олардың жиен-дер-і, дәптер-лер-і.

Тәуелдік жалғаулы сөз сөйлемде үнемі ілік септіктегі сөзбен тіркесте қолданылады. Мысалы, ауылдың баласы, университеттің студенті, аттың тұяғы ,теңіздің балыгы т.б. Осы тіркестердегі сөздер «жай ғана көпше жиен-дер-іміз, дәптер-лер-іміз жиен-дер-ің, дәптер-лер-ің жиен-дер-іңіз, дәптер-лер-іңіз тіркесе салмаған, бір-біріне ілгешектене байланысқан», яғни ауылдың, университеттің, аттың, теңіздің деген ілік септіктегі сөздер өздерінен кейінгі сөздердің тәуелдік жалғауында тұруын талап етсе, ал тәуелдік жалғаулы сөз өзінің алдындағы сөздің ілік септікте тұруын керек етеді.Сөздердің осылайша, яғни бірінші сыңары ілік септік жалғауда, екінші сыңары тәуелдік жалғауда келіп, байланысуы ғылымда матасу деп аталады.

Сонымен бірге, мұндай тіркестердегі яғни, матаса байланысқан сөздердің кейде біреуінің қосымшасы түсіп қалып қолданылуы да тілімізде кездеседі. Мысалы, ат жүйрігі, пеш оты, кітап мұқабасы, ауыл маңы.. Бұл тіркестерде ілік септік жалғаулары түсіп қалған, бірақ оны тілдегі заңдылық бойынша -тәуелдік жалғауы тұрған жерде ілік септігі жалғауы болатындығы арқылы дәлелдеуге болады. Ал кейде керісінше, сөзде тәуелдік жалғауы түсіп қалады. Мысалы, біздің көше, сіздің ауыл, өзіміздің шәкірттер т.б. Осы тіркестер толық айтылғанда біздің көшеміз, сіздің аулыңыз, өзіміздің шәкірттеріміз болуы тиіс еді. Бұл мысалдарда біз, сіз, өз есімдіктері ілік септік жалғауында келген де, тәуелдік жалғауда айтылуға тиісті сөздер қосымшасыз тұлғада тұр. Мұндай құбылыстың тілдік қолданыста кездесетіндігін М.Балақаевтың мына пікірінен көруге болады:»... біз, сіз, деген екі есімдік ілік жалғауында айтылғанда, олармен байланысты тәуелдік жалғауында айтылуға тиісті сөздер жалғаусыз да жұмсалады, мысалы: біздің еліміз-біздің ел, сіздің балаңыз-сіздің бала».

Ғылыми еңбектерде көрсетіліп жүргендей, «тәуелдік жалғаудың 3-жағында түсіп қалуы тек ауыз әдебиеті нұсқаларында, жырларда, жыраулар шығармаларында кездесіп қалады: Базарбайдың Төлеген (Төлегені емес) Қобыландының Тайбурыл (Тайбурыл-ы емес), 3-жақ тәуелдік жалғау тұлғасының түсіп қалып қолданылуы орта ғасырлық жазба нұсқалар тілінде де (М. Қашғаридың сөздігінде, Ю.Баласағұнның "Құтадғу білік" дастанында) кимниң иш, кимниң тавар түрінде кездесіп отырады ".

Ілік пен тәуелдік жалғаулы сөздер тіркесіндегі екінші компоненттің, яғни 3-жақтағы тәуелдіктің көрсеткішінің түсіріліп қолданылуы көне құбылыс екендігін акад. Р.Сыздықованың мына пікірінен де көруге болады. «Бұл, сірә, о баста тек өлең синтаксисіне ғана байланысты қалыптасқан конструкция болар деген пікір бар және XI ғасыр ескерткіштерінен (М.Қашқари материалдарынан) бастап, қырғыз эпосы Манаста кездесетіндігіне қарағанда, жалпы түркі тілдеріне тән көне құбылыс екендігі байқалады».

Тәуелдік жалғауларының қолданыста түсіп қалуы тілдегі ықшамдау тәсілінің бір түрі болып табылады. Мұны соңғы кездегі зерттеулер де дәлелдейді. Мысалы, Г.Қондыбаеваның зерттеуінде тілдегі грамматикалық категориялардың көрсеткіштері саналатын жалғаулардың қолданыста ықшамдалу заңдылығының әсеріне, ықпалына ұшырауы қарастырылған. Автор өз еңбегінде қазақ тіліндегі жалғаулардың ықшамдалып қолданылатындығын және әр жалғаудың түсіріліп қолданылуының өзіндік орны мен қызметін сипаттай келіп, тәуелдік жалғауының түсіріліп қолданылуының мынадай ерекшеліктерін түйіндеген:

-тәуелдік жалғауының стильдік мақсатта түсіріліп қолданылуы тілдегі дағдылы құбылыстардың бірі. Әсіресе, сіздің, біздің сияқты ілік жалғаулы есімдіктермен тіркескен сөздердегі тәуелдік жалғауының көрсеткіштері түсірілуге бейім саналады;

-тәуелдік жалғауының бірыңғай мүшелердің тек соңғысына жалғануы да стильдік мақсаттағы тілдік нормалардың қатарына жатады».

Олай болса, матаса байланысқан тіркестердегі тәуелдік жалғауының түсіріліп қолданылуы ерте кезден күні бүгінге дейін кездесетін, әрі белгілі бір мақсатта қолданылатын тілдік құбылыс екендігі анық.

Тәуелдік жалғауы тек қана меншіліктілікті білдіріп қоймайды.Мысалы, ананың құшағы, ауылдың ақсақалы, малдың ізі секілді тіркестерде нақты меншіктілік мағына жоқ, өйткені бұл тіркестер жалпы ананың құшағы, жалпы ауылдың ақсақалы, жалпы малдың ізі деген ұғымды беріп тұр. Сондықтан бұл тіркестерден нақты қай ананың құшағы, қай ауылдың ақсақалы, қай малдың ізі екендігін білу қиын. Осымен байланысты ғалымдар «тәуелдік жалғау меншікті білдіреді» деген ұғым-аса кең грамматикалық ұғым, ақиқат меншіктілік жайындағы ұғым сол кең грамматикалық ұғымның тек әредікте ғана кездесетін бір көрінісі ғана ", - деген пікір айтады. Шынында да, ақылдың белгісі, ән сазы, көңілдің қуанышы, ауыл маңы секілді тіркестерден белгілі бір жаққа тән нақтылы меншік те, тәуелділік те байқалмайды, тек қана грамматикалық қатынас аңғарылады. А.Ысқақовтың сөзімен айтқанда, «әуелде меншікгі, белгілі бір жаққа тән тәуелділікті білдіретін жақ жалғауы бірте-бірте жақтық көрсеткіш болу қабілетінен көшіп, жаққа байланысы жоқ тым жалпы қатынасты білдіру сипатына ие болған».

Бұдан тәуелдік жалғаудың қолданыста басқа да мағына беретіндігі байқалады.

Сонымен бірге тәуелдік жалғау «қосымша эмоциялық-экспрессивтік райды я мәнді білдірерліктей де міндет атқарады. Мысалы, айым, күнім, әкем, көкем, құлыным, қарағым секілді формалар тыңдаушы адамның сезіміне әр алуан эмоциялық ықпал жасап, эр қилы экспрессивтік әсер ететіні аян». Мысалы, Ағам Шоқан, менікі адал ниет. Айтып тұрғаның, рас па, жаным?(С.Бақбергенов.) Құлыным-ау, босқа шөлдейсің ғой,-деді әжесі.

Осы сөйлемдердегі қалқам, жаным, құлыным сөздерінің құрамындағы -м,-ым тұлғалары бұрын тәуелдік жалғауы болған деп есептеледі.

Тәуелдік мағына жұрнақ арқылы да беріледі. Тәуелдік мағынаны білдіретін -нікі,-дікі,-тікі жұрнақтары заттың иесінің атына, яғни затты иеленушіге жалғанады да, меншікті зат ешбір қосымшасыз қолданылады: домбыра Әсеттікі,үй Мұраттікі, мылтық аңшынікі т.б. Осы тіркестерде меншікті заттар атаулары қосымшасыз формада тұр және меншікті заттын иесін білдіретін сөздердің алдында келген, ал тәуелдік мағынаны білдіретін жұрнақ затты иеленушіні білдіретін сөзге жалғанған. Бұл жұрнақтың тағы бір ерекшелігі-ол үндестік заңына бағынбайды.


Зат есімнің септік категориясы

Зат есімнің септік категориясы - сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен қарым-қатынасын, байланысын қамтамасыз ететін категория. Септік категориясының мағынасы септік жалғаулар арқылы беріледі. Ал сөйлемдегі сөздердің қарым-қатынасы, байланысы түрліше болып келетін күрделі құбылыс. Бұл категорияның күрделі екендігіне зат есімнің басқа категорияларымен салыстыру арқылы да көз жеткізуге болады.Зат есімнің көптік категориясы екі-ақ мағынаны жекелік-көптікті білдіруі оның ортақ категориялық мағынасы болса, тәуелдік категориясы үш жақтағы жекеше ~ көпше, оңаша ортақ мәндерді көрсетуі олардың ортақ категориялық мағынасы болып есептеледі. Септік категориясының мағыналары бұларға қарағанда күрделірек, өйткені қазақ тілінде жеті септік бар.Әр септіктің әрқайсысының өзіндік мағыналары бар, сондықтан бұларда ортақ категориялық мағына болмайды. Септіктерді бір-біріне жақындастыратын олардың сөйлемдегі сөздерді байланыстыру қызметі және зат есімге жалғану қабілеті, ал басқа сөз таптарына жалғанса, оларды заттандырып тұратын ерекшелігі.Осымен байланысты септік категориясына мынадай анықтамалар беріліп жүр. Мысалы, «Қазақ тілі грамматикасында» (1967) «септелу деп сөздердің сөйлем ішінде өзге сөздермен дәнекерлесу үшін септік жалғауын қабылдап, грамматикалық тұрғыдан өзгеріске түсуін айтады», 2002 жылғы грамматикада да осы анықтама берілген. «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында, сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен жалғастырып, селбестіріп тұратын» тұлға және сөздердің септелуі деп атаған . «Тіл білімінің негіздері» атты оқулықта септік дегеніміз жалғау мен грамматикалық мағыналардың бірлігінен тұратын және бір есім сөздің екінші есімге немесе етістікке қатысын білдіретін грамматикалық категория»,-деп жазылған. С.Исаев осы анықтамаларға зер сала қарап, «сөздерді грамматикалық тұрғыдан түрлендіріп, өзгеріске түсіретін» ерекшелік тәуелдік, жіктік жалғауларына да тән екендігін айта келіп, «сөздерді грамматикапық тұрғыдан өзгеріске түсіріп, түрлендіретін» деген пікірді қолдамай, септік жалғауларына (категориясына) мынадай анықтама берген: «Септік жалғаулары (категориясы) зат пен оның іс әрекеті (қимылы), я зат пен заттың (сынның) арасындағы субъектілік, объектілік, меншіктілік-қатыстық, мекендік-мезгілдік, көлемдік, амалдық-құралдық, себеп-мақсаттық сияқгы қатынастарды білдіріп, заттық мән үстеп тұратын түрлену тұлғасы».Бірақ ғалымның септік категориясына арналған тақырыптың бас жағында «Сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыруда үлкен орын алатын зат есімнің парадигмалық түрлену жүйесінің бірі-септік жүйесі,-деген пікірі тағы бар.

Бұл айтылғандардан байқалатыны - септік жалғаулары (категориясы) сөздерге жалғанғанда үстеме мағына қосады, сөздердің арасындағы түрлі қатынастарды білдіреді, сөз бен сөзді байланыстырады. Сондықтан «Қазақ тіліндегі зат есім категориясы» деген еңбегіндегі Ә.Төлеуовтің... «белгілі бір сөзге жалғанып, оған грамматикалық мән беретін және олардың басқа сөздерге әр алуан қатынасын білдіріп, сөзді бір-бірімен байланыстыратын қосымшаны септік жалғауы» деп келтірген анықтамасы септік категориясының мәнін анық көрсетеді.

Қазақ тілінде жеті септік бар. Бұлардың ішінде атау септіктің ғана қосымшасы жоқ, бірақ «атау септік тұлғасы - түбір тұлғамен бір емес және оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, басқа септік тұлғаларына негіз болатын да тұлға емес, өз алдына жеке нөлдік тұлға», ал қалған септіктердің арнайы қосымшалары бар. Әр септіктің әрқайсысының сұрақгары болады. Тіліміздегі сөздер тәуелденіп те, тәуелденбей де септік жалғауларын қабылдайды. Соған байланысты қазақ тілінде сөздер септелуінің екі түрі бар: 1) жай септелу; 2) тәуелді септелу.

Жай септелуде септік жалғаулары тікелей зат есімдерге және басқа есім қызметін атқаратын сөздерге тікелей жалғанады:


Атау

Кітап

Үлкен

Естіген

Бірінші

Ілік

Кітап-тың

Үлкен-нің

Естіген-нің

Бірінші-нің

Барыс

Кітап-қа

Үлкен-ге

Естіген-ге

Бірінші-ге

Табыс

Кітап-ты

Үлкен-ді

Естіген-ді

Бірінші-ні

Жатыс

Кітап-та

Үлкен-де |

Естіген-де

Бірінші-де

Шығыс

Кітап-тан

Үлкен-нен

Естіген-нен

Бірінші-ден

Көмектес

Кітап-пен

Үлкен-мен

Естіген-мен

Бірінші-мен

Бұл кестедегі үлкен, естіген, бірінші сөздері сөз табы жағынан - сын есім, есімше, сан есім. Бірақ олар заттанған кезде зат есім секілді септеледі.

Тәуелді септелуде септік жалғаулары зат есімдерге және басқа есім қызметін атқаратын сөздердің тәуелдеулі түріне жалғанады:





1-жақ

2-жақ

3-жақ

Атау

үй-ім

үй-ің

үй-і

Ілік

үй-ім-нің

үй-ің-нің үй-ің-е

үй-і-нің

Барыс

үй-ім-е

үй-і-не

Табыс Жатыс

үй-ім-ді

үй-ің-ді

үй-і-н

үй-ім-де

үй-ің-де

үй-і-нде

Шығыс

үй-ім-нен

үй-ің-нен

үй-і-нен

Көмектес

үй-ім-мен

үй-ің-мен

үй-і-мен


Септік жалғауларының мағыналары мен қызметі

Қазақ тіліндегі әр септіктің өзіне тән қосымшалары яғни грамматикалық тұлғалары бар.Сол тұлғалар сөздерге жалғанғанда грамматикалық мағына үстейді, әрі септік жалғаулары сөз бен сөзді байланыстырып, синтаксистік қызмет атқарады. Енді әр септіктің әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.



Атау септік. Атау септіктің өзіне тән арнаулы қосымшасы жоқ, яғни нөлдік тұлғада қолданылады, бірақ білдіретін мағынасы бар. Атау септік қимылдың иесін (субъектіні) білдіреді. Алайда түркологияда, қазақ тіл білімінде де атау септіктің осы мағынасы толық ескерілмей келді. Сондықтан атау септік жайында түрліше көзқарастар болды.

Ең алдымен септік жүйесіндегі қосымшасыз форма бір ғана септікке қатысты ма әлде бірнеше септікке қатысты ма деген мәселеде ғалымдарда ортақ пікір болмады. Кейбір ғалымдар нөлдік форманы бір ғана септіктің (негізгі септіктің) формасы деп санады (60), ал негізгі септікті танушылардың бәрі оның семантикалық құрамында атау септіктің субъект мағынасын және қосымшасыз басқа септіктердің мағынасын қосқан. Сондықтан оны атау септік деп атамай, негізгі септік деп атаған. Сонда негізгі септік іс жүзінде барлық септіктердің мағынасын білдіретін болып шыққан. Ал бұл қайшылық форма қуалаушылықтан туған жағдай еді.

Қазақ тіл білімінде атау септік және басқа септіктердің қосымшасыз формалары танылады. Алайда, атау септіктің табиғатын анықтауды керек ететін жағдайлар жоқ емес.

Қазақ тіл білімінде атау септік формасы басқа септік формалары мен мағыналарын ажырату үшін қабылданған негізгі форма деп түсіндіру бар.Атау септікке бұлайша қарау оның табиғатын толық ашпайды.Септік жүйесіндегі әр форманың қалыптасқан мағынасы мен атқаратын қызметі бар екені анық. Сондықган атау септіктің де өзіне ғана қатысты мағынасы мен қызметі бар. Септік жүйесіндегі бұл форма логикалық жағынан қимылдың субъектісін білдіріп, синтаксистік қызметі жағынан сөйлемнің бастауыш мүшесі қызметін атқарады.Сөйлемде баяндауышпен тіркесіп, оның белгілі жақта тұруын керек етеді. Атау септіктің мағынасы мен қызметін басқа ешбір септік атқара алмайды. Яғни атау септік басқа септіктерден мағынасы, қызметі жағынан әбден нақтыланған.Сондықтан оны орыс тіліндегі атау септіктен басқаша деп түсіндіру бұл септіктің құрамына басқа септіктердің нөлдік формасын қосумен байланысты шыққан. Атау септіктің мағынасы мен қызметін айқындау үшін, атау септікке қатысты пікірлерге жеке-жеке тоқталған жөн.

Анықтауыш қызметіндегі зат есімдерді атау септік деп қарау түркологияда,оның ішінде қазақ тіл білімінде жиі кездеседі. Осымен байланысты төмендегі үзіндіні келтірейік. «Екі зат есім атау күйінде қатар айтылып, алдыңғысы соңғысына анықтауыш болады: қол сағат,темір күрек, мал қора». Зат есім анықтауыш қызметінде жұмсалғанда, сын есімнің орнына қолданылады. Ал сын есім өз мағынасы мен қызметінде тұрғанда септелмейді.Ол - түркі тілдеріндегі сын есімнің орыс тіліндегі сын есімнен негізгі айырмашылығының бірі. Анықтауыш қызметіндегі септелмейтін сын есімнің орнына қолданылған зат есімді де септік формасында, яғни атау септік деп қараудың ешбір негізі жоқ. Сондықган атау септік пен анықтауыш қызметіндегі сын есім тек сыртқы тұлғасы жағынан ғана ұқсас, ал олардың мағынасы мен қызметі басқа-басқа. Сын есімдер зат есімнің алдынан келіп, анықтауыш болғанда, атау септік формасында деп танылмайтындықтан, оның орнына қолданылған зат есім де атау тұлғада деп саналмау керек, зат есімнің түбір тұлғада қолданылуы деп қаралуы керек.

Осылай қарағанда, анықтауыш қызметіндегі зат есімдер атау септіктің мағынасына кірмейді, олардың септік парадигмасына қатысы жоқ. Егер түркі тілдерінде сын есім анықтауыш қызметінде орыс тіліндегідей септелсе, онда оның орнына қолданылған зат есімдерді септік парадигмасында қарауға болар еді, бірақ мұндай құбылыс түркі тілдерінің грамматикалық құрылысында жоқ. Сондықган оның зат есімнен болған анықтауышқа қатысы болуы мүмкін емес.

Атау септіктің құрамында қаралып келген тағы бір форма-есім сөзден болған баяндауыштар. Баяндауыш болған сөз септік категориясына емес, жіктік категориясына қатысты. Баяндауыш жіктік жүйесіндегі формалардың бірінде тұрады. Тек есім сөзден болған баяндауышты атау септік деп қарап, оның қызметін атау септікке қосу шындыққа жатпайды, өйткені, ол-жіктеу парадигмасында қолданылған сөз, сондықтан ол әрі жіктік, әрі септік категориясының формасы бола алмайды. Сондықтан, бұл арада сыртқы тұлға ұқсастығы оларды бір форма деп тануға себеп болған. Егер тіліміздің жіктелу жүйесінде есім сөзге де 3-жақта жіктік жалғауы жалғанатын болса, оларды ешкім атау септіктегі сөз деп санамаған болар еді. Бұл айтылғандар баяндауыш қызметіндегі есім сөздің септік парадигмасына қатысы жоғын, олардың атау септікке жатпайтынын дәлелдейді. Олай болса, баяндауыш қызметіндегі есім сөз атау септіктің қызметіне мүлдем жатпайды. Сөйлемде қолданылған зат есімнің бәрі белгілі септік формасында тұрады деу дұрыс емес. Сөйтіп, анықтауыш, баяндауыш қызметінде зат есім түбір қалпында тұрады.

Атау септікті белгісіз септік (неопределенный п.), негізгі септік (основной п.) деп атау, ілік, табыс кейде басқа да септіктердің нөлдік формасын осы септіктің құрамына қосумен байланысты. Бірнеше септіктің мағынасын бір септікке жинағандықтан, ол әрине, атау септікпен бірдей болып шықпайтыны түсінікті. Түрлі мағынадағы, түрлі қызметтегі сөздердің сыртқы тұлғасындағы ұқсастығы олардың бір септік аталуына себеп болған. Бірақ форма ұқсастығы мағына ескерілмеген жерде күшті дәлел бола алмайды. Мағыналары, қызметі басқа септіктердің қосымшаларының ұқсастығына қарамастан, түрлі септіктер саналып жүргеніне дәлелді көптеп келтіруге болады. Мысалға, қазіргі құмық, қарачай-балқар тілдеріндегі ілік септік пен табыс септіктің формалары ұқсас, яғни бұл екі септіктің формасының екеуі де бір формада қолданылады, олардың көрсеткіші бір (-ны,-ні). Бірақ осы екі септіктің сыртқы формасының бірлігіне қарамастан, олардың мағынасы мен қызметі мүлдем басқа болғандықтан, ғылымда олар екі түрлі септік болып танылады.

Мұндай құбылыс септіктен басқа категорияларда да кездеседі. Оған мысалдар өте көп. Айталық, түркі тілдерінде өздік етіс пен өзгелік етістің мағыналары бірінен-бірі жақсы ажыратылған, бірақ олардың формасындағы ұқсастық сақталған.-ын.-ін.-ыл.-іл.Олардың форма ұқсастығына қарамастан, бір етіс деп танылмайды, екі түрлі етіс деп танылады. Сол сияқты етістіктен есім жасаушы бір топ жұрнақтар етістік жұрнақтарымен формалық ұқсастығын сақтап қалған, бірақ қосымшалары омоним болса да, олар зат есімнің және етістікгің жұрнағына жатады.

Бір септіктің қосымшалы да, қосымшасыз да формасының болуы түркі тілдерінде өзіндік ерекшелік болғанымен, ондай құбылыс басқа тілдерде мүлдем кездеспейді деуге болмайды. Мысалы, орыс тілінде бірінші септелудің кепше түрінде ілік септіктің қосымшасы жоқ (улиц, корзин, черт, овец).Жекеше түрде ілік септікте бұлардың бәрі қосымшалы формада қолданылады (улицы, корзины.черты, овцы). Сөйтіп, мұнда ілік септіктің әрі қосымшалы, әрі қосымшасыз формасы қолданылады. Орыс тіліндегі ілік және табыс септіктер жанды заттардың аты көпше түрде септелгенде, тұлғасы жағынан ешбір айырмасы жоқ. Олардың екеуі де қосымшасыз формада тұрады: (род.п.мух; вин. п. мух).Орыс тілінде олардың сыртқы форма ұқсастығына қарап, қосымшасыз формаларды жиып бір септікте санамайды. Бұлар орыс тілінде екі түрлі септік деп танылады. Өйткені, олар мағынасы мен қызметі жағынан бірінен- бірі әбден ажыратылған. Сондықтан да олардың сыртқы тұлға ұқсастығы есепке алынбайды.

Қазақ тіліндегі ілік, табыс септіктердің қосымшасыз формасы мен атау септіктің ұқсастығы да дәл осындай. Оларда мағына және қызметі жағынан ешқандай ұқсастық жоқ, ұқсастық тек қана сыртқы формада. Сондықтан септік жүйесіндегі қосымшасыз формалар қазақ тіл білімінде атау септікке жатқызылмайды, ілік, табыс септіктердің қосымшасыз формасы деп танылады. Атаудан басқа септіктердің нөлдік формаларының атау септікке қатысы жоғын дәлелдеу үшін, осы септіктегі сөздерді сөз тіркесінде алып қарау керек. Мысалы: мектеп үйі,сағат бауы, құрылысшы қалағы, кітап оқу, уй жинау, тамақ пісірут.б.

Алғашқы үш тіркестегі мектеп, сағат, құрылысшы деген нөлдік формада тұрған сөздердің ілік септікте турғанына онымен тіркескен тәуелдік жалғаулы сөздер (үйі, бауы, қалағы) дәлел бола алады. Өйткені, тәуелдік жалғаулы сөз әрқашан ілік жалғаулы сөзбен изафеттік тіркес құрайтыны ғылымда белгілі жайт. Олай болса, мектеп, сағат, құрылысшы деген сөздер атау септікке жатпайды, сондықтан олар бастауыш емес.

Сол сияқты келесі тіркестердегі кітап, үй, тамақ деген нөлдік формадағы сөздер табыс септікте қолданылған. Өйткені, оқылу қимылы кітапқа, жинау қимылы үйге, пісіру қимылы тамаққа тараған, кітап, үй, тамақ сөздері- сол қимылдың объектілері. Ал ғылымда атау септіктегі сөз қимылдың субъектісін білдіретіндігі белгілі, қимылға объект болып тұрған сөздердің форма жағынан ұқсастығына ғана сүйеніп, оларды да атау септіктегі сөздер деп айту шындыққа үйлеспейді.

Төмендегі мысалдарда барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің қосымшасыз формалары қолданылған. Мысалы: Осыған көніп, Семей баратын болса, тек маған лезде хабар етсін (М. Әуезов). Ыбырай осы жаз қып-қызыл от ішіне барарын әбден сезеді(Ж.Молдағалиев). Шаяннан соң Қаратау асып, Созаққа ауыстық.Бұрын бұл үңгірге келмеген Дәрмен Әлмағанбет және Кәкітаймен ақырын сөйлесті (М.Әуөзов).

Сөйлем құрылысына ешбір өзгеріс енгізбей, бірінші сөйлемдегі Семей деген сөзді Семейге, екінші сөйлемдегі жаз деген сөзді жазда, үшінші сөйлемдегі Қаратау деген сөзді Қаратаудан, төртінші сөйлемдегі Әлмағанбет деген сөзді Әлмағанбетпен түрінде айтуға толық болады. Олар бір септіктің қосымшалы, қосымшасыз формалары болғандықтан, олардың тіркесетін сөздері, сөйлемдегі орны, мағынасы бірдей. Сондықтан сөйлем құрылысын сақтай отырып, олар бірінің орнына екіншісі қолданылуға келіп тұр. Жоғарыда келтірілген сөйлемдердегі қосымшасыз формалы сөздерді септіктің қосымшалы формасына ауыстыруға келгені олардың барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің қосымшасыз формасында қолданылғанын дәлелдейді. Сөйтіп, сөйлемде қосымшасыз формада қолданылған зат есімнің бәрі септік жүйесіне қатысты деп қарау дұрыс емес. Оған анықтауыш, баяндауыш қызметінде түбір қалпында қолданылған сөздер дәлел. Олай болса, сөйлемде нөлдік формада тұрған зат есімдердің бір тобы түбірге қатысты болса екінші тобы септік жүйесіне қатысты. Олардың ішінен тек бастауыш қызметіндегі сөздер ғана атау септікке жатады, өйткені А.М.Щербак айтқандай атау септік-бастауыштың септігі (60,5).

Қалған жағдайдағы нөлдік форма басқа септіктерге қатысты. Нөлдік формасы қосымшалы формамен жүйелі түрде қатарласа қолданылатын септіктер - ілік пен табыс. Орыс тіліндегі ілік пен табыс септіктерде нөлдік, қосымшалы формалар септелудің түріне қарай, жанды, жансыз заттардың атауларына, жекеше, көпше түрге қарай қолданылатын болып қалыптасқан. Басқаша айтқанда, осы септіктердің нөлдік, қосымшалы формаларының қолданылуы әбден ажыратылған. Қазақ тілінде де ілік, табыс септіктердің нөлдік, қосымшалы формалары мағынасы, қолданылатын сөздері, стильдік қызметі жағынан ажыратылған.

Басқа септіктерде нөлдік форма ондай орын алмайды, негізінен, бірыңғай мүшеде ғана кездеседі.

Бұл айтылғандардан сөйлемде қолданылған нөлдік формадағы зат есімдердің мағыналары, атқаратын синтаксистік қызметі, тіркесетін сөздері,

Олар арқылы жасалатын сөз тіркестері мүлдем басқа-басқа екені анықта-лады.Олардың тек сыртқы тұлғасы ғана ұқсас. Тек осы бір белгіге ғана сүйеніп, оларды негізгі септік атау-теориялық тұрғыда дұрыс емес. Сондықтан да проф. Н Оралбаева айтқандай, «септіктердің нөлдік формалары өз септіктеріңде қосымшалы формамен қатарласа қолданылатын форма ретінде қаралғаны дұрыс. Түрлі септіктердің нөлдік формасының мағыналары атау септіктің мағыналық құрамынан шығарылуы қажет».

Атау септіктегі сөз сөйлемде бастауыш болады.Мысалы, Диқаншы жерін мақтайды, Балықшы көлін мақтайды. Қара қошқыл тауларай астында көкшіл мұнарға оранып жым-жырт қалғып тұр (М.Әуезов). Елдің ән-сауығын сағынған Асқар бар ынтасымен сүйсініп тыңдайды (З.Шашкин).



Ілік септік. Ілік септіктің өзіне тән қосымшалары бар (-ның,-нің,-дың,-дің,-тың,-тің) және бұл қосымшалар сөздерге үндестік заңы бойынша жалғанады. Мысалы, оқушының, інінің, айдың, желдің, жапырақтың, теректің т.б.

Ілік септік қосымшалы да, қосымшасыз да тұлғада қолданылады. «Оның солайша я ашық, я жасырын қолданылғандағы мағыналары, әрине, дәл бірдей емес, өзара айырмашылық болады». Шындығында да бір септіктің екі тұлғасының тілде қатарынан қолданылуы олардың арасындағы белгілі айырмашылыққа байланысты. Өйткені олардың мағынасы мен жұмсалу орындарында, атқаратын қызметінде ешқандай ерекшелік болмаса, бұлардың екеуі бірдей тілде сақталмас еді. Әрине бұл екі тұлғаның екеуі де бір септік тұлғасы болғандықтан, олардың мағынасы мүлдем басқа болуы да мүмкін емес. Сонымен бірге бұл екі тұлғаның екеуі де алғашқы бір мағынадан тараған. Ілік септіктің алғашқы мағынасы тәуелдік категориясымен байланысты қалыптасқан. Анығырақ айтқанда, ілік септік алғаш меншікті заттың иесін білдірген. Көне жазба ескерткіштер тілін зерттеген ғалымдар (Батманов Н.А, Каримов К, Құрышжанов Ә, Томанов М, Ағманов Е, Мамедов Ю.К, Айдаров Ғ.т.б.) ілік септіктің бұл мағынасын үнемі көрсетіп отырған.

Міне, сол көне замандардан бері қарай қолданылып келе жатқан ілік септіктің екі формасының мағынасы сол бір қалыпта сақталуы мүмкін емес. Ілік септіктің мағынасы да дамуға түскен. Осының нәтижесінде қазіргі ілік септіктің мағынасы өте дамыған.

Ілік септік жалғаулары сөзге жалғанғанда грамматикалық меншіктілікті (иелікті) білдіруі - оның негізгі мағынасы. Мысалы, Мырза аттан түспей, Жаяу Мұсаның үйіне шабарманын жұмсапты (М. Сәрсекеев).

Қазақ тілі грамматикаларында көрсетіліп жүргендей, ілік септіктің бұдан басқа да мағыналары бар:

-ілік септіктегі сөз адамдар арасындағы туыстық жақындығы, қарым-қатынасты білдіреді. Мысалы, Мен сол Хакімнің ағасымын (X. Есенжанов). - заттар арасындағы органикалық, табиғи байланысты білдіреді, Мысалы, Жусанның жапырағы өте ұсақ, жалбыздың жапырағы үлкендеу (оқулықта).

- заттың, нәрсенің бөлшегі неге тән екендігін білдіреді. Мысалы, Сары май, құрт, пәтір нан иісі Айғыздың мұрнын жарып жібере жаздады (Қ. Исабеков). Әбдіжан дән риза болған қалыппен қарттың қолын алып хош айтты (С. Бегалин).

- заттардың, құбылыстардың, абстракциялы ұғымдардың арасындағы әр түрлі тәуелділік қарым-қатынасты білдіреді. Мысалы, Біреуді ден қойып тыңдай білу- әдептіліктің белгісі.

- ілік жалғаулы зат есім кейбір қимыл есімдерімен тәуелділік байланыста айтылғанда, логикалық субъектіні білдіреді. Мысалы, Өзен жақтан балалардың шуылы естіледі (М. Мақатаев).

- белгілі бір қасиеттің, сапаның кімге, неменеге тән екендігін білдіреді, Мысалы, Назым достарының ұйымшылдығын қызыға әңгімеледі.

- субстантивтенген сын есім арқылы көрсетіп, сапаның, белгінің не нәрсеге тән екендігін білдіреді. Мысалы, Өзімізге қарасты ағайынның үлкендері де келген (Н. Ғабдуллин).

- заттың белгілі бір қасиетінің артықшылығына немесе төмендігіне қарай заттардың өзге тобынан даралап, оқшаулап көрсетеді. Мысалы, Ақбөбек көріктінің көріктісі еді.

Міне, бұдан ілік септіктің қосымшалы тұлғасы меншікті заттың иесін де білдіреді және басқа да түрлі қатыстық мағыналарда қолданылатындығын байқауға болады.

Ілік септіктің жоғарыда айтылғандай, қосымшасыз да қолданылатын кездері бар. Мысалы, Тәңірберген ат тізгінін қарыстырып ұстап алған (Ә. Нұрпейісов). От лебінен ери бастаған қар төбеден мөлт-мөлт етеді (Ғ. Мүсірепсв). Жағапай жиі орнатылған жеміс бақшасы бар (С. Шаймерденов).

Осы мысалдардағы ат тізгіні, от лебі, жеміс бақшасы-изфеттік құрылыстағы тіркестер.Бұл тіркестердің алғашқы компоненттері ілік септіктің қосымшасыз формасында тұр. Олардың ілік септікте тұрғанын оларға тіркескен тәуелдік жалғауының 3-жағында тұрған сөз көрсетеді, өйткені тәуелдік жалғаулы сөз қашан да ілік жалғаулы сөзбен тіркеседі. Сондықтан бұл екі формадағы сөз біріне-бірі көрсеткіш бола алады.

Изафеттік құрылыстағы тіркестердің бірінші компонентінің ілік септікте тұрғаны басқаша да дәлелденеді. Ол үшін осы тіркестерді ілік септіктің қосымшалы формасымен ауыстыруға болады: аттың тізгіні, оттың лебі, жемістің бақшасы. Осылайша бұл мысалдардағы сөздердің ілік септіктің қосымшасыз формасында тұрғаны анық байқалады.

Енді осы ілік септіктің қосымшасыз формасындағы сөздердің қандай мағына беріп тұрғанына көңіл бөлейік. Алдымен бұл изафеттік құрылыстағы тіркестердің ешқайсысы бір заттың екінші затқа меншіктілігін білдірмейді, яғни мұнда меншіктілік қатыс мүлдем жоқ. Бұл тіркестерде тек қана аттың тізгінге, оттың лепке, жемістің бақшаға қатысы ғана берілген. Объективті өмірдегі бір-бірімен тығыз байланысты заттардың қатысы көрсетілген, ол-ат пен тізгін, от пен леп, жеміс пен бақша. Осы байланыс ілік септіктің қосымшасыз тұлғасы мен тәуелдік тұлға арқылы беріліп тұр.

Сөйтіп, бұл мысалдарда меншікгілік, тәуелділік қарым-қатынас емес, заттардың бір-біріне жалпы қатысы ретіндегі абстракт мағына бар.

Объективті өмірдегі заттардың бірімен - бірінің қатысы, байланысы сан алуан. Мысалы, Осы арада бұлар күн ыстығы қайтқанша болды (Ә. Нұр-пейісов). Ой мешеулігінен қамданбасқа сабыр жетпейді (Ғ. Мүсірелов).

Осы мысалдардағы зат пен оның белгісі, абстракт зат пен оның белгісі арасындағы байланыс изафеттік құрылыс арқылы берілген. Бұл тіркестерде тәуелділік, меншіктілік ұғым жоқ, тек қана зат пен оның белгісінің арасындағы қатынас көрсетілген. Олай болса, ілік септіктің қосымшасыз формасы негізінен қатыстық мағыналарды білдіреді. Енді солардың негізгілеріне тоқталайық:

- объективті өмірдегі зат пен заттың арасындағы табиғи қарым-қатынасты ілік септікгің қосымшасыз формасы білдіреді. Мысапы, балық майы, ат тұяғы, ешкі түбіті, марал мүйізі, сиыр сүті, лақ терісі т.б.

- осы топқа бір заттан тараған екінші заттың алғашқыға қатысы да ілік септіктің қосымшасыз формасы арқылы беріледі. Мысалы, күн нұры, найзағай оты, от лебі, таң жарығы, түн самалы, таңсалқыны, кеш қараңғылыгы, найзағай оты т.б.

- мал, хайуанаттар мен төлдер арасындағы қатынас, байланыста ілік септіктің қосымшасыз формасы арқылы беріледі. Мысалы, ешкілағы, ит күшігі, қой қозысы, қаз балапаны, қоян көжегі т.б.

- мекеме мен қызметкер арасындағы қатысты да білдіреді. Мысалы, поезд бастығы, мұнай инженері,құрылыс жұмысшысы, мектеп мұғалімі, смена бастығы, фирма директоры т.б.

- заттың мекеніне немесе, керісінше мекеннің затқа қатысын да білдіреді. Мысалы, гүл алаңы, балықшылар аулы, студенттер жатақханасы, театр үйі, мал қорасы, су қоймасы т.б.

- бір заттың атымен екінші заттың аталуынан пайда болған заттардың арасындағы қатысты білдіреді. Мысалы, Жамбыл музейі, Абай көшесі, Каспи теңізі, Арал теңізі, Балқаш көлі т.б.

- заттың мезгілге қатысы да ілік септіктің қосымшасыз тұлғасы арқылы беріледі. Мысалы, көктем кезі, түс уақытында, қыс мезгілінде, жыл аяғы, жұмыс аяғы т.б.

- өмірде әр заттыңтүрлі қимыл-әрекетке түсуі заңды. Заттың қимыл-әрекетінің бірсыпырасы оның белгісі ретінде затпен қарым-қатынасқа түседі. Осы байланыс тілде изафеттік құрылыстағы тіркес арқылы беріледі. Мұндай тіркесте ілік септігінің қосымшасыз тұлғасы қимыл-әрекеттің қай затқа катысты екенін көрсетеді. Мысапы, Абайға бұл әңгімеден әрі тағы бір әңгіме жатқаны ап-анық көрінді (М. Әуезов). Ауға тәуір балық түсетініне сенімі мол (Ә. Нұрпейісов).

Сонымен, ілік септіктің қосымшасыз тұлғасы білдіретін қатыстық мағыналардың бастылары - осылар.

Ілік септіктің қосымшалы, қосымшасыз тұлғада қолданылуының өзіндік себептері бар. Проф. М. Балақаев ілік септіктің қосымшалы формасы тәуелденулі заттың қай затқа, кімге меншікті екенін әдейілеп, арнап көрсету керек болғанда ғана қолданылады, ал бұл мағына болмаса, изафеттік құрамдағы сөздердің бірі екіншісіне заттық сапа ретінде жұмсалса, онда ілік септіктің жалғаусыз формасы қолданылады деп санайды

М.Балақаев ілік септіктің қосымшалы, қосымшасыз формаларының мағынасын меншіктілік және қатыстық мағынамен ғана байланыстырып қоймайды. Сонымен бірге меншіктілік мәнге ерекше көңіл бөлу, меншікті заттың иесін баса көрсету іліктің қосымшалы формасына қатысты деп есептейді.

Міне, бұл пікірге ерекше мөн беру керек. Тіл материалдары да осы пікірді растайды. Меншіктілік мағынаны білдіретін изафеттік құрылыстағы сөздер тіркесінде ол меншіктілік мәннің жалпыланған түрі және оның шын мәніндегі бір заттың екінші затқа меншіктілігін, тәуелділігін көрсетуге арналған түрі бар. Басқаша айтқанда, жалпы алғанда, меншіктілік мәнге жататын изафеттік құрылыстағы тіркестердің өзі іштей біркелкі емес. Осымен байланысты мұнда ілік септіктің қосымшалы, қосымшасыз формасының қолданылуында да айырма бар. Осы ерекшелікті М. Балақаев дұрыс аңғарған. Мысалы: Ішкен мен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде жүрген бай баласы аз ба? Үштен, төрттен, бес-алтыдан шоғырланған ел кісілері, қалахалқы (М.Әуезов).

Бұл мысалдарда байбаласы, өлкісілері, қалахалқы деген изафеттік құрылыстағы тіркестерде меншіктілік мән түрлі дәрежеде. Осылардың ішінен бай баласы дегенде меншікгілік мән күштірек сияқты болып көрінеді. Бірақ, шын мәнінде, бұл дұрыс емес. Себебі, мұнда белгілі бір байдың өзіне тән баласы туралы сөз болып отырған жоқ. Мұнда меншіктілік мағына емес, қатыстық мағына басым. Сондықтан да осындай фактілерді М. Балақаев ілік септіктің қосымшасыз формасының заттық сапа ретінде жұмсалуы деп таныған. Бірақ бұл сапа дегеннен гөрі қатыстық мағына дегенге сәйкес келеді.

Айтылған пікірдің ақиқаттығына көз жеткізу үшін осы мысалды нағыз меншіктілік мәнде алып қарайық. Мысалы: Хасен-Жұман байдың баласы. Бұл сөйлемде жоғарыдағы изафеттік құрылыстағы сөздер енді ілік септіктің қосымшалы формасында қолданылып тұр. Яғни бұл мысалдағы әңгіме бір заттыңекіншізатқатәуелділігітуралыайтылып жәнебұл мағынаға ерекше мән берілген, өйткені сөйлемніңжалпы мағынасы сол мағынаны білдіруге арналған. Сондықтан да мұнда ілік септіктің қосымшалы формасы қолданылған,

Ілік септіктің сөйлемдегі синтаксистік қызметі анықтауыш болуы. Мысалы, Исатайдың ақырған даусы естіліп, ол бастаған қалың қол көрінгенде, жау қаша жөнелді (Қ.Жұмалиев), Жаңадан жасалатын бұйымдарды да Абайдың ұнататын өрнек-бояуларымен көркемдеуді ескерді (К. Оразалин).



Барыс септік. Барыс септіктің зат есімге жалғанатын жалғаулары -ға,-ге-қа,-ке,-а,-е,-на,-не. Мысалы, ауылға, үйге, университетке т.б. Бұл септіктің грамматикалық мағыналары өте көп. Оқулықтарда көрсетіліп жүрген мынадай мағыналары бар:

- барыс септіктегі сөз істің, қимылдың, іс-әрекеттің барып тірелер жерін, аяқталар шегін көрсетеді. Мысалы, Әкем қырық бірінші жылы майданға кеткенде сіздің жасыңыз 20 да екен (Н. Ғабдуллин).

- қимылдың, іс-әрекеттің кімге, неге бағытталғанын білдіреді. Мысалы, Ол жолаушыға терезеден үңіліп қарады (Н.Ғабдуллин).

- іс-әрекеттің, қимылдың мақсатын, не үшін істелетінін білдіреді. Мысалы, Әділбек әскери борышын өтегеннен кейін оқуға кетті.

- барыс жалғаулы сөз өзі жалғанатын сөзінің семантикасына қарай кейде мөлшер, мезгіл мағынасында да қолданылады. Мысалы, Солардың арқасында екі араға, енді міне жол түсті, мың жылға созылатын құдалар жолы (Н. Ғабдуллин).

Барыс септігі қосымшасының жасырын түрде қолданылуы тілде өте сирек кездеседі. Мысалы, Астана барды.Сонау біржылы келдің... Құлжа бардың. Сауда мақсатымен Жаркент, Құлжабарған (С. Бақберсенов).

Сондай-ақ С.Исаев «Қазіргі тіліміздегі ер жету, бой жету тұрақты тіркестерді тарихи жағынан ерге жету, бойға жету түрлерінен, алдыңғы сөз барыс септікгі тұлғадағы үлгіден қалыптасқан дей келіп, қазақтың әр кездегі жазба нұсқалары тілінде бұп тіркестердің ерге жету, бойға жету түрінде кездесетіндігін, сонымен бірге жету етістігінің әдетте барыс септік тұлғадағы сөзді меңгеретіндігі (мемлекетке жету, мұратына жету, арманына жету, жасына жету т.б.) арқылы дәлелдеген .

Барыс септігіндегі сездер сөйлемде толықтауыш, пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Ол не істерін білмей Аронға қарады (X. Есенжанов). Альпинистер туды таудың төбесіне тікті.



Табыс септік. Бұл септікгің қосымшасы-ны,-ні,-ды,-ді,-ты,-ті,-н. Осы қосымшалардың ішінде -н үшінші жақ тәуелдік тұлғасынан кейін жалғанады (ел-і-н, жер-і-н т.б).

Табыс септігінің негізгі мағынасы қимылға түсетін объектіні білдіреді. Мысалы, Бүркітті көрген түлкі ол кезде тастың үңгіріне кіріп кеткен (С. Мұқанов). Қарапайым жұрттың ішінде беделді Бұланбайды Байжан да қатты қадірлейтін еді (Ғ.Мүсірепов).

Табыс септік те ілік септік секілді бірде ашық, бірде жасырын қолданылады.

Табыс септіктің қосымшалы, қосымшасыз формалары тілдің грамматикалық құрылысының дамуында әрқайсысы өзінше мағыналық реңкке ие болып, әрқайсысының қолданылатын орны мен қызметі ажыратылған. Сондықтан да, бұл екі форманың екеуі де тілде күні бүгінге дейін сақталып, қызмет атқарады.

Табыс септіктің қосымшалы, қосымшасыз формаларының бір-бірінен сөйлемдегі орны жағынан да айырмашылығы бар. Табыс септіктің қосымшасыз формасындағы сөздің орны тұрақты болса, қосымшалы формадағы сөзде ондай тұрақтылық міндетті емес.

Ол сабақты етістікпен тікелей жақын тұрып та, алшақ тұрып та, орын ауыстырып та тіркесе береді. Объектінің сабақты етістікпен тікелей тіркеспей, алшақ қолданылуы, не онымен орны ауысып тұруы оның объекті ретінде түсінілмеуін туғызады. Сондықтан, сөйлемде объекті өз орнында қолданылмағанда, оның объекті екенін көрсететін табыс септік қосымшасы жалғанады. Өйткені, тілде көне замандардан қалыптасқан заңдылық бойынша объекті тікелей сабақты етістіктің алдынан тіркеседі. Бұл заңдылық бұзылған жерде объекті қосымшасыз формада тұра алмайды. Осы жағдайға қарап, объектінің сөйлемде өзінің тұрақты орнынан басқа орында қолданылуы тілде табыс септіктің қосымшасының пайда болуына себеп болуы да мүмкін деген жорамал жасауға болады.

Табыс септіктің қосымшалы, қосымшасыз формалары жүйесіз колданыла бермейді. Олардың әрқайсысы белгілі орында қолданылуға бейімделген.

Табыс септік істің қосымшалы формасы, негізінен, төмендегі жағдайда қолданылады.

- сөйлеуші объектіге ерекше мән беріп, оған көңіл аударғысы келсе, табыс септіктің жалғаулы формасы қолданылады. Мысалы: кітапты бер, журналды оқы, тамақты іш, т.б.

-табыс септіктегі сөздің алдынан жекелейтін, даралайтын, топ заттан бөліп көрсететін анықтауыш тұрса, табыс септіктің қосымшалы формасы қолданылады. Мысалы: бұл баланы танимын, мына кітапты оқыдым, т.б.

- жалқы есімдерде табыс септіктің қосымшалы формасы қолданылады. Мысалы: Асқарды көрдім, Айжанды шақырды.т.б.

- тәуелденген сөз табыс септіктің қосымшалы формасында тұрады. Мысалы: әкемді танимын, кітабымды алдым, т.б.

- табыс септік жалғаулы сөз бен тіркесетін етістіктің арасында басқа сөз тұрса, табыс септіктің қосымшалы формасы қолданылады. Мысалы: киноны кеше көрді, егінді бүгін суарды, т.б.

- заттанған сөз таптары /сын есім, есімше, тұйық етістік т.б./ табыс септіктің қосымшалы формасында қолданылады. Мысалы: жақсыны сыйла, естігенді айтпа, көргенді айт, айтуды ұмытпа т.б.

- есімдік пен сан есім табыс септіктің қосымшалы формасымен қолданылады. Мысалы: мынаны түсіндірші, онды онға қос т.б.

- объекті бастауыш болып түсінілуі мүмкін құрылыста табыс септіктің қосымшалы формасы қолданылады. Мысалы: Жолшыбай кейде биді, кейде қожаны, кейде төрені оңашалап әкетіп, алдағы бір ауылға жақындағанда ғана топқа қосылып отыр /Ғ. Мүсірепов/.

- бастауыш пен толықтауыш бір сөзден болғанда, табыс септіктің қосымшалы формасы қолданылады, Мысалы: адам адамды сыйлайды, аңшы аңшыны таниды т.б.

- күрделі етістікпен тіркескен толықтауыштар табыс септіктің қосымшалы формасында қоданылады. Мысалы: көшті бастап әкетті, жоспарды жүзеге асыру, табысты баянды ету т.б.

- экспрессивті мағынада жұмсалатын күрделі не қосарлы етістіктердің жетегінде айтылатын тура толықтауыштар табыс септіктің қосымшалы формасында қопданылады. Мысалы: Қатар тұрған екі самауырға таскөмірді тастап-тастап жіберді. Он жеті мың жылқыны жауып жіберіп..., еріксіз көшірмекші /Ғ.Мүсірепов/.

Табыс септігіндегі сөз сөйлемде тура толықтауыш қызметін атқарады, Мысалы, Рысқұлов машинаны тоқтатып, жерге түсті (Ш. Мұртаза). Төреші жап-жас қазақ балуаны Мұқанды күрес алаңына алып жүрді (М. Тәнекеев).




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет