Педагогтың білімі, білігі, іскерлігі және тұлғалық қасиеттеріне қойылатын минималды талаптар жүйесі ретінде педагогикалық іс-әрекеттің кәсіби стандарты құрастырылады. Қазақстан Республикасында мұғалімдердің кәсіби еңбекке сәйкестілігін, кәсіби өсу деңгейіне қойылатын талаптар жүйесі ретінде педагогтың кәсіби стандарты әзірленген. Кәсіби стандартты әзірлеу мақсаты-педагогқа қажетті іскерлік пен дағдылар, білімдер мен құзыреттерді сипаттау. Бұл стандарт бойынша мұғалімдердің санаттары өзгертіледі, мұғалімдердің еңбек функцияларының даму деңгейлері анықталатын болады. Педагогтың кәсіби стандартында бес еңбек функциясы анықталған: оқыту, тәрбиелеу,әдістемелік,зерттеу,әлеуметтік-коммуникативтік. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында педагогтардың негізгі құқықтары мен міндеттері анықталған. Аталған заңның 7-тарауының 50-51-баптарында педагог қызметкердің мәртебесі, құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі анықталған. Іс-әрекет ұғымы ғылымаралық ұғымдар қатарына жатады, себебі ол педагогика, психология, әлеуметтану, философия, мәдениеттану сияқты көптеген әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың зерттеу нысандарының бірі. Кез келген жеке тұлға тек өзінің белсенді іс-әрекеті арқылы ғана дамитыны белгілі. Сондықтан адамтану ғылымдарының барлығы өз тұрғысынан адам санасы мен іс-әрекеттін зерттеуге тырысады. Психологиялық тұрғыдан қарастырғанда,іс-әрекет-адамның қоршаған дүниемен белсенді қарым-қатынаста болуы арқылы өзін субъектілік позицияға қоюы ретінде қарастырылады. Педагогикалық көзқарастар бойынша, іс-әрекет – қоғамдық және жеке тұлғалық маңызды нәтиже беретін бір мақсатқа бағытталған белсенділік. Өзіндік жеке іс-әрекеттері арқылы адам басқа әлеуметтік іс-әрекеттерге араласады. Іс-әрекеттің құрылымына мотив, мақсат, құрал, іс-қимылдар, нәтиже, бағалау сияқты компоненттері кіреді . Педагогикалық-психологиялық ғылымдар саласында іс-әрекет теориясының дамуына С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, П.Я.Гальперин т.с.с. психологтардың зерттеулері негіз болған. Іс-әрекет компоненттері бір-бірімен тығыз байланыста болып біртұтас жүйені құрайды. Бұл жүйедегі компоненттер өзара бір-біріне тәуелді, олардың кез келген компонентін алып тастасақ, толыққанды атқарылған іс-әрекет болуы мүмкін емес. Әрбір компонент өзіндік маңызды рөл атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |