2.2. ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ – ИМАНДЫЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ...
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш, қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған.
Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, Имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған.
Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша Имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни Имандылық. Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен Имандылыққа уағыздау деп саналған. Ең соңғы пайғамбар Мұхаммед «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім»,- деуі арқылы әлемдегі тәлім-тәрбие мен имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен, Имандылыққа өзі бірінші үлгі болған делінеді. Алла тағала адамды иман мен имандылық үшін жаратқан, сондықтан: «Алланың мінезінен үлгі-өнеге алыңдар» (Мұхаммед пайғамбар),- деп уағыздалады. Имандылықтың негізін мұсылмандар Құранда деп біледі. Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Мұхаммед пайғамбардың мінезі жайлы Хазіреті Айша: «Оның мінезі - Құран»,- деп жауап берген. Ізгі істер діни ұғым бойынша Имандылық болып табылады. Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда имандылық – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұсынылады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының Иманым атты жинағында жаратылыс жұмбағы, Алла мен адам қарым-қатынасы, иман жайлы жазған туындылары қамтылған. Ой бастауы Құран Кәрімнен құйылар Шәкәрімнің сыр сөздері бүгінгі қоғамның тынысымен үндес екендігі даусыз. Қазақ қауымының ғана емес, жалпы адамзат баласының рухани қазынасы үшін өлмес өсиет қалдырған Шәкәрім бабамыздың асыл мағыналы сыр сөздерінің жылдар өткен сайын жаңғыратыны шындыққа айналып отыр. Сондықтан да «иманына қазақтың талапты жастарын таныс қылмақ үшін Шәкәрім бұл жинағында»:
«Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң түрімді,
Көрейін десең нұрымды,
Жи-дағы оқы жырымды»,
Немесе Қырықтан соңғы иманым,
Отыз жылдай жиғаным,
Көп ғалымның сөзінің
Ақылға алдым сыйғанын,-
деген екен.
Г.Сандыбаеваның «Иманды қыз, сүйікті жар, аяулы ана» кітапшасында мұсылман қыздары үшін ғибраты мол хадис тағылымдары сөз етіледі. Сыры мол хадистердің құпия астарын талдап түсіндіріп, салиқалы оқырманға исламның інжу – маржанын шашады. Ислам өнегесінен тәлім алуға асыққан, имандылықты жаны қалайтын қыздарға арналған.
«Ислам шариғатын ұстанумен молда болармын» деген қате көзқарастан аулақ болу керек. Дін – деген сенім. Алла тағаланың Жаратушы күш екеніне, Құран Кәрім мұсылман қауымның Конституциясы екеніне сеніп, амал қылған дұрыс.
Имандылыққа қарама-қарсы жағымсыз сипат – имансыздық.
Қоғамның қуат тірегі – отбасы. Сол отбасының бекем болуы көбіне әйел адамдарға байланысты. Алайда әйелдер хұқығы исламға дейін мүлдем адам төзгісіз еді. Арабтар әйел затының ар-намысын қорлап, қажет десеңіз қыздарын тірідей жерге көмді: әйелдер хұқығы тек арабтарда ғана емес, бүкіл дүние жүзі халықтары арасында мәз болмай, ар-намысы тапталып жатты.
Үнділерде әйелдер мүлік қатарында қаралып, ерлерінің жеке меншігі саналды. Сати заңы бойынша өлген ерімен бірге әйелі де өртенген. Мұндай өлім қасиетті, еріне шын берілу тұрғысында саналғанымен кімнің өлгісі келеді? Сөйтсе де оларды күштеп өртеп отырған. Оның үстіне жесір қалған әйелдерге тұрмыс құруға тиым салу заңы тағы болды. Осындай тағылық заң тек ХІХ ғасырдың ортасында ғана күшін жойды.
Басқа елдерде, мысалы, Жапонияда әйелдерге көпшілік табынатын орындарда табынуға тиым салынған. Қытайда да шіркеуге әйелдерді енгізбеген: Рим Заңы бойынша әйел еріне басыбайлы болып, өзіне тиісті дүние-мүлікке де ие бола алмаған. Сол секілді өзіне бала да асырап ала алмаған.
Ислам діні ерлер мен әйелдерді теңестіріп, бірдей құқық берді. Әйелдер еркін дем алып, өзінің қасиетті борышы аналық парыздарын еркін атқаруға мүмкіндік алды. Ислам әйелдерге құрметпен қарауға үндеді. Тірідей қыздарын көметін тағылық қағиданы жойды. Кімде-кім үш қыз бала тәрбиелеп өсірсе, ол жәннатқа кіреді деп есептейді. Мұндай көзқарас әлбетте, әлемде тыныштық пен берекет, бақыт болып, ұрпақтың жалғасуына, адамзаттың өсіп-өркендеуіне игі әсер етті. Құранда ерлер мен әйелдер тек тең құқықты ғана емес, бірін-бірі толықтырып, кемелдендіріп отыратын жаратылыстар. Иманды ерлер мен иманды әйелдер бірдей мейір-шапағатқа ие болады.
Ислам діні отбасының бұзылмауына ерекше мән береді, шаңырақ шайқалмауын көздейді. Сондықтан шариғат заңында неке мәселесі ерекше орын алады. Өйткені кішкентай сол отбасынан қоғам құрылады. Отбасы нық, әрі тату болса, қоғамда да жайлы тұрмыс орнайды. Ер мен әйел адамзаттың ұрпақ тарататын негізгі факторы. Олар бір-бірінсіз өмір сүретін болса, ұрпақ жалғаспай, тоқырауға ұшырайды. Жер бетіндегі тіршілік жоғалып, өшіп-сөнеді. Рухани тұрғыдан бұл екеуі бір-бірінен ажырағысыз, туысқан. «Ердің де өзіне тән тиісті міндеттері, әйелдердің де өзіне тиісті міндеттері бар. Міне, осы тиісті міндеттерін дұрыс бөліп атқарса, онда қуаныш та, өмір мәні де толық болады»,- делінген Құранда.
Исламның қағида-ережелері, қазақ халқының қағида-ережелерімен астарласып, қабысып кеткен, әрі ұзақ жылдар бойы өмірде қолданылып келген. Өз ата бабаларымыз екі етпей орындаған, әрі заңдарына айналдырған осынау қағида-ережелерді есте ұстаған ләзім.
Жас ұрпаққа мұсылмандық қағидаларын таныстырып түсіндіру әрі парыз, әрі сауабы мол іс. Міне, белгілі шығыстанушы М.Өсерұлының «Мұсылмандық қағидалары» кітапшасында мұсылмандықтың қағида – ережелері қарапайым да әсерлі түрде жан – жақты әңгімеленеді.
Ал, «Құран хикаялары» атты кітапта пайғамбарлар өмірбаянына, дін тарихына байланысты сан алуан оқиғалар іріктеліп алынған.
Ислам дінінің негізгі мәліметтеріне қоса, бұл кітаптың танымдық, тәрбиелік маңызы да өте зор.
Отбасының бала тәрбиесіндегі ролі
- бала тәрбиесінде отбасы ықпалы басқа тәрбиелік ықпалдарға қарағанда ең басым болып келуі;
- өркениетті, зайырлы, құқықты қоғамның азаматын тәрбиелеуде отбасы мемлекеттің негізгі буыны;
- отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырмайтын басты тірек – арқауы;
- отбасы – жеке тұлғаны әлеуметтендіру міндетін жүзеге асырушы. Ол болашақ жас азаматтың дене жетілеуіне, шынығуына, рухани және адами дамуына, ең құнды жалпы адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты бағалауға, еңбек ету дағдысын тәрбиелеуге ықпал жасаушы;
- отбасы бала тәрбиесінде адамзат қоғамның тарихындағы ғасырлар сынынан мүдірмей өткен ұлттық дәстүрлі жалғастырушы;
- отбасының әлеуметтік міндеттерінің өзегі тәуелсіздікке ие болған Қазақстан Республикасының мемлекеттік заңдарын құрметтеуші, елжанды азамат тәрбиелеу;
- отбасы баланың мамандықты еркін және саналы таңдауына ықпал жасаушы;
- отбасы өзінің ұрпағын болашақ отбасылық өмірге дайындаушы;
Достарыңызбен бөлісу: |