Қаржы министрі Б.Т.Сұлтановтың «2015-2017 ж.ж. арналған республикалық бюджет туралы» Заңының жобасының Таныстырылымындағы Баяндамасы
ҚР Парламентінің Мәжілісі, 2014 жылы, 15 қыркүйек, 15:00 сағат
Құрметті депутаттар!
Сіздердің қарауларыңызға «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ұсынылып отыр.
Бұл құжат Бюджет кодексіне сәйкес сонымен бірге Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының және бюджет параметрлерінің негізінде әзірленген.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған Мемлекет Басшысының тапсырмаларын толық іске асыруға бағытталған.
Бұдан бұрын айтылғандай, Үкімет 2015–2017 жылдарға арналған республикалық бюджеттің келесі параметрлерін қамтамасыз ететін болады.
Түсімдердің болжамы 2015 жылы - 6 309 млрд. теңгені құрап отыр, бұл биылғы жылдың нақтыланған жоспарынан 103 млрд. теңгеге көп.
Оның ішінде кірістер (трансферттердің түсімдерін есепке алусыз) 4 338 млрд. теңге сомасында болжанады, ол 2014 жылғы деңгейден 23 млрд. теңгеге төмен (2, 3-слайдтар).
Кірістердің төмендеуінің негізгі факторлары келесі себептерге сүйеніп отыр (4, 5-слайдтар):
I. 387 млрд.теңгеге азаю мыналардың есебінен:
- сыртқы сауда айналымының өзгерістері (экпорттың өсу қарқыны 91,8%, импорттың өсу қарқыны – 95,9%) – 246 млрд.теңге;
- мұнай өндірудің төмендеуі (83 млн.тоннадан 81,8 млн.тоннаға дейін) және ішкі нарыққа жеткізулердің ұлғаюы - 121 млрд.теңге;
- рентабельділігі төмен ұйымдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемесінің төмендеуі - 7 млрд.теңге;
- 2014 жылға жоспарланған айыппұлдар (2015 жылға айыппұлдар жоспарланбайды) - 13 млрд.теңге.
II. 364 млрд.теңгеге ұлғаю мыналардың есебінен:
- ел экономикасының дамуы (жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 113,7%, жалпы қосылған құн – 125%) - 189 млрд. теңге;
- қосылған құн салығын бюджеттен қайтару сомасының төмендеуі - 27 млрд. теңге;
- салықтық әкімшілендіруді жақсарту - 65 млрд. теңге;
- шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша мөлшерлеменің артуы (2014 жылғы 1 сәуірден бастап) - 50 млрд. теңге;
- алкоголь өнімі және темекі өнімдері бойынша мөлшерлемелердің өзгеруі - 11 млрд. теңге;
- 2014 жылдың бағалауына сүйене отырып, салықтық емес түсімдердің ұлғаюы – 18 млрд. теңге;
- мемлекеттік ресурстардан астықты және мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сатудан түсетін түсімдердің ұлғаюы -2 млрд. теңге;
- басқа да факторлар (айлық есептік көрсеткіштің өзгеруі, нақты түсімдер бойынша есептеулерді нақтылау және тағы сол сияқты.) - 5 млрд.теңге.
Ұлттық қордан кепілдік берілген трансферттің 15%-ке ұлғаюы түсімдердің қосымша көзі болып табылды, ол ағымдағы жылға қарағанда 222 млрд. теңгеге өсе отырып, 1 702 млрд. теңгені құрайды.
2016 және 2017 жылдарға кірістердің түсімін алдындағы жылдың деңгейіне қарағанда тиісінше 415 және 394 млрд. теңгеге ұлғайту жоспарланады.
Үш жылға тапшылық жалпы ішкі өнімге қатысты 2015 жылы 2,2 %-тен 2017 жылы 1,7 %-ке дейін төмендей отырып, Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген шегінде анықталған.
Анықтама ретінде: тапшылық үш жылдық мерзімде: 2015 жылы – 997 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 2,2%-ті; 2016 жылы – 1 059 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 2,1%-ті; 2017 жылы – 973 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 1,7%-ті құрайды.
Республикалық бюджет шығыстары ағымдағы жылғы деңгейге қарағанда 2,6%-ке өсіммен 2015 жылға 7 307 млрд. теңге көлемінде жоспарланып отыр. 2016 жылға алдыңғы жылдың деңгейіне қарағанда 6,7%-ке өсіммен 7 797 млрд. теңге, 2017 жылға 3,9% өсіммен 8 100 млрд. теңге көлемінде жоспарланады (2-слайд).
Шығыстардың негізгі ұлғаюы бюджеттің әлеуметтік салаға бағытталуын айқындайтын іс-шаралардың іске асырылуына байланысты.
Бірінші бағыт. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттің әлеуметтік саладағы жаңа міндеттемелері 2015 жылы 194 млрд. теңге көлемінде бағаланады. Оның көлемі 2017 жылы 600 млрд. теңгеге дейін ұлғаятын болады (6-слайд).
Осы қаражат мынадай мақсаттарға бағытталатын болады:
Біріншіден, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа үлгісін енгізуге – 157 млрд. теңге. Бұл үлгі шамамен 1 410 мың азаматтық қызметшілерді қамтиды және бұл білім беру жүйесі қызметкерлерінің жалақысын 29%-ке, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 28%-ке дейін, ал басқа салалардағы азаматтық қызметшілердің жалақысын 40%-ке дейін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді (7-слайд)
Білім беру деңгейіне, біліктілігіне, орындалатын жұмыстардың күрделілігі мен жауапкершілік дәрежесіне қарай еңбекақыны төлеуді енгізу көзделіп отыр.
Жаңа әлеуметтік бастамалардың екінші блогы – «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің еңбекақы деңгейін 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 15%-ке және 2016 жылғы 1 шілдеден бастап тағы да 15%-ке арттыру болып отыр. Оған үш жылдық мерзімде жалпы сомасы 94 млрд. теңге көзделген (2015 жылға 13,3 млрд. теңге).
Анықтама ретінде: Олардың ішінде - жергілікті бюджеттерге нысаналы трансферттер түрінде 40 млрд. теңге (2015 жылға 4,7 млрд. теңге);- орталық мемлекеттік органдарға 55 млрд. теңге (2015 жылға 8,6 млрд. теңге).
Мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі мен жаңа бюджет саясатының тұжырымдамаларын іске асыру үшін еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Анықтама ретінде: Ағымдағы жылы талдау негізінде қорытындылар жасалатын болады және мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудегі қалыптасқан теңсіздікті жұмыс нәтижелеріне және сапасына байланысты етуді қамтамасыз ете отырып, оны жою жөнінде нақты іс-шаралар ұсынылатын болады.
Үшіншіден, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап стипендияларды 25%-ке арттыруға қосымша 23 млрд. теңге көзделеді.
Шығыстардың екінші бағыты бұл әлеуметтік қорғау.
Оған көзделген шығыстар 2015-2017 жылдары 5 885 млрд. теңгені, оның ішінде 2015 жылға 1 713 млрд. теңгені құрайды (8-слайд).
Ағымдағы жылмен салыстырғанда 2015 жылы шығыстар өсуінің (174 млрд. теңгеге) негізгі себептері мыналар болып табылады:
2015 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 9%-ке (инфляция деңгейінен 2%-ке оза отырып), сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды 7%-ке ұлғайтуға - 129 млрд. теңге;
2015 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақыларды 25%-ке ұлғайтуға - 23 млрд. теңге;
Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектерді арнайы гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормаларын ұлғайтуға - 3 млрд. теңге;
Шымкент қаласында мүгедектерге арналған 200 орындық оңалту орталығын салуға - 1 млрд. теңге.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына дайындалу және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар шеңберінде 2015 жылға – 5,7 млрд. теңге шығыстар көзделеді (9-слайд).
Анықтама ретінде: Осы шығыстар мыналарға:
- мәртебесі «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Заңмен анықталған 209 мың азаматқа қосқан үлесі үшін біржолғы материалдық көмекті төлеуге – 5,7 млрд. теңге;
- Астана және Мәскеу қалаларындағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларға 272 Ұлы Отан соғысы ардагерінің және оларға ілесіп жүретін адамдардың қатысуын қамтамасыз етуге (бару және қайту жолына және тұруға арналған шығыстарды төлеу) – 47 млн. теңге.
Халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдем көрсету мақсатында Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру жалғастырылатын болады. Осы мақсатқа 2015-2017 жылдары 297 млрд. теңге бағытталатын болады. Оның ішінде 2015 жылы – 92 млрд. теңге шамамен 28 мың жұмыс орнын ашуға, оқыту арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге және шамамен 50 мың адамды қоныстандыруға көзделеді (10-слайд).
Анықтама ретінде: Жалпы алғанда Жұмыспен қамту 2020 жол картасы қатысушыларының саны болжамдар бойынша 78 мың адамды құрайды.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғыртудың Тұжырымдамасы шеңберінде мынадай шығыстар көзделеді (11-слайд):
- 2016 жылдан бастап - 30 млрд. теңге күш құрылымдары қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз етуді реформалауға (күш құрылымдарының барлық қызметкерлерін ортақ зейнетақы жүйесіне ауыстыру).
Анықтама ретінде: Бюджетке қайтарылатын 50% зейнетақы жинақтаулары және ақшалай ырыздықақының 20%-ы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарына көзделген бюджет қаражатын қайта бөлу есебінен.
- 2017 жылғы 1 шілдеден бастап – 137 млрд. теңге базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау тәртібін өзгертуге.
Анықтама ретінде: Базалық зейнетақыны (бүгінгі күні зейнеткерлікке шыққан барлық азаматтарға бірдей мөлшерде беріледі) зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана тағайындау ұсынылады.
Шығыстардың үшінші бағыты - Білім беру және ғылым.
Бұл мақсаттарға 2015-2017 жылдары 1 726 млрд. теңге бөлініп отыр.
Одан 2015 жылы - 511 млрд. теңге мынадай мақсаттарға жұмсалады (12-слайд):
Біріншіден, білім объектілерін салуға 76 млрд. теңге. Оның ішінде 4 млрд. теңге республикалық объектілерді салуға және 72 млрд. теңге жергілікті маңызы бар объектілерді салуға (13-слайд):.
Осы көлем шеңберінде Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес 2017 жылға дейін үш ауысымда оқытуды және мектептердің апаттылығын жою мәселесін шешу жоспарланып отыр.
Шығыстарда үш ауысымдағылардың орнына 11 мектеп құрылысын аяқтауға 2015 жылы – 7 млрд. теңге көзделген. Қалған 49 мектеп құрылысын 2015 – 2016 жылдарға қаралған 65 млрд. теңге пул шеңберінде, оның ішінде 2015 жылы – 16 млрд. теңге шешу ұсынылады.
Екінші мәселе, «Назарбаев Университеті» және «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» дамытуға арналған нысаналы салым, 2015 жылы 64 млрд. теңгені құрайды.
Анықтама ретінде: Аталған шығыстар шеңберінде Назарбаев Мектептерінің және Университетінің қызметін әдіснамалық қамтамасыз ету және ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Назарбаев Зияткерлік Мектептерінің базасында кадрларды қайта даярлаудың үш деңгейлі жүйесі бойынша жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдерінің біліктілігін көтеру жалғастырылады. 2015-2017 жылдары 49 млрд. теңге сомаға Назарбаев Университеті ғылыми паркі объектілерінің және ғимараттарының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, оның ішінде 2015 жылы - 6 млрд. теңге көзделеді.
«Кәсіпқор» Холдингін Университет құрамына беруге байланысты 2015-2017 жылдары 31 млрд. теңге көзделді. Оның ішінде 2015 жылы 12 млрд. теңге Астана және Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі екі колледж салуға бағытталады.
2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуын кадрлық қамтамасыз ету үшін республиканың 11 жоғары оқу орнының жанында мұнай-химия, геологиялық, инженерлік және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы зертханалар ашу жоспарланып отыр.
Осы мақсаттарға 2015-2017 жылдарға жыл сайын 4 млрд. теңгеден, жалпы 12 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген.
Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 2015-2017 жылдары 300 млрд. теңге жұмсау жоспарланып отыр. Оның ішінде 2015 жылы –77 млрд. теңге (14-слайд):
Одан:
- 13 млрд. теңге Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының пилоттық мектептерінде орта білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін сынауға;
- 19 млрд. теңге білім беру қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруге.
Анықтама ретінде: Аталған қаражат курстардан өткен және біліктілікті арттырудың үш деңгейлі жүйесі бойынша сертификатталған 53,5 мың мектеп мұғалімдерінің еңбекақысын арттыру үшін көзделген. Қосымша ақы мөлшері деңгейіне қарай лауазымдық жалақының 30%-н, 70%-н және 100%-н құрайды.
«Балапан» бағдарламасының шеңберінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім тапсырысын іске асыруды жалғастыруға және балабақшалар салуға 2015-2017 жылдары 330 млрд.теңге. Оның ішінде 2015 жылы - 96 млрд. теңге көзделеді (15-слайд).
Нәтижесінде 2015-2017 жылдары мектепке дейін тәрбиеленетін және білім алатын балалар үшін 1 279 мың орын, оның ішінде 2015 жылы – 381 мың орын қамтамасыз ету, сондай-ақ 106 балабақша, 2015 жылы 40 объекті салу жоспарланып отыр.
Төртінші – Денсаулық сақтау жүйесін дамыту.
2015-2017 жылдары шығыстар 2 084 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде 2015 жылға – 690 млрд. теңге (16-слайд).
Анықтама ретінде:
- халыққа бірегей технологияларды диагностикалық қызметтерді қолдана келе, әртүрлі скрининг зерттеулерін жүргізе отырып, амбулаториялық-емханалық, арнайы және жоғары мамандандырылған көмек ұсыну жолымен ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге, сондай-ақ дәрілік заттарды және сирек және онкологиялық ауруларды емдеу үшін медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға 576 млрд. теңге;
- медицина кадрлары даярлау мен біліктілігін арттыруды қаржыландыруды жалғастыруға - 30 млрд. теңге. Көзделген қаражат шеңберінде орта, жоғары және жоғары оқудан кейінгі медициналық білім берумен шамамен орташа 33 мың адам даярланады.
- «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының жанындағы Республикалық трансплантология және онкология орталығының медициналық әлеуетін дамыту үшін әлемдік дәрежедегі онкология орталығын салуға - 12 млрд. теңге;
- жергілікті және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға – 10 млрд. теңге;
- Халықаралық Қайта құру және Даму Банкімен ратификацияланған Келісім шеңберінде денсаулық сақтау ұйымдарын басқару үшін инфрақұрылымды дамыту және бірыңғай ақпараттық жүйені кеңінен ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру – 9 млрд. теңге;
- өңірлерде 24 денсаулық сақтау объектісін салуға – 38 млрд. теңге (17-слайд).
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 80 млрд. теңге көзделген (18-слайд).
Осы қаражаттан, 2015-2017 жылдары Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 17 млрд. теңге жоспарланған. Оның ішінде 2 млрд. теңге 2015 жылы Қостанай қаласында онкодиспансерді аяқтауға және Тараз, Павлодар, Петропавл қалаларында 3 объекті құрылысын бастауға көзделеді.
Анықтама ретінде: Осы бағдарлама шеңберінде Семей қаласында Радиологиялық орталық салынғанын атап өту қажет, 2016 жылы Көкшетау, Қызылорда, Шымкент және Алматы қалаларында 4 жаңа онкологиялық диспансер салынады.
Осылайша, 2017 жылдың cоңына өңірлерде онкодиспансерлер салуға байланысты қойылған міндеттерді аяқтау болжанып отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің шығыстары шеңберінде 2015-2017 жылдары 102 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы 33 млрд. теңге халықты міндетті вакцинациялаудан өткізуге, оның ішінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 9 айлық балаларға арналған бір реттік вакцинациялауды жүргізуге көзделген.
Бюджет шығыстарының бесінші бағыты – Мәдениет пен спортты дамыту.
2015-2017 жылдары шығыстардың сомасы 193 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде 2015 жылы – 69 млрд. теңге (19-слайд).
Анықтама ретінде: Осы қаражат мыналарға жұмсалады:
- мәдениет ұйымдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге – 14 млрд. теңге. Аталған қаражат шеңберінде өзінің мәні жағынан бірегей Астана Опера және Ұлттық мұражай сияқты ұйымдарды қаржыландыру жалғастырылатын болады;
- бұқаралық спортты, ұлттық спорт түрлерін және жоғары жетістіктегі спортты қолдауға және дамытуға – 15 млрд. теңге;
- ұлттық фильмдерді шығаруға - 5 млрд. теңге. Аталған қаражат 29 фильмді аяқтауды қамтамасыз етуге және жаңа ұлттық фильмдер шығаруды бастауға мүмкіндік береді;
- спорттағы дарынды балаларды оқытуға және тәрбиелеуге, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейін білім беру ұйымдарында мамандарды даярлауға және білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсетуге – 4 млрд. теңге. Аталған шығыстар 1 365 дарынды баланы оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға, сондай-ақ 5 колледжде 200 студент қабылдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
- әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шараларды өткізу (имидждік жобалар, ұлы мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларын мерекелеу және тағы сол сияқты) –2 млрд. теңге.
Мәдениет және спорт объектілерін салуға 2015-2017 жылдары 65 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның ішінде 2015 жылға – 22 млрд. теңге.
Анықтама ретінде: Аталған шығыстар 4 спорт объектісінің құрылысын жалғастыруға және 27 объектінің, атап айтқанда 26 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастауға және Тамғалы мұражай қорығының таныстыру орталығын салуға көзделген.
Электрондық құжаттар мұрағаттарының бірыңғай жүйесін құру жұмысын бастау жоспарланып отыр.
Осыған 2015-2017 жылдары 3 млрд. теңге қаралған, оның ішінде 2015 жылы – 600 млн. теңге.
Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғастырылатын болады. Осы мақсатқа жыл сайын 3 млрд. теңге жұмсау жоспарланып отыр (20-слайд).
Шығыстардың алтыншы бағыты – Сандық эфирлі телерадио таратуды енгізу.
Осы мақсатқа 2015-2017 жылдары 23 млрд. теңге көзделген. Оның ішінде 2015 жылы – 8 млрд. теңге (слайд 21).
Анықтама ретінде: Қаржат сандық эфирлі телерадио тарату және сандық эфирлік хабарламамен қамтылған халық үшін радиотелевизиялық станциялардың санын кеңейтуге.
Нәтижесінде, 2015 жылы халықтың 74%-ы, 2017 жылға қарай 95%-ы сандық эфирлі телерадио тарату қызметтерін пайдалана алады.
Мемлекет шығыстарының жетінші бағыты – ауыл шаруашылығы.
2015-2017 жылдары шығыстар 542 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 2015 жылы 187 млрд.теңге (22-слайд).
Негізгі шығыстар мыналарды дамытуға бағытталған:
- су шаруашылығы – 42 млрд. теңге;
- орман шаруашылығы – 14 млрд. теңге;
- балық шаруашылығы – 1 млрд. теңге.
«ҚазАгро» холдингіне кредит беруге 40 млрд. теңге және мемлекеттік ресурстарға астық сатып алуға (181,5 мың тонна көлемінде) 8 млрд. теңге көзделеді.
«Агробизнес-2020» бағдарламасын іске асыруға жыл сайын 67 млрд. теңге шамасында қаражат көзделеді. Қаражат агроөнеркәсіп кешенін қаржылық қолдау шараларын жалғастыруға, өсімдік шаруашылығын, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті және ғылыми салалардың дамуына бағытталатын болады (23-слайд).
Сегізінші бағыт. Өңірлерді дамыту бағдарламасын іске асыруға 2015-2017 жылдары 1 016 млрд. теңге сомасында қаражат көзделеді.
Оның ішінде 2015 жылы 339 млрд. теңге мынадай бағыттарға (24-слайд):
Біріншіден, «Ақ-Бұлақ» бағытын іске асыруға 2015-2017 жылдары 318 млрд. теңге көлемінде қаржат қаралған. Оның ішінде 2015 жылы – 110 млрд.теңге (25-слайд).
Анықтама ретінде: Осы қаражат мыналарға бағытталады:
- ауылдық елді мекендердегі, облыс орталықтарындағы, ірі және шағын қалалардағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға – 87 млрд. теңге;
- топтық су құбырын реконструкциялауға – 12 млрд. теңге;
- ауылдық елді мекенді жерасты су қорымен қамтамасыз ету үшін іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуге – 10 млрд. теңге.
Жыл сайын бөлінетін қаржыландыру көлемі «Ақ бұлақ» бағыты бойынша қалалар мен ауылдық елді мекендерде қажетті көлемде ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді (25-слайд).
Екінші – «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағыты.
Осы бағытқа 2015-2017 жылдары 524 млрд. теңге бөлінеді. 2015 жылы 168 млрд. теңге (26-слайд).
Анықтама ретінде:
-тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы тұрғын үйді жобалауға, салуға және (немесе) сатып алуға - 37 млрд. теңге;
-кезектегілер мен жас отбасылары үшін жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үй салуға – 49,3 млрд. теңге;
-инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға - 72 млрд. теңге, оның ішінде: Алматы қаласының серіктес қалаларын дамытуға - 7 млрд. теңге;
- «Қазақстандық ипотекалық корпорация» акционерлік қоғамы арқылы «Сатып ала отырып жалдау» тұрғын үйін салуға - 10 млрд. теңге.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға 2015-2017 жылдары 60 млрд. теңге көзделіп отыр. Оның ішінде 2015 жылы 23 млрд. теңге кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін жөндеуге және коммуналдық шаруашылықты дамытуға (27-слайд).
Анықтама ретінде: Оның ішінде:
- электр, жылу, газбен жабдықтау объектілерін дамытуға – 15 млрд. теңге;
- комдоминиум объектілерін жөндеуді жүргізуге – 8 млрд. теңге;
- жылумен жабдықтау желісінде инвестициялардың негіздемелерін әзірлеуге – 1 млрд. теңге;
- әлеуметтік сала және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің энергияны үнемдеу жөніндегі іс-шараларды жүргізуге- 150 млн. теңге;
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға – 150 млн. теңге.
Өңірлерді дамыту бағдарламасының төртінші блогы – Моноқалаларды дамыту.
Осы мақсатқа 2015-2017 жылдары 69 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген. Оның ішінде 2015 жылға - 23 млрд.теңге кредиттер бойынша проценттік мөлшерлемелерді субсидиялауға, кәсіпкерлерге микрокредит беруге, сондай-ақ ағымдағы жайластыруға және инженерлік инфрақұрылымға бағытталады (28-слайд).
Сондай-ақ 2015-2017 жылдары Өңірлерді дамыту шеңберінде іс-шараларды іске асыруға жыл сайын 15 млрд. теңгеден, жалпы 45 млрд. теңге көзделген.
Тұрғын үй құрылысын дамыту, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларын кешенді шешуге және жұмыс орындарын құру мақсатында өңірлерді қаржылық қолдауды ұлғайтуға бағытталған.
Бюджет шығыстарының тоғызыншы қомақты бағыты – Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезегін іске асыру.
2015-2017 жылдары аталған бағдарламаға жалпы сомасы 167 млрд. теңге шығыстар көзделіп отыр.
Оның ішінде 2015 жылға – 59 млрд. теңге инвестициялар тартуға, техникалық реттеуді және метрологияны қамтамасыз етуге, оның ішінде еліміздің бес өңірінде сынақ зертханаларын құру және олардың жұмыс істеуіне, инновацияларды дамытуға және металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі сияқты өңдеу өнеркәсібінің 6 басым бағытына жұмсалады (29-слайд).
Оныншы. Бизнестің жол картасы–2020-ны іске асыруға 2015-2017 жылдары 152 млрд. теңге қаралған, одан 2015 жылы - 53 млрд. теңге жаңа бастамаларды субсидиялауға және кепілдік беруге, кәсіпкерлерді ақпараттық қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға және тағы басқаларға көзделеді (30-слайд).
Осылайша 10 мыңнан астам жобаны, оның ішінде 1,5 мың жаңа жобаны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша проценттік мөлшерлемелер субсидияланатын болады, оларды іске асыру нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады және бюджетке түсетін салық түсімдерінің көлемі ұлғаяды, ол шамамен 70 млрд. теңгені құрайды.
Он бірінші бағыты. ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесін дайындауға және өткізуге келесі үш жылдары 435 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінеді, одан 2015 жылы - 164 млрд. теңге көрмені ұйымдастыруға және көрме кешенін салуға көзделеді (31-слайд).
Он екінші. Ғарыш бағдарламасын дамыту.
2015-2017 жылдары осы мақсатқа 28 млрд. теңге, одан 2015 жылға – 13 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр (32-слайд).
Осы қаражат есебінен «Ғарыш аппараттарын жинақтау-сынау кешенін құру» және «Ғылыми-технологиялық сипаттағы ғарыш жүйесін құру» жобаларын іске асыру жалғастырылатын болады, ғарыш аппараттарын басқару, сондай-ақ ғарыш қызметі саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер қамтамасыз етіледі.
Осы жобаларды іске асыру еліміз үшін экономика мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын толыққанды ғарыш саласын қалыптастыруға және Қазақстанның әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына кіруге ықпал етеді.
Он үшінші. Көлік жүйесін дамытуға 2015-2017 жылдары 1 232 млрд. теңге жоспарланып отыр.
Одан 2015 жылға 404 млрд. теңге жоспарланып отыр. Осы қаражат есебінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты, сонымен бірге «Орталық-Оңтүстік» «Астана-Қарағанды-Балқаш-Қапшағай-Алматы» және Орталық-Шығыс «Астана-Павлодар-Қалбатау-Өскемен» дәліздерін салу, сондай-ақ басқа да: «Бейнеу-Ақтау-Түрікменстан шекарасы», «Омбы-Павлодар-Майқапшағай», «Астана-Қостанай-Челябі» және «Астана-Петропавл», «Алматы-Өскемен» халықаралық транзиттік дәліздерді салу сияқты ірі жобаларды іске асыру одан әрі жалғасатын болады (33-слайд).
Республикалық маңызы бар жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу (барлығы жөндеу жұмыстарымен 1 100 км қамтылатын болады, оның ішінде 259 км пайдалануға енгізу) және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту, тұрақты ішкі авиатасымалдарды субсидиялау, өзен және су көліктерін дамыту бойынша жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.
Он төртінші. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға 136 млрд. теңге, одан 2015 жылы – 67 млрд. теңге «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» темір жол желілерінің құрылысы жөніндегі жобаларға және «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамының жолаушылар вагондарын сатып алуға көзделіп отыр (34-слайд).
Шығыстардың он бесінші бағыты бұл қорғаныс қабілеттілігін және жалпы мемлекет қауіпсіздігін, құқық тәртібін қорғау мен ішкі тұрақтылықты қолдау, халықты қорғау мен дағдарыс жағдайларында басқару тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Осы мақсаттарға 2015-2017 жылдарға 3 203 млрд. теңге, одан 2015 жылы – 1 005 млрд. теңге (ағымдағы жылдың деңгейінде) көзделді.
Анықтама ретінде: Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қамтамасыз етуге 2015-2017 жылдарға 1 365 млрд. теңге, одан 2014 жылға қарағанда 12 млрд. теңгеге немесе 3,2%-ке өсе отырып, 2015 жылы - 398 млрд. теңге көзделді. Осы қаражат есебінен қару-жарақ паркін жаңарту, жаңғырту жүргізу, заманауи әскери техниканы қалпына келтіру және сатып алу қамтамасыз етіледі.
Құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар органдарының құқық тәртібін күзету мен халық пен экономика объектілерін төтенше жағдайлардан қорғау мен олардың алдын алудың тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға арналған шығыстар 2015-2017 жылдары 1 159 млрд. теңгені, одан 2015 жылы 394 млрд. теңгені құрайды.
Анықтама ретінде: Бұдан басқа республикалық бюджет жобасында 2015-2017 жылдары астанада объектілер салуға 369 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы 159 млрд. теңге, республикалық маңызы бар Алматы қаласында – 247 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылы – 107 млрд. теңге көзделген (35, 36-слайдтар).
***
Құрметті депутаттар!
Ұсынылып отырған 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері осындай.
Жалпы алғанда, келесі үш жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына жолдауында қойған міндеттері мен мемлекеттің басқа да басым міндеттерін орындау жолы болып, қалыптастырылды.
Құрметті депутаттар, бұрын атап өтілгендей, сыртқы факторлардың әр түрлі әсеріне қарамастан, ұсынылып отырған бюджет жобасында бұрын қабылданған әлеуметтік міндеттемелердің барлығын орындау көзделеді.
Сонымен бірге халықты қорғаудың, шағын және орта бизнесті қолдау мен өңірлерді дамытудың қосымша шаралары қабылдануда.
Мен және менің әріптестерім бюджет жобасын Мәжілістің комитеттері мен жұмыс топтарында талқылауға дайын екенімізді білдіреміз.
Сіздердің тараптарыңыздан сындарлы диалог пен қолдау болады деген үміттенеміз.
Назарларыңыз үшін рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |