Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті
Реферат
Тақырыбы:А.И.Бутаков зерттеген аймақтар.
Қабылдаған:Налмишова.Қ.Н
Орындаған:Нарзілда.Қ
Тобы:1506,11
Шымкент 2024ж
Алексей Иванович Бутаков (19 ақпан 1816 жылы, Ресей, Кронштадт — 10 шілде 1869 жылы, Германия, Швальбах) — орыс теңізшісі, контр-адмирал. Арал теңізін тұңғыш зерттеп, картаға түсірген саяхатшы-географ.
Арал теңізін зерттеуші, оны бойлап кемемен алғаш еркін жүзуші, біршама толық картасын бірінші жасаушы, кейін контр-адмирал шеніне дейін жетіп, ғылыми табысы бүкіл әлем ғалымдары тарапынан жоғары бағаланған Алексей Иванович Бутаков (1816-1869), әрине, ең алдымен Ресей патшалығының игілігіне қызмет етті.
1840 — 42 жылдары “Або” кемесімен дүние жүзін айналып шығу саяхатына қатысты. 1848 — 49 жылдары Арал теңізін зерттеу және картаға түсіру үшін ұйымдастырылған теңіз экспедициясын басқарды. Теңіздің барлық жерінің тереңдіктері өлшенді, көптеген пункттердің координаттары анықталды, жаға сызығы түгелдей картаға түсірілді. Арал теңізінің орталық бөлігінен жергілікті тұрғындарға бұрын белгісіз болып келген аралдарды ашты. Бутаковтың зерттеулерінің нәтижесінде Ресей Теңіз министрлігінің Гидрография департаменті 1850 ж. Арал теңізінің тұңғыш картасын басып шығарды. Бутаков пен А.И. Макшеев] теңіздің толық гидрогр. сипаттамасын жариялады. 1853 — 55 және 1862 — 63 жылдары Сырдарияның төм. және орта ағысын зерттеп, картаға түсірді. 1858 — 59 жылдары Әмударияның атырауын зерттеді. Арал т-нде және Сырдария мен Әмударияда жүргізген зерттеулері үшін Бутаков Орыс география қоғамының мүшесі және Берлин география қоғамының құрметті мүшесі болып сайланды. Бутаков орыс үкіметінің тапсыруымен Арал флотилиясын құрды. 1863 жылдан өмірінің соңына дейін Балтық (Балт) флотында әскери қызмет атқарды. Бутаков есімімен Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы шығанақ аталған.
Табиғаттың жауһар төлтумасы сырт ел зерттеушілерінің, саяхатшыларының назарына ерте іліккен. Қуаң шөлейт далада кенет алдыңнан ұшы-қиырсыз шалқыған теңіз шықса, кім таңғалмасқа. Оның жұмбақ сырын білмекке, не айдын шалқар төсінде алып кемелермен әрі-бері жүзіп саяхаттамаққа кім құштарланбасқа. Ол Кронштадта, әйгілі теңізшілер әулетінде дүниеге келген. 1832 жылы Теңіз кадет корпусын бітірген соң, Балтық теңізінде теңізші болған. 1840-1842 жылдары «Або» кемесімен дүние жүзін айналып шығуға қатысады. Бұл сапары жөнінде 1843-1844 жылдардағы «Отечественные записки» журналында жазады.
Арал теңізінің тарихы Арал ойысы
А.И.Бутаков білімді болған. Әдебиет туындыларын көп оқыған, француз, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, жазған, неміс тілін білген, португал, итальян тілдерін жаттаған. Бір қызығы, қазақ тілін білуге де ынта қойған.
А.И.Бутаков өмірінің жарқын беттерінің бірі Арал теңізімен байланысты. 1848 жылдың басында ол Арал теңізін картаға түсіру және жазба жұмыстарын жүргізу ісіне тағайындалады. Бұл іске оны дүние жүзін айналып шыққан әйгілі теңізші Ф.Ф. Беллинсгаузен ұсынады. 1847 жылдың шілдесінде Орынбор өлкесінің бастығы, инфантерия генералы В.А. Обручевтің бұйрығымен Сырдарияның төменгі ағысында Райым бекінісі салынады. Оның мақсаты алдымен Сырдария бойына, одан соң бүкіл Орта Азияға орыс патшалығының билігін орнату болатын.
Бутаковтың бақылауымен 1848 жылдың көктемінде екі пушкалы, ұзындығы 16 метр болатын «Константин» шхунасы жасалады. Ол сол жылдың 20 шілдесінде Райым бекінісіне әкелініп, суға түсіріледі. 30 шілдеде шхуна теңізге шығады. Экспедиция бастығы А.И.Бутаков, кейін Орта Азияның танымал зерттеушісіне айналатын А.И.Макшеев, прапорщик Поспелов және басқалар болды. 27 адамнан тұратын экипаж құрамында айдауда жүрген, қатардағы солдат, ақын Тарас Григорьевич Шевченко да болады. Оған Арал теңізі көріністерін салу міндеттеледі.
Жұмыс екі айға жуық, 23 қыркүйекке дейін жалғасты. Онда бүкіл теңіз алдын ала байқалды, тереңдігі өлшеніп, ендігі анықталды, «Возрождение» (Николай) аралдар шоғыры ашылды.
Арал теңізінде жүзуі туралы алғашқы хабарды Бутаков 1848 жылы 13 тамызда «Барсакелмес» аралынан жолдайды.
«20 шілдеде кемемді суға түсірдім, ал 25-інде «Константин» шхунасының брейд-вымпелін көтеріп, «Райымнан» Сырдариямен төмен қарай аттандым»,дейді хатында. Хаттан Арал теңізінде балық аулау өндірісінің басталғаны да байқалады.
Арал теңізінің экологиялық ахуалы
Хаттың екінші бір тұсында жергілікті тұрғындар – қазақтар жөнінде: «Тұрғындарды біз еш жерде көргеніміз жоқ. Бірақ көптеген орыннан қырғыздардың (қазақтардың) жақында ғана болып кеткен ізін таптық. Тұрғындар орыстардан қорқады. Хиуалықтар да олардың сақтануын әртүрлі жолмен сендіріп бағады, ал өздері аяусыздықпен тонайды», деп айтып өтеді.
23 қыркүйекте «Константин» шхунасы 1848 жылғы жұмысын аяқтап, Сырдария сағасына оралады.
А.И.Бутаков 3 қазанда ата-анасына жазған хатында экспедицияның сәтті аяқталғанын, бүкіл Арал теңізін шарлап шыққанын, көлемі 200 шаршы верст болатын «Возрождение» және кіші аралдар шоғырын тапқанын жазады. Адам аяғы тимеген аралдың байлығына таңғалады. Арал сексеуіл, жыңғыл тоғаймен көмкерілген, ал жерді қазсаң, таза су шығып, киіктер, жабайы ешкі тұқымы жыртылып айырылатынын жазады.
Аралда тамаша екі шығанақ барлығы, бірақ оны желдің күштілігінен өлшеу мүмкіндігі болмағанын айтады. Аралдардан көптеген түлкі іні көрінген, бір теңізші картаға түсіру жұмысын жүргізіп жүргенде қасқырды көргеніне сендіреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл арал менің атымды географиялық картада мәңгілік етеді дейді.
Арал теңізі стақандағы су секілді терең: батыс жағалауы жерден жарты миль, не ¾ миль шыққанда тереңдік 37 саженге дейін (68 метр) барды. Ол батыс жағалауға қарай қазаншұңқыр тәрізді, өйткені теңізді кесіп өткенде, оңтүстік шығыс бөлігінің тереңдігі 15 саженнен (27 метр) аспаған-ды. Батыс жағалауы 300 фут (90 метр) және одан жоғары тасты, еңсеңді басатындай тік жарлы болып келеді. Кішкене бүгілген түзу сызық сияқты оның бүкіл бітімінде желден қорғанатын бірде-бір шығанақ жоқ.
Арал экологиялық дағдарысы
Хатта бұдан соң Сырдария сағасындағы Қосаралдағы жайы баяндалады. Үй-жай дайын болмағандықтан, әзірге шхунада тұрып жатқандығын, қамалдың ортасында 4 зеңбірек барлығын, оның Хиуа жасақтарының шабуыл тоқтатуға толық жеткілікті екенін баяндайды. «...Қыста татар тілін үйренсем деймін. Бұл – қырғыздар мен башқұрлардың аздаған өзгерісі бар ортақ тілі іспетті. Ежіктеп аздап түсінемін, бірақ аз...», – дейді ол.
6 қазанда А.И.Бутаковтың шхунасы брейд-жалауын түсіріп, Қосарал портының командасына қосылады. Ол жергілікті жердің қауын-қарбызына таңғалып, бұрын жемісті онша жемейтін болса да, құмарлана жегенін, Сыр өзенінің
жағасындағы ауылдардың бақшаларының бар екенін, ондағы қауындар да сондай дәмді келетінін айтады. А.И.Бутаков «Возрождение» аралын 1848 жылы 8 (20) қыркүйекте ашады. Арал бұған дейін белгісіз еді. Өйткені ол жағадан көрінбейтін.
1848 жылы 24 қарашада Алексей Иванович ата-анасына жазған хатында Сырдария сағасынан жолбарыс аулағандарын суреттеп жазады. Бұл жолбарыс сол маңда жазда байқалған екен. Малдарға, тіпті адамға шапқан. Соңғы кездері қамалға жақын келген іздері де көзге түскен. А.И.Бутаков 45 адаммен, оның ішінде жергілікті тұрғындар да, балықшылар да бар екі-үш адамнан қатар түзеп, дабыл қағып, түрлі айқай-шу шығарып, қалың қамысты дария жиекке қарай сүзеді. Арагідік жолбарыстың ізі байқалып қалып, ақыры ну қамыстың ішіне кіргені көрініп, бұлар жан-жақтан қоршап атып алады. Жолбарыстың ұзындығы 6 фут 4 дюйм болғанын жазады.
Жолбарыстың терісін сыпырып жатқанда жергілікті бір қазақ келіп, тісін сұрайды. Неге дегенде, аяғы ауыр әйел босанарда оны шайтан иектейтінін, сонда шайтанның кетуі үшін жолбарыстың тісін мойнына тағуы қажеттігін бақсы айтқанын жеткізеді.
Райым бекінісі сауда-саттықпен де жақсара түседі. Желтоқсанның соңында Бұхарадан шағын керуен (9 түйе артылған) келеді. Онда кілем, жамылғы, халат, қағаз материалдары болды. Бутаков керуенбасыға көктемге қарай тағы келуін, онда өзіне кілем, шахмат, күріш әкелуін өтінеді.
Қазақтардың үйлену тойы кезіндегі дәстүрге таңғалады: неке қиылғаннан кейінгі келесі күні әйелдің таныстары келіп, жастардан нені қалап алғысы келсе, сол талабы орындалады екен дейді. Райымда танысы Бекмырзаның үйленгенін, оның үйінің жаңа есігін өзіне қажет болса да, Алтынғазы ханымның қоярда- қоймай қалап алғанын жазады.
Арал теңізі бойындағы жұмыс 1849 жылы бес жарым айға созылады. Теңіз, құрлық картаға түсіріліп, астрономиялық анықтаулар жүргізіледі. Қазба байлық коллекциялары, өсімдіктер гербарийлері жиналады.
А.И.Бутаковтың жазбасында 1849 жылғы теңіздегі жүзулер жеңіл болмағаны айтылады. 18 (30) мамырда Арал теңізінің құмдауыт шығыс жағалауының тереңдігін өлшеу сәтінде 3 метр тереңдікте тұрған кезінде батыс-оңтүстік-батыстан күшті дауыл соғады. Зәкір арқаны үзіліп кетіп, басқа зәкірді тастайды. Аспаннан диаметрі сантиметрден асатын бұршақ жауады. Жұлып әкетіп, құмды, сусыз аралға лақтырып тастамағанына таңғалады. Ондайда аштықтан, шөлден өлген болар едік дейді. Мұндай қорқынышты, тосыннан болатын дауыл желкенді кемеге қауіпті. Теңізге пароход қажеттігін айтады.
Кейін Бутаковтың бастамасымен Арал теңізінде пароход жабдықталды.
Бутаков пен Поспеловтың 1848-1849 жылдардағы суретке түсірулері негізінде 1850 жылы Теңіз министрлігінің Гидрографиялық департаменті Арал теңізінің картасын басып шығарады. Бұл жұмыс оған лайықты даңқ пен кең танымалдылық әкелді.
А.И. Бутаков пен украин халқының ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченкомен ара байланыстан оның қоғамдық-азаматтық көзқарасын тануға болады.
Төңкерісшіл ақын, суретші Тарас Шевченко (1814-1861) Орск қамалына қатардағы солдат болып жер аударылып, оған жазуға, сурет салуға тыйым салынған.
1848 жылы Бутаков Орынборға келген соң, оның Орскіде екенін біледі. Орынбор өлкесінің бастығы, генерал Владимир Афанасьевич Обручевке қатардағы солдат Шевченконы Арал теңізі жағалауларынан сурет салуға экспедиция құрамына жіберуге өтініш білдіріп, келісімін алады.
Орскіден Сырдарияның төменгі сағасына дейінгі жолды Шевченко штабс-капитан И. Макшеевпен бірге өткізеді.
1848-1849 жылдарда ол үш офицермен бірге шағын офицерлік каютада тұрып, акварель бояумен көптеген сурет салады. 1849 жылы 14 қарашадағы хатында Шевченко Бутаков туралы: «Ол маған дос, жолдас және командир болды», деп жазады.
Генерал Обручев Шевченко салған Арал теңізі көріністеріне риза болады. Осы сәтті пайдаланып, Бутаков Шевченконың айдаудағы жағдайын жеңілдетуді өтінеді.
Бірақ жағдай күтпеген жерден басқаша өрбиді. Біреу Петербургке айдаудағы Шевченкоға сурет салуға рұқсат берілді деп шағым жібереді. 1850 жылдың сәуір айында ақынға тінту болып, нәтижесінде бұйрық бойынша жазу, сурет салмақ түгіл, оның сиясауыт, қаламұш, қалам, қағаз ұстауына тыйым салынады. Сөйтіп 1850 жылы қазан айында Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Александровский фортқа (қазіргі Форт-Шевченко) жер аударылады.
А.И.Бутаков 1850 жылы Арал теңізінен Петербургке шақырылып, Арал флотилиясына арналған екі темір кеме жасатуға тапсырыс беру үшін Швецияға жіберіледі. «Перовский», «Обручев» пароходтары 1852 жылы бөлшектелген күйде «Райым» бекінісіне жеткізіліп, келесі жылы суға түсіріледі. 1853 жылы «Перовский» пароходында болған Бутаков Қоқан қамалы Ақмешітті алуда ерекше көзге түседі. 1854 жылы күзде Арал верфін №1 форт Қазалыға көшіреді. 1855 жылы Құмсуаттан 85 шақырым жоғары Перовскіге дейін Сырдарияның жазбасын жүргізеді. Осы жылы 1-рангалы капитан болып шені өседі. 1858 жылы жазда Арал флотилиясының кемелерімен Хиуа елшілігіне Әмудария бойымен Қоңыратқа дейін жүзіп барып, 1859 жылы 140 жасақпен Қоңырат соғысына қатысады. Кейін жасақты Қазалыға қайта әкеліп, «Обручев» пароходымен Әмударияға қайта оралып, Нөкіске дейінгі жазба карта жұмыстарын жүргізеді.
1860 жылы 1 қаңтарда Петербургке шақырылып, екі темір пароходына тапсырыс беру үшін Англия мен Америка Құрама Штатына іссапарға жіберіледі. 1861 жылы «Арал» және «Сырдария» кемелері Бутаковтың басшылығымен Қазалыға әкелініп, келесі жылы суға түсіріледі. 1863 жылы жазда Перовскіден Байылдыр тоғай шатқалына дейін 807 верст көлемінде Сырдарияның жазба картасы жүргізіледі.
1863 жылы тамыз айында Бутаков Балтық флотына ауыстырылып, 1864 жылдың 25 ақпанынан Петербургке келеді. Онда ол контр-адмирал шенін алады. Оның бұдан кейінгі қызметі Балтық теңізімен байланысты болды. 1868 жылы күзде ауырып, емделу үшін Германияға барады. 1869 жылдың 28 маусымында 54 жасында Швальбахта қайтыс болады. Ғылыми еңбегі дүние жүзі бойынша жоғары бағаланды.
Арал теңізіне арғы-бергі ғасырларда кім келмеген десеңізші. Солардың арасында орыс теңізшісі А.И.Бутаковтың есімі айрықша танылады. Аралды зерттеудегі, картасын жасаудағы еңбегі әлем ғылымына зор жаңалық болып қосылды. Ол туралы Л.С.Бергтің «Отандық физик-географтар және саяхатшылар» (1959), тағы басқа кітаптарынан білуге болады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр-1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамұра, 2008.
2. Қазақстанның физикалық географиясы Ә.С.Бейсенова. Алматы:2014
Достарыңызбен бөлісу: |