«Ұрпақтардың зердесін –өшіре алмас ғасырлар,
Әрқашан да елдесің, ұмытылмас асылдар!»
29 мамыр күні Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ- да тәрбие жұмысы жөніндегі департамент және ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күніне орай «Қасіретті жылдар құрбандары» атты жиын өтті. Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар және қызметкерлер қатысты. Ғылыми кітапхана ұжымы «Қасіретті жылдар құрбандары» көрме ұйымдастырып, жиынға арнайы қонақтар шақырылды.
Кіріспе сөзді сонау сұрапыл « 1937» - ден бастаған тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры А.А. Жеңісова «Өзінің өткенін ұмытқанның болашағы да бұлыңғыр» деген аталы сөзбен, еліміздің жарқын болашағы жолында қаза болған осындай тұлғалардың ерлігін келешек ұрпақтың санасына сіңіру міндетіміз деп атап көрсетті.
Одан кейін кезекті сөзді алған арнайы шақырылған қонақ Қазақ радиосы директорының орынбасары, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, философия ғылымдарының кандидаты, ұлттық мәселелер,тарихи ақтаңдақтар туралы кітаптардың авторы - Болатбек Төлепберген саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағылған жалалары мен олардың көрген азаптарын тізе келе, сол ақиқатты айғақтайтын «Тауқымет пен тағзым» атты бейне дискті университет кітапханасына табыс етті. Оның ішіндегі «АЛЖИР», «Алаш туралы сөз», тақырыптарындағы деректі фильмдері мен «Аманат» атты фотосуреттер жинағын студенттерге көрсетіп, алаш арландарының қилы өмірімен таныстыруды ұсынды.
Келесі сөз алған қонақ Республикалық саяси қуғын – сүргін құрбандары қауымдастығының президенті – Жұмабек Ашуұлы халықтың санын сонау 1928 жылдан бастап хронологиялық талдаумен атап шықты. Нәубет жылдары халық не көрді, саны неге азайды, қазіргі ұрпақтың міндетін атай келе: «Ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз, Ел аман болсын,санамыз ояу болсын» деп сөзін аяқтады.
Жиналғандарға сол апатты жыл құрбандарының жарларының көрген азаптары туралы «АЛЖИР» деректі фильмі көрсетілді.
ТЖД
Достарыңызбен бөлісу: |