«Педагогикалық мәселелерді шешудегі мұғалімнің құзыреттілігінің мәні»
Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі-оның жан-жақты білімінен ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгерумен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. «Құзыреттілік» ұғымы педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылық-белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді шешім шығара алады дегенді білдіреді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігінің негізгі шарттары:
1. Тұлғааралық және еңбектегі байланыс.
2. Қызметтің эканомикалық, әлеуметтік, құқықтық, адамгершілік, психологиялық аспектілерін меңгеруі.
3. Қызметті жаңа жағдайға бейімдеудегі, басқару шешімін қабылдаудағы дайындығы.
4. Практикалық кәсіби тапсырмаларды орындаудағы дайындық әлеуеті
5. Нақты жағдайларға байланысты қандай да бір әдістерді пайдалану біліктілігі.
6. Тиімді шешім қабылдау қабілеті.
«Құзырлылық – тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен шығармашылық әлеуетін дамыту қабілеті»- деп түйіндейді белгілі оқымысты Т. Г. Браже. Сондықтан бүгінгі ұстаз тек кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, үнемі шығармашылықпен жұмыс жасауы қажет.
Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деген сөздері ұстаздық мамандықтың болмысын ашатын сөздер емес пе?
Сондықтан кәсіби шеберлігі шыңдалған, құзырлығы жоғары, өз ісінің технологы болу ұстаздан нені талап етеді десек, ол мұғалімнің шығармашылық іс – әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден тұрады. Нәтижеге бағытталған білімдендірудің жаңа жүйесіне көшу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда да жаңа көзқарасты қалыптастыруды, құзырлықтарын үнемі дамытуды талап етеді.Жоғары мәдениетті адам ғана осы қажеттіліктерді шешудің жолдарын іздейді, табады.
Ойы жүйрік, ақылы терең, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім, шығармашылығы биік, кәсіби шеберлігі жетілген, ізденуші, зерттеуші, жасампаз жаңашыл ұстаз – бүгінгі қоғамның тапсырысы.
Әр сабағына өздігінен білім меңгерудің, ізденіс пен жемісті еңбектің қайнар көзіне айналдырғанда ғана, талапқа сай мұғалім болу мәселесі шешіледі. «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер», – дейді Жүсіпбек Аймауытов.
Достарыңызбен бөлісу: |