ҚҰрастырушыдан



бет5/5
Дата17.06.2016
өлшемі410.5 Kb.
#142179
1   2   3   4   5

“Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам”. Полиглот деген кім?

/Балалардың жауабы/


Полиглоттар тарихынан қызықты деректер берейін:
Шығыс ғұламасы Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген.

* * *


А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.

* * *


Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.

* * *


Қазақ халқының ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген.

* * *


А.С.Грибоедов бейтаныс біреуге жазған хатында: “Менің игерген білімім славян және орыс тілін, латын, француз, ағылшын, неміс тілдерін игергенімде болса керек. Персияда болған кезімде парсы және араб тілдерімен шұғылдандым”, – дейді.

* * *


Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.

* * *


И.Крылов Еуропаның негізгі тілдерін түгел игерген. Елу жасында ол көне грек тілінде еркін сөйлеген.

* * *


Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.

* * *


Белгілі қазақстандық және ресейлік тарихшы, прозашы, ақын, әлемге Шоқан Уәлихановтың есімін танытқан Сергей Николаевич Марков түркі тілдерінің көбін білген, тіпті санскритті де меңгерген.

* * *


Шотландиялық Дерик Хернинг те 22 тілде еркін сөйлейді екен. Ол 1990 жылы Брюссельде өткен “Европа полиглоты” байқауында жеңімпаз болған.

* * *


Кибернетика “атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.

* * *


Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.

* * *


Мұзафар Әлімбаев татар, қырғыз, қарақалпақ тілдерін сөздіксіз аударады. Өзбек, түрікмен, башқұрт, балқар, ноғай, қарашай тілдеріндегі шығармаларды оқи алады, сөздік арқылы тәржімалайды.
* * *

Г.Бельгер: “Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы”.


Осы бөлімді қазақ халқының “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деген мақалымен, А.П.Чеховтың “Бірер тіл білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді” деген қанатты сөздерімен аяқтай отырып, көп тіл игергісі келетіндерге бірер кеңес береміз.
“Полиглот” деп ондаған тілдерді қатар үйренуге қабілетті адамдарды айтады.

Кеңестер:

- Үзбей жаттығу. Атақты неміс археологы Генрих Шлиман үнемі жаттығуының арқасында күніне прозалық текстің жиырма бетін жаттап алуға қолы жеткен. Ол орыс тілін 6 апта ішінде үйренген.

- Алдымен негізгі тілдерді, ал сонан кейін сол тілдерге жақын тілдерді үйрену қажет екен. Әрине, адам көбірек тіл білсе, жаңа тілді игеру де жеңіл болады.

- Ең бастысы – қорықпау керек. Тілді үйрене жүріп, өз ойыңызды сол тілде түсіндіруге тырысу керек. Үйреніп жүрген тілде сұрақ қоя отырып, тіл білетін және өзіңізге көмек көрсете алатын адаммен барынша көбірек сөйлесіңіз.

- Музыканы көбірек тыңдап, есту қабілетіңізді дамыта беріңіз. Жақсы естіп-білу, шетел тілін үйренуде жақсы көмекші.


Олай болса, достар, полиглот болғыларың келсе, тек алға ұмтылыңдар!

Антик философтары тілді бесіктегі деміңнен, соңғы деміңе дейін үйренсең де аз дегенін ұмытпайық!


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ «ТІЛ ТУРАЛЫ» ЗАҢЫ


Осы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.
І тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

диаспора - өзінің тарихи шығу тегінен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бір бөлігі (этникалық қауымдастық);

ономастика – тіл білімінің жалқы есімдерді, олардың пайда болуы мен өзгеруінің тарихын зерттейтін бөлімі;

орфография – дұрыс жазу ережесі, сөйленген сөзді (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсілдерінің бірізділігін белгілейтін ережелер жүйесі;

топономика – ономастиканың географиялық объектілердің атауларын, олардың пайда болу, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтін бөлімі;

транслитерация – бір графикалық жүйедегі мәтіндер мен жекелеген сөздерді басқа графикалық жүйенің құралдарымен әріппе-әріп арқылы беру.

2-бап. Осы Заңның реттейтін мәселесі

Мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінде тілдерді қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтін мәселе болып табылады.

Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және діни бірлестіктерде тілдердің қолданылуын реттемейді.

3-бап. Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңдар

Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, тілдерді қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

Тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекетік тілі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.

Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар:

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға;

Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;

Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті.

5-бап. Орыс тілін қолдану

Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-зі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

6-бап. Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы

Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар.

Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды.

Ұлттық топтар жинақы тұратын жерлерде іс-шаралар өткізілген кезде олардың тілдері пайдаланылуы мүмкін.

7-бап. Тілдердің қолданылуына кедергі келтіруге жол бермеу

Қазақстан Республикасында тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді.

Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.


ІІ тарау. Тіл – мемлекеттік және мемлекеттік емес

ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында


8-бап. Тілдердің қолданылуы

Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады.

9-бап. Мемлекеттік органдар актілерінің тілі

Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін.

10-бап. Құжаттама жүргізу тілі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесінде, ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік тілде және орыс тілінде қамтамасыз етіледі.

11-бап. Азаматтардың өтініштеріне қайтарылатын жауап тілі.

Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштері мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде беріледі.

12-бап. Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарындағы тіл.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, сондай-ақ әскери және әскерилендірілген құрамалардың барлық түрінде, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі.

13-бап. Сот ісін жүргізу тілі

Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүрігізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады.

14-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу тілі

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде жүргізіледі.

15-бап. Мәмілелер тілі

Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмілелері қажет болған жағдайда басқа тілдердегі аудармасы қоса беріліп, мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады.

Шетелдік жеке және заңды тұлғалармен жазбаша нысанда жасалатын мәмілелер мемлекеттік тілде және тараптар үшін қолайлы тілде жазылады.


ІІІ тарау. Тіл – білім беру, ғылым, мәдениет

және бұқаралық ақпарат құралдары саласында
16-бап. Тіл – білім беру саласында.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілде, ал ұлт топтары жинақы тұратын жерлерде солардың тілдерінде жұмыс істейтін мектепке дейінгі балалар мекемелерін құру қамтамасыз етіледі.

Балалар үйлерінде және оларға теңестірілген ұйымдарда оқыту, тәрбие беру тілін жергілікті атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгілейді.

Қазақстан Республикасы орта, арнаулы орта және жоғары білімді мемлекеттік тілде, орыс тілінде, ал қажетіне қарай және мүмкіндігі болған жағдайда басқа да тілдерде алуды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік те, мемлекеттік емес те оқу орындарында мемлекеттік тіл мен орыс тілі міндетті оқу пәні болып табылады және білім туралы құжатқа енгізілетін пәндер тізбесіне кіреді.

17-бап. Тіл – ғылым және мәдениет саласында

Қазақстан Республикасында ғылым саласында, диссертацияларды ресімдеу мен қорғауды қоса алғанда, мемлекеттік тіл мен орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі.

Мәдени шаралар мемлекеттік тілде және қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жүргізіледі.

18-бап. Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі

Қазақстан Республикасы баспа басылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің, басқа да тілдердің қолданылуын қамтамасыз етіледі.

Қажетті тілдік ортаны жасау және мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншік нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берілетін мемлекеттік тілдегі хабарлардың көлемі уақыт жағынан басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс.


ІҮ тарау. Тіл – елді мекен атауларында,

жалқы есімдерде, көрнекі ақпаратта

19-бап. Топономикалық атауларды, ұйымдардың атауларын пайдалану тәртібі.

Елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тілдерде транслитерация ережелеріне сәйкес берілуге тиіс.

Мемлекеттік ұйымдардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің атаулары мемлекеттік тілде және орыс тілінде беріледі. Бірлескен, шетелдік ұйымдардың атаулары мемлекеттік тілде және орыс тілінде транслитерация арқылы беріледі.

20-бап. Кісі есімін, әкесінің есімін және тегін жазу

Кісі есімін, әкесінің есімін және тегін ресми құжаттарда жазу Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес келуге тиіс.

21-бап. Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі

Мемлекеттік органдардың мөрлері мен мөртабандарының мәтінінде олардың атаулары мемлекеттік тілде жазылады.

Меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерінің, мөртабандарының мәтіні мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады.

Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады.

Қазақстанда өндірілетін тауарлардың арнайы мәліметтер көрсетілген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде қажетті ақпарат болуға тиіс.

Шетелде өндірілген тауарлардың арнайы мәліметтер көрсетілген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебінен мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі аудармасымен қамтамасыз етіледі.

Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде беріледі.

22-бап. Почта-телеграф жөнелтілімдерінің тілі

Почта-телеграф жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының шегінде мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде, ал республикадан тыс жерлерге белгіленген халықаралық ережелерге сәйкес жіберіледі.

Ү тарау. Тілді құқықтық қорғау
23-бап. Тілді мемлекеттік қорғау

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тілдердің қолданылуы мен дамуына қажетті жағдай жасайды.

Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдығын және іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшіруді көздейтін Мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі терминология, ономастика жөніндегі тиісті мемлекеттік комиссияларды және қажет болған жағдайда басқа да құрылымдарды құрады.

24-бап. Тіл туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың, кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Лауазымды адамның мемлекеттік тілді білмеу желеуімен азаматтардың өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ мемлекеттік тілде және басқа тілдерде қызмет атқарылатын салада олардың қолданылуына кез келген кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады.


25-бап. Уәкілетті мемлекеттік орган.

Қызметі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тиісті Ережемен реттеліп отыратын уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

тілді дамыту саласында бірыңғай мемлекеттік саясаттың жүргізілуін қамтамасыз етуге;

тілдерді қолдану мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге, оның орындалуын жүзеге асыруға;

тіл туралы заңның орындалуын бақылауға, оны бұзу фактілерін қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға;

Қазақстан Республикасында ономастикалық және терминологиялық жұмысты үйлестіруге міндетті.

Уәкілетті орган:

өз құзыретіне сәйкес тіл туралы заңның орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға;

министрліктерден, ведомстволардан, орталық және жергілікті атқарушы органдардан, меншік нысанына қарамастан ұйымдардан заңдардың, тілдерді қолдану мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жөнінде ақпарат, мәліметтер, құжаттар сұратып алуға;

заңдарда белгіленген өзге де функцияларды атқаруға құқылы.

26-бап. Осы Заңның орындалуын қамтамасыз ету

Осы Заңның ережелерін іске асыруды кадрлар, материалдық-техникалық, қаржы, оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Үкіметіне және өзге де мемлекеттік органдарына жүктеледі.


ҮІ тарау. Тілді шетелдермен және халықаралық

ұйымдармен қатынастарда пайдалану


27-бап. Тіл – халықаралық қызметте

Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметі мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда басқа да тілдерді пайдаланып жүзеге асырылады.

Екіжақты халықаралық шарттар, әдетте, уағдаласушы тараптардың мемлекеттік тілдерінде жасалады, көпжақты халықаралық шарттар оған қатысушылардың келісімімен белгіленген тілдерде жасалады.

Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкілдерімен өткізілетін ресми қабылдаулар мен өзге шаралар басқа тілдерге аударылып, мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Назарбаев

Алматы, 1997 жылғы шілденің 11-і

ҚОСЫМША
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ САҢЛАҚТАРЫ


Қазақстан Республикасында Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша тәуелсіз еліміздің тарихы негізінде ең таңдаулы адамдарға “Мыңжылдық саңлағы” және “Ғасыр саңлағы” деген атақтар берілді.
“МЫҢЖЫЛДЫҚ САҢЛАҒЫ”
2. Қожа Ахмет Яссауи /1093-1166/ - исламдық діни әдебиеттің негізін салған ақын, кемеңгер ойшыл. Кейінгі ұрпаққа “Диуани хикмет” /“Даналық кітап”/ атты өшпес мұра қалдырған, аты аңызға айналған қасиетті әулие.

3. Әз-Жәнібек хан Барақұлы /ХҮғ.басы – 1480/ - Қазақ хандығының негізін салушы хандардың бірі. Ол қазақтың тұңғыш ханы Кереймен бірге ұлттық мемлекетіміздің шаңырағын көтерген.

4. Мұхаммет Хайдар Дулати /1499-1551/ - қазақ халқының тұңғыш тарихшысы, әрі жазушысы. “Тарихи Рашиди” атты тамаша тарихи еңбек жазған.

5. Үйсін Төле би Әлібекұлы /1663-1756/ - ұлы жүздің төбе биі, атағы жер жарған шешен. Әз-Тәуке, Абылай хан тұсында қазақ хандығын нығайтуға айрықша еңбек сіңірген мемлекет қайраткері.

6. Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлы /1665-1763/ - орта жүздің қара қылды қақ жарған әділетті ұлы биі, жезтаңдай шешен. Қазақ мемлекетін нығайтуға, басқыншы жаудан елді қорғауда ерекше үлес қосқан қайраткер.

7. Алшын Әйтеке би Баубекұлы /1688-1748/ - кіші жүздің биі, белгілі шешен. Төле, Қазыбек билермен бірге “Жеті жарғы” әдет заңын жасаған, әрі хан кеңесшісі болған мемлекет қайраткері.

8. Абылай хан /1711-1781/ - қазақ елін бір мемлекетке біріктіру жолындағы ұлы күрескер, елді ішкі-сыртқы жаулардан қорғаған қаһарман хан, саясаткер, қолбасшы, батыр.

9. Құрманғазы Сағырбайұлы /1823-1889/ - қазақ халқының ұлы композиторы, күйші. Ұлттық музыка мәдениетін жоғары сатыға көтерген мәдениет қайраткері.

10. Шоқан /Мұхаммедханапия/ Шыңғысұлы Уәлиханов /1835-1865/ - қазақ халқынан шықан тұңғыш ғалым. Тарихшы, этнограф, географ, саяхатшы, ағартушы-демократ.

11. Абай Құнанбаев /1845-1904/ - қазақ халқының данышпаны, ұлы ақын, кемеңгер ойшыл, жазба әдебиетінің негізін салушы.


“ҒАСЫР САҢЛАҒЫ”
1. Әлихан Бокейханов /1866-1937/ - Алашорда өкіметі мен “Алаш” партиясының негізін салушы әрі көсемі. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ұлы күрескер, мемлекет, қоғам қайраткері, ғалым.

2. Ахмет Байтұрсынұлы /1873-1937/ - ұлы ағартушы, аса көрнекті ғұлама ғалым, ақын, публицист, түркітанушы. Қазақ алфавиті мен баспасөзінің негізін салушы. Азаттық жолындағы айтулы күрескер. Алашорда өкіметі мен “Алаш” партиясының негізін салушы әрі көсемі, мемлекет, қоғам қайраткері.

3. Дина Нұрпейісова /1861-1955/ - қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті қайраткері, домбырашы, күйші, композитор.

4. Мұхтар Омарханұлы Әуезов /1897-1961/ - аса көрнекті қазақ жазушысы, академик. Данышпан ақын Абай өмірінен тұңғыш энциклопедиялық эпопея жазған ұлы суреткер. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты.

5. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев /1899-1964/ - аса көрнекті ғалым, біртуар академик. Қазақстан ғылымының негізін салған. Қазақ ССР Ғылым Академиясының шаңырағын көтерген және оның тұңғыш президенті. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты.

6. Бауыржан Момышұлы /1910-1982/ - Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, жазушы, әскери қайраткер, ұлт мақтанышы.

7. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев /1912-1993/ - КСРО және КОКП Орталық Комитетінің, Кеңестік Қазақстанның аса көрнекті басшысы, академик. Қазақстанның мәдениеті мен экономикасын дамытуға ерекше үлес қосқан ұлы тұлға.

8. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - /1940 жылы туған/ - тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшілік пен татулық және ел бірлігі жолындағы жалынды күрескер.

9. Олжас Омарұлы Сүлейменов / 1936 жылы туған/ - қазақ халқының аса көрнекті ақыны. Қарусыздану мен бейбітшілік жолындағы табанды күрескер, дипломат, қоғам қайраткері.

10. Тоқтар Әубәкіров /1946 жылы туған/ - қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңестер Одағының батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, қоғам қайраткері.

ӘДЕБИЕТТЕР
Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы: Оқу құралы. – Алматы: Санат, 1996. – 128б.

Бельгер Г. Сайланып шықса сырлы сөз /Құраст. Ж.Бейсенбаев. – Алматы, 1991. – 348 –350 б.

Дулатов М. Қазақ тілінің мұңы// Шығармалары. – Алматы, 1991. – 332-333 б.

Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер /Құраст. Б.Адамбаев, Т.Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. - 365 б.

Кенжеахметұлы С. Жеті қазына. – Алматы: Ана тілі, 2005

1 кітап: - 136 б.

2 кітап: - 136 б.

3 кітап: - 136 б.

Момышұлы Бақытжан. Жетімнің қайта оралуы /Құраст. Ж.Бейсенбаев. – Алматы, 1991, 381-384б.

Нұрмағамбетов Ә. Сөз сырына саяхат: Орта мектептің оқушыларына арналған. – Алматы: Жалын, 1990. – 128б.

Оразалинов С. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Без языка нет народа. Алматы: Қаржы-қаражат, 1997. – 272б.

Сөздік ойын – Игра созвучных слов /Құраст.С.Шомақов. – Алматы: Балауса, 1994. – 32б.

Тіл мен сөз құдіреті туралы //Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық: ІҮ том: Асыл сөз. – Алматы, 1998. - 213-236б.

Тіл өнері мен ой-пікір туралы: / Қазақ мақал-мәтелдері /Жинап, құраст. Ө.Тұрманжанов. – Алматы: Ана тілі, 1997. – 148б.

Тілге құрмет – елге құрмет /Әдістемелік ұсыныстар мен көмекші материалдар /Құраст.А.А.Оралғазина. – Алматы, 1999. – 75б.

Хасенов Ә. Тіл білімі /толық., 2-ші бас. – Алматы: Санат, 1996. – 416б.


* * *

Абдрахманов С. Өз тіліңмен өмір сүр: Елбасымыз осыған шақырады //Егемен Қазақстан. 2006. –24 мамыр. – 3 б.

Абдуллина Г. Тіл – ұлттық таным негізі // Қазақстан мектебі. – 2005. №5-6. – 45-48 б.

Аймахан Қ. Қазақ тілін көтермейінше, басқа тілдер де дамымайды //Алматы ақшамы. – 1997. – 13 тамыз.- 3 б.

Айтбайұлы Ө. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. //Егемен Қазақстан. – 2005. – 9 сәуір.- 2 б.

Айтқалиева Б. Тіл тағдыры – ел тағдыры //Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. – 2005. - №1. – 15-17 б.

Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл. /Д.Ақтайлақова// Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде.-2005. -№9. – 79-81 б.

Асылбек Ә. Айналдым құдіретіңнен, Қазақ тілім! //Ана тілі. – 2006. –14 қырк. – (№37). – 1 б.

Асылбекұлы С. Ұлттың тәуелсіздігі оның ана тілінің тәуелсіздігінен басталады // Қазақ әдебиеті. –1998. – 10 ақпан (№6). – 1-3 б.

Асылы Осман. Қазақстанның иесі де, киесі де – қазақ: Сұхбат /Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы //Түркістан.- 2006. - 12 қаңтар (№2). –5 б.

Асылы Османова: “Мен үшін дүниедегі ең әуезді, ең тәтті, ең сүйкімді тіл – қазақ тілі”: (22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күні) //Қазақ әдебиеті. - 2001. - 21 қырк. (№38). –5б.

Ахманова З. Өз тілімізде өмір сүрейік //Әдіскер мұғалім – Учитель методист. – 2005.-№3. – 13б.

Аяпова М. Өнер алды – қызыл тіл //Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. - 2005. - №1.- 17-19 б.

Әмірбаева Б. Ана тілім – ардақтым //Қазақ тілін мектепте, колледжде және ЖОО-да оқыту. –2004.-№6.- 16 б.

Әміртаева Г. Тілге құрмет – елге құрмет //Мектептегі кітапхана. – 2004. -№1.- 13-14 б.

Балғарина Б. Халықтың тағдыры – ана тілінде //Егемен Қазақстан. -2006. – 11 қазан. – 15 б.

Есдәулет Ұ. Туған тілге – тәуелсіздік: 22-қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күні //Қазақ әдебиеті. - 2005.-16-22 қырк.(№37).- 1 б.

Жанымханова К. Тіл тағдыры – ел тағдыры //Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. – 2006.-№9.- 26-29 б.

Көшербаев Қ. “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” //Ана тілі.- 2006.-17 тамыз(№33).-10-11 б.

Қазақ тілі туралы мәлімет //Қазақ тілін үйренейік! Изучаем казахский язык! –2006.-№7-8.- 14 б.

“Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде: ҚР Президенті Н.Назарбаевтың “Ана тілі” газетіне берген сұхбаты; Бұл сұхбат – Елбасының мемлекеттік тіл туралы халыққа жолдауы //Ана тілі. - 2006.-25 мамыр(№22). –1 б.

Қайдар Ә. Ел мәдениеті тілден басталады //Егемен Қазақстан.-2006. –13 қаңтар. – 5б.

Қожабекова Қ. Жеті қазына: Қазақ халқының фольклорын жақсы білуге талпындыру //Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. – 2005.- №10.- 106-109 б.

Қожаниязова Б. Ана тілің – арың бұл.: //Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде - Казахский язык и литература в русской школе. – 2005. - №7. –81-84 б.

Қүлекенова К. Қасиетті ана тілі. //Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. – 2006. -№10. – 20-22 б.

Мәмет С. Мемлекеттік тіліміз – мемлекеттік тірегіміз. //Егемен Қазақстан. - 2005. –28 сәуір.

Өмірбекова П. Тілге құрмет – елге құрмет //Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. –2006. -№8.-13-16 б.

МАЗМҰНЫ
1. Құрастырушыдан.....................................................................3


2. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының

мемлекеттік тілі – қызмет етуінің алғы шарттары.....................5


3. Анамның тілі – ардақтым менің :

/Әңгіме/......................................................................................7


4. Қазақ тілі жайлы ғұламалар ойлары.......................................9
5. Қасиет пен құт дарытқан ана тілі туралы даналардан

жеткен сөз................................................................................14


6. Жасай бер, ана тілім – қазақ тілім!:

/Тақырыптық кеш/.......................................................................16


7. Тіл - біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз :

/Әдеби-ертеңгілік/......................................................................20


8. Тіл – жаның, тіл – қаның, тіл – арың, тіл - әнің:

/Әдеби ойын-сайыс/..................................................................27


9. Қазақ халқының асыл мұрасы:

/Сұрақ- жауап ойыны/.............................................................39


10. Көңілден шыққан көрікті ой......................................................42

а) Тектілік те тілден.........................................................................42

б) Өнер алды – қызыл тіл...............................................................42
11. Сөз тапқанға қолқа жоқ...........................................................43
12. Қазақ тілінің бай қазынасы.....................................................50
13. Тіл өнері мен сөз құдіреті туралы:

/Мақал- мәтелдер/....................................................................54

14. Тыйым сөздер...........................................................................56
15. Ән-жыр шашу............................................................................59
16. Тіл сырына саяхат...................................................................72
17. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы..................74
18. Қосымша 1. Қазақ халқының саңлақтары.............................82
19. Әдебиеттер.............................................................................85

Құрастырған: Сағатова А.А.


Редакторы: Оралғазина А.А.
Техникалық редактор: Гольбрайхт М.
Шығаруға жауапкер: Раева С.Қ.

Қазақстанның С.Бегалин атындағы мемлекеттік

республикалық балалар кітапханасының

ротапринтінде басылған.


Алматы қ., Төле би көшесі, 27 үй.

Тапсырыс: № Көлемі: Таралымы:

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет