С. Д. Шаймұханова сұлтанмахмұт торайғыров



Дата25.02.2016
өлшемі146.64 Kb.
#20209
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
Патриоттық тәрбие беру ҒЗИ

С.Д. ШАЙМҰХАНОВА

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ –

көрнекті қазақ демократ-ақыны

Қарағанды 2014




АЛҒЫ СӨЗ
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сан қырлы және әртүрлі жанрлы бай мұрасы – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ерекше құбылысы, қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды бөлшегі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров қысқа өмірінде көптеген маңызды шығармалар жазғаны соншалық, ол ұлттық мәдениет тарихында құрметті орынға ие болды. Өмірлік жолында кездескен қиындықтарға төтеп беріп, Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қайсар мінезін көрсетті. Ақынның өмірде ұстанған ұраны, оның білімге, ғылымға, өнерге деген талпынысы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес.

Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ әдебиетінің тарихында өшпестей із қалдырған Абайдан кейінгі қазақ ақыны, екінші ағартушы.

Ол қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен бірден-бір ақын. Сол уақытта жаңа, белгісіз жанрда өлең жазған ақынның әртүрлі шығармалары бар, атап айтсақ: екі роман, бес поэма, көптеген өлеңдер, мақалалар, очерктер және публицистикалық шығармалар.

С. Торайғыровтың шығармашылық мұрасын әдеби тұрғыдан зерттеу XX ғасырдың 30-жылдарынан басталды. Сұлтанмахмұт жайлы алғашқы мақалалардың авторлары І.Жансүгіров, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, А.Адалис, И.Маслова, Қ.Дәукенов, С.Айтмұқанов және т.б. болды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ поэзиясына айтарлықтай үлес қосты, оның өлеңдері қазақ әдебиетінің асыл қазынасы енді, бірнеше ұрпақтың игілігіне айналды.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығы еркін қоғам туралы асқақ арманға қанық. Оның болашаққа ұмтылған әдеби мұрасы өсіп келе жатқан ұрпақты патриотизм мен Отанға деген махаббатқа тәрбиелеудің адамзаттық мәніне ие.

«Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам,

Қараңғылықтың көгіне

Күн болмағанда кім болам?

Мұздаған елдің жүрегін,

Жылытуға мен кірермін».

Сұлтанмахмұт Торайғыров
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Баянауыл ауданында малшы отбасында дүниеге келген. Әкесі-Әубәкір кедей болған, бірақ хат таныған адам. Бір жасында анадан айырылып, жетімдікті көріп өседі. Қуанышсыз балалық шақ, жартылай аш өмір — осының бәрін Сұлтанмахмұт басынан өткерді. Хат тануды ол әкесінен, кейін (1902-1907) молдадан үйренді.

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам.

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда кім болам, - деп жырлаған ақынның шын мәнінде де, бүгінде қазақ аспанындағы рухани сәуле шашып тұратын ең жарық күндердің бірі болып мәңгілікке қалғанына ешкімнің де таласы жоқ екені анық.

Аз жасағанына қарамай, ол қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп кетті. Реалист-ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Оның адам өмірінің мән-мағынасы жайлы “Адасқан өмір” поэмасы, XX ғ. басындағы қазақтың іріп- шіріген билеуші табының ескен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн кетерген “Қамар сұлу” шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы – оны қазақ әдебиетіндегі демократтық әдебиеттің ірі өкілі етті [1, 56-б.].

Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы – өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.

1908-1910 жылдары Сұлтанмахмұт Баянауылдағы медреседе оқиды. 1911 жылы Троицк қаласынан көрші ауылға келіп, молдалық құрған Нұрғалидан дәріс алады. Нұрғалидың көмегімен бұл кезде ол қазақ, татар тілінде шыққан кітаптарды, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең, әңгіме жазуға ден қояды. Білімі толысып, өнерге құштарланған Сұлтанмахмұт қаламынан бұл кезеңде "Дін", "Сарыбас", "Соқыр сопы", "Кезек қашан келеді", "Оқу" атты бірқатар өлеңдер мен "Зарландым" деген әңгіме туады. Оларда талапкер ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер мен білімнің пайдасы, байлық пен кедейлік, т.б. туралы толғанады.

1912 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт оқу іздеп Троицк қаласына барып, осындағы медресеге түседі. Қуанышында шек болмайды. Көңілін шабыт кернеп, "Оқудағы мақсат не?", "Анау-мынау", "Қандай?", "Зарлау" тәрізді бірқатар өлеңдерін жазады.

Әйтсе де бұл медреседе көп оқи алмайды. Туберкулез індетіне шалдығып, 1913 жылы Троицкідегі оқуын тастауына мәжбүр болды. Амалсыздан Троицк маңындағы қазақ ауылдарына барып, бала оқытады. Өзі де көп оқиды, өлеңдер жазады. Осында жүріп "Ауырмай есімнен жаңылғаным" – деген белгілі әңгімесін жазады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды.

Ақынның 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. «Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады», тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады. Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойынсұнбай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді.

«Айқап» журналында жұмыс істеген жылдары (1913-1914) Торайғыров өлең мен әңгімеден басқа, бірқатар сыни мақалалар жазды (олардың арасындағы ең едәуірлері: «Қазақтың өлең жинақтары жайлы», «Әндер мен оны орындаушылар», «Қазақтарды оқыту жүйесі»), онда оқыту жүйесін жетілдіру қажеттілігі жазылған.

Сұлтанмахмұттың "Қамар сұлу" (1914), "Кім жазықты?" (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді. Сол дәуірдегі әйелдердің бас бостандығы, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері мен жаңа психология арасындағы тартысты, қоғамдағы адамдардың түсінік-танымындағы кереғар құбылыстарды бейнелеу арқылы Сұлтанмахмұт туған халқының болашағы туралы толғанады.

1914 жылы революцияға кейінгі кезеңнің ең үздік туындысы «Қамар сұлу» романы жарық көрді. «Қамар сұлу» романы қазақ әдебиетінде мәні зор туындылардың бірі.

Жазушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу” романын басшылыққа ала отырып басқада ақын – жазушылардың шығармаларымен салыстыра отырып, кейіпкерлер портретін, мінез – қылығын сол сияқты тағы басқа қырынан ашуды жөн көріп отырмыз. С.Торайғыровтың осы тұста жазған алғашқы эпикалық туындысы «Қамар сұлудың» да негізгі тақырыбы. Бұл тұрғыдан оны әлеуметтік роман есебінде қарауға әбден болады. Автор роман сюжетін қазақ әйелінің теңсіздіктегі күйін көрсетуге құрғанмен, сол оқиғаға байланысты бүкіл қазақ қоғамының тіршілігін, ұғым-нанымын терең бейнелейді, ескі ауылды құрт аурудай жайлап есеңгіреткен, тоздырып бара жатқан әдет – ғұрыптың кертартпа жақтарын әшкерелейді.

Осыған жалғас жазылған «Кім жазықты?» романы да Сұлтанмахмұттың өз дәуірі туралы толғанысын тереңдете ашуға арналады. Сол негізде феодалдық – патриархалдық қоғамның күйреуін көрсетеді. 1916 жылы «Кім жазықты?» өлеңдер желісінде құралған романды жазумен өтеді. Мұнда ол қазақ қоғамы жайлы ойларын ел тағдырын ұстап тұрған белді адамдардың бейнесі арқылы көрсетеді, олардың өмір жолы, тәрбиесі, ісі, мінез – құлқы жан – жақты суреттеледі. Жасынан тәрбиесіз өскен бай баласы Әжібайдың жеке өмірі де, қоғамдық – болыстық қызметі де халық көңілінен шыға алмайды. Ол зорлық – зомбылықты, қара күшті жақтап, өзі тектес әлділермен байланыс жасап, іргесі шайқалған шаруасын реттеуге, ауылға кіре бастаған жаңалықтарды өршітпеуге, тіпті қуып шығуға күш салады. Жазушы Әжібайды жеке адам ғана емес, қазақ қоғамын салмағымен басып қорғап, жанаруына бөгет болып отырған ауыртпалықтың жиынтық бейнесіне көтереді.

Бұл романдар – дәуірдің тарихи тақырыбын тап баса білген жаңашыл шығармалар. Әрине, ақын тарихшы емес. Ол тарихи оқиғаны түгендемейді. Мәселе – заманның рухын, дәуір сырын аңғартар моменттерді де дәл басып, оған тән белгілерді айқындауда. ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылы өмірін, ескілшілдік жайлап тозып, іріп бара жатқан салт – сананың көріністерін энциклопедиялық суреттелген іргелі туындылар, ол көпті қинаған шындықты ашынып, батыл, ашық айтып, онымен күреске шықты. Бұл – Сұлтанмахмұт реализмінің ең бір биікке көтерілген тұсы. Мұның бәрі Сұлтанмахмұттың жаңа жол – «шындықтың аулын іздеуге» ұмтылуының заңдылығын көрсетеді.

Әр ақынның тағдыры әртүрлі жағдайда қалыптасады. Тұқымы топыраққа түсіп, оңай өнім беретін де, талмай ізденіп, қиыншылықпен алыса жүріп шындық жолын табатын да ақындар болады. Сөйте жүріп олар өз тағдырын өзі жасайды. Сұлтанмахмұт осы соңғы жолмен жүрген ақын. Ол өз өмірін өзі, өз өлеңімен жасады. Ақынның шығармашылық жолын қадағалай қарап, өлеңдерінің жазылу ізімен жүрсеңіз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Сұлтанмахмұт көрген өмір азабы, жоқшылық, жас таланттың соған қарамай ізденіп шарқ ұру іздері – бәрі оның шығармаларында сайрап жатыр. Бұл жағынан оны өмірі мен тағдыры өлеңінде өрілген ақын деп айтуға әбден болады.

Шындықты іздеу жолында талант иесі әлеуметтік-саяси, философиялық әдебиетпен таныса бастайды, жалпы күрес алаңындағы өз орнын табу үшін заманның күрделі мәселелерін шешу керек. Оптимизм мен Отан болашағына деген сенімге толы шығармаларды Торайғыров өмірінің соңғы жылдарында, ауыр індетке шалдыққанда жазды. «Егер де сен өміріңді арманға арнасаң...» Торайғыровтың лирикасы тақырыбы бойынша әр алуан: азаматтық және философиялық өлеңдер бар, махаббат пен табиғат жайлы өлеңдері көп. Алайда, бастапқыда айтылғандай, Сұлтанмахмұт азаматтық ақын болды [2, 389-б.].

Сұлтанмахмұт әлеуметтік-саяси лирикаға бір жақтылық сипат берді. «Тағдыр», «Айт», «Кедей», «Оқудағы мақсат не?» және т.б. өлеңдері қоғамдық тәртіпсіздікке қарсылығымен ерекшеленеді.

Сұлтанмахмұт өз елінің адал азаматы болды. Ол халықтың басындағы ауыр қасіретті терең түсінді. Зорлық пен зұлымдыққа қарсы айбынды үн көтерді. Ақын, әсіресе, рухани езудің тілсіз құрбандығы болған қазақ әйелінің ауыр тағдырын тебірене жырлады. Оның «Қамар сұлу» сияқты шығармалары ашынған жүректің қанымен жазылды. «Кедей» поэмасы қазақ еңбекшісінің ауыр халін, қазақ сахарасындағы езушілікті аяусыз әшкереледі. Кемеңгер ақын өз қоғамының барлық құбылысын көрсете білді. Оның шығармалары алған мәселесінің кеңдігі, тереңдігі жағынан Абай дәстүрін ілгері дамытты. Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі ең биік асқары. Ол қазақ өмірінің шындығын жырлаған нағыз ұлттық ақынымыз еді. Өзімен тұстас ақынның ешқайсысы да дәл Сұлтанмахмұттай поэзиясын жалпы халықтық дәрежеге көтере алған жоқ.

«Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды.

«Адасқан өмір» (1918) - Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. Поэмада күрделі философиялық ой-толғамдар басым.

Ақынның «Адасқан өмір» пайымдауы бойынша жарық дүниеде себепсіз жарала салған, жоқтан бар болған ештеме жоқ. Жалғанда қанша жан бар? Адам дейсің бе, маймыл дейсің бе? Әлде мал дейсің бе? Не ағаш, не шөп туралы әңгіме қозғап, сұрақ қойсаң да мейлің. Бәрі де белгілі бір себептің жемісі екені дау туғызбайды. Соншалық жан иелерінің ішінде адамның алатын орны бөлек. Табиғатта оның ми күші жетпеген құпия сырлар жылдан-жылға азайып барады. Дүниедегі бар нәрсені түрлі-түрлі түстерге енгізіп, себепті қолдан жасауға да адамның күші жетеді.

Поэма бес тараудан тұрады: «Мен — бала», «Мен-жігіт», «Мен — тоқтадым» «Мен— кәрі», «Мен - өлік». Ақынның ойынша, адамға туғанынан бастап адамгершілік тазалық, таза ой тән. Мұндайда бәрі тең: бай да, кедей де, христиан да, мұсылман да. Адам табиғаты бойынша мейірімді және рақымды, оның бойында керемет қасиеттер көп, алайда бұл оның «дәстүр, құдай, хан және алтын» билігіне түскенге дейін жалғасады [3, 24-б.].

Бұл қазақ ақыны Сұлтанмахмұт ғана емес, жалпы адамзат ұлы гуманистерінің арманы болғанын кім бекер дей алады? Адамзат қоғамының, елдер мен халықтардың тарихы олардың бастарынан кешірген үлкенді-кішілі оқиғалардың жай тізбегі емес, әділдік пен озбырлықтың, адалдық пен арамдықтың күрес тарихы. Озық ойлы, ақ ниетті адамдар жоғарыда Сұлтанмахмұт суреттегендей қоғамды аңсаған. Замандастарын сондай қоғам құруға жан сала шақырған. Бұл жолдың сайрап жатқан даңғыл жол болмағаны, ол жолға түскендердің көп қарсылықтарға кездесіп, көп адасқаны белгілі. Кезінде көп адамға дұрыс көрінген қоғамдық құрылыс, оның заңдары уақыт талабына жауап бере алмай мансұқ етілген де, басқа бір қоғамдық құрылыс, басқа бір заңдармен ауыстырылған. Өз заманын талмай таразылаған ғұламалар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері жаңа идеялар ұсынған. Олардың ой-пікірлері миллиондардың санасын билеп, әркімнің өз ойы, өз пікірі болып материалдық күшке айналған. Халықтың жаппай толқу, көтерілістері билеушілердің біреулерін лақтырып, олардың орындарына басқаларын отырғызған. Бір ғажабы, «бұл күнде адасудан көз ашпадым» деп Сұлтанмахмұт айтқандай, адамзат қоғамы қаншама көп ізденсе, соншама көп адасуды бастан кешірген.

«Кедей» поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. Некрасовтың «Кому на Руси жить хорошо» поэмасының кейіпкері сияқты кедей еш жерден бақыт таппайды: ал байдың малын бақты, шахталарға түсті, бақытсыздық пен қасірет бүкіл жерде оның жазмышына айналды. Кедей тұрмысының өмірлік көріністері өте анық суреттелген. Ең құрымағанда, аштықсыз қалыпты адам өмірін іздеуде мақсатына қол жеткізген жоқ [4, 109-б.].

Ұзақ түн, жолдасым жоқ иттен басқа,

Бүтін киім менде жоқ жаурамасқа,

Бір бүтін, кірсіз киім кигенім жоқ,

Туғаннан міне шықтым талай жасқа.

Өкпемнен барады өтіп күзгі суық,

Бір жағынан қышытып биттер буып,

Бит жеген, ескі күпі жабағысы

Жөргекке оралғанда іштен туып.

Бұл битке сонан бері денем азық,

Көбінесе сондықтан да жүрмін азып.

Туысымен көргенім бәрі бейнет.

Тумай жатып қылып ем қандай жазық?

Жұрт айтады: «Еңбек қып, ерінбесең,

Маңдай термен ас тауып адал жесең,

Қызмет қылған байыңнан алғыс алсаң,

Ол сені алдап, арбап кетсе де есең,

Сонда сен көгерерсің»,— дейді халық,

Көп өмір өтпеді де бұған нанып?

Ес біле басталғаннан бері қарай

Бір тыныш жаттым ба, ұйқым қанып?

Мұның бәрі Сұлтанмахмұттың жаңа жол – «шындықтың аулын іздеуге» ұмтылуының заңдылығын көрсетеді. Өзінің тегі жағынан Қамар бай қызы, бірақ өз әлінше оқыған, өмірді танитын қыз. Ол қазақ әдебиетінде көрінген жаңа тұлға, жаңа характер. Алғашқы кезде ол ұяңдау болып көрінеді. Басына күн туып, ескі салтпен айқасқанда ғана Қамар өршелене бастайды. Сөйтсе де ол махаббат сезімінен құр емес. “Ахметтің алғашқы хатында оқығанда, ол бір қызарып, бір сұрланып, жүрегі кеудесіне сыймай қысылып, қарап тұрып бір тынымсыздықта қалады”. Мұнда пәк сезім, шын сүюдің белгісі бар. Бірақ оны терең ойға батыратын нәрсе – өз ойы, арманы мен қоғам салты арасындағы зор қайшылық. Тағы мұнда «Қамар сұлу» романында теріс сипаттарын көреміз. Мынау залымдықты көргенше, қаңғып өлейін. Мұны Ахметтің кетер алдында Қасен деген досына жазған хатында байқаймыз. Шыдай алмай күйіп – жанып кеттім қашып, Қамауға көре күйік жан таласып. Бұл күнде өлетінім сол қайғыдан, Қамардың халін ойлап жаным ашып дейді. Оқуды сылтау қылып, екі жүз шақырым жерден шаһарға кетті. Бұл арадан Ақметтің Қамарға деген сезімі бар және ғашығы үшін қиналуы, жаны ашуын байқаймыз. Енді бірде Қамардың қандай халге түскенін байқайтын болсақ, мына шумақтан көреміз. Қорлықты зорлықпенен көрген Қамар, Амалсыз бәріне де көнген Қамар Айдай әлем аузының суын құртып, Арманда арсыздардан өлген Қамар.

Ал романның басындағы Қамар портретін ақын былай суреттейді. Бастапқы келтірген шумаққа қарағанда мұнан мүлде өзгеше, оны мына шумақтан аңғарамыз. Жіңішке сымға тартқан әні қандай, Бал ауыз, балбыраған тәні қандай. Ақыл-ой, мінез-көрік түгел келіп, Толысып, толып тұрған сәні қандай. Сұлтанмахмұт Торайғыров жоғарыда келтірілген екі шумақта Қамардың портретін сәтті суреттеген. Жаңа заманның қызының бейнесін ашуға ден қойған. Ақын кешегі еркін де балғын өскен сұлу қыз, озбырлыққа душар болып, бақытсыздыққа ұшыраған сәтін байқатса. Мұндағы қарсыласқан екі түрлі портрет автордың осы гуманистік, азатшылдық идеясын береді. Осындай мысал келтіретін болсақ Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романындағы Жамал бейнесін алатын болсақ. Жамал – өз тағдыры үшін күресуге дайын, сауатты, саналы қыз. Бақыт жолында қандай қиындыққа да қарсы тұратын қайсар жан. Жамалдың рухани жан дүниесі, ішкі әлемі ғашығына жазған өлең хатында ашылады. Осындай дәрменсіздікті біз Ахмет сүйгеніне қолы жетпей арманда кеткен Қамар сұлудан да байқаймыз. Ағатай болдым ғашық мұрыныңа, Көк бурыл иектегі құрымыңа. Кірпідей аяқ – қолы жиырылған, Қосылар күн бар ма екен тұлыбыңа, – деген Қамар өлеңінен Нұрымды сүймейді тіпті мейлінше жек көреді. Оның кәрілігін, ұсқынсыздығын мазақ етіп, өлең шығарады.

Нұрым мен Оспанның жауыздығын әшкерелейтін осы өлеңде халықтың басына төнген ауыртпалықтың мұңлы сарыны байқалады. Ақын Жорға Нұрым бейнесін Қамар арқылы тіпті аша түседі. Ол Қалтан мен Оспан арқылы Қамарды ризашылықсыз, күшпен айттырады. Қамардың наразылығымен есептеспей, оны зорлықпен тартып әкетеді. Осындай қым – қиғаш қайшылықтар арқылы ақын әр нәрсенің бетін ашып көрсетеді. Осындай келеңсіз қатыгез алаяқ жауыздардың қолына түскен Қамардай қыздың бүкіл өмірі, қазақ қыздарының басындағы ең бір қиын жағдайда өмір кешкен бақытсыз махаббаттары үшін күрескен жаңашыл жастарды ақын қинала суреттейді [5, 56-б.].

Романда Нұрымды суреттеуінің өзі – ақ оның ебедейсіз, дөрекі, зұлым екенін бірден байқатады. “Бұл өзі жеті атасынан бері уызы арылмаған, бағы таймаған, қолынан ұры кетпеген, бір жақсылық етпеген, басы сәждеге тимеген, жамандықтан басқаны сүймеген, бірді – бірге атыстырып, елді қан жылатумен шынжыр балақ, шұбар төс, қанды ауыз атанған бір жауыз еді” десе, екіншіден, “Құр Нұрымның залымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін надан, пішіні де жаман, ауызы толған боғауыз бен былш – былш насыбай, ішпей мас, әрі нас, елу шамасында жасы бар, қойсақтардың басындай басы бар, жай форымның өзі сұп – суық, бүйі секілді, түксиген, күпсиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, дорба сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануар еді”. Үшіншіден, Феодалдық ғұрыптың барлық тізгінін қолына берік ұстанған ол – елді жеп, қан қақсатып жүрген адам. Елдің оған шығарған бір шумақ өлеңінен де байқауға болады. Халқыңды қан жылаттың, Жорға Нұрым, Болдың ғой заманында сорға Нұрым. Оспан деген жұтқышы тағы шықты, Бара – бара қайтерсің, қайран күнім [6, 253-б.].

Сұлтанмахмұт поэзиясы - ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебі. Шынайы ақындарымыздың бәрі де мың бейнелі классиктердің ізбасарлары екені де даусыз. Қайталама басылымы қарымсыз әрі тым сирек, насихатталуы да мардымсыз, зерттелуі ауыз жарытпастай аз болса да Сұлтанмахмұт мұрасына деген халық құштарлығы қашанда биік! Жастай жабысқан дерт – сырқаттық, жоқшылық пен тапшылықтың қасіретінен діңкелеп жүрсе де, мойымай қыруар білім теріп, өнер ізденіп, өлең шыңдап, өзіне дейінгілер көтерілген өр асқарларға құлаш ұрып, қыз бұрымындай қысқа ғұмырында тыңнан сөз асылдарын жасап үлгеру - ерлік емес пе?!

Сұлтанмахмұт өз заманының рухын мейлінше кең көрсете білген классик ақын. Қазақтың классикалық поэзиясының ардақты өкілі. Біз ұлы ақынның есіміне бас иеміз. Осындай дана ақынымыз болғанына мақтанамыз.

Азамат ақын қазақ халқының бақытты, мәдениетті ел болуын өмірлік арман етіп еді. Сол үшін де, ол өзіне «қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам» деп өршіл мақсат қойған болатын. Халықтың ғазиз ұлының сол арманы қазір орындалды. Қазақ халқы мәдениетті, азат ел болды.

Сұлтанмахмұттан зор әдеби мұра қалды. Бұл халқымызға қалдырған ақынның аманаты. Сол мұраны қадірлей білуіміз, оның алтын нәрін ала білуіміз керек. Шығармалары халықтың рухани өміріне терең қабысқан ақын мұралары әрбір оқушыға қымбат, әрі сүйікті. Сұлтанмахмұтқа берілген ең үлкен баға да осы. Мұндай сүйіспеншілікке әдебиеттің асқан алыптары ғана ие бола алады. Сол алыптың бірі – қазақтың халықтық, классик ақыны – Сұлтанмахмұт. Ол қазақ әдебиетінің көгіндегі жарық жұлдыздың бірі. Қазақ халқы мәдениеттің биігіне өрлеген сайын, өткендегі мәдениет күрескерлеріне, ақындарына өшпес ескерткіш жасай береді. Ол ескерткіш ақынға деген халық махаббаты.


Әдебиеттер тізімі
1. Торайгыров С. Заблудившаяся жизнь: [поэма] // Степные ритмы: [стихи] / Пер. с каз. Е. Винокурова. – Алма-Ата, 1979. – 56 с.

2. Торайгыров С.// Художественная литература Казахстана 1946-1957 гг.: Библиографический указатель. – Алма-Ата, 1958. – С. 389 – 391.

3. Торайгыров С.// Эльконина Ф.И. Казахская литература: Рекомендательный указатель. – М.: Книга, 1973. – С. 24 – 27.

4. Торайгыров С. Бедняк: [главы из поэмы] // Сильченко М. Казахская литература: Учебник-хрестоматия для 9 кл. рус. школ Казахстана. – Алма-Ата, 1962. – С. 109 – 112.

5. Торайгыров С. Избранное: Стихи и поэмы / Пер. с каз. - Алма-Ата: Жазушы, 1971. – 256 с.

6. Торайгыров С. Стихи и поэмы: Пер. с каз. / Предисл. М. Ауэзова; Алма-Ата: Жазушы, 1989. – 253 с.








Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет