Құрметті ауылдастар!
2010 жылды тарих қойнауына жіберіп, 2011 жылға да келіп жеттік. 2010 жыл еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы жыл болды.
Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі, Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі елімізді дүние жүзі елдерінің арасында беделінің орасан зор өскендігін көрсетеді. Еліміздің беделінің өсуі Елбасымыз Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасы деп білеміз.
2010 жыл біздің округ үшін жаман болған жоқ. Округте 2011 жылы 01 қаңтарындағы мәлімет бойынша халық саны – 2846 болса, 01.01.2010 жылы -2833 болған, яғни 13 адамға өсу қарқыны байқалады. Дүниеге 61 бала келсе, 19 адам қайтыс болды, табиғи өсім 42 адамға артты. Барлығы 698 жанұя 600 үйде тұрады. 2010 жылы 109 отбасындағы 332 баласы 18-ге дейінгі балалар жәрдемақысын, аз қамтылған 11 отбасылардың 46 мүшесіне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек берілді. 28 адам жұмыспен қамту бөліміне тіркелген, оның 20–сы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
Округте 3 мектеп бар. Оның 1-уі орта, 2-уі орталау мектеп. Осы мектептерде 547 оқушы білім алады. Өткен оқу жылында 201 бала ыстық тамақпен қамтылса, осы оқу жылында 272 бала ыстық тамақпен қамтылды. Оның ішінде бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен толық қамтылды.
Мүкарама орта мектебін 2009-2010 оқу жылы 42 оқушы бітірген. Оның – 41 ҰБТ-ге қатысты. Орташа балл – 91,5 болды. Ол өткен оқу жылымен салыстырғанда 16,9 баллға артық. Округ бойынша мектеп жасына дейін балалардың 81% мектепке дейінгі білім берумен қамтылған.2010 жылы біздің ауылдық округ үшін үлкен қуаныш болған Дайыр ауылынан мектеп жанындағы интернаттың ашылуы. Осы ғимаратты жөндеуге бюджеттен 45 млн. тенге қаржы бөлінді. Интернаттың ашылу рәсіміне облыс әкімі Б.Сапарбаевтың өзі қатысып, лентасын өзі қиды.Онда қазір 57 оқушы жатып, білім алуда. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Интернаттың ашылуына байланысты 12 адам жұмыспен қамтылды.
Халыққа 1-дәрігерлік емхана, 2-ФАП, 3-клуб үйі, 1- почта, 1-кітапхана, 1- учаскелік инспектор, 1-АТС, 1-әлеуметтік аптека тұрақты қызмет көрсетеді. Әлеуметтік аптека облыс әкімінің тапсырмасымен 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап істеді. Оны аудан кәсіпкері Қоқанова дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Жамбыл ауылынан жеке кәсіпкер Иманкулов Алмас осы заман талабына сай дүкен ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Тұрғындар негізінен мал өсірумен шұғылданады. 01.01.2011 жылы санақ бойынша ірі қара 6516 бас, былтырғы жылмен салыстырғанда 5 басқа өскен қой-ешкі 8194 бас, 3964 басқа кеміген, жылқы 1307 бас , 39 басқа өскен. Орта есеппен жан басына шаққанда 2,2 ірі-қара бастан, қой-ешкі 2,8 бастан, жылқы 0,4 бастан келеді.
Ауылдық округте 3 май сығатын цех, 1 ұн тартатын диірмен, 2 наубайхана, 1 су шығаратын цех, 2 тойхана, 8 дүкен кәсіпкерлікпен айналысса, 1 шағын автобус Дайыр- Зайсан бағытында жолаушы тасиды. Қазір нанның бағасы тұрақты 45 тенгеден саудалануда. Кәсіпкерлермен 2 жақты меморандум жасалған.
Биыл «Жол картасы» бағдарламасымен Дайыр ауылындағы Аманжанов көшесі ағымдағы жөндеуден өткізілді. 2010 жылы барлық егілген егін 1705 га оның 502 гектарына дәнді дақыл, 702 гектарына күнбағыс егілді. Биылғы егіннің шығымы жақсы. Округ бойынша дәнді дақылдың әр гектарынан 16,8 га өнім алынса, күнбағыстың әр гектарынан 135 ц өнім алынды.
Былтырғы қыстан сабақ алған ауыл тұрғындары биыл қыс қамына ерте кірісті. Соның нәтижесінде мал жем-шөппен толықтай қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, отын-көмір де жеткілікті тасылуда. Ауыл тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етуде жеке меншік техникасы бар азаматтар көп көмегін тигізуде. Атап айтқанда, А.Иманқұлов, Қ.Талғарбеков, М.Қожақаев, С.Еспердинов, О.Тасқынбаев.
Аудан әкімінің көмегімен аз қамтылған отбасыларға 20 т тегін көмір, 1 тоннадан 20 отбасыға таратылып берілді.
Округ бойынша 2010 жылы аса ауыр қылмыс болған жоқ. Жалпы 180 әкімшілік хаттама толтырылған. Олардың кейбіреуіне тоқатлсақ: ҚР ӘК-нің 330 бабына сәйкес ұсақ бұзақылық -1, 336 бабына сәйкес қоғамдық орында ішімдік ішіп мас күйінде жүрген -12 адам ұсталып, айыппұл салынды. 2 адам маскүнемдерді еріксіз түрде емдеу орталығына жіберілді.Сол сияқты тазалық ережесін бұзған 60 адамға, ит ұстау ережесін бұзған 39 адамға ескерту жасалып, олардың 16-на айыппұл салынды.Округ бойынша 20 адам профилактикалық есепке алынған. Оның 3- уі жасөспірімдер, Мүкарама орта мектебінің оқушылары. Ал үстінен қылмыстық іс қоғалып, істері аудандық сотқа жолданғандар 10 адам. Олардың 6 уы мал ұрлығы болса, 2- уі зат ұрлығы, 2- уі заңсыз аң аулаған. Мал ұрлығына байланысты ұсталған 4 азаматтың 2-уі біздің округтің тұрғындары болса, 2-уі Көгедай ауылының тұрғындары.
Ауылдық округінде 2010 жылы әрбір мерекеге байланысты мәдени-көпшілік шаралар өз мәнінде өтті. Атап айтқанда, 22 наурызда «Қош келдің-Әз Наурыз», 8 наурызда «Округ аруы-2010 » , қарттар күніне «Ақ босағаның алтын діңгегі» атты әжелер сайысы өткізілді.
Өздеріңіз білесіздер орталарыңызға қызмет жасағалы 1 айдың жүзі болды. Осы айдың ішінде өздеріңізбен бірге бірнеше игі шаралар жүзеге асты. Атап айтсақ, ауданда ауылдық округтер арасында «Зайсаным - шығысымның шырайы» атты көркемөнерпаздар сайысы өтті. Осы сайыста Дайыр ауылдық округі жүлделі 1-ші орынды жеңіп алды. Ақшалай 105 мың тенге, қосымша 3 домбыра сыйлығын алдық, 3 домбыра 3 ауылдың клуб үйіне берілді.
Осы көркемөнерпаздар сайысында Мүкарама орта мектебі мен Жамбыл орталау мектебінің ұжымдары зор белсенділік көрсетті. Сол үшін ұжым басшылары Дүтбаев Анарбек пен Омаров Амангелдіге зор алғысымды білдіремін. Бұл да осы ауылдың береке бірлігінің арқасы.
Ауыл спортын дамытуда біршама жұмыстар атқарылуда. Тәуелсіздік күніне орай өткізілген жарыстарда шахматтан 1-ші орын, мини футболдан 3- орынды иелендік.
Баспасөзге жазылу барысында толық жоспар орындалып, 350 дана ауданымыздың айнасы «Достық» газетіне жазылдық. Оның ішінде Дайыр ауылынан 198 отбасы, Жамбыл ауылынан 66 отбасы, Көкжыра ауылынан 86 отбасы жазылды. Бірақ «Достық» газетіне жазылу өте баяу өтті. Келешекте осы кемшілікті бірігіп жоюымыз керек. Әрбір үйде «Достық » газеті болу керек деп есептеймін.
Сонымен қатар тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевты 2020 жылға дейін президенттік өкілеттілігін ұзартуға қол жинауға 800 адамның қолы керек болса, біздің округтен 960 адамның қолын жинап, Дайыр ауылдық округінің халқы өздерінің берекесі мықты, ойлары озық екенін көрсете білді. Міне осылайша 2010 ескі жылды артқа тастап, жақсылықпен жаңа жылға қадам бастық.
2011 жылы ауылдық округ бойынша төмендегідей жұмыстар істеледі деп жоспарлануда.
-Көкжыра ауылының клуб үйі күрделі жөндеуден өткізу
- Көкжыра ауылының бір көшесін жарықтандыру
-Дайыр ауылындағы мал өлексесін тастайтын орынды қайта салу
-Көкжыра ауылы тұрғындарын сумен қамтамасыз ету. ( ауылға 2 құдық орнату)
Құрметті ауыл тұрғындары, Сіздерді келіп жеткен жаңа 2011 жылмен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, ұзақ ғұмыр, еліміздің өркендеу жолындағы қызметтеріңізге жаңа кәсіби табыс пен жақсылық тілеймін.
Рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |