Әйелдер киімі
Сәукеле – ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле 2-3 қарыстай биік, ол дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғарғы жағына үкі тағады. Сәукеленің өн бойы қымбат матамен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады. Түрлі түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі. Сәукелені өте шебер әйелдер ғана тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы бас киімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары ғана киген.
Сәукеле – тек бас киім емес, ол – қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік.
Сонымен бірге ол - қазақтың қыздарына деген көзқарасының да бір белгісі. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылатын қыздарға ғана кигізіледі, оны айырбастамайды, басқаға киюге беруге болмайды.
Ішік – сәнді әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан, ішін аң, мал терісінен тігеді. Сәндік үшін жағасынан бастап өңірі, етегіне дейін теріден жұрындайды. Ішік ұзын әрі мол пішіліп тігіледі. Жағасы тік болады. Ішіне салынған терісіне қарай ол күзен ішік, қасқыр ішік, бұлғын ішік, түлкі ішік, суыр ішік, сеңсең ішік, жанат ішік деп аталады. Бота терісінен жүні ішіне қаратылып тігілген ішік сирек кездеседі. Ішікті еркектер де, әйелдер де киген. Әйелдерге, жастарға арналған ішіктер әшекейленіп, түрлі ою, кестелер салынып тігіледі.
Камзол - әйелдің жасына қарай қызыл, көк, жасыл, қара түсті барқыт, шұға т.б. матадан әсем безендіріліп тігілетін киім. Жағалы, жиекті, жеңді немесе жеңсіз тігіледі. Өңір жиек, алқа, тұмарша, үкіаяқ т.б. алтын, күміс зергерлік бұйымдары тағылады, қатырмалы түймелі болады. Жағасына, етегіне зерлі оқалар, өрнектер жүргізіледі.
Жаулық – ақ матадан жасалатын әйелдің ең негізгі бас киімі. Әз әжелер, асыл аналарды ардақтап, ақ жаулықты деп атайды. Жаулық – қазақ әйелдерінің ары, ажары, беделі мен көркі. Арқа жерінде ардақты әжелерге жоғары және төмен деп аталатын жаулық тартқан. Мұндай жаулықтар биік әрі көрнекті болған, әжелер мәртебесі мен ажарын көтере түседі. Ертеде мұндай жаулықтарды көбінесе бәйбішелер киген. Әжелер иығынан асып тұратын кимешекте киеді. Оның алдыңғы жағы түрлі түсті ою-өрнекті болады.
Бөкебайды әйелдер өздеріне шаршылап, кейде үшбұрыштап, әр түрлі үлгіде із салып, ақ немесе күлгін түсті түбіттен тоқиды. Тоқудың да қарға тұяқ, ирек, айшық, құстаңдай, бұрама деген көптеген түрлері мен үлгілері болады. Жиегіне тоқу арқылы шашақ салып, селдіретіп те тығыздап та білтелеп тоқиды. Жаңа тоқыған бөкебайды жуып, керіп кептіріп, үлпілдетіп түбітін шығарады әрі жылы, әрі сәнді бағалы киім болып шығады.
Қазақша көйлек - әйелдер киімі. Түсі ашық, жақсы маталардан тігіледі. Ертедегі көйлектер тік жағалы, жеңді әрі ұзын болған. Етегінен жоғары бір неше екі қатар бүрмелеп, қосымша маталар тігіледі. Мұндай көйлекті желбіршек көйлек немесе қос етек көйлек дейді. Көйлек әйел қауымының «бұйрықты» киімі.
Кимешек – қазақ әйелдерінің бас киімі. Кимешекті жас келіншектерден бастап, егде жастағы әйелдерге дейін киген. Ол көбінесе ақ матадан тігілген, ал жастау келіншектерге үлбіреген ақ жібектен жасаған. Кимешек басты, мойынды, кеудені, иық пен жауырынды жауып тұрады. Оның өңірге, жауырынға түсіп тұратын бөлігін күйдік деп атайды. Көбінесе келіншектерге арналған кимешектердің бет жақтаулары алуан түрлі ою-өрнектермен кестеленіп, оқаланып, кей жағдайда алтын, күміс, асыл тастармен, түрлі шытыралармен, тана моншақтармен әшекейленеді. Қазақстанның әр өлкесінде сол өңірді мекендейтін рулардың киімдерінде орын алатын ерекшеліктер сияқты кимешектердің де пішімінде, түрінде, кестеленуінде, оқалануы мен әсемдеу тәсілдерінде өзіндік өзгешеліктері бар. Қазіргі кезде кимешек элементтері пайдаланылмаған әйелдердің бас киімін шығару өндірістік жолға қойыла бастады.
Мәсі – аяқ киімнің бір түрі, оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс не ластық (галош) киеді. Көбінесе мәсінің қонышы астарланып, көмкеріледі. Ал ұлтаны жалаң қабат болады. Ол тарамыспен, ішкі жағынан жөрмеп немесе жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Етікші мәсі тіккенде ең алдымен мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан тігіп қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді. Мәсінің қонышын қусырғанда тігістің арасына жіңішке сыздық салады.
Мәсі - әрі жеңіл, әрі жұмсақ аяқ киім. Ол әсіресе тазалық үшін аса қолайлы. Соңғы жылдары жергілікті кәсіпорындар мәсіні көптеп шығаратын болды. Аяқ киімнің бұл түріне деген сұраныс жылдан жылға көбейе түсуде.
ІІІ. Мектепте ұлттық киім тігіп үйрету технологиясы
-
Камзолға өрнек таңдау.
Сабақтың тақырыбы: Камзолға өрнек таңдау. Өрнекті бастыру
жолдары. Симметриялы орналастыру, көктеу.
Сабақтың мақсаты: Оқушылардың дүниетанымын, ой-өрісін кеңейту,
өнерге ынта-ықыласын күшейту, үнемділікке,
тиянақтылыққа, төзімділікке, әсемділікке баулу.
Ісмерлік, шеберлік дағдысын қалыптастыру.
Сабақтың міндеттері: - Білімділігі: камзолға өрнекті дұрыс таңдау,
симметриялы орналастыру қажеттігін
ұғындыру.
- Тәрбиелік: ісмерлікке, сәнділікке, халықтық
дәстүр рухында тәрбиелеу.
- Дамытушылық: қажет өрнекті оқушылардың
өздеріне таңдату, эскизін салдыру.
Сабақтың типі: Практикалық сабақ.
Сабақтың көрнекілігі: Инелер жиынтығы, көзсіз инелер, оймақ, түсті
жіптер, қайшы, сызғыш, сантиметрлік таспа.
Үлестірме ою-өрнектер шаблоны (трафарет) ,
камзол түрлері көрсетілген плакат. Эпидиаскоп.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
Құрал-жабдықтарын дайындату.
ІІ. Оқушылардың білімін бақылау мазмұны.
-
Камзолға тігілетін мата түрлерін ата.
-
Оқалау, зерлеу дегеніміз не?
-
Камзолды басқаша қалай атайды?
-
Камзолдың астарына қандай маталарды пайдаланамыз.
-
Камзолға түйме орнына қадалатын әшекейлердің атын ата.
-
Камзол астарын неліктен кем етіп аламыз?
-
Камзолдың пішілу ретін көрсет.
ІІІ. Жаңа тақырыптың мазмұны.
Мұғалім эпидаскоптан түрлі камзол түрлерін көрсетеді. Оқушыларды назарын камзол пішіміне, ұзындығына байланысты түсіп отырған ою-өрнектерге аударады. Негізінен қолданылатын ұласымды өрнектердің эстетикалық жағына, талғампаздық мәнеріне зейін аударады. 8-сыныпта өткен тақияны зерлеуде қолданылатын өрнектерді пайдалануға болатынын түсіндіреді. Камзолды өрнектеу жоғарғы талғам мен көркемділікті, шынайы шеберлікті қажет етеді. Сондықтан ою-өрнектің түрі, орындалу жолы өзіндік ерекшеліктерімен танылатыны, оған әр адамның ұлттық көркем қазынаға деген жан тебіренісі, сүйіспеншілік сезімі, мінез құбылысы берілетінін түсіндіріледі.
Камзол әдемі де әсем болу үшін таңдалатын өрнектің орны ерекше екендігі айтылады. Осыдан кейін оқушыларға сұрақ қойылады.
-
Камзолға ірі ою-өрнек салуға бола ма?
-
Ою-өрнектер камзолдың қай жеріне түседі?
-
Жапсырма өрнекті камзол түстес матамен бастыруға болады ма?
ІҮ. Практикалық сабақты орындауға нұсқау.
-
Камзолға өрнекті бастыру жолдарының бірін таңдау.
А) кестелеп өрнектеу
Ә) зерлеу
Б) оқалау
В) жапсырма (аппликация) бастыру
2. Камзол матасының түсін ашатын мата, жіптерді, зерлерді таңдау.
3. Жұмыс кезінде ине, қайшы, көзсіз инелерді тістеп отыруға болмайтынын есте ұстау.
4. Камзол пішіміне, ұзындығына байланысты ою-өрнекті дұрыс таңдау.
5. Өз бетінше ою-өрнек сызбасын салу. Сызба салуда дайын шаблон трафареттерді қолдану жолдары.
6. Қағазға салынған сызбаны кесу.
7. Сызба өрнекті камзол бетіне орналастырып көру, кемшіліктерін жою.
8. Сызба өрнекті камзолдың теріс жағына орналастырып көктелге тоқылған мата не бір түсті мақта матаның бетіне қойып бастырып салып алу.
9. Жапсырма өрнек үшін қолданылатын мақтаның ою-өрнек сызбасының үстімен үнемді етіп орналастырып, белгілеп, пішіп алу.
10. Жапсырма матаны камзолдың тұсына көктеу.
Оқушылардың шапшаңдығы, іскерлігі әр түрлі деңгейде болады. Сондықтан сабақ барысында мұғалім балалардың өзіндік шығармашылық жұмысын аралап жүріп тексеріп қалыс қалғанына көмектесіп, әдемі де әсем етіп орындап жатқандарын мадақтап отыруы қажет.
Ү. Практикалық сабақты тиянақтау.
1. Ою-өрнектің қай түрін пайдаланған тиімді болады?
2. Жапсырма бастыру үшін матаның сапасы қандай болу керек?
3. Мата мен тоқылмаған мата бетіне немен сызуға болады?
4. Камзолды әсемдеу кезінде қандай қиындықтар кездесті?
ҮІ. Сабақты қорытындылау. Бағалау.
Бағалау кезінде баланың шапшаңдығы емес, жұмыстың орындалу сапасын ескере отырып бағалау керек.
ҮІІ. Үйге тапсырма.
Жұмысты аяқтап келу.
-
Қазақ тақиясын тігу
Қазақстан мектептері үшін еңбекке баулу программасының бір бөлімі «Қазақтың ұлттық киімдері» тарауы болып табылады. Өзіне тән ою-өрнектермен ерекшеленетін ұлттық киімнің бір бөлігі болып табылатын тақия ежелгі заманнан бүгінге дейін қазақ халқының арасында өз мазмұнын, мәнін арттырмаса, жоғалтқан жоқ. Ерлер оны шаштарын ұстарамен тақырлата алдырып тастаған бастарына киеді де, оның үстіне басқа мезгілдік бас киім киетін болған.
Ертеректе тақияны барқыт, жібек сияқты қымбат бағалы және тығыз етіп тоқылған маталардан қолмен тігетін болған. Оның астары бүкіл бөлшектерімен төбесіне жалғасып жатқан әрі жиі жүргізілген қатар-қатар тігістер тақияға қаттылық берген. Кейбір жағдайларда тақия айналасына немесе төбе жағының астарына қатты картон қағаз салған. Тақия, негізінен, түрлі оюлармен өрнектелген. Ал қазір тақияны машинамен тігеді, бұл оған жұмсалатын еңбекті жеңілдетіп, қол жұмысын азайтады.
Ұлттық тақияларды еңбек сабақтарында: қол машинасы, аяқ машинасы, электр қуатымен тігетін машина және өндірістік «91-97 А» класты машиналарды пайдаланып тігуге болады.
Оқушылардың дайындық дәрежесіне орай жұмысты түрліше етіп ұйымдастыруға болады. Мысалы, 1. Жеке жұмыс. Мұнда бір қыз өз бетінше тақияны бастан аяқ түгел тігіп шығады. 2. Бригадалық жұмыс. Тақияның әрбір бөлшегін әркім тігеді, яки бөлек-бөлек тігілген бөлшектер кейіннен тұтастай құрастырылады.
Біздің ойымызша, мектепте осы бригадалық жұмыс түрін қолданған дұрыс. Себебі, жұмыстың ең қарапайым, оңай бөлшегін меңгерген баланы келесі күрделі бөлшекті тігуіне ауыстыруға болады.
Жұмысты орындату үшін балалардың жас ерекшелігі мен қабілеттерін де ескеру қажет. Мысалы, 5-6 сынып оқушыларын үлгі жасауға және қол жұмыстарына, ал 7-9 сынып оқушыларын машинамен жұмысқа үйрету керек. Сонымен қатар өнерге, сәнге, сұлулыққа құмартқан баланың ізденістерін байқап, оны үнемі қолдап отыру керек. Себебі, бала халық өнерінің түрлі үлгілерін, ою-өрнектерін табуы, алып келіп өз жұмысына қолданғысы келуі мүмкін. Ондайды үнемі қолдап отыру қажет. Мүмкіндігінше балалрдың шығармашылықпен жұмыс істеуіне, тақия тігудің түрлі әдіс-тәсілдеріне төселуіне жағдай жасаған жөн. Сонда ғана бала ұлттық киімді, оның әр қилы түрлерін тігуге ынтығады, өз бетінше де меңгеретін, ізденетін болады.
Тақия тігудің әр түрлі дәрежедегі қиындығы мен өзгешеліктері бар.
Төртқиықты тақия.
Керекті нәрселер: төбесіне керекті мата-жүннен тоқылған мата, ши барқыт, велюр, барқыт; астарлық мата; қаттылық беретін зат салуға мақтадан жасалған кез-келген мата, коленкор, қатты қағаз, т.б. №40 мақтадан иірілген жіп, №60, 33 «А» жібектен иірілген жіп. Мұндай тақия пішімінің бөлшектері төрт шығыңқы үшкілдерден тұрады.
Дайындау жолы:
-
Қағаздан керекті үлгіні жасап алады да, оған матаның тыс жағын жатқыза бормен не қарындашпен сызып шығады. Бұл жерде есте болатын нәрсе, тігіс үшін 0,5-0,7 см қалдыра кесу керек. Осындай жолмен қажетті басқа да бөлшектер дайындалады.
-
Тақия өзіне тиісті түрге енуі үшін оның үлгілерін тігу керек. Тігу үлгілері түрліше болуы мүмкін. Мысалы, әрбір пішімді үшбұрыш түрінде немесе пішім етіп, т.б. түрде тігуге болады.
Мұндай жұмысты орындау барысында тақия төбесі бөлшегі астар
бөлшегіне астар жағынан жалғастыра, кесінділерін теңестіре түйреп бекітеді де, көктейді. Содан соң түйрегіштерді алып жолдарын белгілейді. Машинамен сырып тігу ұзындығын 3-4 мм етіп қояды да, тақияның оң жақ бетінен тіге бастайды.
Пішімді үшбұрыштап тігуді үшбұрыштың төбесінен емес, кез келген бір жақтың орта тұсынан бастайды. Үшбұрыштар бұрышы Тік болып шығуы үшін айналмада инені матадан суырмайды, тек машина табанын көтереді де, тігіс бағытын өзгертеді, матаны дұрыстап қойған соң машина табаны қайта түсіріліп, тігіс одан әрі жалғасады. Артық салбырап шығып тұрған жіптерді үзіп, киімді үтіктейді.
-
Дәл осылайша тақияның басқа тиіп тұратын жерін де тігеді. Оны параллель, қисық-қисық т.б. түрліше етіп тігуге болады.
-
Дайын пішімдерді былайша жинайды. Оларды бер жағын ішіне қарата қабаттастырады, кесінділерін теңестіреді, түйрегіштермен бекітеді, көктейді және тігіс кеңдігін 0,5-0,7 см етіп сырады, бекітеді. Түйрегішті, шығыңқы жіптерді, матаның артық жерлерін алып, кесіп тастайды да, тегістерді үтіктейді.
-
Тақияның басқа тиіп тұратын жерінің бұрыштық кесінділерінің бет жағынан ішіне қарата қабаттастырады, кесінділерді теңестіреді де, кеңдігі 0,5-0,7 см етіп сырады, бекітеді. Тігісті үтіктейді.
-
Астар бөлшектерін, оның пішімдерін бет жағымен ішіне қарата өзара біріктіреді, кесінділерін теңестіреді, көктейді және кеңдігін 0,5-0,7 см етіп сырады. Көктеуге кеткен жіптерді алып тастайды, тігістерді үтіктейді. Тақияның басқа тиіп тұратын жерінің бұрыштық кесінділерін де осылайша сырып шығады.
-
Тақияның басқа тиіп тұратын жоғарғы бөлігінің негізгі бөлшегін астардың бет жағына қояды, кесінділерін теңестіреді, түйрегіштерімен түйреп бекітеді, төменгі кесінділерін көктейді және кеңдігі 1,5-0,7 см етіп құрастыра астар жағынан тігеді. Көктеген жіптер мен түйрегішті алып тастайды. Бөлшекті оңғарады, оңын шығарып, тігісті шалып тігеді де, тігісті үтіктейді. Тақияны басқа тиіп тұратын жерінің астарын қозғалмау үшін оны негізгі бөлікке жоғары жағынан бекіте тігеді.
-
Астар етегін негізгі бөлшек етегіне ішкі жағынан беттестіреді де, түйрегішпен бекітеді. Дайын бұйымдағы астар шығып кетпес үшін оның тігісін ішкі жағынан негізгі бөлшек тігісімен біріктіре қабып тастайды.
-
Тақияның дайын төбесін тақияның басқа тиіп тұратын жеріне оңын қарата беттестіреді. Төбе мен тағы басқа жері кесінділерін өзара теңестіреді, түйіршекпен бекітеді, көктейді, тігіс кеңдігін 0,7-1 см етіп біріктіре тігеді. Онда да төбе астарының кесіндісіне тигізбейді. Түйрегішпен көктеген жіптерді алып тастайды. Тігісті төбеге қарата үтіктейді.
-
Төбе астарының кесіндісін ішкі жаққа қарата бүктейді де, тақияның басқа тиіп тұратын жері төбе астарын бүктелген жерін төбе мен тақияның басқа тиіп тұратын жерін біріктіре тіккен тігіс 1-2 мм етіп жабатындай етіп қояды. Көктейді де, қолмен қабып тігеді.
-
Көктелген жіпті алып тастайды. Дайын тақияны үтіктейді.
Жоғарғы бөлігі тұтас тігілген тақия.
Бұған да төрт қиықты тақияға керекті нәрселер жұмсалады.
Тақия екі бөліктен тұрады: тақияның басқа тиіп тұратын жері және кішірек оймасы бар тұтас тігілген жоғары бөлік.
Дайындау жолы:
-
Бөлшектерді, үлгілерді қию дәл алдыңғыдағыдай жүргізіледі.
-
Тақияның басқа тиіп тұратын жері мен жоғары жағын сырып тігуге,
кестелеуге немесе түрлі мақта мата, тері, қағаз т.б. қиындыларынан құрастыруға болады. Кестені қазақ халқының дәстүрлі кесте тігу әдістерінің бәрін, жазықтықты тамбурлық тігіспен тұтас толтыру әдісін пайдалана отырып кестелеген жөн.
Егер тақияны мақта мата, тері, қағаз т.б. қиындыларымен өрнектейтін болсақ, онда жұмыс былай орындалады: қамқа, тафта, бір түсті синтетикалық жібек қиындыларын белгілеп, өрнектің шаблоны бойынша пішеді және кеседі. Тақия бөлшектеріне салынатын өрнектер орнын анықтайды және белгілейді. Кесте алынған ою-өрнектердің ішкі жағына ПВА, резинка, БФ-6, т.б. желімдерінің бірін тағы да бетке жабыстырып, ыстық үтікпен қатты қысып басады. Содан соң ою-өрнектерді машинамен иректете тігеді немесе қолмен тамбурлық не ілмектік тігіспен тігеді.
Түрлі мата, тері, қағаз қиындыларынан жасалған құрақты тігу немесе кестелеу матаның астары мен оңын қоса бірдей жүргізіледі. Бұл жағдайда жұмыс барысында маталар бір-бірімен біріктіріледі де, тақияға қаттылық, мықтылық береді.
-
Түрлі мақта, мата, тері, қағаз қиындыларынан тігілген құрақты тақия бөлшектерін былайша өңдейді: бет жағын ішіне қарата түбін екі рет бүктейді, кесінділерін теңестіреді, кеңдігін 0,5-0,7 см етіп сырып тігеді. Тігісті үтіктейді. Жоғары жағындағы матаның артық жерлерін кесіп тастайды. Тақияның басқа тиіп тұратын алдыңғы тақияны өңдегендей жасап шығады.
-
Бұдан арғы жұмыс барысы төртқиық пішімді тақияны тіккендегідей жүргізіледі.
Қорытынды
Адам баласы киім киюді тек денеге қорғаныш қана қылып қоймай, табиғаттың өзі берген сымбатына сұлулық қосатын өнерге айналдырды. Әр ұлтты өзгеден айыратын, оның сыртқы сипатын анықтайтын белгілердің бірі – ұлттық киім. Сондықтан ұлттық киім әр халықтың материалдық мәдениетінің қомақты бір бөлігі болып саналады. Ұлттық санамыз қайта жаңғырып, түрлі халықтық мейрамдарда қазақы киімді киюді қайтадан салтқа айналдыруға тырысып жатқанымызбен ұлттық киім қазіргі өмірге терең сіңе алмай жатқанын айта кету керек. Өйткені бұл бағытта төмендегідей шешілмеген үлкен мәселелер кедергі болып тұр. Қазақтың ұлттық киімі әлі де толық зерттеліп болған жоқ, көбіне сыртқы формасына назар аударылып, киімнің ішкі мәні функциясына көңіл бөлінбей жатыр. Ұлттық киімнің әр түрін орнымен дұрыс қолданбай, бұрмалаушылыққа барып жүрміз. Ұлттық киім бар да, оны кию мәдениеті бар, біз сол мәдени дәстүрді жоғалтып алдық. Сондықтан біз мақаламызда осы жағына баса көңіл бөлеміз. Ұлттық киім дегенде, оған көбіне ғылыми – этнографиялық тұрғыдан келеміз де, оны адамның өзімен оның тұрмыс-әрекетімен байланыстыра қараймыз. Адам үшін киген киімі – дараланған тұлға болып көрінудің, жұрттың, қатарлас құрбы-құрдастарының назарын өзіне аударудың, ішкі сырын білдірудің бір жолы.
Адам киімімен өзінің махаббатын, басқаға деген сыйластық сезімін, көңіліндегі қуанышын, басқа түскен қайғысын білдіре алады. Киім адамдардың ара қатынасының бір тәсілі десек болады. Қазақтың ұлттық киімінің ішінде жастар киімінің де өз ерекшеліктері бар. Жас деңгейіне қарай бөліну ер адам киімінен гөрі әйел адам киіміне тән. Себебі, қыз, әйел киімі қашанда өзінің ритуалдық функциясын ғасырлар бойы қатаң сақтап отырады.
Қыз киімі, келіншек киімі, үлкен әйел, кемпірлердің киімі әсіресе бас киімі бір-бірінен басқа. Ерлер киімінде бұрын бөлектену онша анық көрінбегенімен, онда да өзіндік айырмашылықтар бар. Әңгіме арқауы жастар киімі туралы болғандықтан, оның айырмашылығы әр киім түріне қарай, әңгіме барысында айтылып отырады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Орталық Азия зергерлерінің бұйымдары. Тасмағамбетов И. Алматы, 1997ж.
-
Қазақтың ою-өрнектері. Шөптібай Байдолдаұлы.
-
Технология. К. Өстеміров, Н.Адамқұлов, С.Асанова, Д.Әлмағамбетова, Т.Әміреев, А.Копников.
-
Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. С.Кенжеахметов.
-
Жеті қазына. С.Кенжеахметов.
-
Қазақ киімі. Д.Жәнібеков. Алматы, 2005 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |