Аудан әкімі С.Мақашовтың Қармақшы ауданының
2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы
мен алдағы атқарылатын негізгі міндеттер
туралы» есепті баяндамасы
Құрметті жерлестер!
Өткен 2015 жыл аудан халқы үшін жақсы істер мен жағымды жаңалықтарға толы болды. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда көптеген жұмыстар жасалды.
Атқарылған жұмыстар халықтың жағдайын жақсартуға, өтініш-тілектері мен көтерген мәселелерін шешу мақсатында жүргізілді және бірқатар мәселелер шешімін тапты.
(Жосалы кенті бойынша 11 ұсыныс болған, оның 5-уі орындалды, 3-уі жоспарда, 3-уі бақылауға алынды. Орындалғандар: 1) көшелердегі жолаушы өтетін жолақтарды (зебра) тиісті талаптарға сәйкестендіру, 2) көше бойында орнатылған аялдамаларды сауда жасайтын шағын дүкендер салынатындай етіп жасау мүмкіншіліктерін қарастыру, 3) абаттандыру нысандарының бұзу фактілерінің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізу, 4) аурухананы нарколог маманмен қамту, 5) Байқоңыр ғарыш айлағындағы «Протон» зымыран тасығышының құлау салдарынан аймаққа келтірілген зиян көлемін зерттеп, қорытындысын анықтау.)
Жыл қорытындылары бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң ілгерлеушіліктер болды.Жыл ішінде аудан тұрғындары, ардагерлеріміз, жалпы ел-халықтың жағдайына жанашырлықпен қарайтын белсенді азаматтарымыз қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бірлесіп жұмыс атқарды.
Атқарылған шаруалар болғанымен, алдағы міндеттер одан да ауқымды.
Сондықтан, біз бүгінгі кездесуімізде өткен жылғы жұмыстарға тоқталып, алдағы істерді нақтыламақпыз.
Жаңа жылымыздың алғашқы күнінде жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында 2016 жылдан бастап Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғаны көрсетілген.
Яғни, іс жүзінде биылғы жылдан бастап жаңа 59 заң күшіне енді. Олар жаңа құқықтық орта қалыптастыру арқылы мемлекетті нығайтып, экономика мен қоғамды жаңа серпінмен дамытып ХХІ ғасырдың ортасында қазақстандық арманымыз – көшбасшы отыз ұлттың біріне айналуға жол ашады.
Қазірдің өзінде біздің жұмысымыздың негізгі бөлігі шағын, орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейтуге бағытталған.
2015 жылы аудан бюджетінің кірістер бөлігі 8 млрд. 323 млн. теңгеге жоспарланып, 101,1 пайызға орындалды, оның ішінде өз кірістеріміз 1 млрд. 25 млн. теңгеге немесе 9,7 пайызға артық орындалып, 2014 жылмен салыстырғанда 118 млн. теңге түсім артық қамтамасыз етілді.
Бұған салық салу базасын кеңейту бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де үлкен септігін тигізді.
Бюджеттің шығыстар бөлігі жоспары 8 млрд. 490 млн-ға жоспарланып 8 млрд. 448 млн. теңгеге немесе 99,5 пайызға орындалды.
2015 жылы ауданда іске асырылған инвестициялық жобаларға 1 млрд. 951 млн. теңге бөлінді.
2015 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі
14 млрд 521 млн. теңгені құрады.
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Атап айтқанда, несие алушыларға бизнес-жоспарлар әзірленіп, кәсіпкерлерге консалтингтік көмек көрсетілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан кәсіпкерлерінің несиеге қолжетімділігі артып, 2015 жылы 176 жобаға 505,7 млн. теңге несие мен гранттар берілді. Өткенмен салыстырғанда өсім 30 пайызды құрады. Мысалы:
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша
120,4 млн. теңгенің 7 жобасы жүзеге асырылса;
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы
102,8 млн. теңгеге 14 жоба;
«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы
18,3 млн. теңгеге 6 жоба;
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 252,5 млн. теңгеге 116 жоба;
«Ақниет» бағдарламасы аясында 12,1 млн. теңгеге 33 жоба қолдау тауып жүзеге асырылды.
Осындай жобалардың жүзеге асырылуы аудандағы шағын кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік туғызды. 2015 жылы шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндірілген өнімнің көлемі 8,2 пайызға (432,6 млн. теңге), бөлшек сауда 1,1 пайызға (2959,8 млн.), шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 35 пайызға (3063), онда жұмыс істейтіндер саны 4 пайызға (5718 адам) артты. Олардан түсетін салықтың көлемі 239,8 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,8 млн. теңгеге өсті.
Өндірістің негізгі үлесін 4-5 орта кәсіпорындар және қызмет көрсету мен сауда саттық саласындағы дара кәсіпкерлер құрайды. Осының салдарынан жұмыспен қамту және аудан бюджетінің кіріс бөлігін көбейту мәселелері бүгінде өзекті болып табылады.
Осыған байланысты «Қармақшы ауданының экономика салаларын дамытудың 2015-2016 жылдарға арналған жол картасын» қабылданды.
Аталған жоспарға сай, іс-шаралардың жүзеге асуы жұмыс орындарын ашуды және жаңа өндіріс пен қызмет көрсету салаларының дамуына өз септігін тигізеді.
Осы мақсатта бүгінгі таңда аудан әкімдігі облыстық басқармалармен бірлесіп оны жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда:
Жосалы кентінен қуаты 100,0 мың тн. мұнай өнімдерінен полипропилен өндіру зауытын салу жобасы 2015 жылдың 23 желтоқсанында ҚР инвестиция және даму министрлігінің индустрияландыру картасын өзектендіру жөніндегі отырысында қаралып, өңірлік картаға енгізу жөнінде шешім шықты. Жобаны 2016 жылдан бастап жүзеге асыру жөнінде инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Сонымен бірге, «Қармақшы құрылыс» ЖШС-гі «Кірпіш зауыты қызметін ұйымдастыру жобасы» жүзеге асыру мақсатында жер қойнауын пайдалануға қажетті құжаттар дайындауда.
Сондай-ақ, өндіріске қолайлы жағдай туғызу мақсатында Жосалы кентінен индустриялық аймақ ашу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Жалпы құны 112 млн. теңге болатын бұл жобаның құрылыс жұмыстары басталды, 2016 жылы мамыр айында бітеді.
Аталған аймаққа өндірістерді орналастыру бойынша жобалар іріктелуде.
Жол картасы шеңберінде 2015 жылы Сарыөзек көлінде гидротехникалық тоспа құрылысы жүзеге асырылды. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 18,0 млн теңге бөлінді.
Сондай-ақ, Қараөзек арнасына «Қожантай» су реттегіш тоспасының құрылысын салу «Казсушар» мекемесі арқылы 2016 жылы атқарылатын болады.
Қуандария каналының арнасы «Қарақ» учаскесінде су реттегіш тоспасының құрылысын салу, «Қаракөл» мен «Таскөл», «Қоңыраұлы» учаскесіндегі көлдерінің экологиялық күйі және сумен қамтамасыз етуін жақсартуы бойынша жоба-сметалық құжаттарды дайындауға 10,5 млн. теңге бөлініп, жобалар әзірленді және мемлекеттік сараптамадан өткен сон қаржыландыруға ұсынатын боламыз.
Сонымен бірге несие серіктестік арқылы реинвест бойынша несиенің бөлінуі қамтамасыз етілді. Әрине, ең маңызды жоба-газдандыру.
Жалпы картаның жүзеге асырылуы облыс әкімінің тікелей бақылауында, жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады.
Осындай қолдау аясында жыл соңында:
«Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде несие беруге қосымша 300,0 млн теңге бөлінді, қазіргі таңда конкурс жариялау жұмыстары жүргізілуде;
Қармақшы және Жалағаш аудандары үшін Байқоңыр ӘКК арқылы қайтарымсыз грант бөлініп, біздің ауданның 40 азаматы 25,0 млн. теңге көлемінде грант алды.
Карта шеңберіндегі іс-шаралар биылғы жылы да өз жалғасын табады.
Өздеріңіз білесіздер, біздің аудан ауылшаруашылығына негізделген аймақ. Бұл сала мемлекеттің қолдауымен жақсы дамуда. Өткен жылы егіншілік саласына минералды тыңайтқыш үшін 112,2 млн. теңге, гербицид үшін 27,9 млн. теңге, суармалы су үшін 73,9 млн. теңге, көктемгі егін егу және егін жинау жұмыстары үшін 376,5 млн. теңге барлығы 590,5 млн. теңге субсидия берілді.
2015 жылы Шаруашылықтар бойынша барлығы 38 техника алынды.
Дәстүрлі күріш дақылынан басқа басқа да азық түлік маңызы зор картоп, көкөніс, бақша және майлы дақылдарды өндірістік негізде өсіруді, сонымен қатар жүгері, арпа және мал азықтық дақылдар көлемін көбейтуді қолға алуымыз қажет.
Осыған байланысты, 2016 жылы аудан бойынша жалпы егіс көлемі 2015 жылғы көлем шамасында жоспарлап отырмыз. Дегенмен, дақылдар көлемі бойынша өзгерістер болады. Мысалы, күріш дақылы 13,5 гектар жерге орналастырылмақ (2015 жылы 15,4 мың га), мал азығындық дақылдар (жоңышқа) көлемі артып 6,0 мың гектарға жетпек (2015 жылы 4,8 мың), сонымен қатар майлы дақылдар көлемін 1000 гектарға жеткізу жоспарлануда.
Биыл ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып бақша, картоп, көкөніс дақылдарын егу Тұрмағанбет, Ақтөбе, Төребай би ауылдарында қолға алынбақшы.
«Жаңажол» ЖШС-гі құны 62,0 млн теңге құрайтын күріш ақтау зауытын орнатуға жұмыс жүргізуде.
Ақтөбе ауылында «Дөйт» шаруа қожалығы құны 98,0 млн. теңге болатын Оңтүстік Кореялық күріш өңдеу зауытының құрылысын бастайды.
Тұрмағамбет пен Төребай би ауылында 5000 бас қаз өсіру, Ақтөбе ауылынан «Ақтөбе» ЖШС-гі ет бағытындағы құс фермасын және Жосалы кентіндегі өндірістік аймаққа құс етін өңдеу зауытын салу жобасын «Байқоңыр» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп іске асыруды қолға алады.
Сонымен қатар, Жосалы кентінде өндірістік аймақтан «Ет өңдеу цехын» және «Макарон шығаратын цех» ашу жоспарлануда.
Мал шаруашылығында өткен 2015 жылы оң өзгерістер болды. Статистикалық есептерге сәйкес өткен жылмен салыстырғанда мал басында өсім бар.
2015 жылы мал шаруашылығын қолдауға 49,8 млн. теңге субсидия бөлінді.
Ауданда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 22,5 млн. теңгеге 5 бас асыл тұқымды бұқа және 126 бас аналық сиыр, сонымен қатар өз қаржыларына 3 шаруа қожалығы 8 бас асыл тұқымды бұқа алып, аудан бойынша 1170 бас сиыр тұқымдық түрлендіруге қатысуда. «Құлан» бағдарламасы бойынша 2 жоба 15,5 млн. теңгеге қаржыландырылып, 55 бас бие, 6 бас асыл тұқымды айғыр сатып алынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде: 2 шаруа қожалығы әрқайсысы 10 бастан, барлығы 20 бас асыл тұқымды қошқар алып, 600 бас аналық қой басы тұқымдық түрлендіруге қатыстырылуда. Сондай-ақ, 1 шаруа қожалығы 712 бас асыл тұқымды «Ордабасы» аналық қойлары мен 24 бас асыл тұқымды қошқар әкелді. Нәтижесінде мал басында өсім бар.
2016 жылы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары жалғасын табатын болады.
Алдағы уақытта өңдеу саласының қарқынды дамуын қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан шетелдік инвесторларды тарта отырып, бірқатар серпінді жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Аудан бойынша ет бағытындағы қой шаруашылығын дамыту қолға алынады. «Евразия АгроХолдинг» компаниясымен бірлесіп ауданнан 20 мың бас қойға арналған бордақылау алаңын салу жоспарлануда. Бұл Қармақшы ауылында орналасатын болады. Жер учаскелері таңдалды, көктемде жұмыстар басталады. Оған қосымша Көмекбаев, Қуандария округтерінен 50 мың бас асыл тұқымды ет бағытындағы қой өсіруге байланысты осы инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Өткен жылы мал ауруларының алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді.
2015 жылы аудандық бюджеттен 15 аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ветеринарлық-профилактикалық және 5 ауру бойынша диагностикалық тексерулер жүргізуге 55,2 млн. теңге қаржы бөлініп, 445200 бас ауыл шаруашылығы жануарларына алдын ала егу жұмыстары жүргізілді және 68229 басқа тексеру жұмыстары жүргізілді.
2016 жылы эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге аудандық бюджеттен 55,2 млн. теңге бөлініп отыр.
2015 жылы аудандық бюджеттен жануарлардың энзоотиялық аурулары бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізуге 4,7 млн. теңге бөлініп, барлығы 39600 мал басына энзоотиялық ауруларға қарсы егу жұмыстары жүргізілді. 2016 жылы бұл жұмыстар жоспарлы жүргізіледі.
Негізінен ауданда мал өлекселерін тастайтын 14 орынның 13 типтік жобада салынған мал қорымы бар. Сонымен бірге барлық типтік жобадағы мал көмінділері жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттар жүйесіне енгізілген.
Жалпы алғанда ауданда эпизотиялық ахуал тұрақты.
Зерттеулер қорытындысымен аса қауіпті жұқпалы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруымен қолайсыз («Қармақшы», («Қуаңдария» а/о, «Қызылтам», Жосалы кенті) елді мекендерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 2487,2 мың теңге бөлініп, барлығы 21592 бас малға және 89 суат, шаңлақтарға залалсыздандыру (дезинсекциялау) жұмыстары жүргізілді.
Ауданда ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында да жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді. Жеке және заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдалануға берілген 2034,0 га 16 жер учаскесі, кәсіпкерлік мақсатында 5,6 гектар 4 жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбауына байланысты мемлекетке қайтарылды.
Жыл ішінде аукцион арқылы жекеменшікке және жалдау құқығын сату ұйымдастырылып барлығы 22,7 млн теңге республикалық және жергілікті бюджетке түсірілді.
Елді мекендер шегараларын белгілеуге байланысты Жосалы, Төретам кенттерінің жерлерін аймақтарға бөлу жобасы, Ақай ауылының шекараларын белгілеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі күні инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр.Себебі, аудан орталығы тұрғындарының жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан - жылға өсіп келеді.
Мысалы, Жосалы кентінде 1187 тұлға жер телімін алу кезегінде тұр.
Заң талаптарына сәйкес инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген жер учаскелер табысталмайды.
Аталған мәселелерді шешу мақсатында Жосалы кентінен барлығы 171 га жерге инженерлі инфрақұрылымды қамтамасыз ету жобалары әзірленді. Жоба құны 800,6 млн теңгені құрайды. Бюджет мүмкіндігіне сәйкес жоба қаржыландырылатын болады. Ал, Төретам кенті мен Ақай ауылының жер мәселелері Үкіметаралық деңгейде қаралу үстінде.
Сонымен бірге, Ақай ауылын жаңа қоныстанған аймақтарға инженерлі-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жоба құны 230,0 млн. теңгені құрайды (9 көшесіне қиыршық тас жол салу, электр желісін жүргізу, 3 КТПН орнату). Қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Ауданымызда әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, елді мекендерді байланыстыратын жолдарды жөндеу, ауылдың сәулеттік келбетін ашатын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
2015 жылы бюджеттерден бөлінген 1 млрд. 855 млн. теңгеге Ақай ауылындағы 600 орындық мектеп, сол ауылдан 280 орындық балабақша, аудандық кітапхана мен өлкетану мұражайы, Тұрмағамбет, Ақай елді мекеніндегі жергілікті су құбырының сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жобаларымен Жосалы кентінің су құбыры желілерінің құрылыстары жүргізілді.
Сонымен бірге Жосалы кентіндегі 300 орындық (№183) мектеп құрылысы мен №30 мектеп ғимаратын қайта жаңғырту жобаларына мемлекеттік сараптамамен бірге ЖСҚ әзірлеуге 7,9 млн. тг бөлінді.
2015 жылы алдағы жылдары құрылысы жүргізілетін нысандардың жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 95,6 млн теңге жұмсалды.
Қармақшы ауданында жаз-қыс мезгілінде балалар демалатын лагерь құрылысының жобасы;
ІІІ-Интернационал елді мекеніндегі 10 орындық ауылдық аурухана құрылысы;
Ақтөбе, Қармақшы елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулатория құрылысы;
Қармақшы аудандық орталық ауруханасының кәріз жүйесін, кәріз-сорап стансасын, су айдау мұнарасын монтаждау жобасы;
Төретам кентіндегі, Ақай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы;
Жосалы кентінде автоматтандырылған газ тарату стансасын орнатумен қоса Бейнеу-Шымкент" магистралды газ құбырынан газ құбыры-бұрыпының құрылысы" жобасы;
Ақай елді мекеннің артындағы Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы жобалары әзірленді
Ақай ауылдық округінің инженерлік инфрақұрылымын дамыту үшін көшелеріне қиыршық тас төсеу және электр желілерін жүргізу құрылысы" нысанына ЖСҚ әзірлеуге
Жосалы кентіндегі №183 мектеп құрылысы нысанына ЖСҚ әзірлеуге.
Бұған қосымша әлеуметтік нысандардың да күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. 2015 жылы Жосалы кентіндегі №105 орта мектеп ғимаратына (66,8 млн.тг), №2 балабақша ғимаратына (19,8 млн.тг), Ақтөбе ауылындағы мәдениет үйіне (45,7 млн.тг), аудандық мәдениет үйіне (24,4 млн.тг), денешынықтыру сауықтыру кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарына барлығы 156,7 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
2016 жылы Ақтөбе ауылының балабақша ғимаратына (25,7 млн.тг) және аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды (8,3 млн.тг).
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 6 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті (28,7 млн тг). Оның ішінде Жосалы, Төретам кенттерінен және ІІІ-Интернационал ауылынан 2 тұрғын үйден барлығы 6 үй жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 7 көпқабатты көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім әзірленіп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылған.
2015 жылы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу және оны күтіп ұстау жұмыстарына 28 млн 611 мың теңге бөлініп, Төребай би аулының кіре беріс жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қатар, елді мекендерді абаттандыру, көркейту-көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстары бойынша да біршама жұмыстар атқарылды. 2015 жылы бұл мақсатта 315,6 млн. теңге бөлінді. Абаттандыру жұмыстарын жүргізу барысында Жосалы кентінде қазақ халқының өткені мен бүгіні бейнеленген, келер ұрпаққа оның маңыздылығын насихаттайтын ескерткіштермен әспеттелген «Қазақ елі» аллея салынды, Қуандария ауылының Байтереков көшесі жөнделіп, жарықтанып, орталық алаң салынды. Жосалы кенті мен Қармақшы ауылы бойынша 7,7 шқ жарықтандыру жұмыстары жүргізілді (23,0 млн. теңге), Жосалы кентіне 10 дана автобус аялдамаларымен (16,4 млн. теңге) 24 дана бейне бақылау орнатылып ІІБ-ң бақылау орталығына қосылды (6,5 млн. теңге).
2016 жылы Жосалы кентінде жаяу жүргіншілер жолдарын салу (20000 мың теңге), Төретам кентіндегі вокзал маңындағы алаңды абаттандыру (8286 мың теңге), Алдашбай Ахун ауылының орталық алаңын абаттандыру (17641 мың теңге), Ақтөбе ауылының көшесін жарықтандыру (9487 мың теңге), Абыла елді мекенінің ауыз су жүйесін ағымдағы жөндеу (960 мың теңге) жоспарланды.
Өткен жылы санитарлық тазалық жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында 20,8 млн. теңге бөлініп (Жосалы кентіне 17,7 млн. тг, Төретам кентіне 2,5 млн. тг, Ақай ауылына 641 мың теңге), күл-қоқыс жәшіктерін сатып алынып, орнатылды (200 дана 3,4 млн. тг).
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылуда. 2015 жылы 3 елді мекенде су жүйелерінің құрылыстары жүргізілді. Олар, Тұрмағамбет, Ақай елді мекендерімен және Жосалы кентінде су құбыры желілерінің құрылысы. Жалпы құны 1 млрд 316 млн теңге. Тұрмағамбет ауылында толығымен тұрғын үйлерге ауыз су жүйелері жеткізілді.
Жосалы кенті тұрғындарының ауыз су мәселесін түбегейлі шешу мақсатында нақты жұмыстар қолға алынды. Мұны шешу әрине бір күннің жұмысы емес. Оны біз кезең-кезеңмен 2015-2017 жылдары 4 бағыт бойынша атқаруды жоспарладық.
Былтырғы жылы Жаңажол ауылы мен Жосалы кентіне дейінгі жалпы ұзындығы 19,5 шақырым қосымша су құбыры жүргізілді.
2016 жылы ОДСП «Арал» кәсіпорнының инвестициялық жобасымен ІІІ-Интернационал елді мекенінен қосымша 2 су ұнғымасын қаздырып, іске қосу жоспарлануда. Жоба құны 80,0 млн. теңге.
Сонымен бірге, Жоба құны 234,0 мың теңге болатын Жосалы кентінің ауыз су жүйесін және 2-көтерме насос станциясын қайта жаңғырту жобасын Нұрлы жол бағдарламасы арқылы қаржыландыру 2016 жылы жоспарланып отыр, құрылыс жұмыстары биыл басталу керек.
Сондай-ақ, Жосалы кентінде су құбыры желілерін тұрғын үйлерге жеткізу жобасы да әзірленді. Жоба құны 444,0 млн.теңге, бұл жобаны қаржыландыру үшін тиісті министрлікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Өздеріңіз көріп отырғандай, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы негізінен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр.
2015 жылы ауданда жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрады. Жыл басынан бері 1105 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ашылған жаңа жұмыс орындарының 923 тұрақты жұмыс болса, 182 уақытша жұмыс.
Ауданда жұмыссыздық деңгейін азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту мәселелерінде ауданда іске асырылып жатқан «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының ролі ерекше. Биыл осы бағдарлама аясында ауданға 380,9 млн. теңге бөлінді.
Бағдарлама үш бағыт бойынша нәтижелі іске асырылып келеді.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша республикалық және аудандық бюджеттерден 1 мектеп пен 1 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстарына 88.3 млн. теңге қаржы бөлініп, 18 адам уақытша жұмысқа тартылды (№105 орта мектеп ғимаратына 66,8 млн.теңге, №2 «Жұлдыз» балабақшасының ғимаратына 19,8 млн.теңге).
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 2015 жылы 116 адамға 252.5 млн. теңге несие берілді.
Бағдарламаның үшінші бағытын жүзеге асыруға 94,5 млн. теңге қаралды.
Мүгедектерді жұмысқа орналастыру жөнінде жұмыс ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда, аудан бойынша 1337 мүгедек есепте тұрады. Оның ішінде, 477-і жұмысқа жарамды, ал 39-і жұмыс жасайды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарына сәйкес ауданда 2015 жылы 35 мүгедек тұрақты жұмысқа орналастырылуға тиісті болса, нақты ауданда 39 мүгедек жұмысқа орналасты.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 1 мүгедек әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді, 2 мүгедек жастар тәжірибесіне және 23 мүгедек қоғамдық жұмысқа жіберілді. Сондай ақ, бағдарлама шеңберінде 6 мүгедек несие алды.
2015 жылы алғаш рет психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 20 балаға мемлекеттік тапсырысы арқылы сауықтыру жұмыстары жүргізіле бастады. 2016 жылы бұл қызмет Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендеріне де көрсетіле бастайды (10 балаға).
Сонымен бірге, оларды емдеу–сауықтыру орындарында демалдыру, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету, кресло-арбалармен жүретіндердің әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қол жетімділігін қамтамасыз ету назардан тыс қалмайды.
Білім беруді дамыту мемлекетіміздің басты бағыты.
Аудан бюджетінің қомақты бөлігі білім беру мекемелерінің еншісінде. Атап айтқанда, білім саласына 2015 жылы 4 млрд 209 млн. теңге бөлінсе, 2016 жылға 5 млрд 543 млн. теңге қаралып отыр. Біздің негізгі міндетіміз балаларға сапалы білім, дұрыс тәрбие беру.
Қазіргі таңда аудан мектептерінде 1836 мұғалім жұмыс істейді, оның ішінде жоғары санатты – 99, І санатты– 714, ІІ санатты-440, санаты жоғы -583. Жоғары, І санатты мұғалімдердің үлесі – 44,3 пайызды құрайды.
Сондықтан бірінші кезектегі міндет мұғалімдер корпусының кәсіби біліктілік деңгейін жетілдіру болып отыр. Бұл бағытта биылғы оқу жылында «Назарбаев зияткерлік мектебі» мен Кембридж университетінің бірлесіп жасаған бағдарламасы бойынша Астанадағы педагогикалық шеберлік орталығында 82 және қысқа мерзімді курстан 90 мұғалім өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын Қармақшы ауданы бойынша iске асыруға арналған iс-шаралар жоспарымен қамтылған міндеттердің орындалуы өз нәтижесін берді деуге болады.
Оны 2014, 2015 жылғы ҰБТ нәтижесі дәлелдейді:
2014 – 2015 оқу жылын 427 оқушы 11 сыныпты бітіріп 265 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Қатысу пайызы 62,0 орташа балл 83,14 құрап, көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 6,3 баллға жоғары болды. 8 оқушы «Алтын белгі», 2 оқушы үздік аттестатқа ие болды.
Екіншіден білім ордаларының материалдық базасын нығайту бағытында да біршама жұмыстар атқарылды.
Аудан мектептері оқулықтар мен әдістемелік құралдарымен толық қамтамасыз етілді.
Өздеріңізге белгілі 2015 жылдан бастап Байқоңыр қаласының 6 қазақ мектебі мен 1 балабақшасы Қазақстан Республикасының білім стандартына көшіріліп, Қармақшы ауданының білім бөліміне берілді.
Сонымен бірге, Байқоңыр қаласындағы мектептерге барлығы 155,9 млн. теңгеге 39 пән кабинеттерімен мультимедия-лингофон кабинеттері сатып алынды.
2015 жылы аудандағы 29 мектептегі әлеуметтік қорғалмаған, күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан 4143 оқушылар және Байқоңыр қаласындағы 2097 оқушылар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылды.
Ыстық тамақпен қамту шығындарына барлығы 243,2 млн. теңге бөлінді.
Оның ішінде: аудан мектептеріне 12 млн. теңге 1916 оқушы, Байқоңыр қаласы мектептеріне 5,6 млн. теңгеге 355 оқушы қамтылды.
Мектепке дейінгі тәрбие жайына келетін болсақ, қазіргі таңда ауданда 57 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Олардың 24-і мемлекеттік, 7-уі жеке балабақша, 26-ы шағын орталық.
Балабақшамен қамту 1-6 жастағы 74,5 пайыз болса, ал 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 100 пайызға жеткізілді.
Енді бөбекжайлармен қамтамасыз етуге жұмыс жасалады.
Тұрғындардың денсаулығын жақсарту күн тәртібінен түспеуде. Бұл саладағы көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бастысы аудан орталығындағы аудандық емхана салу мәселесі еді.
Осы мәселе 2014 жылдың желтоқсан айында шешіліп типтік жобадағы аудандық-емхана ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді.
Тұрғындар арасындағы ауруларды асқыну сатысына дейін жібермеу мақсатында скриннинктіг тексеру жүргізілуде.
2015 жылы аудан тұрғындарының 58,5 пайызы (31129 адам) скринингтік тексеруден өткізілді. Тексеру барысында 2179 науқас анықталып тиісті емдер жүргізілді.
Денсаулық саласына бөлінетін қаржы жылдан жылға өсе түсуде.
Науқастар тегін медициналық көмек көрсету айясында тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді (176,6 млн.теңге).
Медициналық қызмет сапасын көтеру және жаңа емдеу мен тексерулерді қолдану мақсатында медициналық құрал жабдықтар сатып алынып, іш жүзінде пайдаланылуда.
Амбулаториялық денгейде әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге бөлінген дәрілер 100 пайыз науқастарға тегін берілді.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес басым бақыт күндізгі емдеу стационарына берілген. Бұл мақсатта 2015 жылы ауданда 127 төсектік күндізгі емдеу стационары жұмыс жасады және 3521 науқас емделіп денсаулықтарын түзеп шықты.
Есепті мерзімде, ауданда қайтыс болғандар саны: 2014 жылмен салыстырғанда 242 науқасты құрап, 0,6 төмендеген.
Өмір сүру ұзақтылығы орташа есеппен 72 жасты құрады.
2014 жылы тіркелгені 445 адам болса, 2015 жылы тіркелгені 462 адам.
Негізінен, денсаулықтың басты шарты-салауатты өмір салты. 2015 жылдың басында ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 12960 адамға жетіп, бұл көрсеткіш аудан халқының 24,1 пайызын құраған болатын. 2015 жылдың аяғында 13539 адам болып, 25,6 пайызға жетті.
2015 жылы спорттық шараларға 15,5 млн. теңге бөлінді.
2015 жылы 90 спорттық жарыс өткізіліп, 7234 адам тартылды. Сондай-ақ, шеберлікті жетілдіру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Жыл көлемінде аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 20-алтын, 12-күміс, 13-қола медальды жеңіп алса, Азия чемпионатында 2-алтын медальді жеңіп алса, Әлем чемпионатында 1-күміс медалін иеленді. 2015 жылғы спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасына 17 спортшымыз енді.
«Сыр елі-жыр елі» дегенде, тұтастай Тұран мәдениетін, бүкіл түркі халықтарының өнері мен әдебиетін және көне сарын дәстүрін, Қорқыт бабамыздан қалған мәдени мұраларымызға мұрагерлік ететін Қармақшы топырығынын жыраулары болып табылатындығын айта кету қажет. Осы байлығымызды сақтап, одан әрі дамытуда, мәдениет объектілерінің құрылысын жүргізу, оның материалды-техникалық базасының нығайту бағытында жұмыстар атқарылуда.
Аудандық мәдениет саласы бойынша 1 аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб үйі, 1 жыраулар үйі, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі, 18 кітапхана, барлығы 35 мекеме жұмыс жасайды.
Бүгінгі күнге Ақай, Ақжар, Тұрмағамбет ауылдарының және Төретам кентінің клуб үйлері жаңа ғимаратта болса, былтырғы жылы аудандық кітапхана мен өлкетану мұражайы пайдалануға берілді.
Жыл сайын мәдениет үйлері кезек-кезегімен күрделі жөндеуден өтіп келеді, мысалы алдыңғы жылдары Жаңажол, Ш-Интернационал ауылдық мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілсе, 2015 жылы Ақтөбе ауылдық клуб үйі мен Аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді.
Мәдениет ұйымдары арқылы жыл көлемінде 691 мәдени шара өткізілді.
2015 жылы аудан көлемінде 34 қоғамдық-саяси маңызды шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 9 мемлекеттік мерекелер, 18 кәсіби мерекелер, 2 спорттық шара, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қуаңдария ауылының 50 жылдығы өткізілді.
Жастар қоғамның негізгі қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан, жастар мәселесі де біздің назарымыздан тыс қалған емес. Аудан халқының 25,8 пайызын (13880) жастар құрайды.
Жастар саласында олардың 3 қоғамдық бірлестіктері («Қармақшы Жастары», «Қорқыт елі-Қармақшы», «Төретам Жастары») және «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс жасайды.
2015 жылы жастар саясаты саласындағы іс-шараларды іске асыруға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беріліп 4 жоба жүзеге асырылды. Оларға кент, ауылдық округтерде барлығы 53 шара ұйымдастырылып, 2460 жастар өкілдері тартылды.
(ауд. бюджеттен 4,2 млн. теңге, обл. бюджеттен 1,7 млн. теңге)
2015 жылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, олардың арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу, жұмыссыздықты азайту және т.б. түрлі бағыттар бойынша көптеген шаралар ұйымдастырылды.
Ауданда жастары арасында жұмыссыздық деңгейі 2014 жылмен салыстырғанда 7,5 пайыздан 5,5 пайызға төмендеді.
Жастар арасындағы құқық бұзушылық күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Сондықтан бұл құқық қорғау органдарынын ғана емес, отбасының жалпы қоғамның қадағалауын талап етеді.
Осы орайда, жалпы қылмысты азайту мақсатында жұмыстар күшейтілді.
Жыл көлемінде қоғамдық орындар мен көшелерге және халық көп шоғырланатын орындарға арнайы халықтың сақтығын көтеруге және заң бұзушылықтың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Профилактикалық жұмыстарға мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, жастар ұйымдары, ерікті жасақшылар, сақшы сарбаздар тартылды.
Соның нәтижесінде жастар арасындағы қылмыстылық деңгейі төмендеді.
Өздеріңізге белгілі , Ұлт жоспары - 100 нақты қадамды іске асыру барысында жергілікті полиция қызметі құрылып, жаңа басшысы тағайындалды. Енді алдағы уақытта бұл жұмыстарды өздеріңізбен бірлесе отырып атқаратын боламыз.
Қадірлі қауым!
Сөз соңында, Ұлт жоспарын табысты жүзеге асыру шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасап, экономиканы дамытуға, елде бейбітшілік пен бірлікті сақтауға, мемлекеттік қызметті жетілдіруге жеткізеді. Біз осы міндеттерді іс жүзінде іске асыруға жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз.
Бүгін Сіздердің алдарыңызда ауданда атқарылған жұмыстар мен алға қойған мақсат-міндеттерімізді баяндап өттім.
Енді көкейде жүрген пікір-сұрақтарыңыз болса тыңдап, тиісті жауабын беруге әзірмін.
Назарларыңызға рахмет!
Аудан әкімінің 2016 жылғы
«04» ақпан №43-ө/нқ
өкімімен бекітілген қосымша
Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есептері барысында айтылған ұсыныстары
мен ескертулерін іске асыру жөніндегі
ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫ
Р\с
|
Сұрақ қоюшының
аты-жөні
|
Айтылған ескертулер
(ұсыныстар)
|
Ескертулерді
(ұсыныстарды)
іске асыру
жөніндегі іс-шаралар мен орындалу мерзімі
|
Жауаптылар
|
Көмекбаев ауылы
|
1
|
Оразбаев Алтынбай
ауыл тұрғыны
|
Ауылдағы электр тарату желілеріне жөндеу жүргізілсе, көнерген трансформаторлар жаңартылса?
|
2016 жылы 10 кВ әуе желісі ф.Жаңақала 2,6 км күрделі жөндеуден және 10 кВ әуе желісі Қуаңдариядан 35/10 кВ ҚС шығатын ф.Жаңақала 22,0 км күрделі жөндеуден өтеді. Қараша, 2016 ж
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
С.Жолмаханов
Н.Тастыбаев (к.б)
|
2
|
Жанбаев Сайлау
ауыл тұрғыны
|
«Қарақ»су тоспасы салынса ?
|
Негізгі мәселе су тоспасын салу арқылы «Қарақол» мен «Таскөл »көлдерін сумен қамтамасыз ету және сол арқылы аймақтағы жемшөп,мал,балық шаруашылығын дамыту. «Қоңыраулы, Көлдей» көлдер жүйесінің экологиялық жағдайын жақсарту және сумен қамтамасыз ету жобасы 177,4 млн тенгеге ТЭН жасалынып, мемлекеттік экспертизадан өтті. Бюджеттік өтінім беріліп шешімін күтуде .
|
Ә.Қошалақов
Б.Бекпанов
С.Жолмаханов
|
Қуаңдария ауылы
|
3
|
Дүйсебаев Ешмагамбет
ауыл тұрғыны
|
Ауылдық амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілсе ?
|
Дағдарысқа байланысты күрделі жөндеуге қаржы жоқ, алайда ағымдағы жөндеу жұмыстары сәуір айында басталады деп жоспарлануда
2016 жыл IІ-тоқсанда
|
Б.Накипов
Ж.Мұратбаев
А.Дәндесов
|
4
|
Дүйсебаев Ешмаганбет
ауыл тұрғыны
|
Ауылда ұялы байланыс желісі орнатылса ?
|
Ұялы байланыс желісі «Казтелеком»АҚ құзырында емес,өзге байланыс операторларында.Сондықтан да ауыл әкімдері тарапынан антенна орнататын жер мәселесі,электропитаниясын шешу,базовый станцияларды орнататын орындарын анықтап ұялы байланыс операторларының басшыларына ұсыныспен шығу керек.
|
Ә.Қошалақов
Б.Сақтағанов (к.б)
А.Дәндесов
|
Алдашбай Ахун ауылы
|
5
|
Күзеков Қуаныш
ауыл тұрғыны
|
О.Шораяқұлы көшесіне орташа
жөндеу жұмыстары жүргізілсе ?
|
Алдашбай ахун ауылдық округінің 1,9 шақырым көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2014 жылы сметалық есептеме рәсімделіп, 84 710,0 мың теңге қаржыға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылғанымен, қаржы мәселесі өз шешімін таппай отыр.
2016 жыл ІV-тоқсанда
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
Ф.Шегебаев
|
6
|
Бодашов Амантай
ауыл тұрғыны
|
Электр желілері жөнделсе ,трансформатор жаңартылса ?
|
2015 жылы ҚС-10/0,4 кВ № 116 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және осы ҚС- дан шығатын 0,4 кВ әуе желісінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 10 дана темір бетон бағанасы ауыстырылып, 1 шақырым әуе желі сымдары ауыстырылды.
2016 жыл ІV-тоқсанда
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
Н.Тастыбаев (к.б)
Ф.Шегебаев
|
Ақжар ауылы
|
7
|
Саметов Тұрабай
ауыл тұрғыны
|
Ауыл көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе ?
|
2015 - 2020 жылдарға Қармақшы ауданы бойынша күрделі, орташа жөндеу
жүргізілетін елді мекендер көшелерінің кезектілік тізімі бекітілген. Ақжар ауылдық округінің көшелерін жөндеу бөлінген қаржы көлемінде алдағы уақытта кезең- кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
2016 жыл ІV-тоқсанда
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
Қ.Мүсіркегенов
|
8
|
Саметов Тұрабай
ауыл тұрғыны
|
№28 орта мектептің от жағу бөлмесі бөлек орналыстырылып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе?
|
Жоба-сметалық құжаттары дайындалуда.Бюджеттік өтінім беру жоспарлануда .
2016 жыл ІІІ- тоқсанда
|
Б.Накипов
Б.Бекпанов
Б.Дүйсенбаев
Қ.Мүсіркегенов
|
9
|
Саметов Тұрабай
ауыл тұрғыны
|
Ауылда су ұңғымасын (скважина)қазу мәселесі шешілсе ?
|
«Гео Инвест» ЖШС-гінің берген мәліметтеріне сәйкес нысанның жобалау жұмыстарына 1,0 -1,3 млн. қаржы және ЭЦВ-8-40-70 насосын орнату, ұңғыманы бұрғылау жұмыстарына 13,5-14,0 млн теңге қаржы қажет . Қаржысы бөлінген жағдайда тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
2016 жыл ІV-тоқсанда
|
Ә.Қошалақов
Ж.Мұратбаев
Н.Махамбетов
Қ.Мүсіркегенов
|
Ақтөбе ауылы
|
10
|
Саденов Өмірбай
ауыл тұрғыны
|
№16 «Перизат»бала бақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе ?
|
2016 жылға «Перизат» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 2 млн 572 мың теңге, республикалық бюджеттен 23 млн 144 мың теңге қаржы қаралып отыр.
2016 жыл ІІ-тоқсанда
|
Ә.Қошалақов
Ж.Мұратбаев
Б.Бекпанов
О.Мұнарбаев
|
11
|
Саденов Өмірбай
ауыл тұрғыны
|
Ауылдың электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе ?
|
2016 жылы ҚС- 10/0,4 кВ № 77 ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. ҚС- 10/0,4 кВ № 75 0,4 кВ әуе желісінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қараша, 2016 ж
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
Н.Тастыбаев (к.б)
О.Мұнарбаев
|
ІІІ-Интернационал ауылы
|
12
|
Мутиев Гульали
ауыл тұрғыны
|
Ауылымыздың көшелері асфальттанады ма ?
|
2015- 2020 жылдарға Қармақшы ауданы бойынша күрделі, орташа жөндеу
жүргізілетін елді мекендер көшелерінің кезектілік тізімі бекітілген. ІІІ- Интернационал ауылдық округінің көшелерін жөндеу бөлінген қаржы көлемінде алдағы уақытта кезең- кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
2016 жыл
ІV-тоқсанда
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
Б.Байбарақов
|
Ақай ауылы
|
13
|
Итемгенов Алдоңғар
ауыл тұрғыны
|
Жаңадан ашылған №279 орта мектебіне балалар қатынауына көлік қатынасы ашылса ?
|
Ауыл әкіміне тапсырма беріліп, осы жаңадан ашылған нысандарға халықтың қатынауын қамтамасыз ету үшін ауылдың кәсіпкерлерін ұйымдастырып, жаңа «Ақай-Төретам-Ақай» бағытындағы №5 маршрут жүргізілген болатын, алайда кәсіпкерлер аталған маршрут өз-өзін ақтамайды деп, осы жұмыстар тоқтап қалған. Қазіргі таңда маршрутты іске қосып, ақтамаған кезде субсидиялау жұмыстары жүргізілетін болады
2016 жыл ІІІ-тоқсанда
|
Б.Накипов
Н.Махамбетов
Р.Байшораева
|
14
|
Қыпшақбайұлы Жақсылық
ауыл тұрғыны
|
№99 орта мектептің пәндік кабинеттері лабораториялық жабдықтармен қамтамасыз етілсе ?
|
1.Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім беру-ақпан 2016 ж,
2.Қаржы бөлінген жағдайда жұмыстың толығымен аяқталуы –шілде 2016 ж
|
Б.Накипов
Б.Бекпанов
Б.Дүйсенбаев
Р.Байшораева
|
15
|
Қыпшақбайұлы
Жақсылық
ауыл тұрғыны
|
«Казпошта»бөлімшесі ауылымызда ашылса ?
|
Ауыл әкімі әкімдік теңгерімдегі ескі балабақша ғимаратынан бір бөлме беріп, аталған бөлмеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 2016 жылдың ақпан айында Төретам бөлімшесі ретінде ашылып, жұмыс жасайды деп күтілуде.
|
Ә.Қошалақов
М.Нұрымбетова
Р.Байшораева
|
Төретам кенті
|
16
|
Балжаев Шакен
кент тұрғыны
|
Байқоңыр қаласынан Қазақстандық емхана қашан ашылады ?
|
2015 жылдың 27 қарашасында Мәскеу қаласында «Байқоңыр » кешені жөнінде ҮАК отырысынада Ресей тарапынан келісім алынды. Осы келісімді іске асыру үшін Байқоңырда РФ медициналық мекемелермен қатар ҚР стандарттарына сай медициналық мекемелер қызмет көрсетуге мүмкіндік берілетін қолданыстағы ҮАК өзгерістер еңгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
2016 жыл ІІІ-тоқсанда
|
Б.Накипов
Ж.Құдайбергенов (к.б)
М.Демесинов
|
17
|
Нагметов Әмидулла
кент тұрғыны
|
Кенттегі емхана арнайы мамандандырылған дәрігерлермен қамтамасыз етілсе ?
|
Штаттық кестеге сай Төретам кентіндегі емхана селолық емхана болуына байланысты маман дәрігерлермен қамтамасыз ету мүмкіншілігі болмауда. Бірақ аудан орталығындағы қажетті мамандарды апта сайын іс-сапармен жібереміз.
|
Б.Накипов
Ж.Құдайбергенов (к.б)
М.Демесинов
|
18
|
Утебаев Әділбек
кент тұрғыны
|
Кентте орналасқан кірістер басқармасының, казпошта, казтелеком мекемелері бөлімшелері ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе?
|
Қармақшы аудандық пошта байланыс торабы Төретам кентіндегі пошта ғимараты жаңадан салынған. Ағымдағы жөндеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты 2016 жылдың сәуір айында жүргізіледі
Кенттегі Қазақтелеком»бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде,кіреберіс маңдайша логотибі ауыстырылып,байланыстың жаңа қызмет түрлері жайында ақпараттық стенд және жарнамалар ілініп жаңаланды .Интернет жүйесі,компьютер орнатылды .
Кенттегі аудандық кірістер басқармасының филиалы Төретам кенті әкімдігінің ғимаратында орналасқан.Ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары дайындалып,мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
2016 жыл ІІ-тоқсанда
|
Ә.Қошалақов
М.Демесинов
|
Иіркөл ауылы
|
19
|
Күлшара Есембетова
ауыл тұрғыны
|
Ауылымызға қосымша медициналық қызметкер штаты берілсе ?
|
Жұмыспен қамту орталығынан жастар практикасымен жас мамандарды қамтамасыз етуге болады.Келешекте Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан маманға сұраныс беру жоспарлануда .
2016 жыл ІІІ-тоқсанда
|
Б.Накипов
Ж.Құдайбергенов (к.б)
Ә.Білжанов
|
20
|
Байкенжеев Абдулла
ауыл тұрғыны
|
Ауылымыздағы тұрғын үйлерге ауыз су құбырлары қашан кіргізіледі?
|
«Қармақшы ауданы Иіркөл ауылының тұрғын үйлерінің шекарасына дейін су құбырын жеткізу» жобасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
Жалпы сметалық құны 36860,0 мың теңгені құрайды. Қаржы бөлу мақсатында бюджеттік өтінім Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына тапсырылды.
2016 жыл ІV-тоқсанда
|
Ә.Қошалақов
Ж.Мұратбаев
Ә.Білжанов
|
Жосалы ауылы
|
21
|
Қ.Жақсылықов ауыл тұрғыны
|
Ауылымыздағы фелдьшерлік пунктке қосымша штат берілсе ?
|
Медициналық қызметкер халық санына қарай беріледі.
2016 жыл ІV-тоқсанда
|
Б.Накипов
Ж.Құдайбергенов (к.б)
Б.Қалдашбаев
|
Қармақшы ауылы
|
22
|
Таңбаев Мұхтар
ауыл тұрғыны
|
Ауылымыздағы 2 көше жарықтандырылса ?
|
Жоба-сметалық құжаты дайындалып,бюджеттік өтінім берілді .
ІІІ-тоқсан 2016 жыл
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
О.Өткелбай
|
23
|
Д.Бекмаханова ауыл тұрғыны
|
№13«Балбөбек»балабақшасының есік-терезелері ауыстырылып,ток көздерінің ауыстырылуына қаржы бөлінсе ?
|
Ақау актісі жасалынып,жоба-сметалық құжаты дайындалып.бюджеттік өтінім берілді .
ІІІ-тоқсан 2016 жыл
|
Ә.Қошалақов
О.Өткелбай
|
24
|
Оралбек Асылбеков
ауыл тұрғыны
|
Қызылтам ауылының кіре-беріс жолы мен ауыл көшелері жөнделсе ?
|
2015- 2020 жылдарға Қармақшы ауданы бойынша күрделі, орташа жөндеу
жүргізілетін елді мекендер көшелерінің кезектілік тізімі бекітілген. Қызылтам ауылының көшелерін жөндеу бөлінген қаржы көлемінде алдағы уақытта кезең- кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
ІІІ-тоқсан ,2016 жыл
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
О.Өткелбай
|
25
|
Гауһар Оспанова
ауыл тұрғыны
|
Ауылымызда мал ұрлығына тосқауыл қойылса ?
|
Жергілікті қоғамдастық жиынында мәселе қылып көтеріліп,жергілікті полиция қызметкері мен тұрғындар бірлесіп рейдтер жүргізіп пәрменді жұмыстар жүргізуге келісілді .
Үнемі жыл бойына ,2016 жыл
|
Ә.Қошалақов
Ә.Қосбармақов (к.б)
О.Өткелбай
|
Жосалы кенті
|
26
|
Айнұр Жұмабекова
(Диірментөбе бекетінің тұрғыны)
|
Бекет балаларына арналып Диірментөбе-Төретам аралығына маршрут ашылса ?
|
2016 жылдың наурыз айының 5-нен бастап тамыз айының 31-не дейін №377 «Алматы-Манғышлақ» №378 «Маңғышлақ-Алматы» поездарына «Қызылорда-Сексеуіл», «Сексеуіл-Қызылорда» бағытына 81 орындық 1 вагон тіркелу жоспарлануда.
Үнемі жыл бойына ,2016 жыл
|
Б.Накипов
Н.Махамбетов
Б.Дүйсенбаев
Д.Хамов (к.б)
А.Мереков
|
27
|
Ақжанай Сәдуақасова
(Қорқыт бекетінің тұрғыны)
|
Бекет балаларына арналып Қорқыт-Жосалы кенті аралығына маршрут ашылса ?
|
2016 жылдың наурыз айының 5-нен бастап тамыз айының 31-не дейін №377 «Алматы-Манғышлақ» №378 «Маңғышлақ-Алматы» поездарына «Қызылорда-Сексеуіл», «Сексеуіл-Қызылорда» бағытына 81 орындық 1 вагон тіркелу жоспарлануда.
Үнемі жыл бойына ,2016 жыл
|
Б.Накипов
Н.Махамбетов
Б.Дүйсенбаев
Д.Хамов (к.б)
А.Мереков
|
28
|
Несібелі Ахметова (Қорқыт бекетінің тұрғыны)
|
Ауыл ішіндегі бастауыш мектепке барар жолға құм араласқан қиыршық тас төселсе ?
|
Кент әкімі А.Мерековтың бақылауында болып,қаржы мәселесінің бөлінуіне байланысты шешімін табатын болады .
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
А.Мереков
|
29
|
Қ.Өтегенов
кент тұрғыны
|
Жосалы кентіндегі Марал баба,Наметша,Қайырбекұлы көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе ?
|
Қармақшы ауданы бойынша күрделі,орташа жөндеу жүргізілетін елді мекендер көшелерінің кезектілік тізімі бекітілген. Жосалы кенті көшелерін жөндеу бөлінген қаржы көлемінде алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады .
ІІІ- тоқсан ,2016 жыл
|
Ә.Қошалақов
Н.Махамбетов
А.Мереков
|
30
|
Қуаныш Төреев кент тұрғыны
|
Жосалы кентіндегі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицей шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілсе ?
|
1.Ақау актісі жасалды.
2.Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім беру-ақпан 2016 ж,
2.Қаржы бөлінген жағдайда жұмыстың толығымен аяқталуы –маусым 2016 ж
|
Б.Накипов
Б.Дүйсенбаев
|
31
|
Талайлы Досымова
кент тұрғыны
|
Жосалы кентіндегі «Жыраулар Үйі»ғимаратының ішіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе ?
|
Аудандық жыраулар үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін дефектілік акт жасалып, бекітілген. Соған сәйкес жүргізілетін жұмыстар көлемі нақтыланып, қазіргі таңда аудандық бюджетке ұсыныс беру жұмыстары дайындалуда. Ғимараттың ішіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу аудандық бюджетік комиссияның шешіміне қарай жыл көлемінде аяқтау межеленуде.
2016 жыл ІV тоқсан
|
Б.Накипов
Н.Бақтияров
|
32
|
А.Тұрмаханов
кент тұрғыны
|
Аудандық орталық аурухана ішінің төсек-орны мен кереуеттері жаңаланса ?
|
Материалдық техникалық базаны жаңалау мақсатындағы жұмсақ және төсек орындармен кереуеттермен қамтамасыз ету бөлінген қаражат көлеміне қарай жүргізіледі.
2016 жыл ІІІ тоқсан
|
Б.Накипов
Ж.Құдайбергенов (к.б)
|
Достарыңызбен бөлісу: |