Смайыл Алдан Зейноллаұлы 1946 жылы 3-қазанда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ақтау кеңшарында туған. Жазушы, публицист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (2007ж), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2005 ж.), Қазақстан Журналистер одағының лауреаты (2001 ж), Халықаралық Алаш сыйлығының иегері (2005 ж.).
1963 жылы Қаражал орта мектебін бітірген соң шопанның көмекшісі болып жұмыс істейді. 1965 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолының 35 жылын бұқаралық ақпарат саласындағы қызметке арнаған. 1970-75 жж. Республикалық Қазақ радиосының редакторы, 1975-90 жж. Целиноград (қазіргі Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бөлім меңгерушісі, 1990-95 жж. Ақмола облыстық «Қараөткел» газетінің бас редакторы, облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы, 1995-97 жж. Ақмола облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары, 1997-2002 жж. Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас директоры, 2002-2007 жж. Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, «Астана жазушылары кітапханасы» сериясының бас редакторы, 2007 ж. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты.
А.Смайыл есімі республикаға белгілі қаламгер, тұңғыш көркем шығармасы «Тамыздың таңы» 1979 жылы жарық көрді. «Ақ жалын (1982)», «Найзақара» (1985) , «Сағынтып келген көктем» (1987) , «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» (2000) повестер жинақтары мен «Тамұқтан келген адам» (2004) романында, «Жаһан және адам» публицистикалық еңбегінде адам мен қоғам, өмір мен өлім жайлы толғайды. «Астана ғасырлары» ғылыми-деректі кітабының авторы. Бұл туынды Ақмола өңірінің ежелгі және бүгінгі тарихына арналған.
А.Смайыл публицист ретінде де белгілі. Оның 1980 – 1995 жылдар аралығындағы өткір публицистикалық мақалалары қазақ баспасөзінде жалындай бастаған тәуелсіздік рухына арналды. Облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның саяси дербестігі туралы дабыл қақты. Қазақ халқының ресми де, рухани да тәуелділікте қалып отырғандығына Целиноград облысының экономикалық - әлеуметтік өмірінен нақты деректер келтіре жазды. «Жер қазақтікі, билік кімдікі?», «Халықтың киесі, жердің иесі бар», «Қазақтың сыртынан тон пішіп», «Саясатты саудаға салғандар», «Қазақ үшін қармандық», «Казак қозғалысының мәні неде?», «42 Калинин, 14 Ворошилов және жалғыз Бөгенбай секілді өткен ғасырдың 80-жылдарында екінің бірі қалам тарта бермейтін, саяси салмақты, әлеуметтік терең мәнді публицистикалары зиялы қауымға ой салып жатты.
Оның осы ұлттық ұмтылысы қоғамдық күрескерлікке ұласты. 1990 жылғы 10 мамырда Целиноград қаласында облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына ұйытқы болды және оның төрағалығына сайланды. Қоғам осы тектес ұйымдардың республикадағы алғашқы қарлығашы еді.
Аз ғана уақытта халықтық беделге ие болған ұйым төл жұртының әлеуметтік - рухани талаптарын нақты жүзеге асыру мақсатын алға қойды. Целиноград қаласында қазақ музыкалық – драма театры ашылды. Қазақ музыка мектебі шаңырақ көтерді. Көнеруге айналған жалғыз қазақ орта мектебінің жаңа ғимараты мен мешіт үйі салынды. Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған ауылына балуанның есімі берілді. Ақмола облысы мен қаласының тарихи атауы қайтарылды. Облыс орталығындағы мұғалімдер институтының қазақ бөлімдері кеңейтілді, инженерлік – құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицина институттарының барлық факультеттерінде қазақ тілінде білім алу мүмкін болды.
Ұлттық мұрат-мүддені түгелдеген мұндай ірі шаралар облыс көлемінде де жүзеге асырылды. Барлық аудандар мен кеңшарларда, өнеркәсіп орындарында ұйымның бөлімшелері құрылып, қазақ балабақшаларының қатары 92 –ге, қазақ мектептерінің саны 62-ге жеткізілді. Тапшылығы айқын сезілген ұлт тілді ұстаздарды көбейту мақсатымен облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында орыс тілді педагогтарды қайта даярлау бөлімі ашылды. Жоғарғы оқу орындарындағы оқулықтар қазақ тіліне аударылды. Қазақ тілінде сабақ беретін ұстаздарға 10 пайыз үстемақы төлеуге қол жеткізілді.
Алдан Смайыл тележурналист ретінде Астананың Ақмолаға ауысуының саяси - әлеуметтік маңызын кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосты. Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас директоры ретінде «Ақшам» ақпараттық бағдарламасының Ақмоладан эфирге шығуына үлес қосты. Қаланың тарихи, геосаяси мәні туралы бірнеше телехабарлардың авторы.
Алдан Смайыл осы бағыттағы журналистік және жазушылық қызметін күні бүгінге дейін сәтті жалғастырып келеді. Ол Астана тарихы көне дәуірден бері қарай зерттелген «Ежелден Елордаға лайық деген», «Өмір тарихының зерттелуі» т.б. ғылыми мақалаларымен белгілі. Сондай-ақ Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы қалыптастыру жолындағы қайраткерлік қызметі сараланған «Дәуірді таң қалдырған даналық», «Елорда – Елбасы ерлігі», «Тарихтың жоғалтқанын бүгіннен іздеген» және басқа публицистикалық еңбектерімен белгілі.
Қаламгердің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Астана жазушыларының кітапханасы» сериясы арқылы «Қазақтың шаңырақ қаласы», «История столицы и края: ХІҮ- ХІХ вв», «История столицы и края: ХҮІІ-ХІХвв», «Елорда сәулеті», «Гидрологическое описание южной части Акмолинской области», «Қанжығалы қарт Бөгенбай», «Астана ғасырлары» тарихи еңбектерін құрастырып, жарыққа шығарды.
Достарыңызбен бөлісу: |