Жаңа сөздердің баламасын табыңыз.
Сәулет – әйгілі -
Теңдесіз – ескерткіш -
Жәдігер – әмір -
-
Берілген синонимдерді пайдаланып, мәтінді мазмұндаңыз.
Ежелгі, бұрынғы, көне Ерекше, айрықша, өзгеше
Тамаша, керемет, ғажайып Сұлу, әсем, әдемі
Әйгілі, белгілі, даңқты Нақ орта, дәл орта
Әмір, бұйрық, өкім Шаһар, қала
Зәулім, биік Асыл металл, қымбат металл
-
Берілген ойды құптаңыз, не құптамаңыз.
1) Ахмет Яссауи сәулет ғимараты ежелгі Отырар қаласындағы ескерткіштердің бірі.
2) Қожа Ахмет Яссауи сәулет ғимараты - аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс.
3) Ол қазақтың ханы Тәуке ханның айтуымен салынды.
4) XII ғасырда өмір сүрген көне түркі ақыны, Ислам дінін уағыздаушы Ахмет Яссауидің қабірінің басына тұрғызылған зәулім ескерткіш.
Екінші сабақ
1. Мәтінді мәнерлеп оқыңыз.
Тайқазан
Ахмет Яссауи кесенесінің сәулеттi залындағы аса құнды материалдық мұра - қазандық. Залдың төбесіне орта Азиядағы ең үлкен күмбез төңкерілген. Тайқазанға 60 шелек су сияды, салмағы екi тонна, диаметрi 2,45 метр.Тайқазан 1399 жылы Түркістан шаһарынан 25 шақырым жердегі Қарлақ деген жерде 7 асыл металдың (темір, мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын, қола) қосындысынан жасалған. Оған толтырылған судан жұма намаздан соң, қасиеттi су ретiнде мұсылмандар дәм татқан. Көрші асхана залында пісірілген бидай ботқа осында жиналған мүгедектер мен кедейлерге таратылатын болған. Тайқазан - бiрлiк пен қонақжайлықтың белгiсi.
2. Берілген ойды құптаңыз не құптамаңыз.
1. Ескерткіш ХҮ ғасырда салынған.
2. Кесенені әйгілі қолбасшы Ақсақ Темір салдыртыпты.
3. Тайқазан сегіз металдың қосындысынан құйылған.
4. Кесене көне Сайрам қаласында орналасқан.
5. Алып тайқазан Санкт-Петербургтегі Эрмитажда болған.
6. Кесене Орта Азиядағы зәулім, қыштан соғылған ғимарат.
-
Мәтінді оқыңыз және мазмұндаңыз.
Ахмет Яссауи ғибраты
Ахмет Иассауи - білімпаз-ғалым, ақын, ойшыл, бүкіл түрік жұртының рухани атасы. Ол қазіргі Шымкент облысындағы Сайрамда туып, Қазақстан жерін Үнді, Қытай, Еуропамен байланыстырған Түркістан қаласында тұрды. Ол »Хикметтер» атты кітабын жазған. Бұл кітабы адамдық, ізгілік жолына үндейді. Иассауи сақтандырған бес нәрсе мыналар:
Алланың ақ жолын мойындамаудан қашық бол,
Менмен, тәкәппар болма,
Дүние-мүлік үшін арыңды сатпа,
Арамдықтан аулақ бол,
Еріншек болма.
-
«Менмен, тәкаппар» сөздерін орыс тіліне аударыңыз.
-
Төмендегі сөздердің антонимін табыңыз.
Білімпаз Қашық Арамдық
1.ақылды 1.жақын 1.арсыздық
2.надан 2.алыс 2.адамдық
3.шешен 3.шалғай 3.адалдық
-
Берілген сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріңіз.
Адамдық жол, жол жүру, жол табу, жолы болу, ұзақ жол,
ақ жол.
-
А. Яссауи сақтандырған бес нәрсе нелер? Артық сөзді
табыңыз.
1. тәкаппарлық
2. арамдық
3. жомарттық
4. арсыздық
5. жалқаулық
БОӨЖ тапсырмасы: Қазақстандағы ежелгі ескерткіш кесенелер жайлы мағлұматтар жазыңыз.
Ағымдық бақылау тапсырмалары:
1. Қ.А. Яссауи кесенесінің құрылысы туралы айтыңыз.
2. Алып тайқазан жайлы не білесіз?
3. Ахмет Иассауи ғибраттарын айтыңыз.
9-апта
Бірінші сабақ
Сабақтың тақырыбы: «Шегесіз салынған мешіт»
Грамматика: Анықтауыштық қатынастың есімше арқылы берілуі
Сабақтың мақсаты: студенттерге мешіт түрлері жайлы мағлұмат беру, сөздік қорын молайту, берілген ақпарат бойынша танымдық қабілетін арттыру, сөйлеу қабілетін арттыру, сауатты жазуға дағдыландыру.
1. Жаңа сөз және сөз тіркестерімен танысыңыз, сөйлем құраңыздар.
Тапсырыс, көз тартады, атағы жер жарған, мешіт жобасы, өсімдік іспеттес, кертік (надрез, зарубка)
2. Мәтінді жайлап, түсініп оқыңыз.
Шегесіз салынған мешіт
Алматы облысындағы ежелгі Жаркент қаласына бара қалсаңыз, өз дәуірінің атақты саудагері Уәлібайдың (халық арасында - Уәли бай) арнайы тапсырыспен салдырған мешіті алыстан көз тартады.
Тарихшылардың зерттеуінше, ХІХ ғасырдың аяғына қарай салынған Жаркент қаласындағы мешіт 130 жыл бойы сақталып тұр. Тарихтан белгілісі, бүгінгі күні еліміздің тарихи әрі мәдени мұрасына айналған бұл мешітті саудагер Уәлібай Ахун Юлдашев сонау 1887-1892 жылдары халықтан жинаған қаржыға салдырыпты. Бір ерекшелігі, мешіттің сәулеті, құрылымы және әшекейленуіне баса назар аударсаңыз, ғимараттың Қазақстан мен Орта Азияның сәулет-құрылыс өнерінің ең үздік тәсілдері ескеріле отырып салынғандығы айқындала түседі. Тіпті бұл мешітті әдеттегі мешіттерден өзгеше етіп салу мақсатында Уәлібай көршілес Қытайдан осы елдің сол жылдардағы ең мықты сәулетшісі Хон Пикті алдырып, мешіттің жобасын соған арнайы сыздырған екен. Бұған қоса, құрылысты салуға шебер қолды қытай мамандары да өз үлестерін қосыпты. Нақты дерекке жүгінсек, Уәлібайдың алып мешітін салуға сол жылдарда 1500-ден астам адам жұмылдырылып, ғимарат бес жылға жетер-жетпес уақытта бой көтерген.
Уәлібай мешітінің жалпы көлеміне келсек, оның ұзындығы - 54,4 метр, ені - 29 метр, ал биіктігі - 22 метр. Ал мұндағы минареттің биіктігі 19 метр. Ғимараттың өзіне тән бір ерекшелігі, мешіттің минаретін алуан түрлі әдемі, қайталанбас өрнекпен безендірілген 52 колонна (бағана) қоршап тұр. Мұндағы колонналардың барлығы дерлік арнайы дайындалған Тянь-шань шыршасынан жасалған. Ғимаратты және оның қос қатарлы мұнарасын әшекейлеуге сурет пен сәндік өнерінің алуан түрлі үлгілері пайдаланылған.
Мешіттің өзіне ғана тән тағы бір ерекшелігі, оның құрылысына шеге атаулы әсте қолданылмаған. Мұның себебі мұндағы әрбір бөрене немесе арқалық арнайы кертік ойық жасау арқылы бірімен-бірі берік етіп бекітілген. Тіпті мешіт қабырғаларының өзі арнайы әзірленген бөренелерден көтерілген. Тек шатырына ғана қаңылтыр пайдаланылған. Шатырды мешіттің ішінен 122 бағана-тіреуіш көтеріп тұр. Жергілікті сәулетші-зерттеушілердің пікірінше, Жаркент мешіті шатырының құрылымы да өзгеше. Мамандардың пікірінше, шатырдың жалпы бүгілген бағыты қажетті қайқылыққа жету мақсатында белгілі қашықтықта орналастырылған қиылысу жүйесіне байланысты. Мұндай заңдылық шатырды «қайқы қалқыма шатыр» пішініне келтіруді қамтамасыз ететін көрінеді.
Уәлібай мешіті бүгінгі күні еліміз жастары үшін тарихтан сыр шертетін мәдени-демалыс орталығына айналып отыр.
3. Мәтіннен мамандығыңызға қатысты сөздерді анықтап, сөйлем құраңыз.
4. Мәтінде айтылатын ойды тезис түрінде жазып көрсетіңіз.
5 Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.
1. Мешіттің ерекшелігі неде?
2. Осы мешіттің басқа елдің сәулет өнерімен ұқсастығы бар ма?
Грамматика: Анықтауыштық қатынастың есімше арқылы берілуі
1-жаттығу. Есімшелі анықтауыштарға сұрақ қойыңыз.
Інім оқитын университетке келдім. Бақта бұрын мен білмейтін гүлдер өсіп тұр. Залда кеше мен оқыған романның авторы сөйлеп тұр. Біз оқитын университет қаланың орталығында. Мектеп бітірген күнді ұмытпаймыз. Мені күтіп тұрған машинаға жақындадым. Астанадан келген досым хабарласты. Адам болар баланың кісіменен ісі бар.
2-жаттығу. Мына етістіктер тобын оқыңыз.
Әңгімелескен, өскен, оқыған, зерттеген, біріктірген, орындаған, пайдаланған, жазған, ерекшеленген, айналысқан, жарияланған, ашқан, ойлап тапқан, экрандаған, армандаған, ойнаған.
3-жаттығу. Мына сөйлемдерге көп нүктенің орнына есімшенің тұлғасын жазыңыз.
а) Нобель сыйлығын ал ... лауреаттар Стокгольмге және Ослаға отбасымен келеді.
б) Жерде кездес... барлық элементтердің ішінде оттегі кең таралған болып табылады.
в) Қазақ ғалымдарының маңызды мәселелерді шеш... ғылыми жаңалықтары халықаралық танымға ие болды.
4-жаттығу. Мәтіннен анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерін анықтаңыз.
(З.С.Күзекова «Қазақ тілі практикумы» грамматикалық жаттығулар жинағынан 37-38 бет)
Екінші сабақ
Шегесіз салынған мешіт(жалғасы)
-
Мешіт туралы ақпаратпен таныс болыңыз.
Дерек пен дәйек
Қазақстандық сәулетшілер алғаш рет 1969 жылы Уәлібай мешіті құрылысының салыну ерекшеліктерін жан-жақты зерттеп, құрылыстың өзіндік ерекшелігі бар екендігін жан-жақты анықтады.
1975 - 1978 жылдары мешіт ғимаратының бүлінген жерлерін қайтадан бастапқы қалпына келтірген республикалық «Қазқайтаөңдеу - Казреставрация» бірлестігінің маман-сәулетшілері тарихи-мәдени осы ескерткішті «Жаркент мешіті» сәулет-құрылыс кешені деп атау туралы ұсыныс енгізді. Сөйтіп, олардың ұсынысын орынды деп тапқан ел Үкіметі бір жарым ғасырдан астам тарихы бар Уәли бай мешітін «Жаркент мешіті» сәулет-құрылыс кешені ретінде қайта құру туралы қаулыға қол қойды.
2001 - 2004 жылдары мемлекеттік қазынадан 26 миллион теңге қаржы бөлініп, «Жаркент мешіті» сәулет-құрылыс кешені ғимаратының қирап, бүлінген бөліктері бастапқы қалпына келтірілді.
Халық арасында Уәли бай мешіті аталып кеткен Жаркент мешіті 1982 жылдан бері республикалық маңызы бар сәулет және тарихи ескерткіш ретінде танылып, мемлекеттің қорғауына алынды.
Ұлттық банктің шешімімен 2008 жылы Жаркент мешітінің көрінісі номиналы 500 теңгелік ескерткіш теңгеде бейнеленді.
«Айқынның» анықтамасы: Алматының солтүстік шығысына орналасқан ежелгі Жаркент қаласының іргетасы 1882 жылы қаланған. 1942 жылы қызыл империя басшыларының шешімімен Жаркент қаласы Панфилов қаласы деп аталды.
Арада 49 жылдан кейін Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялап, көк байрағын көкке көтерген 1991 жылы қалаға ежелгі атауы беріліп, қайтадан Жаркент аталды.
Жомарт Молдахметұлы
-
Мәтіннен анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерін анықтаңыз.
-
Сіз тұратын жерде осындай тарихи ескерткіштер бар ма? Таныстырыңыз.
-
Әлемге танымал мешіттер туралы ақпарат дайындаңыз.
БӨЖ ТАҚЫРЫБЫ: «ХАЗІРЕТ СҰЛТАН» және «НҰР-АСТАНА» мешіттерінің құрылысы мен сәулеті.
Ағымдық бақылау тапсырмалары:
1. Еліміздегі құрылысы мен сәулеті ерекше нысандар туралы ақпарат дайындаңыз.
2. Мешіттердің басқа құрылыс нысандарынан ерекшелігі туралы.
3. Мешіт құрылысы мен сәулетінің авторлары туралы ақпарат дайындаңыз.
10 – апта
Бірінші сабақ
Сабақтың тақырыбы: «Норман Фостер»
Грамматика: Сан есімді қайталау
Сабақтың мақсаты: кәсіби мәтін бойынша студенттердің сөздік қорын молайту, берілген ақпарат негізінде олардың танымдық қабілетін арттыру, терминдермен таныстыру, сөйлеу қабілетін арттыру, сауатты жазуға дағдыландыру.
1.Жаңа сөздермен танысыңыз. Сөйлем құрастырыңыз.
Үлес қосу, тұлға, жаһан, бейресми, даусыз мойындау, шағармашылық ізденіс.
Фостер Дрездендегі орталық вокзалдың ашылу салтанатында
|
Жалпы мағлұматтар
|
Азаматтығы
|
Ұлыбритания
|
Туған күні
|
1 маусым 1935
|
Туған жері
|
Манчестер,Англия
|
Жұмысы мен жетістіктері
|
Жұмыс істеген
қалалар
|
Астана, Лондон, Нью-Йорк, Берлин
Гонконг, Мәскеу
|
Сәулет стилі
|
Хай-тек
|
|
2. Мәтінді оқып, мазмұндаңыз.
Норман Фостер — сәулетші
1935 жылы Манчестер маңайындағы шағын қалашықта, қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1962 жылы АҚШ-тағы Йель университетін бітіріп, архитектура мектебінің дипломын алып шығады. 1967 жылы “Foster Assosіates” атты жеке фирмасын құрған. Бара-бара Фостердің жобалары жыл өткен сайын жаһанға жайылып, әйгілі бола түскен. Фостердің әлемдік сәулет өнеріндегі беделі қай кезде де, қай елде де керемет биік тұратыны назар аудартпай қоймайды.
2005 жылдың желтоқсанында "The Times" газеті Лорд Норман Фостерді бүкіл әлем өнеріндегі №1 тұлға деп жариялады. Гиннесс кітабына ол атақ-лауазымы ең көп адам ретінде кіргені де талай жайды аңғартады. Ең алдымен айтарымыз – оның Прицкер сыйлығының лауреаты екендігі. Бұл, бейнелеп сөйлер болсақ, архитектурадағы Нобель сыйлығы . Оның сыртында Фостер 60 ұлттық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы, бас-аяғы 300 награданың иегері.
Норман Фостер архитектураға қосқан үлесі үшін Король алтын медалінің (1983), Француз архитектура академиясы алтын медалінің (1991), Америка архитектура институты алтын медалінің (1994) иегері. 1999 жылы оған “Темза жағасындағы Лорд Фостер” даңқтамасы беріліп, өмір бойғы пэр атанды. Ұлыбританияда пэр атағы лордтар палатасының мүшесі болу құқын береді.
Норман Фостердің ең жиі ауызға алынатын бейресми атағы — хай-тек королі. “Вече” баспасынан 2000 жылы шыққан “100 великих архитекторов” жинағындағы Фостер туралы мақалада хай-текке “технологияның эстеттендірілуі” деген анықтама берілген. Бүгінде «хай-тектің көзі тірі классигі» деп даусыз мойындалатын Фостердің жобалары осы анықтамаға дәлме-дәл келеді.
Сәулетшінің есімімен байланыстырылатын жаңалықтардың бірі — «ақылды үйлер». Сөйлегеннен-ақ лифтісі көтеріліп, шамы жанып, газы қосылып, кіржуғышы айналып, теледидары көрсетіп сала беретін тұрғын үйлердің, офистердің алды енді көп ұзамай біздің Астана мен Алматыға да келгелі жатыр. Соларды да алғаш жобалаған, салдыртқан – Норман Фостер. Оның айналы шынылауды (зеркальное остекление) енгізгеніне де айналасы 30 жылдай ғана болды, ал қазір бұған бәріміздің көзіміз үйреніп барады.
Астана да хай-тек стиліндегі сәулет өнерінің танылған көшбасшысы, атақты сәулетші Норман Фостердің идеяларының өрісі болды. Астананың архитектурасын айшықтап тұрған «Бейбітшілік және келісім сарайы» және «Хан Шатыры» сауда және ойын-сауық орталығы - осы сәулетшінің шығармашылық ізденісінің жемісі.
Тапсырмалар.
1.Мәтінде кім туралы айтылады?
2.Мәтіннен мамандығыңызға қатысты сөздерді табыңыз.
3.Мәтіннен сан есімдерді тауып, түрлерін ажыратып айтыңыз.
4.Әлемге танымал қандай сәулетшілерді білесіз?
Екінші сабақ
(мәтіннің жалғасы)
Норман Фостер: «Астананың ХХІ ғасырдың айтулы қаласы болатыны анық. Пирамиданың өзі командалық жұмыстың нәтижесі. Қандай да болсын ойға алған істің үш тірегі болады, олар: іскерлік қарым-қатынастың тазалығы, парасат пен ақыл және тиянақтылық. Осы үшеуі қосақтасқан жерде алынбайтын қамал жоқ. Мен осындай қасиеттердің Қазақстанның жас астанасының бойында таңбаланады. Осыны сезіп, қандай мархабат күй кешіп жүрмін десеңізші?! – деп, Қазақстанның бас қаласына сүйсінген.
Пирамиданың бірінші қабатында 1,5 мың орындық опера залы орналасқан. Залдың қақ ортасында үлкен сахна бар. Сахнадан 2,8 метр төмендікте оркестрге арналған орын лайықталған. Оған 80 адам сыяды.
Германияда зәулім опера театрында өнер қойылымы жүріп жатқанда күллі қозғалыс тоқтатылып тастайды екен. Пирамиданың жерасты қабатында орналастырылған 1500 орындық опера театры келешекте қандай да бір туындысын ешқандай алаңсыз күйде жүргізе беретін болмақ. «Жұрт Пирамиданың ақшаға шаққандағы құнын сұрайды. Оның құны өлшеусіз екенін қалай айтпай тұра аламын», – дейді Норман Фостер сан қырлы сыры бар, терең тылсымды, сән-салтанаты жарасқан үлкен сарайдың ерекшелігіне тоқталып.
Төртінші қабатта патша залы – Атриум залы қоныс теуіпті. 2090 метр аумақты алып жатқан Атриум залынан кейін «Бесік» залы бар. Залдың «Бесік» деп аталуының астарында әлемдегі негізгі 4 діннің арасында ешқандай алауыздыққа жол берілмей өмір сүру мағынасы жатыр. Залдың архитектуралық ансамблі тыныштық пен татулық бесігінде тербеле өмір сүруге үндейді.
Тапсырмалар.
1.Мәтінде қандай сәулет өнері туралы айтылады?
2. Пирамидада болдыңыз ба? Қандай әсер алдыңыз?
3. Мәтіндегі «қосақтасқан жерде», «қоныс теуіпті», «алауыздыққа жол берілмей» сөз тіркестерін қалай түсінесіз? Оқытушы көмегіне сүйеніңіз.
4. Мәтінде сан есімнің қандай түрлері кездеседі?
5. Қазақстандық сәулетшілерді білесіз бе?
6.Өзіңізге ұнаған сәулетшінің өнері туралы әңгімелеңіз.
БОӨЖ ТАҚЫРЫБЫ: «Хан шатыры» мен «Бейбітшілік және келісім сарайы» құрылысы, сәулеті туралы кеңірек баяндаңыз.
Ағымдық бақылау тапсырмалары:
1. Н.Фостердің туындылары туралы ақпарат дайындау.
2. Астана сәулетіне Н.Фостердің қосқан үлесі.
3. Қазақ сәулетшілері туралы ақпарат дайындау.
Екінші сабақ. (Мәтіннің жалғасы)
Еуропа елдерінде 17 ғасыр мен 18 ғасырдың 1-жартысына дейін дамыған барокко стилінің басты ерекшелігі сәулеттік туынды тіп-тік, тақтадай жазық болмайды, оның әр қыры мүсіндік, болмаса әшекейлі әлеміштермен өрнектеледі. Еуропа елдерінде 17–19 ғасырларда классицизм стилі дамыды. Бұл бағыт, ежелгі дәуір архитектурасы мен ренессанстық архитектураның композициялық әдістері мен түрлерін жетілдіруден туған.
Шығыс архитектурасы композициясының байлығымен, түрінің әсемдігімен және мүсіндік бейнелердің әсерлілігімен көз тартады. 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап, 20 ғасырдың басында әлемде құрылыс техникасының дамуына байланысты бұл кезеңде металл, әйнек, темір-бетон кеңінен пайдаланылды. Үлкен кеңістіктерді жаба алатын, зәулім үйлер тұрғызуға мүмкіндік беретін жаңа жүйелер мен тәсілдер туды (ірі блокты, ірі панельді қабырғалар, тақия-күмбездер, ванттық құрастырмалар, т.б.). Инженер металдан 1889 ж. биіктігі 312 м Эйфель мұнарасын орнатты. Америкада көп қабатты зәулім үйлер пайда болды. 20 ғасыр архитектурасының дамуына зор үлес қосқан Огюст Перре бірінші болып қаңқалық құрылымдарды, темір-бетонды қолданды, құрылысқа стандарттауды және өнеркәсіптік әдістерді кіргізді. Италия инженері әрі архитектор армоцементті ойлап тауып, темір-бетонды тиімді және көркемдік тапқырлықпен пайдаланды.
Тапсырма. Мәтін бойынша төмендегі сұрақтарға жауап жазыңыз.
1.Мәтін тақырыбы не туралы?
2.Мәтіндегі мамандығыңызға қатысты кәсіби сөздердің астын сызыңыз.
3.Мәтіннен нәрсенің пайда болуын білдіретін сөйлемдерді анықтаңыз.
4.Мәтінде сәулет өнеріне тән қандай стильдер жайлы сөз болады?
5.Шығыс стилінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
6.Сізге сәулет өнерінің қандай стилі ұнайды?
7.Өзіңізге ұнаған сәулет стилінің бір туындысы туралы әңгімелеңіз.
БӨЖ тақырыбы: Шығыс сәулеті жайлы материалдар дайындаңыз
Ағымдық бақылау тапсырмалары:
1. Сәулет өнерінің даму тарихы туралы айтыңыз.
2. Сәулет өнерінің қандай стильдерін білесіз?
3. Ұлттық сәулет өнері туралы ақпарат дайындаңыз.
5. Список литературы:
Основная
1) Бектұров Ш. К., Бектұрова А. Ш. Казахский язык для всех. – Алматы : Атамұра, 2008.
2) Бектұров Ш. К. Қазақ тілі. – Алматы : Атамұра, 2009.
3) Оралбай Н., Құрманалиев К. Қазақ тілі. – Алматы : Арыс, 2007.
4) Франк В. Ю. Қазақ тілі жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған. – Алматы : Болашақ балапандары, 2009.
5) Зейнулина А. Ф., Рахимжанов К.Х., Акошева М.К. Практический курс казахского языка для стройтельных специальностей. Учебник. – Павлодар, 2003 – 241 с.
Дополнительная
1) Зейнулина А.Ф., Балпанов Н. М. Кәсіби-іскери қазақ тілі. - Павлодар, 2007.
2) Зейнулина А. Ф., Жұмабаева З. Е., Шаһарман Ә. П., Пазыл Ә. Қ. Іскери-кәсіби қазақ тілі: практикалық сабақтарға арналған әдістемелік нұсқау. – 2009.
3) Зейнулина А. Ф. Кәсіби қазақ тілі : ақпараттық жүйелер, информатика. -2012.
4) Төлеуп М. М. Кәсіби бағытталған тілде сөйлеу біліктілігін дамыту : оқу құралы. - Алматы, 2005.
Достарыңызбен бөлісу: |