Руханиятқа қызмет ғұмырлық іс (шартты атауы) «Зерделі кісі бәрінен де жоғары тұрады»



Дата03.07.2016
өлшемі74.32 Kb.
#175612
Келгембаева Бақытжан Бекенқызы

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ филология факультетінің деканы


Руханиятқа қызмет - ғұмырлық іс (шартты атауы)
«Зерделі кісі бәрінен де жоғары тұрады»

Ж.Баласағұн.


Есімі өз елімізде ғана емес, кезінде Одаққа кеңінен танымал болған Шерияздан Рүстемұлының қызметін замандастары қоғам қайраткері-журналист-ғалым деген ұштағанның бірлігі ретінде таниды. Белгілі ғалым, жазушы, сыншы, қаламы жүйрік журналист, аудармашы, қоғам және мемлекет қайраткері, айтулы азамат, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, С.Садуақасов атындағы сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерияздан Елеукенов ұлттық әдебиеттану мен журналистиканың туын кезінде Одаққа көтерсе, бүгіндерде өмірімен де, өрелі ой, өшпес еңбегімен де өнеге тұтар ардақтыларымыздың біріне айналып отыр. Ол туралы аз жазылған жоқ. Оның қоғамдық қызметі, ғалымдық, сыншылық тұлғасы жайлы Мәскеулік ғалымдар В.В.Новиков, Г.И.Ломидзе, Ф.Ф.Кузнецов, Л.Н.Новиченко, В.М.Оскоцкий, В.М.Озеров, отандық ғалымдардан М.Қаратев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, А.Шарипов, З. Ахметов, С. Байжанов, А. Сейдімбеков, Б. Майтанов, С. Әшімбаев, Б. Омаров т.б. пікір білдірген болатын.

Ұлттық сын өнерінің қалыптасып, марқайып, асқақтауына Шерияздан Елеукеновтің сүбелі үлес қосқаны мәлім. Ол сыншы ретінде 1950 жылдардағы «жылымық кезеңде» мол талант қуатымен, білім парасат ауқымы, талғам тазалығымен дараланып шығып, қазіргі уақытқа дейін іргелі еңбектер беру үстінде. Қазақ әдебиетінің шығармашылық келбеті, сынның өзекті мәселелері, аударма жайы, ел өміріндегі тарихи кезеңдердің көркем әдебиетте суреттелуі туралы байыпты сөз етіп келеді. Оның жүйрік қаламы Ғ. Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Әлімжанов, С. Шаймерденов, Ә. Тәжібаев, С. Мәуленов, Ғ. Қайырбеков, Қ. Шаңғытбаев, Қ. Мырзалиев сынды үлкенді-кішілі қаламгерлердің шығармашылық портреттерін сомдады. Проза мен поэзиядағы кейінгі толқынның шығармашылығын да жіті бақылап, жас таланттардың танылуына қамқорлық жасап келеді.

Есләм Зікібаевтің сөзімен айтқанда, «қазіргі қалам ұстап жүргендердің талай толқынын ой зерделеуге үйреткен ұстаз» Шерияздан Елеукенов еңбек жолында қаншама шәкірт тәрбиеледі. 30-дан аса ғылым кандидатын даярлап, қазақстандық ғылымның жас кадрлармен толығуына тиісінше үлес қосты. Оның жарты ғасырлық ұстаздық ұлағатты жолын ауызға алмағанда, қайратты қаламынан туған «Кітаптану негіздері» (1997), «Қазақ кітабының тарихы» (Г.Шалғынбаевамен бірге) (1999) оқу құралдары студенттер қауымының кәсіби шеберлігін ұштап, ой-өрісін кеңейткен еңбектер екенін атап айтуға тиіспіз.

Ал қайраткерлігі жайына келсек, ұлттың рухани мұрасындағы «ақтаңдақ беттерді» жою, алаш арыстарын зерттеп, еңбектерін жариялау, кейінгі ұрпаққа табыстау сияқты қыруар істердің басы-қасында жүрді.

Оның ғалымдық, зерттеушілік қызметі әдебиеттану салалары бойынша одақтық, республикалық газет-журналдарда жарияланған мақалалары мен кітаптарынан көрінеді. «Қазақ романы және қазіргі дәуір» (1968), «Замандас парасаты» (1977), «От фольклора до романа эпопеи» (1987), «Мағжан» (1995), «Әдебиет және ұлт тағдыры» (1997), атты монографиялары мен оқу құралдары - ғалымның ұзақ жылғы еңбегі мен зор ізденісінің жемісі. Автор бұл еңбектерінде қазақ әдебиетінің даму үрдісін, көкейтесті мәселелерін талдайды. «Қазақ романы және қазіргі дәуір» монографиясында роман жанрының теориялық заңдылықтары тарихи тұрғыдан сарапталады. Оған жалғаса шыққан «Замандас парасаты» (1977) бүгінгі күн биігінен қарағанда социалистік реализмнің қасаң қағидалары тұрғысынан жазылғанымен, көркем туындының эстетикалық құндылығын, талант табиғаты мен шығармашылық процесс сырларын ашуды мақсат тұтып, бірқатар теориялық мәселелерді тереңнен толғай білгендігімен құнды. Дәстүр мен жаңашылдық, көркем шындық пен типтілік, суреткер лабораториясының сырлары, психологиялық талдау, образ табиғаты т.б. мәселелерге төл әдебиетіміздегі жаңа туындыларды талдау барысында ғылыми-теориялық түсініктер береді.

«От фольклора до романа-эпопеи» монографиясы қазақ романының генезисі мен тарихын, типологиясын, даму заңдылықтарын аса бай материалдар негізінде танытты. Ғалымның Кеңестік дәуірде жазылған бұл еңбектеріндегі әдебиеттің адамзат алдындағы міндеттері, тәрбиелік-эстетикалық қызметі, жазушының халық алдындағы парызы, шеберлік сырлары, көркем шығармадағы психологизм, сөз өнеріндегі дәстүр мен жаңашылдық туралы ойлары бүгінде теориялық құндылығын жойған жоқ.

Ш.Р.Елеукенов қазақ әдебиетінің көркемдік ерекшелігін, философиялық, эстетикалық деңгейін орыс тілі арқылы әлем әдебиеттанушыларына кеңінен танытып, ғылыми-теориялық тұрғыдан дәлелдеп беруде зор еңбек сіңірді, сіңіріп келеді.

Ғалымның «Мағжан» атты монографиясы әдеби ортада мағжантануға қосылған қомақты үлес ретінде танылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ғалым Мағжанның өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді Алматы, Москва, Ленинград (Санкт-Петербург) қалаларындағы мұрағат-кітапханалардан тірнектеп жиып, НКВД (қазіргі МҚК) мұрағаттарындағы Мағжанға қатысты іс-қағаздарына дейін сараптап алып, оқырмандарына танытты. Мағжанның ақындық болмысы туралды концептуалды ой-тұжырым орнықтырып, тарихи-эстетикалық қасиетін анықтап берді.

Елеукенов-әдебиетшінің қаламына шалымдылық, серпінділік, тереңдік тән. Әдеби өмірдің жылт еткен жаңалығы, кіші-гірім оқиғасы оның қырағы көзіне бірден шалынып, зерттеу нысанасына айналып отырады. Тереңдік дегенде, ғалымның әдеби құбылыстарды тар аяда, ұлттық шектеулі шеңберде сөз етпей, әлемдік руханият болмысымен салыстыра зерттейтінін, көркемдік құбылыстардың мәнін тек сөз өнері табиғатынан іздемей, қоғамдық-әлеуметтік заңдылықтармен байланыста қарайтынын айтар едік. Мәдени өмірдегі тенденциялардың философиялық, әлеуметтік, эстетикалық мән-маңызына ой жүгіртіп, оқырманын да ойланта білерлік қасиеттері оны даралай түсті. Батыс пен Шығыс әдебиеті мен мәдениетіне жүйріктігі, ой өресінің биіктігі, зерттеушілік зердесінің тереңдігі әдеби талдауларынан айқын аңғарылып тұрады. Басқалар тартпаған тыңға түрен тарту да ғалымның зерттеушілік қызметіне тән сипаттардың бірінен саналады (Оның жарқын көрінісі ретінде «Мағжан» монографиясын атауға болады).

Қалам иесінің әдебиет саласындағы еңбектері көтерген мәселелері, ғылыми құндылығы жөнінен бәрі де қомақты, ой тастау тұрғысынан қай-қайсысы да салмақты. Егемендік алғаннан бергі кезеңде автордың өз сөздерімен айтқанда «әдебиетіміздің ақтаңдақ беттерін толтыруға, бұрынғы уақытта сыңаржақ бағаланып келген әдеби мұраға жаңаша көзқарас қалыптастыру, қазақ әдебиетінің бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде ғана емес әлем әдебиетіндегі орнын лайықтауға» ат салысып келеді. Оның «Әдебиет және ұлт тағдыры» (1997), «Ғасырмен сырласу» (2004), «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» (2006), «Тәуелсіздік биігінен» (2007), «Казахская литература: новое прочтение» (2007) атты кітаптарының басты концепциясы да осы. Автор бұл еңбектерінде төл сөз өнерінің тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында қол жеткізген табыстары мен бағыт-бағдарын зерделейді, әдебиеттанудың ендігі беталысы туралы ой толғайды. Әдебиеттің аға және орта буыны Ә.Нүрпейісов, Қ.Жұмаділов, Б.Мұқай, А.Мекебай, Ә.Тарази, Р.Тоқтаров т.б. проза саласындағы ізденістерін, Т.Медетбек, Н.Оразалин, М.Айтхожина, Ұ.Есдәулет, А.Егеубай, Е.Раушанов т.б. қаламгерлердің поэзия саласындағы табыстарын сөз етіп, сана мен тіл бұғаудан босаған шақтағы көркемдік табыстарға баға береді.

Ғалым әдебиетіміздің алтын қорын жаңа ұрпаққа жаңаша насихаттаудың қажеттігін алдымен ұғынып, алғашқыларының бірі болып өз зерттеулерін жаңаша ойлауға құрды. Абай, Жамбыл, Мағжан сынды ардақтыларымыздың мұрасын тәуелсіз сана тұрғысынан жаңаша зерделеудің қажеттігін көтерді.

Өтпелі кезеңде бел алған рухани дағдарыс, әдебиет пен мәдениеттің жетім баланың күнін кешуі, оның себептері мен зардап-сабақтары, сананы тәуелділіктен аршып алу, мемлекеттің рухани қауіпсіздігін сақтап қалу тәрізді қыруар мәселелер жөнінде өткір жаза білді. Ұлттың ұлттық болмысын сақтап қалу, әлемдік өркениет пен ғылым-білімге қол соза отырып, өзінің рухани құндылықтарын жоғалтпау, керісінше байытып, құнарландыра түсу амалдары жөнінде ой толғайды. Мәселен, ғалымның үзік-үзік ойларынан мысалдар келтірейік: «Маған салса, қазіргі нағыз ұлттық идея – қазақты қазақыландыру дер едім...» (3, 242), «В республике возникла и набирает силу тенденция к обособленной духовной жизни по этническим признакам» (2, 435), «Формы литертатурных взаимосвязей не обедняют, а наоборот, обогащают духовное богатство всего человечества и каждого народа в отдельности...» (2, 44), «Время показало, что литертаурное дело нуждается в приложении осознанных, целенаправленных усилий как со стороны государства, так и общества в целом», «... Ни одно государство не может обойтись без конструктивной литературной политики, поскольку никто с него не снимал и не снимет ответственности за духовную безопасность страны» (2, 43),

Шерияздан ағамыз қазір де жүрісінен жаңылмаған шабытты, бапты қалпында әдебиеттану мен журналистиканың өрістеуіне өзіндік үлесін қосып жүр. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты атқарып жатқан ауқымды жұмыстардың бел ортасында. Орайы келгенде айта кету керек, қазір ғылымның қара шаңырағы өзінің қайта өрлеу дәуірін басынан өткеруде. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтің бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра бағдарламасының» аясында 100 – томдық «Бабалар сөзі», «Қазақ әдебиетінің он томдығы», «Қазақ музыкасының антологиясы» (5-томдық), «Әлем әдебиеттануы», «Әлем фольклортануы» өркениеттілік өресінен көріне білген еңбектерді шығаруы, кеңестік дәуірдегі томаға-тұйықтықтан арылып, қанатын кеңге жаюы, алыс-жақын шетелдермен тығыз шығармашылық байланыс қазақстандық әдебиеттану, фольклортану ғылымдарының жаңа биікке шыққанын дәлелдейді.

Еңбектегі ерлік, әдебиеттану ғылымында өзіндік мектеп қалыптастыру, ұлан-ғайыр ғылыми мұра жазу, қайраткерлік, аптал азаматтың жүгін арқалау... Шерияздан ағамыз осы қыруар істерді қажымай-талмай атқарып, адамдық қалыбынан танбай ғұмыр кешіп келеді. Ол нәубетті жылдарда туып, балалық-жастық шағы саяси репрессиялар, Ұлы Отан соғысы жылдарында өтті. Саналы ғұмыры мен шығармалышық жолында «жылымық кезеңді» де, жылымықтан соң қайта орнаған ызғарлы жылдарды да, 70-80 ж.ж. тоқырау, желтоқсандағы қанды қырғын мен мәдени «қуғындауды» да, тәуелсіздік таңы атқан арайлы шақтарды да, өрістеу жылдарын да басынан өткерді. Бірақ Абай айтқандай, «бәзбір жамандарша заманның илеуіне көнбей», үздіксіз еңбек етіп келеді. Еткен еңбегі мен төккен тері еленбей қалған жоқ, жұмыр басты пенденің екеуінің бірінде бола бермес атақ пен даңққа бөленді. Бәзбіреулерше тоқмейілсуге де болар еді, бірақ ағамыз сүйікті ісімен айналысуды бір сәтке де тоқтатпай, санасы сергек, ойы ұшқыр қалпынан танбай ұлттың рухани әлемін ұлықтауға қызмет етіп келеді. «Заман Қазақстанға» берген сұхбатында: «Мың дос аз, бір жау көп» деген ұстаныммен өмір сүретінін айтыпты. Оның парасаттылығы мен ұлт жандылығы, туа бітті кішіпейілдік, қарапайымдылық қасиеттері ел – жұртына қадірлі етіп, еңбек абыройына адами абырой қосып, даңқ шыңына шығарды. Сөзімді Шерияздан ағамыздың Ғ.Мүсіреповке қатысты мына сөздерімен аяқтағым келеді: «... ол талай ауыр күндерде төменшіктеп, бүгежектемей, табысты уақыттарында даңғырлап масайрамай, ұлы даңққа бөленгенде кішік болып, өзінің сері мінезінен сексеннің сеңгірінде де айнымаған қалпында...». Менің көзіме, осы сөздер бүгін Шерияздан Елеукеновтің өзіне жарасатын тәрізді.



Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Ш.Елеукенов. Әебиет және ұлт тағдыры. – А, Жалын. 1997.

  2. Ш.Елеукенов. От фольклора до романа-эпопеи. А, Жазушы. 1987.

  3. Ш.Елеукенов. Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде. А, Алатау. 2006.

  4. Ш.Елеукенов. Казахская литература: новое прочтение. – А,2007.

  5. С.Әшімбаев. Азаматтыққа адалдық. А, Раритет. 2007.

  6. Б.Майтанов. Сөз сыны. – А, Ғылым. 2002.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет