Класс Time.- 2012.- №16.- 16 мамыр
Бүркітбай Н.
Мал дәрігерінсіз мардымаспыз
Бүгінде еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына 100 мыңнан астам маман қажет. Ауылдағы ағайын егінді өздері егеді, өйткені агроном жоқ. Ауру малдарын өздері қарайды, себебі мал дәрігері тапшы. Ал айлығы шайлығына жетпейтін жалақыға бола жас мамандар ауылға келгісі жоқ. Мемлекеттің қолдауы да мардымсыз. Ауыл жұрты үміт артқан «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы тек мұғалімдер мен дәрігерге ғана шарапатын тигізуде. Бұл жоба ауыл шаруашылығы мамандарын айналып өткені өкінішті.
«Дипломмен – ауылға!» жобасының жүзеге асырылып жатқанына да үш жылдың жүзі өтті. Осы уақытқа дейін 15 мыңнан астам жас маман елге қызмет ету үшін алыс ауылдарға аттанған деседі. Жолы болғандары баспанасын алып, ауылда түтін түтетіп жатыр. Өсімақысыз берілген несие де жастарға әжептәуір жәрдемін тигізгенін айта кетуіміз керек. Алдағы уақытта билік орындары осы бағдарламаның шеңберінде ауыл шаруашылығы мамандарын да тартуы керек-ақ. Тап қазір төрт түлікті баптайтын адам, бау-бақшаны күтетін бағбан ауылға аса қажет болып тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары да еліміз бойынша ауыл шаруашылығы мамандарына 101 мың қажеттігін жасырмай айтты. Әзірге сала басшылары шындықты жайып салғанымен, қиындықтан қалай шығудың жолын таба қойған жоқ. Құзырлы орынның есептеуінше, бүгінде елімізге 500-ден аса агроном, 550-дей зоотехник, мың жарымнан аса мал дәрігерлері мен фельдшерлер, 408 фермер-менеджер, 560-тың айналасында инженер-механиктер, мыңға жуық техник-технологтер, 2 мың 200 ден астам тракторист-машинистер керек. Сондай-ақ өнімді қайта өңдейтін және нан пісіру өндірісін меңгерген мамандарға да сұраныс жоғары. Қазір жұртшылық таяуда қабылданған «Білім туралы» Заңға ерекше үміт артып отыр. Жаңа заңда мемлекеттік квотамен оқу бітірген түлектер ең алдымен, туған өлкелерінде еңбек етуге бағыттап отыр. Аталмыш заңның себі тисе, ең болмағанда, ветеринарлар дипломмен ауылға аттанады деген үміт бар. Қазір еліміздегі мал шаруашылығы саласында қордаланған мәселелердің түйінін тарқату үшін ветеринар мамандарды ауылға көптеп тарту керек. Бұл үшін ветеринарлық инспекция қызметін жоғары деңгейде дамытқан абзал. Мал дәрігерлерін техникалық-материалдық жабдықтармен және транспорттық құралдармен қамтамасыз ету ісі де қазір сын көтермейтіні белгілі. Сондай-ақ ауылды жерлерге ветеринарлық мамандарды тарту және мемлекет тарапынан берілетін көмек арқылы олардың тұрақтануын қамтамасыз ету мәселелерін кезек күттірмей шешуіміз керек. Бүгінде Үкімет мемлекеттік қызметте жүрген ветеринар мамандарға ғана қол ұшын созуда. Ал ветеринарлық іс-шараларды жүргізетін нақты мамандар бұл санаттан тыс қалған. Бір сөзбен айтсақ, ветеринария мамандарының кадрлық тапшылығы шешілмеген күйінде қалып отыр. Мамандардың пайымдауынша, бүгінде еліміздегі ауыл-аймақтардың үштен бір бөлігінде ветеринар мамандар жоқ. Мұндай жағдаймен елдегі эпизоотикалық жетістіктер мен мал шаруашылығының дамуы туралы айту орынсыз. Ауылда бірде-бір мал дәрігері маманы болмаған соң, мемлекеттік бақылау құрылымдарының атқарып жатқан жұмыстары тиімсіз болып тұрғаны жасырын емес. Қазір шетелден қып-қызыл ақшаға сатып әкелінген малдың өзі ауруға ұшырап, оның себебін білмей жатамыз. Үкімет 2016 жылдың өзінде ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізіп, сырт елдерге жылына 4 миллион тонна бидай экспорттауды алдына мақсат етіп қойып отыр. Бұл үшін мемлекет қазынасынан 130 миллиард теңгелік несие ресурстары бөлінген.
Бірақ оның қаншасы маман дайындау ісіне бағытталатынын ешкім білмейді. Тек таяу болашақта ауылды жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деген мәлімет бар.
Барлыбай Майқанов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы:
- Елімізде ветеринар мамандарын дайындау барысына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұған осы мамандыққа мемлекеттік тапсырысты арттыру, құс шаруашылығы, ара шаруашылығы, ихтиология және ветеринарияның қысқа бағыттарын ашу арқылы оқып жатқан студенттердің мамандықтарын тереңдете оқуына жағдай жасаған жөн. Ветеринар мамандар нағыз жетіспей жатқан кезде аталмыш мамандыққа бөлінген мемлекеттік гранттар саны 606 ғана.. Осы мамандарға сұраныс артуы үшін мемлекеттік грантты кем дегенде екі есеге көбейту керек.
Достарыңызбен бөлісу: |