Практикалық жұмыс
Тақырыбы: Компьютерлік желілер. Интернет
Теорияға шолу
Компьютерлік желі дегеніміз – ресурстарды (дискі, файл, принтер, коммуникациялық құрылғылар) тиімді пайдалану мақсатында бір-бірімен байланыстырылған компьютерлер тізбегі. Желі жұмыс жасау үшін арнайы аппараттық және программалық жабдықтар болуы қажет. Желі арқылы оған қосылған кез келген компьютердегі ақпаратты жедел қарауға болады. Күнделікті өмірде кездесетін компьютерлік желіге мысал ретінде өздерің оқитын компьютерлік сыныптағы бірнеше компьютерлердің желіге біріктірілуін айтуға болады. Компьютерлік желілер масштабы мен мүмкіндігі бойынша ерекшеленеді. Ең шағын желілер жергілікті деп аталады да, бірнеше компьютерді біріктіру үшін қолданылады. Компьютерлік желіге желілік тақша, модем немесе жоғары жылдамдықты сандық телефондық қызмет торабы арқылы қосылады.
Жергілікті желі – саны шектеулі компьютерлерді біріктіру үшін қолданылады. Ақпарат – желілер арқылы берілетін сигналдарға түрлендіріледі, осыдан кейін сигнал қайта түрлендіріледі. Компьютерлер жергілікті желіге желілк тақша деп аталатын интерфейстік блок – желілк адаптер арқылы қосылады. Желілік адаптер – компьютердің байланыс желісімен сәйкестендірілуін қамтамасыз ететін құрылғы. Кең таралған адаптерлерге: Ethernet, Token Ring және ArcNett типтері жатады.
Интернет желісі – бүкіл Жер шары бойынша ақпарат ағынын таратуды қаматамасыз ететін желілер жиынтығы. Интернет – адамзаттың ақпараттық технология саласындағы жеткен жетістіктерінің бірі. Интернет – компьютерлік желілердің ішінде жаппай қолданылатыны болып табылады. Интернеттің ең қарапайым анықтамасы желілердің желісі деп аталады.
Практикалық жұмыс
Тақырыбы: Интернетте ақпарат іздеу
Теорияға шолу
Компьютер провайдер мекеменің компьютерімен байланыстырған соң, Интернетке нақты түрде қосылу орындалады. Бірақ бүкіләлемдік желіде жұмыс істей алмаймыз. Интернетте жұмыс істеу үшін қосымша программалар қажет болады. Бұл программаларды таңдау Интернеттің қандай қызметімен жұмыс істейтіндігімізге байланысты. Интернетте әр түрлі қызмет көрсету түрі бар. Соның бірі –WORLD WIDE WEB қызметі. WORLD WIDE WEB – Интернеттің ең қарапайым және өте кең тараған қызмет түрі болып табылады. Көбінесе ол тек WEB деп аталады. Бұл қызметтің танымалдылығы сонша, оны көпшілік Интернеттің өзі деп біледі. WORLD WIDE WEB – қызметі интерактивті түрде жұмыс істеуге арналған. Ол ақпаратты іздеу және жинақтауға мүмкіндік береді. WORLD WIDE WEB қызметін пайдалануға HTML «құжаттарының пішімі» және «гипермәтіндік сілтемелер» деген негізгі екі ұғым бар.
Гипермәтіндік сілтемелерді пайдаланып, Интернет ақпарат кеңістігіндегі WEB – парақтардың бірінен келесісіне өтіп, оларды шексіз аралай беруге болады. Алайда, әлемдегі WEB – парақтардың өте көп екендігін ескерсек, қажетті мәліметті іздеп табуға өте көп уақыт кетеді, яғни бұл іс қиындай түседі. Сол себепті Интернетте ақпаратты іздеуге арналған іздеу серверлері бар. Іздеу серверлері өте көп емес, Интернетте жұмыс істейтін адамдар олардың адрестерін жақсы біледі. Жалпы іздеу серверлерінің екі түрі бар: іздеу каталогтері және іздеу индекстері. Іздеу каталогтері ақпараттарды олардың тақырыбы бойынша іздеуге арналған. Мұндай серверлердегі мәліметтер негізгі және ішкі тақырыптары бойынша реттеліп құрылған. Іздеу индекстері алфавиттік көрсеткіш арқылы жұмыс істейді. Белгілі бір сөзді немесе сөз тіркесін, яғни түйінді сөздерді енгізе отырып, сол термин кездесетін құжаттарды жылдам іздеп табуға болады. Сонымен бірге ақпарат іздеу мүмкіндігін беретін арнайы классификациялық серверлер де бар. Бұл серверлерде ақпарат жалпы тақырыптарымен бірге көп таралған танымал сөз тіркестерінің тізімі бойынша топтастырылған. Әрбір іздеуші мәліметіне байланысты құжаттарды ашу кезінде арнайы есептеуіш іске қосылып, көп қолданатын ақпараттардың есебі алынып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |