Р/с Индикатор Сипаттамасы



Дата17.07.2016
өлшемі292.7 Kb.
#204618


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ БЮДЖЕТ ПРОЦЕСІ


р/с

Индикатор

Сипаттамасы

1-бөлім. Бюджет процесінің жалпы сипаттамасы

1

Бюджет процесі туралы базалық заңның болуы

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді, Қазақстан Республикасының барлық аумағында әрекет етеді және барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. Бюджеттік, бюджетаралық қатынастарды реттейді, бюджет жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң, бюджет қаражатының құралуы мен пайдаланылуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдаланудың негiзгi ережелерін, принциптерін және тетiктерiн белгiлейдi.

2

Бюджет жүйесінің құрылымы (деңгейлерінің саны)

Қазақстан Республикасында бюджеттің үш деңгейі әрекет етеді:

республикалық бюджет;

облыстық бюджеттер (14) және Астана және Алматы қалаларының бюджеттері;

аудандардың бюджеттері мен облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттері.



3

Бюджет қаражатын резервілеу әдістерін қолдану (тұрақтандыру қорлары, резерв қорлары, келешек ұрпақ қорлары)

2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге арналған Ұлттық қор жұмыс істейді, онда экономиканың мұнай секторынан тікелей салықтар және мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсімдер түседі. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан түсетін республикалық бюджетке кепiлдi трансферт түрiнде жұмсалады. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепiлдiк берілген трансферт мөлшері абсолюттік тіркелген мәнде айқындалады және Қазақстан Республикасының заңымен бекiтiледi. Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімімен республикалық бюджетке түсетін түсімдер бойынша қалдықтар және республикалық бюджеттің қолма-қол ақша бақылау шотындағы бюджет қаражатының қалдықтары негізінде республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ағымдағы қаржы жылына арналған оның көлемі шеңберінде республикалық бюджетке Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан кепiлдiк берілген трансферттің қажетті сомасын анықтайды.

Жоспарланбаған шығыстарды олардың тосындығына байланысты қаржыландыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттердің құрамында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтері құрылады. Резервтер:

Қазақстан Республикасының аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін және Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге ресми гуманитарлық көмек көрсетуге;

Қазақстан Республикасының немесе оның әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгiнiң саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайларды жою үшін;

соттардың шешiмдерi бойынша мiндеттемелердi орындау үшін;

төмен тұрған деңгейдегі бюджеттердің қолма-қол ақша тапшылығын өтеу үшін пайдаланылады.



4

Бюджет заңнамасында бюджет процесін ұйымдастырудың базалық халықаралық қағидаттарын бекіту

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі мынадай принциптерге негiзделедi:

1) бірыңғайлық принципі (бюджет жүйесін ұйымдастырудың және оның жұмыс iстеуiнiң бірыңғай принциптерін қолдану, Қазақстан Республикасында бірыңғай бюджет сыныптамасын және бюджет процесiнiң бірыңғай рәсiмдерiн пайдалану);

2) толымдылық принципі (бюджетте және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсімдер мен шығыстардың көрсетiлуi, бюджет қаражаты бойынша талап құқықтарының басқаға берiлуi сияқты, бюджет қаражатын пайдалана отырып, өзара талаптарды есепке жатқызуға жол бермеу);

3) реалистік принципі (бекiтiлген (нақтыланған, түзетілген) бюджет көрсеткiштерiнiң әлеуметтік-экономикалық дамудың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары болжамдарының бекiтiлген (түзетілген) параметрлеріне, бағыттарына сәйкес келуі);

4) транспаренттiлiк принципі (мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәлiметтердi, сондай-ақ қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін бюджет процесiнiң мiндеттi ашықтығын қоспағанда, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы саласындағы нормативтік құқықтық актiлердi, бекiтiлген (нақтыланған, түзетілген) бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді, стратегиялық жоспарлар мен олардың іске асырылуы туралы есептерді, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру туралы және пайдалану туралы ақпаратты мiндеттi түрде жариялау);

5) дәйектiлiк принципі (мемлекеттік органдардың бюджеттік қатынастар саласында бұрын қабылданған шешiмдердi сақтауы);

6) нәтижелiлiк принципі (мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкiлiктi нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланған бюджеттерді әзірлеу және атқару);

7) бюджеттердің дербестік принципі (түрлі деңгейдегі бюджеттер арасында түсiмдердiң тұрақты бөлiнуiн белгілеу және осы Кодекске сәйкес олардың жұмсалу бағыттарын айқындау, осы Кодекске сәйкес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерiнiң бюджет процесін дербес жүзеге асыру құқығы, жергiлiктi бюджеттердің атқарылуы барысында қосымша алынған кiрiстердi және жергiлiктi бюджеттер қаражатының қалдықтарын жоғары тұрған бюджетке алып қоюға жол берiлмеуi, төменгі бюджеттерге оларды тиiстi өтеусіз, қосымша шығыстар жүктеуге жол берiлмеуi);

8) сабақтастық принципі (өткен кезеңде бекiтiлген әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына, базалық шығыстарға, бюджеттік мониторинг қорытындыларына, нәтижелерді бағалауға негізделген республикалық және жергiлiктi бюджеттерді жоспарлау);

9) негiздiлiк принципі (бюджет жобасына қандай да болсын түсiмдердi немесе шығыстарды енгізу қажеттiгiн және олардың көлемдерiнiң негiздiлiгiн айқындайтын нормативтік құқықтық актілер және басқа да құжаттар негiзiнде бюджетті жоспарлау);

10) уақтылылық принципі (республикалық және жергiлiктi бюджеттерге, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаның бақылау шотына түсiмдердi есептеу және оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiндегi Үкімет шотына аудару, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларына сәйкес мемлекеттік мекемелердiң міндеттемелер қабылдауы, төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларына сәйкес төлемдер жасау және тиiстi нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртiптi сақтай отырып, мерзiмiнде бюджет қаражатын алушылар шоттарына аудару);

11) кассаның бірыңғайлық принципі (бюджетке барлық түсiмдердi бірыңғай қазынашылық шотқа есептеу және бірыңғай қазынашылық шоттан барлық көзделген шығыстарды ұлттық валютамен жүзеге асыру);

12) тиiмдiлiк принципі (бюджет қаражатының бекiтiлген көлемін пайдаланып, ең үздік тікелей нәтижеге қол жеткізу қажеттiлiгiн негізге ала отырып, бюджеттерді әзірлеу және атқару немесе бюджет қаражатының аз көлемін пайдаланып, тікелей нәтижеге қол жеткізу);

13) жауапкершiлiк принципі (тікелей және түпкiлiктi нәтижелерге қол жеткізуге және бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерi мен мемлекеттік мекемелер басшыларының және квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін шешімдер қабылдағаны үшін жауапкершiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған қажетті әкiмшiлiк және басқару шешiмдерiнiң қабылдануы);

14) бюджет қаражатының атаулылық және нысаналы сипаты принципі (бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, бюджет қаражатын мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларымен көзделген нәтижелер көрсеткiштерiне қол жеткізуге бағыттауы және пайдалануы).


5

Бюджет қызметтерінің сапа стандартын қолдану

Мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғалардың қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған, жеке-дара сипаттағы және жеке және заңды тұлғалардың өтiнiшi бойынша жүзеге асырылатын жекелеген функциялар көрсетеді. Мемлекеттік қызмет көрсету мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары мен регламенттері шеңберінде ақылы немесе тегін негізде көрсетiледi. Мемлекеттік қызметтер көрсету тiзiлiмiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

6

Нәтижелілік көрсеткіштерін қолдану

Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында келтірілген стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді шешу үшін бюджеттік бағдарламалар әзірленеді. Бюджеттік бағдарлама бюджет шығыстарының бағытын айқындайды. Бюджеттiк бағдарламада оны iске асыруды бағалау үшiн тiкелей және түпкiлiктi нәтижелердiң көрсеткiштерi, сондай-ақ сапа мен тиiмдiлiк көрсеткiштерiнiң болуы тиiс.

Тiкелей нәтиже - қол жеткiзiлуi осы функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыратын немесе қызметтер көрсететiн ұйымдардың қызметiне толық байланысты болатын, көзделген бюджет қаражаты шегiнде атқарылатын мемлекеттiк функциялар, өкiлеттiктер және көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер көлемiнiң сандық сипаттамасы.

Түпкiлiктi нәтиже - белгiлi бiр мемлекеттiк орган қызметiнiң, басқа да мемлекеттiк органдар қызметiнiң тiкелей нәтижелерiне қол жеткiзумен ұштасатын, халықтың өмiр сүру деңгейi мен сапасының, әлеуметтiк саланың, экономиканың, қоғамдық қауiпсiздiктiң және мемлекеттiк басқарудың басқа да салаларының мақсатты жай-күйi (жай-күйiнiң өзгерiсi).


2-бөлім. Бюджетті қалыптастыру

1

Қаржы жылының басталу және аяқталу күні

Қаржы жылы күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталады және 31 желтоқсанында аяқталады.

2

Жылдық немесе орташа мерзімдік бюджеттік жоспарлауды қолдану (мерзімі, әдісі)

2009 жылға дейін дәстүрлі жылдық бюджеттік жоспарлау қолданылды. 2009 жылдан бастап жылжымалы негізде үш жылдық бюджеттік жоспарлау енгізілді.

3

Бюджет жобасын жасау процесінің ұзақтығы және кестені сақтау

Республикалық (жергілікті) бюджеттің жобасын жасау процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:

1) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының және бюджеттік параметрлерінің жобасын әзірлеу;

2) орталық мемлекеттік (жергілікті атқарушы) органдардың бюджеттік өтінімдерінің жобаларын әзірлеу (15 мамырға дейін және оларды Республикалық бюджет комиссиясының (төмен тұрған бюджеттің бюджет комиссиясы) қарауы);

3) ағымдағы жылдың 1 тамызынан кешіктірмей республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу (жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімі ағымдағы жылдың


1 қазанынан кешіктірмей).

4

Жылдық бюджет процесінің алдындағы жыл сайынғы жолдаулар болуы

Бюджетті дайындау Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларына, жекелеген салаларды дамыту бағдарламаларына негізделген.

5

Орташа мерзімдік макроэкономикалық болжамды қолдану (пайдаланылатын нұсқа, жыл ішіндегі түзетулер саны)

Экономикалық және бюджеттiк жоспарлауда өзара байланыс орнату мақсатында әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жылжымалы негізде бес жылдық кезеңге арнап әзiрленедi.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы:

макроэкономикалық көрсеткiштер болжамын, әлеуметтiк параметрлер болжамын, әлеуметтiк-экономикалық даму үрдiстерiн, басымдықтарын, нысаналы индикаторлары мен көрсеткiштерiн;

бюджеттiк параметрлердiң үш жылға арналған болжамын (салық-бюджет саясатының негiзгi бағыттарын, мемлекеттік органдар шығыстарының болжамды көлемiн) қамтуға тиiс.



6

Бюджетті жасауға өкілеттік берілген атқарушы билік органы және оның құзыреттігінің толықтығы

Қаржы министрлігі бюджетті жасау мен атқаруға уәкілетті орган болып табылады. Өнің өкілеттігіне республикалық бюджет жобасын және бюджетке өзгерістер енгізу (бюджетті нақтылау) жобаларын әзірлеу, бюджеттік бағдарламалар тізбесін қалыптастыру, бюджеттік өтінімдер жасау тәртібін айқындау, бюджеттік мониторинг жүзеге асыру, бюджеттік есеп жүргізу және есептілік жасау мен ұсыну тәртібін айқындау, бюджеттік қаражатты басқару жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау жүргізу кіреді.

Аудандық деңгейде осы өкілеттілікті экономика және қаржы бөлімі жүзеге асырады (бюджеттік өтінімдер жасау тәртібін айқындау, бюджеттік есеп жүргізу және есептілік жасау мен ұсыну тәртібін айқындаудан басқа)



7

Бірыңғай/бөлек бюджеттік жоспарлау әдістерін қолдану (кірістер мен шығыстар, инвестициялық және ағымдағы шығыстар)

Бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін бірыңғай жоспарлау әдісі пайдаланылады. Салықтық, салықтық емес түсiмдер, негiзгi капиталды сатудан түскен түсiмдер, трансферттік түсімдер бюджет кiрiстерi болып табылады. Шығындар, бюджет кредиттерi, қаржы активтерiн сатып алу, қарыздарды өтеу бюджеттiң шығыстары болып табылады.

Жалпы бюджет процесі бірыңғай бюджеттік сыныптаманың негізінде жүзеге асырылады. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама (ББС) объектiлерге топтамалық кодтар бере отырып, бюджет түсiмдерi мен шығыстарын функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру болып табылады. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы бюджетті жоспарлауға уәкілетті орган ретінде Қаржы министрлігі жасайды.

Белгілі бір сипаттамалар бойынша барлық деңгейдегі бюджеттер түсімдерінің топтамасы (экономикалық белгілер бойынша, олардың көздері мен түрлері бойынша) ББС бюджет түсімдерінің сыныптамасы болып табылады.

Функционалдық және ведомстволық белгiлер бойынша бюджеттiк қаражаттың жұмсалу бағыттарын айқындайтын, мемлекет функцияларының орындалуын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларын iске асыруды көрсететiн барлық деңгейлердегi бюджеттер шығыстарының топтамасы ББС бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.

Бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсететiн экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру ББС бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.


8

Бюджет жобасын дайындау нысаны (қаржы бөлу туралы бірыңғай акті/бірнеше актілер)

Бюджет кіріс және шығыс бөлікті қамтитын бірыңғай акті нысанында дайындалады. Тиісті жылға және жоспарлы кезеңге арналған аудандық бюджет аудан мәслихатының шешімімен бекітіледі. Кезектi қаржы жылына арналған аудандық бюджет туралы мәслихат шешімі жобасының мәтiнiнде:

     - кiрiстердiң, трансферт түсiмдерiнiң, шығындардың, таза бюджеттiк кредиттеудiң, қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдоның, тапшылықтың (профициттiң), тапшылықты қаржыландырудың (профициттi пайдаланудың) көлемi;

     - облыстық бюджеттен ауданның бюджетіне берілетін бюджеттік субвенциялардың көлемі;

     - ауданның бюджетінен облыстық бюджетке бюджеттік алып қоюдың көлемі;

     - ауданның жергілікті атқарушы органы резервінің мөлшері;

     - басқа да ережелер қамтылуға тиiс.



9

Бюджет жобасын түсіндіретін құжаттардың болуы

Аудандық бюджет туралы мәслихат шешімі жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттар және материалдар:

1) өңірдің әлеуметтiк-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы;

2) аудандық бюджет жобасында енгiзiлген шешiмдердi ашып көрсететiн түсiндiрме жазба ұсынылады.


3-бөлім. Бюджетті өкілетті органның (мәслихат) бекітуі

1

Бюджет туралы шешім жобасын қарау және бекіту кезінде өкілетті орган комиссиясының өкілеттіліктері

Мәслихат тұрақты комиссиясы отырысында бюджетті мақұлдайды, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

2

Бюджет жобасын өкілетті органның қарау ұзақтығы

Жергілікті атқарушы орган (әкімдік) бюджет туралы шешім жобасын аудандық мәслихатқа ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасынан кешіктірмей енгiзедi. Аудандық бюджет туралы шешім жобасын мәслихат 28 желтоқсанына дейін қабылдайды.

3

Ағымдағы жылғы бюджетке өзгерістер енгізу туралы заңды заң шығарушы органның қабылдауы (тұрақты/тұрақсыз)

Республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Парламенті депутаттарының ұсыныстары негізінде бюджетті нақтылау нысанында жүзеге асырылады. Бюджетті нақтылау тұрақты, жылына бір реттен кем емес жүргізіледі. 2010 жылы республикалық бюджетті нақтылау екі рет болды (наурызда және қазанда).

Жергілікті атқарушы органның бастамашылығы бойынша жергілікті бюджетті ағымдағы қаржы жылы ішінде тоқсанына бір реттен артық емес нақтылауға жол беріледі. Облыстық бюджетті, Астана және Алматы қалаларының, аудандардың (облыстық маңызы бар қала) бюджеттерін оның атқарылуы кезінде нақтылау тиісті жергілікті атқарушы органның және (немесе) мәслихат депутаттарының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады.



4-бөлім. Бюджеттің атқарылуы, есеп пен есептілік

1

Бюджеттің жалғыз шотының немесе көптеген бюджет шоттарының болуы

Бiрыңғай қазынашылық шот аударым операцияларын орталықтандырып жүзеге асыру және олардың есебiн жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган ретінде Қаржы министрлігіне ұлттық валютамен ашылады. Бiрыңғай қазынашылық шотқа ақшалай нысанда бюджетке түсетін түсімдер толық көлемде аударылады. Бiрыңғай қазынашылық шот қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы ақша қалдықтарын қамтиды. Қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын Қаржы министрлігі мемлекеттік мекемелерге ашады.


2

Бюджеттің атқарылуына кассалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын орган және ол қамтамасыз ететін бюджеттік жүйені қамтудың толықтығы

Бюджеттің атқарылуына кассалық қызмет көрсетуді қазынашылық органдары (Қазынашылық комитеті мен қазынашылық департаменті) жүзеге асырады, олардың функцияларына:

- республикалық бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру;

- жергілікті бюджеттерге, оның ішінде мемлекеттік мекемелердің шоттарына қызмет көрсету;

- қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасау және оған өзгерістер енгізу;

- түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есептеу;

- мемлекеттік мекемелердің шарттарын тіркеу;

- мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері бойынша ұлттық немесе шетел валютасында төлемдер мен аударымдар жүргізу және т.б. кіреді.


3

Аудандық дербес бөлімдер (мемлекеттік мекемелер) деңгейінде бюджеттік қаржы бөлу шегін (лимитін) арттыру мүмкіндігі

Аудандық дербес бөлімдер бюджеттік қаржы бөлудің белгіленген шегін дербес арттыра алмайды. Аудандық бюджет туралы мәслихат шешімімен бекітілген қаржы бөлу туралы шешімді аудандық бюджет комиссиясы қабылдайды және аудандық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешіммен бекітіледі. Аудандық бюджет комиссиясының жұмыс органы экономика және қаржы бөлімі болып табылады.

4

Бюджеттің баптары бойынша бюджет қаражатын қайта бөлу мүмкіндігі

Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшелiктерiне және бюджеттiк бағдарламалардың кiшi бағдарламаларына қатысты және бюджеттiк бағдарлама бойынша шығыстардың жылдық және ай сайынғы көлемдерiн өзгертпейтiн өзгерiстердi мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына дербес енгiзуге құқылы. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiне қажеттi бюджеттiк бағдарлама бойынша шығыстардың ай сайынғы көлемдерiнiң өзгерiстерi бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган арқылы жүзеге асырылады. Бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстардың жылдық көлемін өзгерту аудандық мәслихат арқылы жүзеге асырылады.

Жергілікті атқарушы органдарға бір бюджеттік бағдарлама шегінде жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың сомасын бюджеттік инвестициялық жобаның сметалық құнын арттыруға байланысты шығыстарға, сондай-ақ жаңа бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қайта бөлуге тыйым салынады.

Жоғарыда көрсетілген жағдайды қоспағанда, бір бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) шеңберінде және бір облыс, Астана және Алматы қалалары, бір аудан (облыстық маңызы бар қала) шегінде бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша бюджет қаражатын үнемдеу пайда болған жағдайда, жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар арасында соманы ауыстыру жүзеге асырылады:

республикалық бюджет комиссиясы қарамастан, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің келісімі бойынша облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары;

тиісті бюджеттік комиссия қарамастан, облыстың жергілікті атқарушы органының келісімі бойынша аудандардың (облыстық маңызы бар қала) жергілікті атқарушы органдары.


5

Бюджет мониторингі және нәтижелерді бағалау

Мiндеттемелердiң уақтылы қабылданбау, бюджеттiк бағдарламалар бойынша төлемдердiң уақтылы жүргiзiлмеу себептерiн анықтау, бюджет түсiмдерi мен шығыстарының атқарылу болжамдарын жасау мақсатында жүзеге асырылатын бюджеттiң атқарылу көрсеткiштерiн тұрақты және жүйелi жинау, бақылап отыру және талдау бюджеттiк мониторинг болып табылады. Бюджеттiк мониторингтi бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi, Қаржы министрлігі және жергілікті деңгейде қаржы басқармалары жүзеге асырады.

Мемлекеттiк орган қызметiнiң ел немесе өңiр экономикасының дамуына, экономиканың, қоғамның жеке саласына (аясына) тигiзетiн әсерiн кешендi және объективтi бағалау, мемлекеттiк орган қызметi нәтижелерiнiң көрсеткiштерiне қол жеткiзудi стратегиялық жоспар мен бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалау негiзiнде талдау нәтижелердi бағалау болып табылады. Нәтижелердi бағалауды бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi және Қазақстан Республикасының Президентi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдар жүзеге асырады. Нәтижелердi бағалауды жүргiзу кезiнде үкiметтiк емес ұйымдардың (қоғамдық бiрлестiктердiң) оларды алушыларға сауал қою негiзiнде алынған мемлекеттiк қызмет көрсетудi ұсыну сапасы туралы ақпараты пайдаланылады.



6

Бюджеттің атқарылуы кезінде қолданылатын бухгалтерлік есеп әдісі

Бюджеттік есепке алу жүйесі есепке алудың кассалық әдістемесі негізінде жасалған, ол өзімен біріңғай қазынашылық шоттағы және мемлекеттік мекемелер шотындағы операциялар туралы ақшалай шамада ақпаратты тіркеу және қорытындылауды жинаудың реттелген жүйесін көрсетеді.



7

Бюджеттің атқарылуы туралы есептердің мерзімділігі

Бюджеттің атқарылуы туралы есептер ай сайын, тоқсан сайын және жылдың қорытындылары бойынша жасалады. Бюджеттің атқарылуы туралы есеп бекітілген, нақтыланған, түзетілген бюджеттерді, қабылданған, төленбеген міндеттемелерді, бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет түсімдерінің және (немесе) төленген міндеттемелердің орындалуын көрсетеді.

Аудандық экономика және қаржы бөлімі ай сайын есептi айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнiндегi жағдай бойынша аудан әкімдігіне, облыстық қаржы, сондай-ақ экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларына аудандық бюджеттiң атқарылуы туралы есеп бередi.

Аудандық экономика және қаржы бөлімі есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмей есепті қаржы жылғы аудан бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті әкімдікке және ҚРҮ уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға ұсынады. Аудан әкімдігі жыл сайын ағымдағы жылдың 20 наурызынан кешіктірмей есепті қаржы жылындағы аудан бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті тексеру комиссиясына, 1 сәуірінен кешіктірмей ауданның мәслихатына ұсынады. Бұл ретте экономика және қаржы бөлімі аудандық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептi мәслихатта қарау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді. Аудан бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есеп мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралғаннан кейін мәслихаттың сессиясында бекітіледі.


8

Үкімет бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеппен бір мезгілде заңнамалық органға ұсынатын есептік құжаттардың құрамы



Аудандық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есеп:

1) аудан бюджеті туралы мәслихаттың шешіміне қосымшаларға сәйкес аудан бюджеті көрсеткiштерiнiң атқарылуы туралы деректердi бiлдiретiн тиiстi қаржы жылындағы аудан бюджетінiң атқарылуы туралы есептен;

2) аудан бюджетінiң түсiмдер бойынша атқарылуы, жүргiзiлген бюджеттiк мониторинг және оның нәтижелерiн бағалау негiзiнде жергілікті бюджеттiк бағдарламалардың орындалуы туралы, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың есептi қаржы жылындағы стратегиялық жоспарларының нәтижелерiне, мақсаттарына қол жеткiзiлуiн және мiндеттерiнiң шешiлуiн талдау нәтижелерi туралы талдамалық есептен;

3) түсiндiрме жазбадан тұрады.



5-бөлім. Мемлекеттiк қаржылық бақылау жүйесі

1

Мемлекеттiк қаржылық бақылау

1. Мемлекеттiк қаржылық бақылауды мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын бақылау объектiлерiнiң бұзуын анықтау, жою және оған жол бермеу мақсатында жүзеге асырады.

2. Мемлекеттiк қаржылық бақылау:

1) оны жүзеге асыратын органға байланысты iшкi және сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылау;

2) бюджеттiң тиiстi деңгейiне байланысты республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк басқару деңгейiнде жүргiзiлетiн болып бөлiнедi.



2

Мемлекеттiк қаржылық бақылауды жүзеге асыратын органдар

1) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi (Президенке тiкелей бағынатын және есеп беретiн республикалық бюджеттiң атқарылуын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк қаржылық бақылаудың жоғары органы);

2) Мәслихаттардың тексеру комиссиялары (жергiлiктi деңгейдегi сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылауды жүзеге асырады);

3) Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінің (республикалық деңгейде ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асырады);

4) орталық мемлекеттік органдардың ішкі бақылау қызметтері;

5) жергілікті деңгейде ішкі бақылау қызметтері.


3

Мемлекеттiк қаржылық бақылау үлгілері мен түрлері

Мемлекеттiк қаржылық бақылау үлгiлері:

1) сәйкестiкке бақылау жасау (бақылау объектiсi қызметiнiң Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн бағалау);


2) қаржылық есептiлiктi бақылау (бақылау объектiсiнiң қаржылық есептiлiктi жасауының және табыс етуiнiң анықтығын, негiздiлiгiн және уақтылығын бағалау);
3) тиiмдiлiктi бақылау (сәйкестiкке және қаржылық есептiлiктi бақылау негiзiнде жүргiзiлетiн бағалау, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тiкелей және түпкi нәтижелерге қол жеткiзiлуiн, мемлекеттiк және бюджеттiк бағдарламаларды және т.б. пайдалануды бағалау)

Мемлекеттiк қаржылық бақылаудың түрлерi:

1) кешендi бақылау (бақылау объектiлерiнiң нақты кезеңдегi қызметiн барлық мәселелер бойынша бақылау және бағалау);

2) тақырыптық бақылау (бақылау объектiсiнiң нақты кезеңдегi қызметiн жекелеген мәселелер бойынша бақылау және бағалау);

3) үстеме бақылау (тексерiлiп отырған мәселе шеңберiнде бақылаудың негiзгi объектiсiмен өзара қатынастар мәселелерi бойынша ғана жүргiзiлетiн үшiншi тұлғалардың бақылауы);
4) бiрлескен бақылау (мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары басқа мемлекеттiк органдармен бiрлесiп жүргiзетiн бақылау).


4

Мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізуді растайтын құжаттар

Бақылау актiсi (мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары бақылау нәтижелерi бойынша жасаған құжат); бақылаудың қорытындылары туралы есеп (белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiндегi бақылау бойынша жүргiзiлген жұмыс нәтижелерi туралы мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары жасаған құжат); қаулы (Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi мен мәслихаттың тексеру комиссиясы қабылдайтын, бақылау нәтижелерiн растайтын және ол арналған барлық мемлекеттiк органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi шешiмдердi қамтитын құжат); қорытынды (Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң және мәслихаттың тексеру комиссиясының бақылау актiлерi және (немесе) аудиторлық есептер негiзiнде жасалатын құжаты); ұсыну (анықталған бұзушылықтарды және жұмыстағы кемшiлiктердi жою үшiн бақылау объектiлерiне және басқа да мүдделi тұлғаларға жiберiлген мемлекеттiк қаржылық бақылау органдарының орындауға мiндеттi құжаты);

6-бөлім. Билік деңгейлері арасында қаржылық қарым-қатынастар

1

Қоғамдық қаржыны басқарудың орталықтандырылмаған жүйесінің болуы; әр деңгейдегі билік органдарының өкілеттілігі

Республикалық және жергілікті деңгейлердегі бюджет процесi бюджеттің дербестігі қағидасында негізделген. Әртүрлі деңгейдегі бюджеттер арасындағы түсімдерді тұрақты бөлуді және оларды жұмсау бағыттарын анықтауды, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінің құқығын бюджет процесі өздігімен жүзеге асырады. Бюджет процесiнде республикалық бюджеттің облыстық бюджеттермен және Астана және Алматы қалаларының бюджеттерімен өзара қарым-қатынасы бюджетаралық қатынастар арқылы реттеледі.

2

Билік деңгейлері арасында салықтарды/табыстарды бөлу және тарату жүйесі


Салықтар/салықтық табыстарды бөлу бюджеттік жүйе деңгейлері бойынша белгіленген Республикалық бюджетке негізгі түсімдер болып мыналар: корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, импорт тауарларына акциздер, мұнай секторына салық табылады.

Облыстар, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне түсетін салықтық түсімдер: жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, қоршаған ортаға эмиссия үшін салық, орманды пайдаланғаны үшін салық.

Аудандар бюджеттеріне салықтық түсімдер: жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, жеке және заңды тұлғалар мүлкіне салынатын салық жер салығы, көлік құралдарына салынатын салық.


3










Бюджетаралық қатынастар, бюджетаралық қатынастардың түрлері

Бюджет процесiнде республикалық, облыстық бюджеттер, Астана және Алматы қалаларының бюджеттері, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерi арасындағы қатынастар бюджетаралық қатынастар болып табылады. Бұл ретте бюджет процесiнде республикалық бюджеттiң аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiмен және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң бiр-бiрiмен өзара қатынастарына жол берiлмейдi. Бюджетаралық қатынастар мемлекеттiк басқарудың деңгейлерi арасында функциялар мен өкiлеттiктердiң аражiгiнiң айқын ажыратылуына, республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерi арасында түсiмдер мен шығыстардың бiркелкi бөлiнуiне, сондай-ақ бюджетаралық трансферттердi айқындау әдiстерiнiң бiртұтастығына және ашықтығына негiзделген.

Бюджетаралық қатынастар:

1) республикалық және облыстық бюджеттiң, Астана және Алматын қалаларының бюджеттерiнiң арасында;

      трансферттермен;

      бюджеттiк кредиттермен;

      2) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттер арасында:

      трансферттермен;

      бюджеттiк кредиттермен;

      кiрiстердi бөлу нормативтерiмен реттеледi.

Бюджет деңгейлерi арасындағы трансферттер жалпы сипаттағы трансферттерге, ағымдағы нысаналы трансферттерге, нысаналы даму трансферттерiне бөлiнедi.

Бюджет субвенциялары мен бюджеттiк алып қою жалпы сипаттағы трансферттер болып табылады (өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуі деңгейін теңестіруге және шығыстардың бағыттарына сәйкес мемлекеттің кепілді қызметтерін ұсыну үшін тең фискалды мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған).

Нысаналы трансферттер ағымдағы нысаналы трансферттерге (республикалық немесе жергілікті бюджеттерде бекітілген сомалар шегінде жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемінің қолданылуы кезеңінде беріледі) және нысаналы даму трансферттерiне (бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін республикалық немесе облыстық бюджеттерде бекітілген сомалар шегінде жоғары тұрған бюджеттер төмен тұрған бюджеттерге береді) бөлiнедi.

Бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыруға және қаржы жылы iшiнде қолма-қол ақшаның болжамды тапшылығы жағдайында, тиiсiнше облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерiне республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттерден бюджеттiк кредиттер берiлуi мүмкiн.


7-бөлім. Жоспарлау және бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру

1

Бюджеттік инвестициялар және оларды жүзеге асыру жолдары

Бюджеттiк инвестициялар - бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен бюджеттiк инвестициялық жобаларды, концессиялық жобаларды iске асыру арқылы заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыру және ұлғайту, мемлекеттiң активтерiн құру есебiнен мемлекет активтерiнiң құнын ұлғайтуға бағытталған республикалық немесе жергiлiктi бюджеттен қаржыландыру;
Бюджеттiк инвестициялар:

      1) бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыру;


      2) концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру;
      3) мемлекеттiң заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

2

Бюджеттік инвестициялық жобаларды қалыптастыру

Бюджеттiк инвестициялық жобаларды жоспарлау үш кезеңде:
     1) инвестициялық ұсыныстар әзiрлеу;

     2) бюджеттiк инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн (негізгі техникалық, технологиялық және өзге шешімдер, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаның тиімділігі мен жүзеге асырылатындығын зерделеу нәтижелері туралы мәліметтер бар құжаттаманы) әзiрлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажеттi сараптамалар жүргiзу;

     3) бюджеттi әзiрлеу сатысында бюджеттiк инвестициялық жобаларды iрiктеу кезеңiнде жүзеге асырылады.

Инвестициялық ұсыныстарды әзiрлеудi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын әзiрлеу сатысында жүзеге асырады.



3

Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру

Бюджеттiк инвестициялық жобалар олардың белгiленген тәртiппен бекiтiлген техникалық-экономикалық негiздемелерiне сәйкес iске асырылады.  Бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыру шеңберiнде көзделетiн құрылыс қызметi белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.  Бiрыңғай техникалық параметрлерi бар инвестициялық жобалар бойынша үлгiлiк жоба әзiрлеу жүзеге асырылады.

4

Бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландыру арқылы, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуымен жүзеге асыру

Бюджеттен концессиялық жобаларды қоса қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын бюджеттiк инвестициялар концессия шартының негiзiнде iске асырылады.

Жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайту және олардың еншілес ұйымдарының жарғылық капиталын заңды тұлғалардың акцияларын төлеуге ұлғайту Қаржылық ұйымдар мен қаржылық нарықты реттеу және қадағалау агенттігінің тиісті куәлігімен расталатын жарияланған акцияларды (бағалы қағаздарды) шығаруды мемлекеттік тіркегеннен кейін жүзеге асырылады.



8-бөлім. Концессиялық мiндеттемелер

5.

Концессиялық мiндеттемелер

Жасалған концессия шарттары бойынша концеденттiң белгiлi бiр күнге қабылдаған және орындамаған қаржы мiндеттемелерiнiң сомасы бойынша тараптардың құқықтары мен мiндеттерiнiң жиынтығы концессиялық мiндеттемелер болып табылады; Үкiмет концессиялық мiндеттемелерді орындауды республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады, ал жергілікті концессиялық міндеттемелерін орындау жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Концессиялық міндеттемелер бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органда тіркеуге және есепке алуға жатады.

9-бөлім. Гранттарды пайдалану




Байланысты және байланыссыз гранттар

Грант - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына беретiн өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмегi.

байланыссыз гранттар - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қоса қаржыландыру көзделмейтiн гранттар;

байланысты гранттар - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе байланысты грантты iске асыруға бағытталған тиiстi бюджеттiк бағдарламаның шеңберiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздейтiн гранттар;

Байланысты гранттарды тартуға тапсырыстарды орталық мемлекеттік органдар жергілікті өкілдік және атқарушы органдардың тапсырыстарын ескере отырып Экономикалық даму және сауда министрлігіне береді.



10-бөлім. Бюджеттік кредиттеу процесі

1

Бюджеттiк кредиттеу және бюджеттік кредиттеудің шарттары

Бюджеттiк кредиттеу бюджеттiк кредиттi беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу туралы шешiм қабылдау рәсiмдерiн қамтитын процестi бiлдiредi. Кредитор, бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсi және қарыз алушы арасындағы бюджеттiк кредиттi беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу кезiнде тараптардың құқықтық қатынастарын белгiлейтiн келiсiм кредиттiк шарт болып табылады. Бюджеттiк кредиттер заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу мақсаттарына, қарыз алушылардың шаруашылық қызметiнiң залалдарын жабуына, сенiм бiлдiрiлген өкiлдердiң (агенттердiң) көрсетiлетiн қызметтерiне ақы төлеуге берiлмейдi. Кредитор (бюджеттік кредит береді), бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi, қарыз алушы, соңғы қарыз алушы (бюджеттік кредит алушы, мамандандырылған ұйымдар (банктер), жергілікті атқарушы органдар, шетел мемлекеттері, жеке тұлғалар болуы мүмкін) және сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) бюджеттiк кредиттеу субъектiлерi болып табылады. Бюджеттік кредиттер 1 жылға дейін (қысқа мерзімді), 1-5 жылға дейін (орта мерзімді), 5-30 жылға дейін (ұзақ мерзімді) беріледі. Сыйақы ставкасы тiркелген немесе құбылмалы болуы мүмкiн.

11-бөлім. Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген
қарыз алу және борыш. Мемлекет кепiлгерлiгi


2

Қарыз алу. Мемлекеттік қарыз түрлері мен нысандары

Қарыз алу - тараптардың мiндеттемелердi орындауын есепке алу, бақылау және талдау рәсiмдерiн қоса алғанда, қарыз қаражаттарын тарту қажеттiлiгi туралы шешiм қабылдау, қарызды тарту, пайдалану, өтеу және қызмет көрсету тәртiбi мен шарттарын айқындау рәсiмдерi, келiссөздер, мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету және кепiлдiктерi, қарыз бойынша тиiстi құжаттарды ресiмдеу және қол қою, қарыз шартын ратификациялау (мемлекеттiк сыртқы қарыз алу кезiнде), қарыз қаражатын алу, пайдалану рәсiмдерi кiретiн процесс. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, жергiлiктi атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қарыз алуы мемлекеттiк қарыз алу болып табылады. Мемлекеттiк қарыздар қарыз алушыға қатысты және Несие капиталының нарықтарына қарай бөлінеді.

4

Мемлекеттік борыш

Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң борышына немесе жергiлiктi атқарушы органдардың борышына жатқызылған алынған (игерiлген) және өтелмеген мемлекеттiк қарыздардың белгiлi бiр күнге сомасы мемлекеттiк борыш болып табылады. Мемлекеттiк борыш iшкi және сыртқы мемлекеттiк борышты қамтиды.

5

Мемлекет кепілдік берген қарыз алу және борыш


Қазақстан Республикасының қарыз алушы резидентi одан тиесiлi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң берешектi толық немесе iшiнара өтеуге қарыз берушiнiң алдындағы мiндеттемесi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк (үкiметтiк, егемендi) кепiлдiгi (мемлекеттiк кепiлдiк) болып табылады. Мемлекеттік кепілдіктер қарыз алушыларға Қазақстан Республикасы Резиденттерінің олардың алған мемлекеттік емес қарыздары бойынша міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету ретінде қарыз алушыларға беріледі.Қарыздар бойынша Қазақстан Республикасы атынан мемлекеттік кепілдік беруге Үкіметтің айырықша құқығы бар. Үкіметтің тапсырмасы бойынша Қаржы министрлігі республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген лимит шегінде мемлекеттік кепілдікті беруді жүзеге асырады. Қаржы министрлігі мемлекет кепілдік берген қарызға мониторингті және оны басқаруды жүзеге асырады.

6

Мемлекет кепiлгерлiгiн орындау


Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кепiлгерлiк шартына сәйкес концессиялық шарт шеңберiнде тартылған, қарыз бойынша қарыз берушi алдындағы қарыз алушының борышын толық немесе iшiнара өтеу мiндеттемесi мемлекет кепiлгерлiгi болып табылады.
Кепiлгерлiк бойынша мiндеттемелер қарыздың негiзгi сомасын және ол бойынша сыйақыны қамтиды. Мемлекеттiң кепiлгерлiгi қарыз алушыдан берешектi өндiрiп алу жөнiндегi барлық орынды шараларды қарыз берушi қабылдағаннан кейiн және (немесе) қарыз алушы банкрот деп танылған жағдайда орындалуға жатады.
Мемлекет кепiлгерлiгiн орындау республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаражат шегiнде мемлекет кепiлгерлiгiн орындау жөнiндегi талаптар қойылған күннен бастап он сегiз ай iшiнде жүзеге асырылады.

Ақпарат көздері:

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы № 95-IV Бюджет кодексi

«Бюджеттiң атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысы




Аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы А.Сихымбаева



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет