Гилберт Кийм честертон детективті әҢгіме қалай жазылады



Дата14.06.2016
өлшемі84.09 Kb.
#134280
Гилберт Кийм ЧЕСТЕРТОН
ДЕТЕКТИВТІ ӘҢГІМЕ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛАДЫ

Бірден-ақ ескерте кеткім келеді: мен осынау очеркті жаздым, әйтсе де, оның авторына детективті әңгіме жазуға ешбір сәті түспегендігін, осыған орай өзіне-өзі әбден есеп беріп те отырғанын атап айтқан болар ем. Оның үстіне бұл бағытта ол талай рет сәтсіздікке ұшырады, сондықтан да менің абырой-беделім жұмыссыздық немесе тұрғын үй мәселелерімен шұғылданатын әлдеқандай ұлы мемлекет қайраткері, әйтпесе, ойшылдың мәртебесі секілді белгілібір практикалық және ғылыми мән-мағынаға ғана ие. Қолына енді ғана қалам алған автордың еліктеуі үшін үлгі болатын үміткер болуға да мүлдем талпыныс жасағым келмейді: егерде қажет десеңіз бұндай тәсілден бас тартатын жаман әдет менде бар сияқты. Сонымен бірге мен детективті жанрда басқа да қажетті істердегідей белгілібір үлгілердің болуы мүмкін екендігіне де сенбеймін. Таңқаларлығы, көпшілікке арналған дидактикалық әдебиет, әдетте, бәрін де қалай жасау керек, нені жасамау қажет деп үйреткенімен, әлі де болса, еліктеуге болатындай жеткілікті үлгілерді әзірлей алған емес. Сондай-ақ, осы очерктің аты қазірше әрбір кітап саудасы дүкендерінде біздің көзімізге оттай басылып тұрған жайы да жоқ. Баспасөз беттерінде тұлға дегеніміз не, көпшілікке танымалдық, поэзия, өзіне еріксіз тарту секілді мүлдем танып-білуге болмайтын ұғымдарды адамдарға үнемі түсіндірмекші болған брошюралар дамылсыз шығып жатады. Біздерді, тіпті, зерделеуге көнбейтін әдеби және журналистік жанрларға мейілінше ынта-жігермен үйретуге тырысып бағады. Бұл очерк, керісінше, анық және нақты әдеби басшылық болып табылады; мейлі аса шектеулі ауқымда болғанымен, біліп, үйренуге қолайлы, ал сәтін салса, танып, түйсінуге де болатынын айтқымыз келеді. Мұндай басшылық нұсқаудың жетімсіздігі ерте ме кеш пе, әйтеуір, орны толады деп ойлаймын, өйткені нарық заманында сұраныс көзді ашып-жұмғанша ұсынысқа құлақ асады, бірақ адамдар өздері қажет ететін нәрселерді иелене алмайды. Сол себепті қалай дегенде де тыңшы агенттерді үйрету бойынша ғана емес, сонымен бірге қылмыскерлерді үйретуге арналған саналуан басшылық нұсқалар ерте ме кеш пе пайда болады деп ойлаймын. Сонда қазіргі әдеп жүйесінде біршама өзгерістер туындайды және де зерек те тапқыр, іскерлі ой-пікірлер түпкілікті түрде адам баласын зеріктірер, қаныңды кенедей сорар қағидаттардан толық арылатын болады; газеттер мен жарнамалар бүгінгі күннің тиымдарына түбегейлі немқұрайдылық танытады (орта ғасырлардағы тиымдарға қазіргі таңда толықтай немкеттілік танытқаны секілді). Ұрлық-қарлықты өсімқорлықтың бір түрі секілді көрсететін болады, ал тамақтан бауыздау секілді істер базардан тауарларды алдап сатқаннан артық қылмыс болмайтын кезге тап келеді. Кітап саудасы жүйелерінде атының өзі көзге бірден түсетін «Он бес сабақ үшін арамдық әрекет» немесе «Неке баянды болмаса, не істеу керек», у беріп өлтіру жайлы басшылық нұсқаулар және жүкті болудың алдын алу сияқты брошюралар қаптап тұратын болады.

Дегенмен, әлі де болса, шыдамдылық таныталық және де мезгілі жетпей жатып, алдын-ала бақытты болашаққа көз тікпей-ақ қоялық; ол кез ұзақ болғандықтан, қылмысты қалай жасау керек дегенге білікті кеңес берудің өзі оны қалай ашу қажеттілігінен немесе оның ашылуын әспеттеп жазғаныңнан бір елі де кем болмаса керек. Меніңше, өзімнің көз алдыма елестетуімше, қылмысты жазу, қылмысты ашу, оны жан-жақты сипаттау және солай көрсетуге басшылық жасауды жүзеге асыру, әрине, белгілібір ойдың қажырлылығын талап ететіндігіне еш күмән жоқ; солай болса да, табысқа жету немесе табысты үдемелету жайлы кітапты жазу ауыртпалығы өте мол осынау үдерісті қажет етпейді. Қалай болғанда да, детективті жанрдың теориясы туралы ойланғанымда мен өзімді теоретик секілді сезінемін. Басқаша сөзбен айтқанда, мен бәрін де басынан бастап түсіндіремін, мүмкіндігінше оқырманды еліктіретін оқиғалардың алғашқы бастауларынан, құлаққа түрпідей тиетін сөздер мен сөз тіркестерінен, шұғыл өзгеретін оқиғалар дамуынан қашқақтаймын. Мен осы орайда оқырман қауымды өзінің түсінік-түйсігінен адастыруға, әйтпесе, оның ой-пікірін оятуға тырыспаймын.

Бірінші және негізгі өзек боларлық принцип мынада; детективті әңгіменің, сондай-ақ, өзге қандай да әңгіменің мақсаты – тұманды емес, сәулелі болуға тиіс. Әңгіме көздің, көкірек көзінің ашылуы үшін жазылады; көздің, көкірек көзінің ашылғанына дейінгі жәйттерді оқу үшін емес. Оқырманның түсіне алмай адасуы – бұл көк мұнар ғана; оның арғы жағында түсінудің, ұғынудың сәулесі біршама уақытқа дейін жасырынып қалған және де жолды болмаған детективтердің басым көпшілігінің сәтсіз болуы – оқырманды, ағарту, көзін ашу үшін емес, адастыру мақсатында жазылуында. Детективті шығармалардың авторлары неге екені белгісіз оқырмандарды жолдан адастыру өздерінің түбегейлі парызы деп есептейді. Осы орайда олар құны жоғары құпияға ие болуды және оны жасыруды ұмытып кетеді. Оқиғаның шарықтау шегі сонымен бірге оның құлдырауы болуға тиіс емес автордың өзі жетекке алған бала мінез аңғал оқырманды мүлдем шатастыруға міндетті деуге болмайды; шарықтау шегі – бүлк етіп, тез жарыла салатын көбік емес; түн неғұрлым қараңғы болған сайын соғұрлым жарқырай түсетін таңертеңгі күннің шапағаты емес. Өнердің саналуан туындылары қаншалықты сұрқай болғанымен, салмақты түрде байыпты дүниелер қатарына сұранып тұрады. Әйтсе де, біздер бар-жоғы таң қалғандықтан көздері бадырайып кететін, милау Уотсондар секілді қаражаяу тобырлармен істес болсақ та, олардың өзі шым-шытырықтан жол табуға ұмтылғандарын және де көк мұнар оларға сәулеге жақындау үшін қажет екендігін ұмытпаған жөн. Мені әрқашанда адам қызықтырар салыстыруларға салып көрсек, Шерлок Холмс туралы ең таңдаулы әңгімелердің аттары детективті шығарманың бастапқы ой-ниетін әдейі атап көрсеткісі келетіндей көрінетін; мәселен, « Ақ Күміс» деген секілді.



Екінші өте маңызды принциптің мәні мынада: әрқандай детективті шығарманың өзегі оның қарапайымдылығында; күрделілігінде емес. Мәселен, жұмбақ күрделі болып көрінуі мүмкін, ал шындығында ол қарапайым болуға тиіс. Автор бізге құпияны ашу үшін қажет; оны түсіндіру үшін емес. Оқиғаның шешімі-ақ бізге бәрін де түсіндіріп береді; детективті туындыда ең алдымен, кездейсоқ, ойда жоқ халде көкірек көзі ашылып, кеш келген сезім әсерінен қылмыс үстінде ұсталған кісі өлтірушінің менмендігі немесе қорыққаннан қатты шыңғырған кейіпкердің өзін жоғалтқан болмысы елеусіз түрде суреттелуі тиіс. Кейбір әдеби детективтерде құпияның шешімі жұмбақтардан анағұрлым шым-шытырық, ал қылмыс атаулысы анағұрлым күрделірек.

Үшіншісі принцип неден шығады: барлық оқиғалар мен кейіпкерлер бойындағы құпияның сырын ашатын кілт – негізгі оқиға және айтулы кейіпкер болуға тиіс. Қылмыскер ең алдымен бастапқы шепте болуы қажет және сонымен бірге көзге мүлдем түспеуі керек. Мысал ретінде Конан Дойлдың «Ақ Күміс» атты әңгімесін атап өтейін. Конан Дойлдың есімі Шекспирден бір елі кем емес, сол себепті ендігіде оның аса көрнекті әңгімелерінің бірінің құпия сырын жасырудың ешқандай реті жоқ. Холмсқа жүлдеге тігілген жылқының ұрланғаны және осы аттың жанында болған бапкерді ұрының өлтіргені белгілі болады. Әрине, жылқыны ұрлап, бапкерді өлтірді деген күдікпен, әрі оның негізі бола тұрса да, әртүрлі адамдар ұсталады, алайда осынау құпия жұмбақтың ең қарапайым да шынайы шешімі ешкімнің басына да кіріп шықпайды: яғни бапкерді аттың өзі өлтіргені туралы. Мен үшін бұл – детективті әңгіменің үлгісі, өйткені құпияның сыры мәселенің сыртқы бетінде жатыр және сондай-ақ көзге елеусіз күйде қалуымен ерекшеленеді. Шынында да, әңгіме жылқының атымен аталған, туынды жылқы жайлы, ат әрдайым көз алдымызда суреттеледі. Бірақ осы орайда ол басқа деңгейде бейнеленеді, сондықтан да атқа деген ешқандай күдік сезілмей қалады. Аса бағалы жануар ретінде ат оқырманның мықты бәсекелесі болғанымен, қылмыскер ретінде көзге көрінбес жай ғана жануар секілді күйде қалады. «Ақ Күміс» – бұл кезекті бір ұрлықтың тарихы жайлы шығарма, мұнда ат бағалы құндылықтың ролін орындайды, бірақ ондай құнды зат кісі өлімінің құралына айналуы да мүмкін екендігін аңғартады. Біз білмейтін нәрсені түсіну мүмкін емес, сол себепті детективті баяндауда қылмыскер әрқашанда елеулі тұлға болып қалуы қажет. Керісінше болған жағдайда құпияны ашу үдерісінде адам күтпеген ешқандай шұғыл оқиға болуы да мүмкін емес; өйткені ешкім күтпеген адамның кенеттен пайда болғанында қандай мән-мағына бар дерсіз? Сонымен, қылмыскер бәрінің көз алдында болғаны жөн, бірақ оған деген ешқандай күмәнді сезімді аңғармауымыз керек. Автордың шеберлігі мен бейімділігі мынада: егерде ол кісі өлтірушіні кісі өліміне ғана еме, тұтас роман желісімен байланыстыра білсе, айтар ойы мен дәлелі сенімді әрі мықтап қабысып жатса, онда діттеген ниеті орындалар еді. Көптеген детективтер дегеніне жетпей жатады, өйткені қылмыскер шығарманың сюжетіне үйлеспейді ол бар болғаны қылмыс жасаушының ролін ғана атқарады. Әдетте қылмыскер – өзін-өзі жеткілікті дәрежеде қамтамасыз еткен адам, ал керісінше болған жағдайда біздің әділетті, демократиялық заңымыз оны кісі өлтірген жан ретінде көше кезуші сипатында-ақ алдын-ала ұстап алуды талап еткен болар еді. Мұндай кейіпкерге біздер жеңілдік жасау тәсілі бойынша күмәндана бастаймыз: біздер көбінесе оған күмәннан тыс болғанына қарай одан күмандана бастаймыз. Әңгімелеушінің шеберлігі мынада болуы қажет: оқырман бойында қылмыскер қылмысты істі жасайды-ау деген қиялды туғызбауы керек, ал автор қылмыскерді сомдағанда қолдан жалған әдеби кейіпкерді бейнелемеуі тиіс. Өйткені детектив – бар-жоғы ойын ғана және де осынау ойын барысында оқырман тек қана қылмыскермен айқасып қана қоймай, автормен біргелікте үзеңгі қағыстыра бәсекелесіп отырады.

Жазушы мынаны есінде сақтауға тиіс: осындай ойын барысында оқырман мынадай шынайы әрі байыпты шығармамен танысқан кезіндегідей өз ойын кесіп айтпайды. Мәселен, былай делік: «Жасыл көзілдірік киген инспектордың ағашқа тырмыса шығып, дәрігер әйелдің бақшасына үңіле қарағаны не үшін керек?» Оқырманның ойында мүлдем басқаша, кенеттен, өзгеше сұрақ пайда болады: «Не үшін автор инспекторды ағаштың басына тырбаңдатып шығарды, тіпті, не үшін осынау инспектор керек болды екен? » деген. Оқырман, әрине, мойындайды; қалаға, бірақ әңгімеге емес, инспекторсыз болмайды. Сондықтан оның әңгіме ішінде жүргендігін қала билікшілерінің ғана емес, детектив авторының да өктемдігі деп түсіну қажет. Әңгіменің дамуы барысында ұсақ-түйек қылмыстарды ашумен ләззат тауып жүрген инспектор өзін шынайы өмірдегі қарапайым пенде ретінде емес, әдеби кейіпкер сипатында әңгімеге және өзге де жағдайларға байланысты жәйттермен тығыз суреттелуі қажет. Табиғи түйсігіне сай, оқырман әрқашанда өзінің басты қарсыласы жазушымен жасырынбақ ойнай отырып, сенімсіз түрде былай дер еді: «Ия, мен түсінемін, инспектор ағаштың үстіне шыға алады. Мен өте жақсы білемін, жалғанның жарығында ағаштар бар, инспекторлар да бар. Бірақ айтыңызшы, оқиғаны қитұрқы етемін деген сіз, не үшін дәл осы инспекторды осы оқиғаға байланысты дәл осы ағашқа шығуға мәжбүрледіңіз?»

Бұл есте сақтайтын төртінші принцип. Бұдан бұрынғылары секілді бұл да практикалық басшылық ретінде қабылданбайтын шығар, себебі оның негізіне өте көп теориялық түсініктер енді. Осынау принциптің негізі мынада: өнердің ұшар биігінде құпияға бола кісі өлімі әзіл деп аталатын даңғазасы мол және көңілді қауымға тиесілі болады. Детективті әңгіме – бұл қиял жемісі, тіпті, айтуға да болар еді, бұл – өнердің ең жасанды түрі. Мен, тіпті, былай деп айтар едім, бұл балалар ойнайтын шын мәніндегі кәдімгі ойыншық. Бұдан шығатын мәселе: оқырман бұл да дүниеге көзін барынша ашып қарайтын баламен барабар; ол ойыншықтың бар екендігіне өзіне-өзі есеп берумен біргелікте, көзге көрінбейтін әріптесінің де бар екендігін біледі, яғни ойыншықты жасаушы, ойынмен алдап, алдаусыратын жан. Періште көңіл бала өте пайымшыл және өте-мөте сенгіш. Сол себепті де, қайталап айтайын, алдау үшін ойына түйген оқиға тарихының авторы басшылыққа алар тұстағы алғашқы ереженің бірі мынада: бет-бейнесі жасырылған кісі өлтіруші сахна төріне шығатын көркемдік құқыққа ие болуы тиіс; ал тек қана тіршілік етуге өмірлік құқы бар болуы аздық етеді. Егерде ол үйге нақты мәселе бойынша келсе, онда бұл мәселе әңгімелеушінің міндеттеріне тікелей қатысы болуға тиісті: ол келушінің себептерін басшылыққа алуы қажет емес, автордың уәжін көкейде ұстауы қажет; ол бұған өзінің әдеби бүкіл болмысымен борышты. Аса үйлесімді детектив – бұл автордың ой-пікірі бойынша сюжеттің сан қатпарлы дамуына орай адам ойына келмейтін, табиғи түрге сай деуге болмайтын, ақылмен елеп-екшеуге көнбейтін іс-әрекетті жүзеге асыратын кісі өлтіруші суреттелетін детектив. Ескерте кетейін, мінеки, сондықтан да, «махаббат машақаттары» , сезім сергелдеңдері дәстүріне қарамастан, детектив жылы сөздерге мейілінше арзиды. Кейбіреулер бұндай баяндау түрін адам зеріктірерлік деп санайды, бірақ құпияның иіріміне бойлау үшін бұл таптырмас нәрсе болып табылады.

Ендігіде ең соңғы принцип мынада: детективті әңгіме қандай да бір әдеби шығарма секілді идеяны іздеуге ұмтылудан емес, соның өзінен басталады; бұл мәселенің тек қана техникалық жағы. Сөз қылмысты ашуға байланысты оқиға тарихы жайлы болса, оның авторы ең алдымен, мәселенің өзегінен бастайды, ал детектив қылмысты ашу үшін тысқы жағынан кіріседі. Әрбір кез-келген тамаша ойластырылған детективті міндеттер ашық, анық жәйттерге қарай орайласады, сондықтан да қарапайым ой-түйіндерге, жазушының есінде жатталған және оқушы тез ұмытатын қандайда бір күнделікті эпозодтарға негізделеді. Бірақ қалай болғанда да, оқиға тарихы ақиқатқа негізделуі тиіс және де қанша дегенмен, қиялды көкке шарықтататын біршама үлесі бар болса да, шынайы өмір шындығына сай болуы қажет; нашақордың қиялындағы фантастикалық қабылдауы секілді болмағаны жөн.

Орысшадан аударған

Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ,

жазушы-журналист,



«Сырдария» университетінің профессоры.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет