1.2 “Атамекен” бағдарламасының мазмұны
«Атамекен» - Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептердегі оқу – тәрбие процестерінің өзіндік ұлттық, айшық ерекшеліктерін анықтайтын қазақ халқы педагогикасының тәлім – тәрбиелік ұстанымдарына негізделген ғылыми педагогикалық және методикалық бағдарлама.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – ұлттық өзіндік ерекшеліктерді ескере отырып, оқу – тәрбие жұмысының жаңа үлгісіндегі жұмысын жасау, балалар мен ересектерді біріктіретін «Атамекен» ордасын / штабын / құру. «Елім-ай» атты ұлттық – этнографиялық іскерлік, шығармашылық – көріністік ойындарын өткізу , өз туын ел таңбасын төсбергісін, ұлттық киім үлгісін, өзге рәсімдік – рәміздік белгілерді иелену, әрбір мектепте тарихи ұлттық – этнографиялық мұражайлар ашу.
Қызметі: «Атамекен» негізгі отыз шығармашылық бағыттан құралған. Онда халықтың салт дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, тарихы, этно-мәдениеті мен этностық тілдері, рухани игіліктерін қолдана отырып барлық ағарту – тәрбие процестері кешенді / комплексті / түрде қарастырылған. Шығармашылық бағыттарды толығынан жүзеге асыру үшін мектептерде, мектептен тыс мекемелерде педагогикалық жоғары оқу орындары мен училищелерінде және өзге құлшыныз танытқан орындарда іс – әрекет етуші «Атамекен» ордасы құрылды.
Орда төрағасы, орынбасарын, үш бірлестіктің жетекшілерін I-IV сынып «Балдырғандар ата - баба елінде» V-VII сынып « Мұрагер» және VIII-IX-XI сыныптар – «Мирас» бірлестіктерін құрып, толық шығармашылық жұмыстар жүргізеді. Бағдарлама 1991 жылы 7 желтоқсанда «Атамекен» ұйымының бірінші Құрылтайындақабылданды.
Негізгі шығармашылық бағыттар:
1. «Салт» бағытында – мұғалімдер, тәрбиешілер және оқушылар Қазақстан территроиясында тұратын қазақ және өзге де халықтардың бесік жыры, қыз ұзату, тұсау кесу, атқа шабу, ерулік беру, жерлеу және басқа да көп ғасырлық салт-дәстүр және әдет-ғұрыптармен кеңінен танысады, сондай-ақ жергілікті өлкені терең зерттеу бағытында шығармашылық-этнографиялық жұмыстарды белсенді түрде жүргізеді, фольклорлық материалдар жинастырады.
2. «Шежіре» бағытында – ересектер мен балалар қазақтардың тарихи тайпалар, рулар, жүздер, хандықтар, сақтар, қыпшақтар т.б. және өзге тайпалардың өзге халықтармен қытайлар, орыстар, монғолдар, татарлар және жоңғарлар байланыстары мен қарым-қатынастары және көкейкесті мәселелері туралы деректермен танысады, өткен ғасырларда өмір сүрген ата-аналар өмірінің әлеуметтік – экономикалық, тарихи – географиялық, діни – тұрмыстық, әскери – көшпенділік өмірлерінің қыр-сырларымен терең танысып, маңызды тарихи өлкетану мәліметтерін жинастырады.
3. «Шаһар жолы» бағытында – мұғалім-педагогтар мен оқушылар Қазақстан территориясында орналасқан көне қалалардың тарихи пайда болуы туралы терең танысып біледі. Отырар, Сайран, Созақ, Йассы, Таразы, Сығанақ, Мавреннахр, Испиджаб және басқа шаһарлар тарихын, әлеуметтік-экономикалық, сәулеттік маңызын және жергілікті жерлердегі ұмыт қалған ежелгі қала орындары туралы жұмыстар атқарылады.
4. «Жібек жолы» бағытында – балалар мен ересектер тарихи-географиялық жерлер мен орындарды, жаугершілік шайқастарды, сауда-керуен жолдарын – Ұлы жібек жолы, Жоңғар қақпасы, Ұлытау, Ордабасы, Мөртебе, Оқжетпес және әрбір туған өлкедегі тарихи-өлкелік орындардың ежелгі атаулары, топонимдері туралы белсенді түрде жұмыстар атқарып , оқып, зерттеп үйренді.
5. «Сөнбес жұлдыздар» бағытында – мұғалімдер мен оқушылар қазақтың және өзге халықтардың біртуар перзенттері – хандар мен батырлар, билер, жыраулар, көрнекті қоғам, саяси, өнер және мәдениет, халық ағарту қайраткерлерінің өмірлері мен қызметтерін терең оқып танысады, олардың есімдерінің көшеге, мектептерге т.б. жергерге берілуіне, мемориальды ескерткіш тақталар ашуға ат салысады, ұлттық-этнографиялық мұражайға маңызыды деректер жинауға көмек көрсетеді.
6. «Толғау» бағытында - «Атамекен» бағдарламасын жүзеге асырушылар халық ауыз әдебиетінің айтыс, терме, күй, ертегілір, аңыздар және өзге де құнды фольклорлық-шығармашылық жанрлар мен эпостық жырлар сынды бай танымдық мәні зор мұраларын оқып үйренеді, халық ауыз әдебиеті жанрлары туралы маңызды деректер көзін жинастырады.
7. «Асыл мұра» бағытында – мұғалімдер, тәлімгерлер мен оқушылар күні бүгінге дейін сақталып келген көненің Қожа Ахмет Йассауи, Арыстан Баб, Айша бибі, «Алтын адам қазынасы» тарихи сәулет өнері ескерткіштерін, сондай-ақ жергеілікті жердегі тіркеуге алынбаған ежелгі тарихи ескерткіш-обалар, мазалар, бейіт-зираттар, таңбалы тастардың құндылық жағына назар аударып, өзге де сәулеттік жай-қорымдарын зерттейді, оларды қамқорлыққа алады.
8. «Домбыра – Дастан» бағытында – балалар мен ересектер қазақтың домбыра, шектер, қобыз, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз секілді фольклорлы – этнографиялық , музыкалық аспаптары түрлерімен танысады, олардың пайда болу тарихын зерттейді, мектептегі мұражайға көне музыкалық аспаптарды жинастыруға қомақты үлес қосып, қолқабыс етеді.
9. «Наурыз» бағытында – мұғалімдер, тәрбиешілер және оқушылар наурыз, тасаттық, ерулік беру, соғым секілді ертеден келе жатқан халқымыздың мейрам – жорағылары, діни мерекелерімен танысады, үлкен кісіге құрмет көрсету тәлім өнегесінен үлгі алады, сондай – ақ Қазақстанда тұратын өзге халықтардың салт – дәстүрімен танысады, бірлескен жалпыхалықтық шаралар өткізеді.
10. «Зергер» бағытында – балалар мен ересек қазақ және өзге халықтардың ұлттық қолөнер туындылары – алаша, текемет, кілемдер, зергерлік бұйымдар- моншақ, тана, білезік, сырға секілді көне ұлттық қолтаңбалы қолөнер бұйымдарымен танысып, әралуан көрмелер өткізіп, насихаттайды, мектептегі ұлттық-этнографиялық мұражайға шығармашылық көмек көрсетеді.
11. «Төрт түлік» бағытында - республикалық «Атамекен» бағдарламасын жүзеге асырушылар халқымыздың мал шаруашылығы арнасында ежелгі кәсіптердің маңызына ерекше тоқтатылып, қой, жылқы, түйе, сиыр т. б мал бағудың өзіндік ерекшеліктерін мұқият зерттеп, оның адамды еңбекке тәрбиелеу және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық маңызымен терең танысып біліседі.
12. «Көкпар» бағытында – мұғалімдер мен оқушылар халқымыздың көкпар, ақсүйек, аударыспақ, қыз қуу, тоғызқұмалақ секілді ұлт ойындарын, Қазақстан халықтарының өзге де ұлттық ойындарымен жете таныса отырып, оларды мектептерде, мектептен тыс мекемелерде белсенді түрде енгізіп, ұлттық-спорттық, мекемелермен бұқаралық бірлескен шаралар өткізеді.
13. «Дулыға» бағытында - балалар мен ересектер халқымыздың ұлттық киім үлгілері - қамзол, тақия, шапан, мәсілермен қатар, хандар, билер, батырлардың ұлттық киім түрлері, қару - жарақтар, бес қару түрлері - дулыға, қалқан, найза, сауыт, жебе, қорамсақ т.б. тарихи мәндерімен танысады, ол атауларды күнделікті оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асырады, мектеп мұражайына көмек береді.
14. «Қасиет» бағытында - мұғалімдер, тәрбиешілер, оқушылар халық арасындағы жұлдыздардың, емші-тәуіптердің көне іліми-тәлімдерін талдап, танысады, көне халық күнтізбелерінің пайда болу сырларымен танысады, жекелеген адамдардың, астрологтардың биологиялық табиғи дарын қабілетін зерттеп бақылайды, қоршаған орта, Зодиак белгілерінің ғарыштық құпияларын танып-білуге тырысады.
15. «Ас» бағытында - оқушылар мен тәрбиешілер бесбармақ, бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая, секілді дәстүрлі ұлттық тағам түрлерімен, сондай-ақ қымыз, шұбат, айран секілді сусындардың емдік қасиеттерімен, медициналық-шипалық маңыздарымен танысады, мал еттерінің мүшелерін - бас, сирақ, омыртқа, ортан жілік, жамбас, кәрі жілік т.б. түрлерін ажыратуды үйренеді.
16. «Бабалар өсиеті» бағытында - оқушылар мен мұғалімдер қазақ даласында өмір сүрген дуалы, от ауызды, орақ тілді шешендердің ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға мұра ретінде жеткен асыл сөздері, мақал-мәтелдері, ел аузындағы аңыздар, сонымен қатар халық арасында кең тараған ырымдар - табалдырықта тұрмау, жақ таянбау т.б. нақыл сөздердің шығу төркіндерімен танысады.
17. «Зерде» бағытында - балалар мен ересектер көне Шығыстың, Йолық, Әл-Фараби, Бируни, Қорқыт баба сынды ұлы ойшылдардың ғылыми жетістіктерімен мұқият танысады. Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогресс өрісіне белсене араласу барысында білім-тәрбие шаңырақтарын компьютерлендіруде өзіндік үлесін қосады.
18. «Құсбегі» бағытында - "Атамекен" бағдарламасын жүзеге асырушылар халқымыздың ежелгі көшпенділік өмірлерінде маңызды тұрмыстық-экономикалық рөл атқарған аңшылық өнер түрлері - бүркіт баулу, жылқы мен тазыны жарату, балық аулау, сонымен бірге олардың сыр-сипатымен, ер-тұрман әбзелдерінің түрлерімен, ерекшеліктерімен тереңірек танысады, оны күнделікті өмірде бақылайды, аңшылық өнерге арналған сайыстар өткізеді.
19. «Қыз бен жігіт» бағытында - мұғалімдер, тәрбиешілір мен оқушылар қазақ жігітімен қызының бойындағы ұлттық салт-дәстүрімізге сай көріктілігін, ептілігін, сегіз қырлы, бір сырлы жан-жақты ұлттық қасиеттерін танып біледі, сонымен қатар гигиеналық, этикалық, жыныстық, психологиялық ерекшеліктер мен байланыстарға назар аударып, оларды оқу-тәрбие жұмыстарына енгізу мен байланыстыру мәселелеріне ат салысады.
20. «Заман-ай» бағытында - оқушылар мен мұғалім, педагогтар өлкенің, аймақтың табиғатынқорғау жөніндегі ірі, ауқымды жұмыстарға араласады, құстар мен жануарлар, "Семей - Невада" "Арал - Балхаш" экологиялық қозғалыстарына белсене араласады.
21. «Алыстағы бауырлар» бағытында - оқушылар мен мұғалімдер Америкада, Батыс Еуропада тұратын қандас қазақ балаларымен ауқымды шығармашылық жұмыстар жүргізеді, тәуелсіз дипломатиялық қарым-қатынастар орнатады, озат тәжірибелер, делегациялар алмасып, конгресс-шерулер ұйымдастырады.
22. «Достық» бағытында - мұғалім-педагогтар мен оқушылар егеменді тәуелсіз қазақ мемлекетінің дамуы мен гүлденуіне өз күш-қайратын, жігерін қосқан туысқан ұлт өкілдері - И.Татишев, Г.Потонин Л.Хамиди және басқа адамдардың өмірлері мен қызметтері туралы терең оқып танысады. Тұрғылықты жерлерде интернационалдық бағыттағы істерді жандандыруға ат салысады, ұлттық мәдени орталықтармен жан-жақты тығыз байланыс орнатып,шығармашылық жұмыстар жүргізеді.
23. «Ардагер» бағытында - блалалар мен ересектер бірінші дүниежүзілік соғыстың, революцияға дейінгі кезеңдердегі патшалық Ресейдің отаршылдық және миссионерлік саясатына қарсы күрескен ұлт-азаттық қозғалыстың ардагерлері, репрессия құрбандары, Ауғаныстан оқиғасы, Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының репсессия құрбандары туралы керекті материалдар жинап, оларды насихаттау жұмыстарын жүргізеді, мұражайға көмектеседі.
24. «Ою-өрнек» бағытында - мұғалімдер мен оқушылар ұлттық ою-өрнектердің өзіндік және қайталанбас зергерлік айшықтарымен, олардың ой-түйін, мән-мағыналарымен, этнографиялық өзіндік үрдіс өрнектерімен, халық ісмерлері шеберліктерімен терең танысып, насихат жұмыстарын жүргізеді, мектеп мұражайына үлкен көмек көрсетеді.
25. «Бейнелер сыры» бағытында - балалар мен ересектер бабаларымыздың ежелгі Қазақстан аумағында сақталған көне көркемдік бейнелер мұралары мен бейіттердегі әсем айшықтар сырларымен танысады.
26. «Ата – ана» бағытында – мұғалімдер – педагогтар мен оқушылар тұрақтылықты жерлерде ата – аналармен, қоғамдық ұйымдармен , ауқымды шығармашылық жұмыстар жүргізеді, қазақ әулетінің отбасы, ошақ қасынынң жас ұрпақ тәрбиесіндегі өзіндік мәні бар психологиялық – педагогикалық ерекшеліктермен танысады, мектеп жанынан әке – ана ене, әже, женгелер тәрбиесі, үйірмелерін ашады.
27. «Шариғат-Құран» бағытында - балалар мен ересектер ғасырлар бойы өскелең жас ұрпаққа ауқымды тәрбиелік ықпал еткен қасиетті Құран кітабының тәрбиедік мәселелерімен терең оқып танысады, оның басқа діни нанымдармен байланыстығы мен ұқсастығына назар аударады. Тұрғылықты жерлерде діни-философиялық тақырыптарда пікірталас ұйымдастырады.
28. «Сәби» бағытында - мұғалім-педагогтар мен оқушылар тұрғылықты жерлерде мектепке дейінгі сәби балаларды қамқорлыққа алу бағытында шығармашылық жұмыстарға белсене араласады, оларға ағалық көмектер көрсетеді, бірлескен іс-шараларды ұйымдастырады.
29. «Қайырылымдылық» бағытында - «Атамекен» бағдарламасын жүзеге асыратын мұғалімдер мен оқушылар жалғызілікті қартайған әжелер мен қарияларға, ақыл- естері кемтар және балалар үйіндегі жетім балалар мен жасөспірімдер тағы басқа көмек қажет ететін басқа да адамдарға тікелей қамқорлық көрсетуді басты мақсат етеді, олармен мәдени – шығармашылық жұмыстарды нығайтады.
30. «Сауда» бағытында - «Атамекен» бағдарламасы жүзеге асыруды оқушылар мен мұғалімдер еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуына өз үлестерін қосу барысында сауда – саттық, делдалдық, жалға беру, ілкімділік, менеджерлік, дипломатиялық, тағы басқа экономикалық маңызы зор қазіргі істерге белсене араласады. Мектеп, кәсіпорын ұжымшар, кеншар жанынан ашылған коорпоративтер, шағын кәсіпорындар, сондай-ақ жалға жерлер алып, мал шаруашылығы тағы басқа істермен айналасады. Мектепте өздерінің арнайы қаржы есепшоттар ашады.
Достарыңызбен бөлісу: |