ҚРӘМ № 6207 06.05.2010 ж. тіркелді
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН
ЖӘНЕ ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН РЕТТЕУ МЕН
ҚАДАҒАЛАУ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІГІ
БАСҚАРМАСЫНЫҢ
ҚАУЛЫСЫ
Алматы қаласы 2010 жылғы 29 наурыз № 41
Сауда-саттықты ұйымдастырушы үшін пруденциалдық нормативтерді есептеу ережесін бекіту туралы |
«Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі Заңының 3-бабының 2-тармағының 11) тармақшасын іске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Сауда-саттықты ұйымдастырушы үшін пруденциалдық нормативтерді есептеу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Бағалы қағаздармен сауда-саттық ұйымдастырушыларға арналған пруденциалдық нормативтер туралы ережені Бекіту туралы және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 2186 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең аз мөлшері туралы» 2003 жылғы 17 қаңтардағы № 1 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі № 214 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2432 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
4. Стратегия және талдау департаменті (Н.А.Әбдірахманов):
1) Заң департаментiмен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он күндiк мерзiмде оны Агенттiктiң мүдделi бөлiмшелерiне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және «Қазақстан қаржыгерлерiнiң қауымдастығы» заңды тұлғалар бiрлестiгiне мәлімет үшін жеткізсін.
5. Ақпараттық технологиялар департаменті (Қ.А.Түсіпов) 2010 жылғы 31 тамызға дейінгі мерзімде «Банктік емес ұйымдар» модулін жетілдіруді қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары А.Ө.Алдамбергенге жүктелсін.
Төрайым Е. Бахмутова
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 29 наурыздағы № 41 қаулысымен бекітілді
Сауда-саттықты ұйымдастырушы үшін пруденциалдық нормативтерді есептеу ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Сауда-саттықты ұйымдастырушы үшін пруденциалдық нормативтерді есептеу ережесі нормативтерді есептеу тәртібін белгілейді және сауда-саттықты ұйымдастырушылар оларды міндетті сақтаулары тиіс.
2. Осы Ереженің мақсаты үшін «Standard&Poor's» агенттігінің рейтингтік бағасынан басқа қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) «Moody's Investors Service» және «Fitch» агенттіктерінің және олардың еншілес рейтингтік ұйымдарының (бұдан әрі – басқа рейтингтік агенттіктер) рейтингтік бағалары танылады.
2-тарау. «Капиталдың барынша төмен мөлшері» 1-пруденциалдық норматив
3. Сауда-саттықты ұйымдастырушының жарғылық капиталының барынша төмен мөлшері тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген 140 000 (жүз қырық мың) еселік айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен кем еместі құрайды.
4. Сауда-саттықты ұйымдастырушының меншікті капиталының барынша төмен мөлшері тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген 140 000 (жүз қырық мың) еселік айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен кем еместі құрайды.
3-тарау. «Меншікті капиталдың жеткіліктілігі» 2-пруденциалдық норматив
5. Сауда-саттықты ұйымдастырушының меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті 0,5 кем еместі құрайды.
6. Сауда-саттықты ұйымдастырушының меншікті капиталының жеткіліктілігі К1 коэффициентімен сипатталады.
К1 коэффициенті мына формула бойынша есептеледі:
К1= МК/ (Кт + От),
мұнда:
1) МК – сауда-саттықты ұйымдастырушының меншікті капиталы мыналарды:
сауда-саттықты ұйымдастырушының негiзгi қызметінің мақсаты үшiн сатып алынған және Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары жөнiндегi комитеттiң Басқармасы 1998 жылы шiлдеде бекiткен, 1999 жылғы 1 шiлдеден бастап немесе кейiн басталатын кезеңдердi қамтитын қаржылық есептілік үшiн күшiне енгізілген 38 "Материалдық емес активтер" халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (бұдан әрi - 38 Халықаралық қаржылық есептілік стандарты) сәйкес келетін лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді қоспағанда, материалдық емес активтерді;
өткен жылдардың шығындарын;
ағымыдағы жылдың шығыстарынан ағымдағы жылдың кірістері асып кетуін;
сауда-саттықты ұйымдастырушының заңды тұлғаның акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлесіне) инвестицияларын (сауда-саттықты ұйымдастырушының салымдарын) шегергенде,
мыналардың:
сатып алынған меншiктi жай акцияларды шегергенде, жай акциялар бөлігінде жарғылық капиталдың;
меншікті сатып алынған артықшылық берілген акцияларды шегергенде, артықшылық берілген акциялар бөлігінде жарғылық капиталдың;
қосымша капиталдың;
өткен жылдардың бөлiнбеген таза кiрiсiнің;
өткен жылдардың таза кірісі есебінен қалыптастырылған қорлардың, резервтердің;
ағымыдағы жылдың шығыстарынан ағымдағы жылдың кірістері асып кетуі сомасы ретінде есептеледі;
2) Кт – осы Ереженің 1, 2 және 3-қосымшаларына сәйкес кредиттік тәуекел деңгейі бойынша мөлшерленген активтердің, шартты және ықтимал міндеттемелердің, туынды қаржы құралдарының сомасы ретінде есептелетін кредиттік тәуекел.
Кредиттік тәуекел деңгейі бойынша мөлшерленетін шартты және ықтимал міндеттемелер осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес есептелген шартты және ықтимал міндеттемелер қосындысының сауда-саттықты ұйымдастырушы сәйкес кредиттік тәуекелге ұшырайтын, осы Ереженің 1-қосымшасында көрсетілген заемшының санатына сәйкес келетін тәуекелдің деңгейіне туындысы ретінде анықталады.
Своптар, фьючерстер, опциондар, форвардтар аталған қаржы құралдарының нарықтық құнының және олар бойынша кредиттік тәуекелдің қосындысын осы Ереженің 1-қосымшасында көрсетілген қарсы агенттің санатына сәйкес келетін тәуекелдің деңгейіне көбейту жолымен кредиттік тәуекелді ескеріп мөлшерленген шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелердің есебіне енгізіледі.
Своп, фьючерс, опцион және форвард операциялары бойынша кредиттік тәуекел аталған қаржы құралдарының номиналдық құнының осы Ереженің 3-қосымшасында көрсетілген және аталған қаржы құралдарын өтеу мерзімімен анықталатын кредиттік тәуекел коэффициентіне туындысы ретінде есептеледі.
Осы тармақта көрсетілген қаржы құралдарының рыноктық құны (ауыстыру құны) мынадай болып көрсетіледі:
сатып алуға арналған мәмілелер бойынша - берілген қаржы құралының номиналды шартты құнынан қаржы құралының ағымдағы нарықтық құнының асу мөлшері. Егер қаржы құралының ағымдағы нарықтық құны оның номиналды шартты құнынан аз немесе оған тең болған жағдайда, ауыстыру құны нөлге тең болады;
сатуға арналған мәмілелер бойынша - қаржы құралының ағымдағы нарықтық құнынан қаржы құралының номиналды шартты құнының асу мөлшері. Егер қаржы құралының номиналды шартты құны оның ағымдағы нарықтық құнынан аз немесе оған тең болған жағдайда, ауыстыру құны нөлге тең болады.
Бивалюталық қаржы құралдары бойынша (қаржы құралдары бойынша талап пен міндеттеме әр түрлі шетел валютасында көрсетілген қаржы құралдары бойынша) ауыстыру құны есептілікті құру күніне белгіленген бағам бойынша айқындалған міндеттемелердің теңгелік баламасынан талаптардың теңгелік баламасының асу мөлшері ретінде анықталады. Егер талаптардың теңгелік балама мөлшері міндеттемелердің теңгелік баламасынан аз немесе оған тең болған жағдайда, ауыстыру құны нөлге тең болады.
Осы тармақта көрсетілген қаржы құралдарының номиналды шартты құны бухгалтерлік есептің тиісті шоттарында мәмілелерді жасау күніне белгіленген қаржы құралдарының құны ретінде көрсетіледі. Бивалюталық қаржы құралдарының номиналды шартты құны ретінде сауда-саттықты ұйымдастырушының талаптары құрылатын валюта алынады.
Сатылған опциондар кредиттік тәуекел деңгейі бойынша мөлшерленген шартты және ықтимал міндеттемелердің есебіне кіргізілмейді.
3) От – соңғы аяқталған үш жылдағы сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесіндегі қаржы құралдармен жылдық сауда-саттық көлемінің орташа шамасының 0,0015 тең операциялық тәуекел коэффициентіне және 0,035 тең есептік коэффициентіне туындысы ретінде есептелетін операциялық тәуекел.
Жаңадан құрылған сауда-саттықты ұйымдастырушылар үшін операциялық тәуекел қаржылық жыл аяқталуы бойынша есептеледі және сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесіндегі жылдық сауда-саттық мөлшерінің орташа шамасы аяқталған жылдардың санына қарай есептеледі.
4-тарау. «Ағымдағы өтімділік» 3-пруденциалдық норматив
7. К2 - сауда-саттықты ұйымдастырушының ағымдағы өтімділігінің коэффициенті 0,015 кем еместі құрайды.
8. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ағымдағы өтімділігінің коэффициенті мына формула бойынша орташа айлық негізде есептеледі:
К2= ӨА/(П + Ш *n),
мұнда:
ӨА - осы Ереженің 9-тармағында көрсетілген сауда-саттықты ұйымдастырушының жоғарғы өтімді активтерінің мөлшері;
П – сауда-саттыққа қатысушылардың күннің соңындағы ашық нетто-позицияларының мөлшері;
Ш - сауда-саттықты ұйымдастырушының ішкі құжаттарында белгіленген, сауда-саттықты ұйымдастырушы техникалық іркіліс басталу нәтижесіндегі сауда-саттықтың бір қатысушысына өтейтін барынша жоғарғы шығынның мөлшері;
n – сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелері болып табылатын ұйымдардың саны.
9. Жоғары өтiмдi активтер есебiне мыналар енгiзiледi:
1) қолма-қол ақша;
2) тазартылған қымбат металдар;
3) Қазақстан Республикасының Үкiметi және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған мемлекеттiк бағалы қағаздар, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы шығарған бағалы қағаздар;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерiндегi және «Standard & Poor's» агенттiгiнiң «ВВВ-»-тен төмен емес ұзақ мерзiмдi борыштық рейтингi бар немесе басқа рейтингтік агенттiктердің бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегi рейтингi бар резидент емес банктердегi талап ету бойынша салымдар;
5) Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде және «Standard & Poor's» агенттiгiнiң «ВВВ-» төмен емес ұзақ мерзiмдi борыштық рейтингi бар немесе басқа рейтингтік агенттiктердің бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегi рейтингi бар резидент емес банктердегі бір түнге орналастырылған салымдар;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі 7 (жеті) күнге дейінгі өтеу мерзімі бар мерзімді депозиттер.
Сауда-саттықты ұйымдастырушы оларды кері сатып алу шарттарымен сатқан немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепiлге берілген немесе өзгеше ауыртпашылық салынған бағалы қағаздарды қоспағанда, осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген бағалы қағаздар жоғары өтімді активтердің есебіне қосылады.
5-тарау. Пруденциалдық нормативтердің есебін және пруденциалдық нормативтерді есептеу үшін қосымша мәліметтерді ұсыну тәртібі
10. Сауда-саттықты ұйымдастырушы К1 коэффициентінің мәнінің есебін алдыңғы жұмыс күнінің соңындағы, сондай-ақ ағымдағы жұмыс күнінің тікелей алдындағы әр демалыс күнінің соңындағы жағдай бойынша әр жұмыс күні жүргізеді.
Сауда-саттықты ұйымдастырушы К2 коэффициенті мәнінің есебін есептік айдың соңғы жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша ай сайын жүргізеді.
11. Сауда-саттықты ұйымдастырушы осы Ереженің 1, 2, 3-қосымшаларына сәйкес К1 коэффициенті мәнінің есебін, 4-қосымшаға сәйкес К2 коэффициенті мәнінің есебін, сондай-ақ осы Ереженің 5-қосымшасына сәйкес пруденциалдық нормативтерді орындау туралы есепті уәкілетті органға есептік тоқсаннан кейінгі айдың бесінші жұмыс күні Астана қаласының уақыты бойынша сағат 18-00-ден кешіктірмей тоқсан сайын, осы Ереженің қосымшаларының мына нысандары бойынша:
2011 жылғы 1 қаңтарға дейін:
қағаз тасымалдағышта - осы Ереженің 1, 2, 3, 4, 5-қосымшаларының;
2011 жылғы 1 қаңтардан бастап:
қағаз тасымалдағышта - осы Ереженің 5-қосымшасының;
электрондық тасымалдағышта – осы Ереженің 1, 2, 3, 4, 5-қосымшаларының нысандары бойынша ұсынады.
Есептердегі деректер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгеде көрсетіледі. Оларды жасауда пайдаланылатын өлшем бірлігі мың теңгемен белгіленеді. Бес жүз теңгеден кем сома нөлге дейін дөңгелектенеді, ал бес жүз теңгеге тең және одан астам сома мың теңгеге дейін дөңгелектенеді.
12. Қағаз тасымалдағыштағы К1, К2 коэффициенттері мәнінің есептеріне, сондай-ақ пруденциалдық нормативтерді орындау туралы есепке сауда-саттықты ұйымдастырушының бiрiншi басшысы немесе есепке қол қоюға уәкілетті тұлғасы, бас бухгалтері қол қояды, мөрмен куәландырылады және сауда-саттықты ұйымдастырушыда сақталады.
13. Электрондық тасымалдағыштағы пруденциалдық нормативтердің есептері, сондай-ақ пруденциалдық нормативтерді орындау туралы есеп ұсынылатын деректердiң құпиялылығын және түзетiлмейтiндiгiн қамтамасыз ететiн криптографиялық қорғау құралдары бар, ақпараттың жеткiзiлуiне кепiлдiк беретiн көлiк жүйесiн пайдалана отырып ұсынылады.
14. Электрондық тасымалдағышта ұсынылатын деректердiң қағаз тасымалдағыштағы деректермен сәйкестiгiн сауда-саттықты ұйымдастырушының бiрiншi басшысы немесе оның орнындағы тұлға қамтамасыз етедi.
15. Сауда-саттықты ұйымдастырушының пруденциалдық нормативтерінің мәндері осы Ережеде белгіленген мәндерге сәйкес келмеген жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушы бір жұмыс күні ішінде осы сәйкессіздіктің фактісі мен себептері туралы уәкілетті органға хабарлайды және үш жұмыс күні ішінде оларды жою бойынша іс-шаралар жоспарын уәкілетті органға береді.
Достарыңызбен бөлісу: |