Әліпбаев А.Р., Бөжеева Б.З.
Дарфур қақтығысының шығу себептері және
шешілу мүмкіндіктері
Қазіргі халықаралық қатынастарда этникаралық қақтығыстар жиі кездесетін болды. Этникааралық шиеленістерді тұтату әлдеқайда жеңілдеу де ал оларды шешу үлкен мәселе болып табылады. Оны шешу үшін мемлекеттер тарапынан зор күш пен мол қаржы жұмсау қажет.
Этноаумақтық этникалық қақтығыстың шығу астарында ең алдымен бір этникалық топтың қандай да бір аумақта тұру және оны басқару құқына ие болу мақсатында туындайтын дау-дамайы жатары сөзсіз. Саяси астармен көмкерілген этникааралық қақтығысқа мысал ретінде Африка құрылығында өзекті мәселеге айналған Дарфур қақтығысының шығу себептері мен шешілу мүмкіндіктерін талқылап көрелік.
Дарфур аймағы Судан мемлекетінің батысында Чад пен Орталық Африка республикасымен шекаралас аймақта орналасқан. Оның құрамына үш провинция кіреді: Солтүстік Дарфур (орталығы – Эль-Фашер қаласы), Батыс Дарфур (Эль-генейна қ.) және Оңтүстік Дарфур (Ньяла қ.). Жалпы Дарфурда 7 млн астам адам өмір сүреді (ал жалпы Судан халқының саны -33,56 млн адам).
Дарфур өзінің күрделі этникалық құрамымен ерекшеленеді. Аймақтағы фур халқы ең ірілерінің қатарында. Олар саны жағынан 1 млн адамнан асады. Халықтың басым бөлігі өз тілінде сөйлегенімен, бір бөлігі арабтілді. Бұл аймақта судандық-арабтар, нубийлер және қара нәсілді ұсақ халықтар да мекен етеді. Дарфур халқының бірқатары дәстүрлі мәдениетінің кейбір жақтарын сақтап қалғанымен өз тілдерін жоғалтып, арабтанып кеткендер. Өздерінің мәдениеті жағынан Дарфур жұртының басым бөлігі Ніл мәдениетінен гөрі көршілес Чад еліне әлдеқайда жақын. Діни жағынан аймақ халқы суниттік мұсылмандарға жатады. Тек ол өзіндік ерекшелікке ие: судандық-арабтардың көпшілігі «әл-Ансарийа» сопылық тарикатты (рухани қауымды) жақтаушылар. Бұл елдегі өте ықпалды мұсылмандық ірі қауым болып табылады. Сонымен бірге араб емес мұсылман жұрты «Ат-Таджунийа» мен «ас-Сенусийа» қауымдарына қарайды. Аймақ халқының шағын бөлігі дәстүрлі діни-нанымдарды уағыздайды.
Дарфур халқы тұрмыс қалпына қарай мал өсіруші-көшпенділер немесе жартылай көшпенділер (бұл негізінен судандық-арабтар) және отырықшы диқаншылықпен айналысатын қара нәсілді халық болып бөлінеді. Дарфур халқының барлық өкілдерін қамтыған қала халқының саны да арта түсуде. Дарфур халқы тайпалардан құралған, сол ретте тұрғылықты халық өмірінде тайпалық белгі өте маңызды рөлге ие. Көпшілік жағдайда әр тайпаның әкімшілік-аумақтық бөлініске сай келетін өзіне бекітілген жаңа орналасу аумағы немесе қонысы ("дора") бар. "Дора" көлемі бірнеше жүзден ондаған мың шаршы метрге дейін жетеді. Өз "дора" аумағында тайпа негізінен жерге, жайылымға және су көздеріне шексіз билік етеді. Дарфур Суданның ең құрғақ және жұтаңдау аумағы болғандықтан ол азық-түлік дағдарысы кеңетек алған өңірге жатады.
Дарфур өңірін әртүрлі халықтардың өкілдері мекен еткендіктен оларды негізінен екі топқа біріктіруге болады: қара нәсілді африкалықтар және ХІІІ ғасырдан бастап қоныстана бастаған араб тайпалары. Екі топтағылар да ислам дініне құлшылық еткенімен, екі этникалық топтар арасында көптеген ғасырлар бойы қарулы қақтығыстармен аяқталған кикілжің толастар емес. Тіпті ХХ ғасырға дейін Дарфур құл сату орталығы болып келді. Қара нәсілді және араб саудагерлері көршілес Бахр әл Газальға жиі жортуылдар жасап, қолға түскен құлдарды таяу жатқан Африка аудандарына сатуда бір-бірінен асып түсетін дейді тарихи жылнамаларда. Этникалық топтар жер үшін, су көздері үшін де өзара жиі қақтығысып жататын.
ХХ ғасырдың соңында қуаңшылық араб-көшпенділері мекен ететін аумаққа кең жайыла бастауы оларды оңтүстікке қоныс аударуына мәжбүр етті, бұл өз кезегінде этникааралық қатынастарды шиеленістіре түскен еді.
Қазіргі кезеңдегі қақтығысқа Оңтүстіктегі көтерілісшілер мен Судан үкіметі арасындағы мұнайдан түсетін пайданы бөлісу туралы келісімі басты себеп болды. Дарфурдың қара нәсілді халқы бұл келісімде олардың экономикалық мүдделерінің ескерілмегенін алға тартады.
Отырықшы африкалық тұрғындар мен араб-көшпенділері арасындағы қақтығыстар жалпы тарихи астарға ие. 2003 жылы Судан үкіметіне африкалық этникалық фур, масалит және загава топтарынан құралған «Суданды азат ету қозғалысы» (Sudan Liberation Movement - SLM) және «Әділдік пен теңдік қозғалысы» (Justice and Equality Movement - JEM) деп аталатын екі қарулы-жасақ қарсы тұрды. Көтерілісшілермен күресті сылтауратқан Судан үкіметі тұрғылықты арабтілді көшпенділерден құрылған «Джанджавит» жасағын африкалық топтарды жазалауда жиі пайдалануға ұмтылды. «Джанджавит» жасағына тұрақты әскер де қолдау көрсетіп отырды. Мысалы, қарапайым халыққа қарсы жорықтарда Суданның әуе күштерін пайдаланғандығы туралы бірнеше дәлелдемелер бар [1].
2003 жылы 25 ақпанда «Суданды азат ету қозғалысы» Чад шекарасына таяу маңдағы өңірлік Голо орталығын басып алса, 4 наурызда оның жасақтары Эль-Фашерді басып алуға талпынған еді. Тек үкіметтік әскердің қарсылығына тап болып кейін шегінеді. Үкімет пен көтерілісшілер 6 қыркүйекте Чад үкіметінің бітістірушілігімен соғыс қимылдарын тоқтату және қақтығысты реттеу жөнінде келісімге келеді. Дегенмен көтерілісшілер белгіленген келісімді бұзды деп үкіметті айыптайды. Қақтығыстардың жиілілігі мен ұлғая түсуі үкімет тарапынан Дарфурға ірі қарулы күштерді жіберуге және әуе күштерін де қосуға мәжбүр етті. Судан үкіметі тұрғылықты арабтілді көшпенділерден құрылған «Джанджавит» («атты әзәзілдер») жасағын пайдалана отырып, қара нәсілді қожалықтарға шабуыл жасатып, елді-мекендерін өртетіп, әртүрлі зорлық-зомбылықтар жасатады. «Джанджавит» содырлары ауылшаруашылыққа тиімді жерлерден қара нәсілді тайпаларды қудалай түседі. Тек, кейін 2005 жылы Дарфурдың оңтүстігінде мұнай кен орындары ашылғанда осы аумақта айнала «санитарлы өңірлерді» құру олардың басты мақсатына айналады. Дарфурдағы қарулы қақтығыстар жаппай босқындардың кезуіне әкелді. Босқындар ісі жөніндегі БҰҰ Жоғарғы комиссарының мәліметері бойынша 2003 жылдың желтоқсан айында көршілес Чад еліне 30 мыңдай адам өткен.
Саяси қақтығыстар экономикалық (жермен су көздері үшін) және этникалық сипатқа айналды. Өйткені әскери әрекеттер барысында арабтар мекендеген елді мекендер аман қалып, қара нәсілділердің мекендері толығымен өртелініп жатты. 2004 жылдың ақпанында үкімет әскерлері Тине қаласын басып алғанымен, көтерілісшілер оның маңайындағы ауылдық аудандарды өз қолдарында ұстап тұрды. 2004 жылғы ақпан айының ортасында көршілес елдерге 110-135 мыңдай адам қашып кеткен екен [2].
Қақтығыстағы екі тарап та бір-бірін адам құқын жаппай бұзулары жөнінде айыптауда. Тіпті адам өлімдерімен қатар жаппай зорлық-зомбылықтардың орын алуын, тонаудың болғанын алға тартады. Бұл қақтығыста әлдеқайда жан-жақты қаруланған «Джанджавит» жасақтары басымдылыққа ие болуда. 2004 жылғы көктемде бірнеше мың адам – негізінен қара нәсілділер – өлтірілген, миллионға жуығы өз баспаналарын тастап қашуға мәжбүр болған, бұл өз кезегінде гуманитарлық дағдарыстарға әкелді. «Джанджавит» жасақтары жорықтарының барысында жүз мыңдаған босқындардың көршілес Чад еліне өтуі «Джанджавит» жасақтары мен чадтық шекарашылары арасындағы қақтығысқа әкелді. Дағдарыс халықаралық деңгейге шықты десе болады. 2004 жылы әлемдік қауымдастықты БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Кофи Аннан Дарфурде геноцид қаупі бар екендігін ескерткен болатын. «Джанджавит» әрекеттерін бақылаушылар Руандадағы қантөгістермен, ал олардың әдіс-тәсілдерін – Югославиядағы этникалық тазартумен салыстырған еді. Бұл қақтығыс аймағының қашықтығы жүздеген мың зардап шеккендерге гуманирлы көмек көрсету мүмкіндігін қиындата түсті.
2004 жылдың маусым айының басында бұл аймақта Кофи Аннан мен сол кездегі АҚШ мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл болып қайтты. 2004 жылғы сәуірде қарулы қақтығыстарды тоқтату жөніндегі келісімдердің жүзеге асуын бақылау үшін Африкалық одақ пен Еуропалық одақ өз өкілдерін жіберді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі 30 шілдеде Дарфур дағдарысы бойынша Судан үкіметін отыз күн ішінде «Джанджавит» жасақтарын қарусыздандыруға міндеттеген қарарын қабылдады. Араб мемлекеттері Лигасы Суданға берілген мерзімді ұзарту қажеттілігін талап етті және Суданды екінші Иракқа айналдыруға жол бермеуді ескертті. АМЛ қақтығысты аймақта кез-келген әскери араласу болмауға тиіс деді.
2004 жылдың 23 тамызында Нигерия астанасы Абудже қаласында дарфурлық дағдарысты реттеу бойынша көпжақты келіссөздер өтті. Бұл келіссөздерге дарфурлық көтерілісшілер топтары («Суданды азат ету әскері» және «Әділдік пен теңдік қозғалысы»), судандық үкімет және Африкалық Одақтың сол сәттегі төрағасы Нигерия президенті Олусегуна Обасанджо қатысты. Кездесу Африкандық одақтың төрелігімен, сонымен бірге, Эритреи, Либия, Уганда, Чад, Мали және Араб мемлекеттері Лигасының қатысуымен өтті. Бірақ бұл кездесулер іс жүзінде ешқандай нәтижеге әкелмеді.
Дегенмен елдегі ауыр жағдайды ескерген Еурокомиссия 2004 жылы 26 тамызда Суданға ізгілік көмегін бөлетіндігін, яғни Дарфур дағдарысын жою мақсатында €20 млн көлемінде қаржы бөлді. Бұл қаржы негізінен босқындар үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға бағытталады. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі де 2004 жылы 18 қыркүйекте Судандағы ахуалға қатысты Дарфурдың бейбіт тұрғындарына қарсы зорлық-зомбылық көрсеткен содырларға қысым жасауын талап еткен қарар қабылдайды. Бұл құжатта БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Судан үкіметінен қақтығысты реттеу мақсатында Африкалық одақпен тығыз қатынас орнатуды талап етті. Бұл кезде Дарфурде 80 инспектор мен африканың әртүрлі елдерінен 300 әскери қызметкерлер бітімгершілік миссияларын атқаруда болатын. Судан үкіметіне БҰҰ Дарфурдегі Афроодақтың құрамаларының санын көбейте түсуін де міндеттеген болатын. Қарарда геноцид мәселесі мұнай мәселесімен жанаса келуі кездейсоқ емес еді, өйткені дағдарыстың кең етек алуы осы аймақта орасан зор мұнай қорының табылуымен тікелей байланысты болды.
Судан үкіметі елдегі дағдарыстың БҰҰ көлемінде талқылануын елдің ішкі ісіне араласуы деп санайды. Сонымен бірге АҚШ-тың мақсаты бұл елге қарсы басқыншылық соғысын бастауға талпынуда деп түсінеді.
2004 жылы 18 Триполь (Либия) қаласында Судан, Чад, Либия, Мысыр және Нигерия өкілдерімен қоса Дарфурдегі көтеріліске шыққан екі топ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесу барысында дағдарысты халықаралық қоғамдастықтың араласуынсыз африкандықтардың өз күштерімен реттеуге ұмтылады. Судан ұсынған бірқатар ұсыныстар ішінде жергілікті дербес басқару мәселесі де болды. Сонымен бірге Дарфурде Африка одағының құрама әскери бөлімшесінің санын 465 адамнан 4,5 мың адамға дейін жеткізуді ұсынады. Тек кейін Африка одағының төрағасы Олусегун Обасанджо мәлімдегендей әскер санын тек 3,3 мың адамға ғана көбейтуге келісіледі және бұл 2004 жылдың қарашасынан кейін басталатындығы айқындалады. Дарфурдағы Әскери құрамаға қажетті қаржыны Еуропалық Одақ $220 млн көлемінде бөлген еді [3].
Ал 2006 жылғы 5 мамырда Абудже (Нигерия) қаласында Судан үкіметі мен Судандағы азат ету қозғалысы арасында бейбіт бітімге қол қойылады. Дегенмен, 2007 жылы 29 қыркүйекте Судандағы азат ету қозғалысының қарулы содырлары Хасканитадағы африкандық бітімгершілік әскери тұрағына шабуыл жасап, бірнеше сағаттық арпалыстан кейін бүкіл қару жарақты басып алған содырлар тұрақты толығымен өртеп жібереді. Осы шабуылдың нәтижесінде бітімгершілік тобының он жауынгері қаза болған еді. Әділдік пен теңдік қозғалысы бұл оқиғаға үкіметтік әскер тікелей кінәлі деп айыптайды. Осы оқиғадан кейін судандық әскер Хасканита қаласын басып алып, ештеңе қалтырмай өртеп жіберді.
2007 жылдың шілдесінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Судандағы бітімгершілік жауынгерлерінің санын 26 мыңға жеткізу жобасын талқыға салады. Бұл кезде елдегі Бірлескен Африкалық әскери қызметкерлердің саны 7 мыңға жеткен болатын. Судандағы бітімгершілік әрекеттеріне Қытай мен Ресей тараптары да қатысуға ниет білдірген еді.
Дарфур қақтығысының «қайнаған» кезінде (2003-2010), сонымен бірге ашаршылықпен қоса індет салдарынан 400 мың адамдай қаза болса, аймақта тұратын 7,2 млн адамның 2 млн астамы, яғни әр жеті адамның үшеуі босқынға айналып, баспанасыз қалды. Олар Дарфурдың үш аймағында кезуде, ал бірнеше жүз мың босқын Чад мемлекетінің аумағына өтіп кеткен [4]. Аймақтағы зорлық-зомбылық әрекеттері 2009-2010 жылдары да толастай қоймады. Аталмыш жыл көлемінде, яғни 2009 жылы 875 адам қаза болса, 2010 жылы бұл тіпті екі есеге асқан. 2010 жылы қаза болған дарфурлықтар саны 1963 адамға жетті: олардың 43 пайызы тұрақты әскер бөлімшелерімен қарулы қақтығыстардың салдарынан, 40 пайызы тайпа аралық ұрыс-керісте, 17 пайызы басқада қылмыстық әрекеттер барысында қаза болған [5].
БҰҰ тарапынан қызмет көрсетіп жатқан қызметкерлерге қарсы ұрлап кету үдерісі де орын алған. 2009-2010 жыл аралығында мұндай 30-ға жуық әрекет тіркелген. Төлемақы төлетіп пайда табу көзіне айнала бастаған. Дегенмен де Дарфур БҰҰ тарапынан ең кең көлемде бітімгершілік әрекеттері жүргізіліп жатқан аймақ болып табылады. Бұл аймақтағы миссия бюджеті $1,7 млрд құрайды. Тек 2010 жылдың өзінде 13 мың гуманитарлық әрекеттер жүзеге асырылған болатын. Қызыл Крест халықаралық комитеті жарты миллионға жуық ауыл тұрғындары мен көшпенділерге ізгілік көмектерін көрсеткендердің бірі [6].
Дарфурдегі дағдарысты жағдайға қатысты халықаралық бақылаушылардың баяндамаларына қарамастан, бұл аймақта халықаралық араласу мәселесі әлі күмәнді. Суданға қатысты мәселе БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде талқыға түскенде жетекші елдердің мүдделері де бір-біріне қайшы келуде. Өйткені Қытай судандық мұнайды сатып алушы ірі мемлекеттердің бірі болса, Ресей Суданды қару-жарақпен қамтамасыз етеді. АҚШ болса сол кездегі ирактағы қақтығыстан шыға алмай қалды. Олар тек сөз жүзінде ғана Дарфурдегі жағдайды геноцид деп мәлімдеуден ары бара алмады.
Қазіргі кезде қақтығысты өңірде Африкандық одақтың бітімгершілік топтары болғанымен олардың тиімділігі тым жоғары емес, өйткені адам саны жеткіліксіз, қаржымен қамтамасыз етілуі де нашар, сонымен бірге мандат көлеміндегі құқықтары да шектеулі. Бұл өз кезегінде аймақтағы тиімді қызмет атқару мүмкіндігін шектеуде.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.В.П.Юрченко. О положении в западных провинциях Судана,Институт Ближнего Востока (2004 г.).
2. UN High Commissioner for Refugees, UNHCR Country Operations Plan 2006 -http://www.unhcr.org/refworId/docid/4321alec2.html.
3. Darfur Scores, Genocide Intervention Network - http://vvww.darfurscores.org/darixir.
4. Быстрое A.A. Дарфур: немного статистики. Институт Ближнего Востока, 30.11.2010.
5. Darfur Scores, Genocide Intervention Network - http://vvww.darfurscores.org/darixir
6. UN High Commissioner for Refugees, UNHCR Country Operations Plan 2006 -http://www.unhcr.org/refworId/docid/4321alec2.html.
Достарыңызбен бөлісу: |