Сабақ жіктемесі жоспарлау ұғымы. Сабақ жоспарларының түрлері



Дата11.02.2023
өлшемі123.2 Kb.
#469415
түріСабақ
Әдістеме дәріс № 3


ӘДЕБИЕТ САБАҒЫН ЖОСПАРЛАУ: ӘДЕБИЕТ ПӘНІНЕН КҮНТІЗБЕЛІК ЖОСПАР ЖӘНЕ САБАҚ ЖОСПАРЛАРЫ САБАҚ ЖІКТЕМЕСІ





  1. Жоспарлау ұғымы.

  2. Сабақ жоспарларының түрлері.

  3. Күнтізбелік жоспарды түзудің басты ұстанымдары. 4.Сабақ жіктемесі.

5.Оқытудың жаңа технологияларына негізделген сабақ жобалары.

Жоспарлау ұғымы. Әдебиет сабағы жоспарлау мәселесін қарастырғанда бірнеше сұрақ туындайды. Олар: Жоспарлау дегеніміз не? Жоспарлау сабақ үдерісінің белгілі бір уақыт кезеңіне қатысты оқу әрекеті ме? Әдебиет сабағын жоспарлаудың өзге пәндерге қарағанда қандай да бір өзіндік ерекшелігі бар ма?


Әдетте жоспарлау деген ұғым мақсат-мүдде ұғымдарымен туыстас деген ой туындататыны анық. Мақсат алдағы іс-әрекеттерге меңзейді. Себебі екеуі де алдағы уақыт кеңістігіне тәуелді. Олай болса, сабақты жоспарлаудың өзіндік ерекшеліктері неде? Жоспарлау үшін қандай оқу әрекеттерін үйлестіру қажет деген сұрақ туындайды. Мақсат пен мүдде қол жеткізетін түпкілікті нәтиже ұғымына қатысты көрінсе, жоспарлау сол мақсат жолындағы іс-әрекеттерге саяды.
Ал сабақты жоспарлауда оқу-әрекеттерін ойластыру және қажетке сай үйлестіру, әдістемелік шеберлік қажеттігі байқалады.
Сабақты жоспарлауға түсіндірме сөздіктің беретін анықтамасы мынадай: «Сабақты жоспарлау – нақты оқу уақыты барысында оқытушы мен оқушы әрекеттесулерін құрастыру. Негізі оқытушының оқу-тәрбие іс- әрекетінің және оқушылардың оқу материалының мазмұнын меңгеруі, дамуы және тәрбиеленуі бойынша оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетінің мақсаттары, міндеттері, ұстанымдары, әдістері және мазмұны болып табылады. Сабақ жоспары конспект түрінде жүзеге асады. Сабақ конспектісінің құрамына тақырыптың аты, сабақтың міндеттері, кезеңдері, құрал-жабдықтар, әрбір кезеңдегі оқушыларға арналған тапсырмалар, тапсырмаларды орындау алгоритмдері, мұғалім сөзінің үзінділері немесе жаңа материалдың толық мәтіні енеді» делінген1. Жоспар-конспектіге енетіндер ретінде тақырыпты, сабақтың міндеттерін, сабақ кезеңдерін, оқушыларға арналған тапсырмаларды нұсқайды.
Бұл айтылғандардан сабақтың жоспарлы жүйесі оқу әрекетін, оқу материалын және оқу мазмұнын қамтитынын аңғарамыз. Ал жоспарлау
ұғымы мұнан да кеңірек. Жоспарлаудың өзін кең ұғымда, яғни жалпы білім беретін мектептерде әдебиет пәнін оқытуды жоспарлау ұғымында және белгілі тақырып көлемінде оқыту мақсатында қарастыруға болады. Бұл екі ұғым да бір-бірімен іліктес. Жалпы білім беретін оқу пәндерінің қайсысын болсын жоспарлау ең әуелі Қазақстан Республикасының білім беру реформасы аясында жүзеге асырылады. Мемлекеттік жоспарлау білім тұжырымдамасына, оның негізінде жасалатын «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына» сәйкес жүзеге асырылады. Жалпыға міндетті білім стандарты негізінде әрбір оқу пәніне бағдарлама түзіледі. Қазақ әдебиеті пәніне арналған бағдарлама әдебиеттің өзіндік ерекшеліктеріне, тақырыптардың мазмұнына сәйкес құрылады.
Сабақ жоспарының түрлері. В.В.Голубков «Методика преподавания литературы» еңбегінде әдебиет сабағы жоспарының төрт формасын атап өтеді.1 Олар:

  1. Жылдық жоспар;

  2. Тоқсандық жоспар;

  3. Тақырыптық жоспар;

  4. Күнтізбелік жоспар.

Бұл жоспарлардың бәрі дерлік оқушылармен оқу-танымдық жұмыс тарды ұйымдастыруды бағдарлау үшін жасалады.
Бүгінде мектеп тәжірибесінде қалыптасқан үрдіс бойынша айтар болсақ, күнтізбелік жоспарда жылдық жоспарды тоқсанға жіктей отырып, жеке тақарыптармен белгілейді. Әр тақырыптың қанша сағат көлемінде өткізілетінін жоспарлайды.
«Қазақ әдебиеті» оқу пәнін оқытудың формалары мен әдістерін таңдауда оқушылардың психологиялық-физиологиялық ерекшеліктері, өзіндік ерекшеліктері, қызығушылықтары, дүниетанымына сәйкестік мәселесі ескеріледі. Сол себепті пәнді оқытуда баланың танымдық ой-өрісін, эстетикалық талғамын, шығармашылық ойлауын дамытуға, қатысымдық іскерліктерінің шыңдалуына оң ықпал ететін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері болуы шарт. Танымдық, креативтік іскерліктерді дамытуға мүмкіндік беретін шығармашылық тапсырмалар таңдап алынады.
Ал белгілі бір тақырып көлемінде сабақ жүйесін жоспарлағанда материалдың логикалық бірізділігі, сол тақырыптың аталған пәндегі орны, тақырып ауқымында қамтылатын ақпараттың көлемінің оқушы танымы мен сол жастағы оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкестігі, жаңа идеялар мен теориялық негізі, интеграциялық байланыс мүмкіндіктері, күтілетін нәтиже мен түпкілікті мақсат қарастырылады. Сонымен қатар жаңа тақырып пен өткен тақырыптарды байланыстыру арқылы берілетін мазмұнды тереңдету мүмкіндіктері, теория мен практиканы ұштастыру жолдары қарастырылады. Түптеп келгенде әдебиет сабағын жоспарлау – мұғалімнің мақсат-мүддені жүзеге асыруға бағытталған, өлшеп-пішілген «қиыннан қиыстырылған» шығармашылық үдерісі болып есептеледі.
Күнтізбелік жоспарды түзудің басты ұстанымдары. Әр пәннің тақырыптық сабақ жоспары бір оқу жылына арналған күнтізбелік жоспар негізінде жасалатыны белгілі. Күнтізбелік жоспар тікелей пәннің оқу бағдарламасы негізінде жасалады десек те, күнтізбелік жоспарды түзуде мұғалімнің әдістемелік ізденістері мен тақырып аясында қарастырылатын өзіндік пайымдауларына жол беруге мүмкіндігі бар. Айталық оқу бағдарламасындағы автордың тақырыптас шығармаларын жұптай өткізуді жоспарлау, оны күнтізбелік жоспарда өтілу ретіне қарай ұсыну. Мәселен, 5 сынып бағдарламасы бойынша (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 09.07.2010 жылғы №367 бұйрығымен бекітілген оқу қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін мектептердің 5-9 сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу бағдарламасы) Мағжан Жұмабаевтың
«Балалық шақ», «Қысқы жолда», «Сағындым» өлеңдеріне 2 сағат белгіленген. Үш тақырыпты екі сағатқа жоспарлау үшін, қалай болғанда да, бір сағатқа екі тақырыпты жұптап өткізуге тура келеді. Сондай-ақ 6 сыныпта Абайдың
«Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ», «Құлақтан кіріп бойды алар»,
«Әсемпаз болма әрнеге», «Отыз бірінші қара сөз» шығармаларына 3 сағат белгіленген. Бағдарламадағы ақынның төрт тақырыптағы шығармасына 3 сағат белгіленуі бағдарламалық ұтқырлық деуге сая қоймайды. Осындай сағат санының тақырып санынан кемдігі төмендегі мысалдардан да көрінеді.
6 сыныпта Мағжан Жұмабаевтың «Мен кім?» , «Қазақ тілі» өлеңдеріне 1 сағат; Ілияс Жансүгіровтің «Анам тілі», «Домбыра», «Күйге» өлеңдеріне 1 сағат; Мұқағали Мақатаевтың «Қайырлы түн», «Қара өлең», «Елім барда»,
«Анау-аспан, мынау-бақ» өлеңдеріне 2 сағат; Жамбыл Жабаевтың
«Аттандыру», «Алғадай туралы әрбір ой», «Атаның әлдиі» өлеңдеріне 2 сағат; Сәкен Сейфуллиннің «Тұлпарым», «Қамаудан», «Сыр сандық» өлендеріне 2 сағат; Ілияс Жансүгіровтің «Әнші», «Ағынды менің Ақсуым»,
«Бөбек бөлеу» өлеңдеріне 2 сағат; 8 сыныптағы Махамбет Өтемісұлының
«Ереуіл атқа ер салмай», «Мұнар күн», «Мен құстан туған құмаймын»,
«Жалғыздық» өлеңдеріне 2 сағат; Абай Құнанбаевтың «Адамның кейбір кездері», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Әбдірахман өлгенде»,
«Әбдірахман өліміне», «Он жетінші қара сөзі» сияқты 5 тақырыпқа 4 сағат; Жамбыл Жабаевтың «Жаныс ақынға», «Патша әмірі тарылды», «Сұраншы батыр» дастанынан үзіндіге 2 сағат белгіленген. Мұндай мысалдарды өзге сыныптарға қатысты да айтуға болады.
Дегенмен мұндайда мұғалім өз тәжірибесіне, жеке пайымына сүйену қажеттігі көрінеді әрі шығармашылық ізденіс керектігі айқындалады. Абайдың табиғат лирикаларын жұптай оқыту, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың
«Шығамын тірі болсам адам болып», «Мен қазақ» сияқты лирикалық қаһарманың ішкі әлемін танытатын шығармаларды біріктіре оқыту немесе тақырып жағынан бірін бірі толықтыратын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың», «Жолама қулар маңайға», Абай Құнанбаевтың Әбдірахман өлгенде», «Әбдірахман өліміне» сияқты шығармаларды біріктіре оқыту қажет. Бағдарлама бойынша кейбір дербес сағат бөлінген тақырыптарды да жұптау, шоғырландырып оқыту мазмұны мен құрылым жүйесі, тілі жағынан күрделі көлемі жағынан ауқымды танылған өзге шығармаларға көбірек уақыт ығыстыруға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, күнтізбелік жоспарды түзудің басты ұстанымдары ретінде бағдарламаға енген оқу материалының мазмұнымен толық танысу, шығармалардың идеялық, танымдық, тақырып- тық қырларын алдын-ала зерделеуді ерекше атауға болады. Себебі көбіне сәтсіз күнтізбелік жоспарлардағы кемшіліктер оқу материалын алдын-ала електен өткізбеу салдарынан туындайтыны жасырын емес.
Бағдарламада бірнеше сыныпта оқытылатын классик қаламгерлердің шығармашылығының сыныптар бойынша жіктелісін толық білу де күнтізбелік жоспарды түзу тиімділігіне ықпал етеді.

  • Оқу пәнінің апталық жіктелісін анықтау;

  • Бағдарлама бойынша жазба жұмыстарына бөлінген сағат мөлшерін анықтау;

  • Оқу материалдарын апталық жүктемеге жіктеуде өткен сыныптардағы оқу материалымен бірізділікті сақтау;

  • Тақырыптарды белгілеуде жүйелілік ұстанымын сақтау;

  • Бағдарламада көрсетілген оқушы біліміне қойылатын талаптар қажеттілігін өтеуді жоспарлау үдерісінде үнемі оқу-жұмыс бағдарында ұстау;

  • Белгілі бір автордың тақырыптас шығармаларын жұптай оқыту есебінен күрделі тақырыптарға сағат белгілеу мүмкіндіктерін қарастыру;

  • Бірнеше сағат көлемінде оқытылатын күрделі оқу материалдарын сабақ типтеріне қарай жүйелеп көрсету. Мәселен, кіріспе сабақ типіне, жаңа білім қалыптастыратын сабақ типіне, қайталау-пысықтау сабақтарына, қорытынды сабаққа лайықты тақырыптар ұсыну;

  • Әр тақырып бойынша қамтылатын әдеби-теориялық мағлұматты ұсынуда жүйелілік пен бірізділікті сақтау, өзге тақырыптар бойынша да үнемі қайталап бекіту мақсатын көздеу;

  • Сыныптан тыс оқытуға қатысты оқу-танымдық жұмыстарды ұйымдастыруға сағат бөлу;

  • Әр тоқсанда оқушылардың жазба тілін дамытуға арналған жұмыстарды жоспарлау әрі жүйелеу;

  • Оқушылармен жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарын жоспарлау т.б.

Күнтізбелік жоспарды түзуде оқу бағдарламасындағы аннотацияны бағдарда ұстаған орынды. Яғни ұсынылған тақырыптар бойынша қандай мәселеге басты назар аударылатыны бағдарламада айқын көрсетілген.
Әр тақырыпты өтер алдындағы дайындық жұмысы белгілі бір оқу- танымдық үдерісті жобалау болып есептеледі. Сабақ үдерісінің өзі үлкен
жобалау жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылады. Олай дейтініміз жоба жұмысындағыдай оқу-танымдық ізденіс жасалады. Атап айтқанда:

  • Сабақтың мақсат-міндеттері айқындалады;

  • Әр сабақ кезеңіндегі оқу-жұмыс қадамы уақыт мөлшеріне бағдарла

нады;



  • Сабақ тақырыбының мақсаты айқындалады;

  • Баяндайтын материалды сұрыптап, тиісті қорытындылар жасалады;

  • Тақырып мазмұнына қатысты ерекше назар аудартылатын басты оқу

метериалы белгіленеді;

    • Оқу-танымдық үдеріске тиімді әдіс-тәсілдер сұрыпталады;

    • Сабақтың толық конспектісі әзірленеді;

    • Сабақтың жүйесі ойластырылады;

    • Дидактикалық материалдар дайындалады;

    • Сабаққа қолданатын тиісті көрнекіліктер әзірленеді, т.б.

Осы жобалау әрекеттерінің барысында сабақ жоспары түзіледі.
Сабақ жіктемесі жөнінде озат мұғалімдер мен педагог ғалымдардың пікірлері әртүрлі. Педагогикалық және әдістемелік еңбектерде сабақты әртүрлі жүйеленіп жүр. Солардың көбі кеңес мектебінен бері қалыптасқан М.А.Данилов, Б.П.Есипов, Е.Я.Голант, С.В.Иванов, И.Н.Казанцев, Р.Г.Лемберг, Д.О.Лордкипанидзе, Э.И.Моносзон, И.Т.Огородников, М.Н.Скаткин, В.П.Стрезикозин, Г.И.Щукина, В.В.Голубков, Ю.А.Конаржевскийлердің жүйесіне сүйенеді.
Аты аталған ғалымдардың да сабақ құрылымы туралы пікірлері алуан түрлі. Мәселен, И.Н.Казанцев сабақты материалдың мазмұны мен дидактикалық мақсатына, әдістемелік бағытына қарай жүйелесе,1 М.А Данилов, Б.П.Есиповтар сабақтың негізін дидактикалық мақсатына қарай құрайды2. Ал, С.В. Иванов оқыту үдерісінің ерекшеліктеріне қарай ойластырады3.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Көшербаев өзінің
«Оқыту теориясы» деп аталған көп жылғы зерттеу еңбегінде көп елдердің мектептерінде қалыптасқан оқу-ісі тәжірибелерін саралайды. Сонымен қатар ғалымдардың сабақты әр түрлі жіктейтінін көрсетеді4.



И.Н.Казанцев сабақты онға жіктейді1:

    1. Алғашқы сабақ – әр пәннен оқу жылының басында өтетін сабақтар; 2.Кіріспе сабақ – бағдарламаның күрделі тараулары мен тақырыпта

рынан өтетін бірінші сабақ;
3.Жаңа білімді меңгеру сабағы – жаңа материалды өтетін сабақ; 4.Пысықтау сабағы – өткен материалды пысықтау сабақтары;

  1. Жаттығу сабағы – оқушылардың білімі мен дағдысын жаттықтыру сабақтары;

  2. Практикалық сабақ – оқушылардың алған білімін өмірде қолдану жолдары көрсетілетін сабақ;

  3. Қайталау-қорыту сабағы – өткен күрделі тараулар мен тақырыптарды қайталау, қорыту сабақтары;

  4. Тексеру сабағы – оқушылардың білімін тексеретін сабақтар;

  5. Білім саласын бағалау сабағы – оқушылардың алғашқы білімін бағалау сабақтары;

  6. Қорытынды сабақ – оқу жылының ақырында әр пәннің жылдық курсын қорыту сабағы.

С.В.Ивановтың сабақ жіктемесі2:

  1. Кіріспе сабақтар;

  2. Материалмен алғашқы рет танысу сабақтары; 3.Жаңа білімді меңгеру сабағы;

4.Меңгерген білімді практикада қолдану сабағы; 5.Дағдылану сабағы;
6.Қайталау, пысықтау және қорыту сабақтары; 7.Бақылау сабақтары.
Б.П.Есипов пен М.А.Даниловтың сабақ жіктемесі3: 1.Аралас сабақтар;
2.Материалмен таныстыру сабағы; 3.Пысықтау сабағы;

  1. Қайталап жинақтау, қорыту сабағы;

  2. Оқушылардың білім мен дағдысын жаттықтыру сабағы; 6.Білім сынау сабағы.

В.В.Голубков пәннің ішкі ерекшелігіне қарай сабақ түрлерін былайша саралайды:

  1. Кіріспе сабақ;

  2. Жаңа оқу материалынан білім беру сабағы; 4.Бағдарлы әңгіме сабақтары;

  1. Көркем шығарманы талдау сабақтары;

  2. Қосымша материалдарды оқып үйрену; 7.Қорытынды сабақтар.

Мәселен педагог-ғалым Н.И.Кудряшев сабақтарды танымдық мақсаттарына қарай саралайды:

  1. Көркем шығарманы оқып-үйрену сабақтары:

а) әдеби шығарманы оқып-үйрену сабақтары ә) мәтінмен тереңдете жұмыс жүргізу
б) көркем шығарманы оқып-үйренуді қорытындылау

  1. Әдебиет теориясы мен тарихын оқып үйрену сабақтары а) ғылыми, әдеби-сын зерттеулерді оқып үйрену

ә) жазушы шығармашылығын оқу сабақтары
б) әдеби-теориялық ұғымдарды қалыптастыру сабақтары в) қорыту, қайталау сабақтары

  1. Тіл дамыту сабақтары:

а) шығармашылық жұмысқа үйрету сабақтары ә) ауызша жауап беру сабақтары
б) шығарма жазуға үйрету
в) шығарма талдау сабақтары
Яғни, болашақтың маңызды мақсаты — оқытушыда деп білуге болады. Өйткені, өмір мен әдебиеттің жымдаса байланысқан сабақтастығының өзі осы мақсатты айқындай түспек. Әрбір әдебиетші ұстаз — шебер әдіскер, тамаша суреткер, талантты қайраткер, қажырлы еңбекқор, әрі талапты да дарынды болуы зор табыс. Ол үшін оқытушы сабақ берудегі әдістерді де амалдарды да, тәсілдерді де жете меңгеруі тиіс.
Қай пәннен болсын сабақ жоспарының құрылымы сабақ типтері мен формаларына да қатысты жасалады. Бүгінде кеңес мектебінде қалыптасып, қазақ мектептерінде дәстүрге айналған сабақтардың жіктемелері, жалпы типтері мынадай:

    1. Кіріспе сабақ;

    2. Жаңа білім беретін сабақ (өткен материалмен байланыстылығына қарай көбіне аралас сабақ деп те атайды)

    3. Пысықтау, қайталау сабағы; 4.Қорытынды сабақтар; 5.Білім сынау сабақтары.

Ал сабақ формаларын: жаңа білім беретін сабақ, өз бетінше оқылатын сабақ, зертханалық, сарамандық, практикалық сабақтар деп топтасырып жүр.
Әдебиет пәнінің оқу бағдарламалары бойынша жүйелейтін болсақ, кіріспе сабақтың типіне көлемді тарауларға кіріспе ретінде ұсынылатын тақырыптарды лайықтауға болады. Мұндай кіріспе сабақ типіне жататын тақырыптар: 5 сынып бойынша әдебиет пәні туралы бастапқы ұғым қалып- тастырылатын «Әдебиеттің өнердің бір саласы және оқу пәні ретінде сипаты» деп аталған кіріспеден басталып, «Халық ауыз әдебиеті туралы түсінік», 5 сыныптағы «Ертегілер» (ертегілерді оқытуға ұсынылған 15 сағаттың алғашқы сабағы) тақырыбын жатқызуға болады. Осындай кіріспе сабақ типіне жататын тақырыптарды 6, 7 сыныптардан да атауға болады. Мәселен, «Көркем
әдебиеттің адам өміріне алатын орны» туралы, «Халық ауыз әдебиеті»,
«Батырлар жыры туралы түсінік» қалыптастырылатын кіріспе тақырыпты, белгілі бір пәнге не бөлімдерге кіріспе тақырыптарды жатқызуға болады. Осы тектес кіріспе тақырыптар өзге сыныптарда да көрсетілген. Жоғары сы- ныптарда оқылатын белгілі бір дәуірлерге, әдеби үдеріске шолу тақырыптарын да кіріспе сабақ типіне жатқызуға болады.
Әдебиет пәнінің оқу бағдарламасы бойынша жаңа білім беретін сабақ типтеріне дербес тақырыптардың барлығын жатқызамыз. Негізінде сыныптық сабақтың барлығында (білім сынау сабақтарынан өзге) белгілі бір дәрежеде жаңа білім қалыптастырылады. Кіріспе сабақта да негізінен жаңа ұғым-түсінік молынан беріледі. Оқу типтерінің бұлай аталуына шартты түрде қараған орынды.
Әдебиет пәнінің оқу бағдарламасы бойынша 5-9 сыныптарда тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар, ертегі, аңыздар, діни-мифтік әңгімелер, әдеби дастандар, батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар шешендік сөздер, қазақ әдебиетінің әр дәуіріне жататын әдеби тұлғалардың, қаламгерлердің таңдаулы шығармалары енгізілген. Негізінен оқушылардың дүниетанымы мен әдеби танымын, сөз өнеріне деген талғамын қалыптастыра отырып тұлғаны дамыту мақсатында өлең, жырлар, шағын әңгімелер ұсынылған. Бағдарламадағы әдеби мәтіндерді оқытуға белгіленген сағат мөлшері де әр алуан. Кей тақырыптар бір сағат көлемінде оқытылса, кейбір тақырыптар екі не үш, төрт сағатқа белгіленеді. Соған қарай сабақтың типі де анықталады. Мәселен, қайталау, пысықтау сабақтарын екі не үш сағатқа жоспарланған тақырыптарға қарай анықтауға болады. Белгілі бір тақырыптарда соңғы сағаттарында қайталау, пысықтау материалдарына көбірек орын беріледі. Осыған қарай бірнеше сағат бойы оқытылатын шығармалардың, не автор шығармашылығының соңғы сағаттарына жоспар түзгенде сабақты қайталау, пысықтау типіне лайықтаған орынды.
Ал қорытынды сабақ типі негізінен үлкен тарауларды не бірнеше сағат көлемінде оқытылған көлемді шығармаларды қорытуға байланысты жоспарланады.
Әдебиет пәні бойынша сыныптық сабақта жазылатын мазмұндама, шығарма, тест, бақылау жұмыстарын т.б. білім сынау мақсатын көздейтін сабақтарға жасалатын жоспар түрлерін білім сынау сабақ типіне сәйкес құру қажет.
Сабақтың әр типінде сабақ кезеңдері әртүрлі құрылымда қатысады. Сабақ кезеңдерін топтастыруда да педагог ғалымдардың пікірлері әралуан. Дегенмен, кеңес мектебінен бері дәстүрге айналып біршама тұрақтанған сабақтың сегіз кезеңін атауға болады.
Ю.А.Конаржевский «Педагогический анализ учебно-воспитательного процесса и управление школ» атты еңбегінде сабақтың 8 кезеңін саралап көрсетеді1. Олар:

  1. Ұйымдастыру кезеңі;

  2. Үй тапсырмасын сұрау кезеңі; 3.Білімді жан-жақты тексеру кезеңі;

  1. Жаңа оқу материалын белсенді әрі саналы түрде қабылдауға даярлық кезеңі;

  2. Жаңа білімді меңгеру кезеңі;

  3. Оқушылардың жаңа білімді түсінуін тексеру кезеңі; 7.Жаңа білімді бекіту кезеңі;

8. Оқушыларға үй тапсырмасы жөнінде ақпарат пен орындауға нұсқаулық беру кезеңі.
Сабақтың әртүрлі типіне қарай сабақ кезеңдері әр құрамда болады. Мәселен, кіріспе сабақ типінде «үй тапсырмасын сұрау», «білімді жан-жақты тексеру» кезеңдері қатыспауы заңды. Сол сияқты қайталау, пысықтау немесе қорытынды сабақ типтерінде «жаңа оқу материалын белсенді әрі саналы түрде қабылдауға даярлық кезеңі», «жаңа білімді меңгеру» кезеңдері болмауы тиіс. Ал ұйымдастыру кезеңі сабақтың барлық типіне қатысты әрі сабақтың көп кезеңінде ең басты материалды меңгеретін тұстарда оқушы зейінін немесе оқу әрекетін ұйымдастыруға қатысты белсенді жүргізілуі әбден түсінікті.
Оқу үдерісінде сабақ кезеңдерінің қайсысы белсенді жүргізілуі мұғалімнің оқу-танымдық жұмыстарды ұйымдастыру мақсатына да қатысты екендігі белгілі. Солай бола тұра, шартты түрде сабақтың қай кезеңдерінің сабақ типіне қарай қалай қатысатынын төмендегі кестеден көруге болады.



    1. кесте




Сабақ типі
Саб. кезеңі

кіріпе сабақ

жаңа білім беретін сабақ

пысықтау, қайталау сабағы

қорытынды сабақтар

білім сынау сабақтары.

Ұйымдастыру кезеңі

+

+

+

+

+

Үй тапсырмасын сұрау
кезеңі




+

+

+




Білімді жан-жақты тексеру
кезеңі




+

+

+




Оқу материалын қабылдауға
даярлық кезеңі

+

+

+

+




Жаңа білімді меңгеру кезеңі

+

+










Оқушының түсінуін тексеру
кезеңі

+

+

+

+

+

Білімді бекіту кезеңі

+

+

+

+

+

Үй тапсырмасын беру кезеңі

+

+

+

+

+

Сабақ жоспарын түзуде сабақ құрылымы мен жүйесін, дидактикалық мақсатын жете зерделеу керектігі, сабақ жүйесі бір біріне сабақтасып жатқан үлкен құрылым екендігі жоғарыда келтірілген жіктемелерден анық байқа


лады. Әдетте сабақ жоспарының тақырыптан бастап жазылатындары жиі ұшырасады. Ал жоғарыда айтылған жүйемен бірізділікті сақтау үшін сабақ жоспарына ең алдымен сабақ типін анық көрсеткен орынды. Олай дейтініміз, сабақ кезеңдері сабақ типіне қарай анықталады, ал сабақ түрін жазу жоспардың құрылымын айқындауға көмектеседі. Сабақтың дәстүрлі түріне жасалған үлгісін ұсынайық:

Жаңа білім беретін сабақ типіне сабақ жоспары. Қазақ әдебиеті пәні (7- сынып).


Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ.
Сабақтың типі: Жаңа білім беретін сабақ
Сабақтың тақырыбы: С. Торайғыров «Бір адамға».
Сабақтың мақсаты: Ақынның өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат бере отырып, «Бір адамға» өлеңінің идеялық мазмұнын таныту.
Білімділік міндеттері: а) Оқушыларға қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті ақын С. Торайғыровтың өмірі туралы мағлұмат беру.
ә) «Бір адамға» өлеңінің жазылу тарихынан мағлұмат беру.
б) Өлең мәтініндегі «қымбат қып, арзан емес кемге алыпты», «артында қалдырмас па жақсы даңқын», «нақақ көз» т.б. өлең идеясын айқындауға қызмет жасап тұрған сөздердің қолданылу мақсаты мен мәнін ашу. Сол арқылы өлеңнің тақырыптық, идеялық астарына үңілту.
в) Әдебиет теориясынан ирония ұғымын қалыптастыру, өлеңдегі ирониялық ойды таныту.
Дамытушылық міндеті: а) Әр оқушының өзіндік ой-қиялын, сөздік қорын дамыту, сөйлеу тілін дамыту.
ә) Шығармашылықпен жұмыс жасауға жұмылдыру арқылы таным түсініктерін дамыту.
Тәрбиелік міндеттері: а) Ақынның өмір жолы арқылы оқушыларды адамгершілік пен парасаттылыққа баулу;
ә) Оқушыларды елін, Отанын сүюге, патриоттық рухта тәрбелеу.
Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, әңгімелеу.
Көрнекілік: Ақынның портреті, плакаттар, буклет, ақынның кітаптары, тақта, оқулық, сөзжұмбақ.
Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі: Сыныппен сабақ үдерісін бастауға даярлық жұмыстары.

  2. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі: Өткен материал бойынша анықтамалық сұрақтар негізінде оқушы білімін тексеру. Жеке тапсырмалар арқылы өткен материал бойынша оқушы білімін жан-жақты тексеру.

  3. Жаңа оқу материалын белсенді әрі саналы түрде қабылдауға даярлық кезеңі: Оқу материалына кіріспе сұрақтар:

С. Торайғыров кім?
Ақынның қандай өлеңдерін білесің?

  1. Жаңа сабақты оқып-білу кезеңі

Түсіндіру әдісімен С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығынан мәлімет беріледі:
С. Торайғыров – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті ақыны, ұлы Абай дәстүрін жалғастырушы. Ол өзі өмір сүрген қоғам шындығын, қайшылығын бейнелей білген ақын. Өмір сүрген сол дәуірдің айрықша ірі тұлғасы.
С.Торайғыров 1893 жылдың 29 қазанында қазіргі Көкшетау облысының Қызылту ауданында дүниеге келген. Ол алты жасынан бастап әкесінен хат таниды. Кейін 1902 – 1903 жылдары Әлі деген молдада, 1904 – 1905 жылдары Тортай деген молдада, 1906 – 1907 жылдары Мұқан молдадан, 1908-1910 жылдары Баянауыл қаласында, 1911 жылы Нұрғали деген молдалардан дәріс алады. Сұлтанмахмұт Мұқан молдаға еліктеп он үш жасынан бастап өлең жаза бастайды. Оның ең алғаш жазған өлеңі – «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» деп аталады.
1913-1914 жылдары «Айқап» редакциясында жұмыс істейді. 1914-1916 жылдары өз ауылы Баянауылға қайтады. Ондағы мақсаты ел жастарын оятпақ, оқуға, мәдениетке талпындырмақ еді.
С.Торайғыров Шідертіде сырқаттанғаннан үйінде ауырып жатып, 1920 жылдың 21 мамыр күні 27 жасында қайтыс болды.
Ол – әдебиеттің әр жанрында жазатын қабілетті, талантты қаламгер. Білім жолындағы тынымсыз ізденіспен, қиыншылықпен өткізген «жарты тұтам» қысқа өмірінде ол 110-дай өлең, 5-6 поэма, 2 роман, 7-8 мақала, очерк, әңгіме жазды.
«Бір адамға» өлеңін мәнерлеп оқу.
Өлеңнің шығу тарихын туралы мәлімет беру. Екі оқушыға мәнерлеп оқыту.

  1. Жаңа білім және іс-әрекет амалдарын алғашқы тексеру кезеңі:

Мәтінмен жұмыс.

  1. Осы өлеңде оқиға бар ма? Ақынның көңіл күйі сезіле ме?

  2. Өлеңге қанша кейіпкер қатысып отыр?

  3. Өлең қандай адамға, кімге арналған деп ойлайсыңдар?

  4. Шал байлығын қалай таныстырады?

  5. Осы берілген өлеңде қандай әдеби көркемдеуіш құралдар бар?

Сөздікпен жұмыс:
Оқа - әшекей зат.
Бұлды түйме – бағалы ілгек. Нақақ – адал, бейкүнә.
Шекпен – түйенің жүнінен тігілген сырт киім. Алтын аяқ – қымбат ыдыс.

  1. Жаңа білімді және іс-әрекет амалдарын бекіту кезеңі:

«Даңқ» деген ұғымды қалай түсінесіңдер? Осы ұғымға кластер түзіңдер. Оқушылардың «даңқ» сөзіне жазған түсініктерін тыңдай отырып,
адамға абырой, атақ, даңқ әкелетін игілікті істер мен әрекеттерді саралап сабақты бекіту.
8. Үй тапсырмасын беру кезеңі.

Қайталау, пысықтау типіндегі сабақ жоспары. Қазақ әдебиеті пәні 5 - сынып.


Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ.
Сабақтың типі: Пысықтау сабағы
Сабақтың тақырыбы: «Ақын қонақтар» («Абай жолы» романынан)
Сабақтың мақсаты: Жас Абайдың өздері сияқты жасөспірім болғанына назар аударту. Өнер адамдарының (Барлас, Байкөкше) бойындағы ұлттық құндылықтарды бағалауды үйрету. Сөз өнерінің адам тұлғасын қалыптастыруда ұлы күш екенін байқату.
Міндеттері:
а) Танымдық міндет:

  1. М. Әуезовтің «Абай жолы»романынан алынған үзіндісінің мазмұнын талдау.

  2. Мәтіндегі күрделі ұғымдар мен сөздерді тану.

  3. Көркем сөз айшықтарын тану.

  4. Авторлық ойды, идеяны ашу.

ә) Тәрбиелік міндет:

  1. Болашақ ұлы ақынның халық өнерін, ауыз әдебиетіне ден қойып, бала кезден кісіге құрметпен қарағанына мән беру.

  2. Адамгершілікке, мейірімділікке, сезімталдыққа тәрбиелеу.

б) Дамытушылық міндет:

  1. Шығармашылықты дамыту.

  2. Тіл байлығын дамыту.

  3. Өз ойын анық, жатық жеткізуге, мәтінмен жұмыс жасай білуге дағдыландыру.

  4. Өзіндік талдау, жинақтауға бейімдеу, ойын дамыту.

  5. Жеке, жұптық, ұжымдық жұмыста шапшаңдық, тапқырлық таныту, ойын әдеби тілмен өрнектей білуге төселдіру.

Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, топпен жұмыс, баяндау, мәтіннен тауып оқыту, шығармашылық, тест.
Пәнаралық байланыс: Тарих, қазақ тілі, ауыз әдебиеті
Сабақтың көрнекілігі: М.Әуезов, А.Құнанбаев портреті, қанатты сөздер, слайдтар, музыкалық әуен, оқулық.
Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі: а) сынып тазалығы

ә) оқушыларды түгелдеу
б) оқу құралдарын тексеру в) топқа бөлу (3 топ)

  1. Үй тапсырмасын сұрау кезеңі:

а) Оқушылардың мәтінмен толықтай таныс екендігін байқау (анықтамалық сұрақтар қою арқылы).

  1. Абайдың сырт келбеті қалай суреттеледі?

  2. Абай портретін жасауда автор қандай детальдарды қолданған? 3.Басты кейіпкерлерді атаңыз.

4.Абайдың сырқатынан айығуына себепші болған не? 5.Әжесі Зере Абайға қандай әңгімелер айтты?
6.Зере қандай адам болған? 7.Ауылға кімдер қонаққа келеді?
8.Абайдың неге қызығушылығы оянады? ә) Мәтінмен жұмыс:
Мәтіннен Абайдың портретін тауып оқытқызу;
Мәтіннен Барлас ақынның Абайға берген батасын тауып оқытқызу.

  1. білімді жан-жақты тексеру кезеңі:

а) мәтінге жоспар құру (топ бойынша)
ә) тілдік талдау (түсініксіз сөздермен жұмыс) Мүсін - бет әлпет, келбет, пішін;
Рең – шырай;
Қылаң - ақшыл, бозғыл; Құлан таза - әбден, мүлде; Сейілу - айығу, жадырау; Машық - әдет, дағды;
Пейіл - ниет, ықылас; Қажау - мазалай беру; Қан базар - қалың жиын;
Сүле науқас - созылып, айықпаған ұзақ ауру;
Мәтіннен көркемдік құралдарды (теңеу, метафора, эпитет) синонимдік, антонимдік қатарларды табу.
ІҮ. Оқу материалын қабылдауға даярлық кезеңі:
а) Талдау сұрақтарын беру

  1. Ауылға келген қандай қонақтар еді? Олар кімдер?

  2. Абай Байкөкшені алғаш рет қашан және қайдан көрген? 3.Мәтіннен Абай мен Барластың диалогын тауып бер 4.Абайға домбыраны сыйға тартқан кім?

  1. Барлас ақын қандай бата берді? Ол батаның Абай үшін маңызы қандай?

  2. Ұлжанның ерекше қасиетін көрсететін сөздерді мәтіннен тауып оқы. 7.Ұлжан ақындарға не үшін ризалығын білдіреді?

  1. Ақындармен қоштасардағы Ұлжан әрекетінен оның қандай адам екенін байқауға болады?

  2. Ақын қонақтар кеткеннен кейінгі Абайдың әрекетін баянда.

  3. Ақындардың Абайға әсері қандай болды?

  4. Мәтінге сүйене отырып кейіпкерлерге мінездеме бер (Зере, Ұлжан, Барлас)

VІ. Оқушылардың түсінуін тексеру, пысықтау кезеңі:
Мәтіндегі фразеологизмдерді табу, синонимдерін, антонимдерін жазу.
Кестемен жұмыс


Фразеологизм

Мәтіннен үзінді

Мағынасы

Синонимі

Антонимі

Пейілін беру

Сондай шеше әңгімелеріне бар пейілін беріп жүрген күндерде

Көңіл бөлу

Құлақ салу, қызығу

Құлақ аспау, құлағына
ілмеу

Ішіне бүгу

Білгенін ішіне бүгіп отыратын үлкендердей емес

Жасыру

Айтпау, бүкпелеу,
жария етпеу

Әлемге аян ету, жариялау

Салмақ салу

Осы жолы Абай шешесі арқылы салмақ салып

Сұрау

Бұйымтайы болу, өтіну, айту

Тілге тиек етпеу, көңіл бөлмеу

Пішін білдіру

Ұлжан Барласқа қарап, бір сөз
айтатындай пішін білдірді

Белгі беру

Ымдау, ишара білдіру,
сыңай таныту

Қасқайып тұру, мұрнына исі бару

VIІ. Жаңа білімді және іс-әрекеттерді бекіту кезеңі:


Тапсырма: а) Сен Абайға қандай бата берер едің?
ә) Ата-әже, әке-шешелеріңнен қонақты шығарып саларда қандай сый-сияпат көргеніңді жаз.
б) Мәтін мазмұнына сәйкес мақал-мәтел жаз.

Тестпен жұмыс:



  1. Ұлжан ақын қонақтарға қандай сый берді? а) Шапан жапты б) астарына ат мінгізді

  2. Абай тапқан бір ермек дос:

а) атқа отырып ел аралау б) әжесі мен шешесі

  1. Барлас кім?

а) күй шабандозы б) әңгіме-жырдың дүкені

  1. Әңгіме мазмұнына қандай мақал-мәтел сәйкес келеді?

а) баталы ер арымас б) Құтты қонақ келсе, қой егіз табады

  1. Әңгімеде қандай мәселе сөз болған?

а) өнер-білім алу б) сөз өнерінің құдіреті

  1. Абайды ұлылыққа бастаған бұлақ?

а) сөз өнеріне деген қызығушылықтың оянуы б) әкесі Құнанбай
VIII.Үйге тапсырма:
Әңгімеге жоспар құру, мазмұндау, суретке қарап әңгіме құрастыру.
Қорытынды сабақ типінде сабақ жоспары. (10- сынып).
Сабақ түрі: Дәстүрлі
Сабақтың типі: қорытынды сабақ
Сабақтың тақырыбы: Шортанбай Қанайұлының шығармашылығы Сабақтың мақсаты: Шортанбай Қанайұлы шығармашылығы бойынша оқушы білімін саралап қорытындылау.

  1. Танымдық міндеттері:

Шортанбай Қанайұлы ақын ретінде, өскен ортасы, сол кездегі қоғамдағы оқиғаларға әсерін таныту;
Ақын жеке тұлға ретінде өзіндік пайым, пікірлерінің шығармашы- лығындағы көрінісін таныту;
Қазақ әдебиеті ғылымында Шортанбайдың алар орнын пайымдау;
«Қазақ» концептісін таныту;
Оқушылар түсінігіндегі «діндар» адамға анықтама беру.

  1. Тәрбиелік міндеті:

Ақынның өлеңдерін оқыта отырып, шығармадағы еңбек, білім, адам бойындағы жеке қасиеттерді, яғни отансүйгіштік, ізгілік, адамгершілік қа- сиеттерді саралап тану. Оқушылар бойындағы еліне, жеріне деген сүйіспен- шілікті, ақын өлеңіндегі сүйіспеншілікпен ұштастыруды көздеу. Ақынның елжанды, ұлтжанды көзқарастарын таныта отырып, оқушыларды отаншыл- дық рухта тәрбиелеу. Саяси идеялық, имандылық тәрбие беру.

  1. Дамытушылық міндеті:

Оқушылардың ақын өлеңдерінде қамтылған саяси, қоғамдық өміріндегі өзгерістер жайында өз ойларын еркін жеткізу қабілеттерін дамыту, тіл байлығын дамыту, іштей ой түюге баулу. Шортанбай поэзиясындағы діни сөздерге қатысты түсіндірме сөздікпен жұмыс жасауға дағдыландыру.
Сабақтың әдісі: Баяндау, сұрақ-жауап, талдау.
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет.
Сабақтың көрнекілігі: Кесте, қанатты сөздер, кітаптар көрмесі, интерактивті тақта.
Сабақтың барысы:

    1. Ұйымдастыру кезеңі:

Оқушылармен оқу үдерісін бастауға даярлық, оқушы зейінін сабаққа аудару.

    1. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі:

Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылығы бойынша оқушылардың алған білімін тексеру. Ш.Қанайұлының шығармашылығынан берілген тапсырмаларды тексеру. Ш.Қанайұлының заман туралы жазылған өлеңдерінен үзінділерді жатқа сұрау.
"Зар заман", "Бала зары" өлеңдерін жаттау.

    1. Білімді жан-жақты тексеру кезеңі: Баяндау әдісімен мынадай мәлі- мет айтылады:

Сарыарқаның кең жайлауы үйір-үйір жылқы, қоралы қой, қорасы қара малға ғана толы емес еді, соған қоса, жері құнарлы, егіні бітік, шаруалар
өмірі думанды, ел еңсесі көтеріңкі көрінетін. Адамдары шетінен ділмар, сауыққой, әнші, жыршы, өлеңші келетін. Сонау Қаз дауысты Қазыбек бидің ізін басып жалғасып жатқан билер тобының өнерлерінің өзі қандай?! Бұл өлкеде Ақан мен Біржанның, Мәди мен Ыбырайдың әндерін салмайтын қыз бен жігітті кездестіру де қиын. Тәттімбет пен Қазанғаптың күйлері қандай ойлы, сырлы? Жанақ, Шөже, Орынбай, Кемпірбайлардың ақтарыл- ған ақпа жырлары ше? Ғажап дүние! Не деген байлық? Өмірдің қызығы, мән-мағынасы деген осы емес пе!

  1. Бұл үзінді нені баяндап тұр?

  2. «Діндар», «Ділмар» сөздерінің мағынасын ашу.

Шортанбай шығармаларындағы сарын мен сол заманның әдебиет өкілдері атауындағы байланысты айқындау.
Шортанбай өлеңіндегі «зар заман» ұғымы тұтас бір әдеби дәуірдің атауына айналып кетті. Әдебиетіміздің тарихында Шортанбай бастаған зар заман өкілдері бар.
Шортанбай ақынның заман зарын сипаттайтын басты өлеңдеріне сараптама жасату. Талдауға алынатын өлеңдері:

  • «Зар заман»

  • «Тар заман»

  • «Бар заман»

  • «Опасыз жалған»

  • «Осынша азды ел неден»

  • «Байды құдай атқаны»

Кестемен жұмыс



Бала зары

Мұраттың жалпыға айтқаны

Атамыз–Адам пайғамбар, Топырақтан жаралды, Мұсылман, кәпір-халық боп, Сол адамнан таралды.
Бір-біріне беріскен, Дәм мен тұзы халал-ды. Ұрлық пен қорлықтан,
Өтірік, ғайбат, зорлықтан Бойыңды тартып тек жүрсең, Көрмессің деген залалды.
Белгісі деген бейіштің Жазғы салқын самалды. Тәркі деген тамұқтың
Қысқы суық амал-ды.

Ертеңмен тұрып ақырса, Аллалап азан шақырса, Аузына қарам салмаса, Шипалы жерге бармаса, Ақ кәләмді оқыса, Алланың берген санасын, Кеудесіне тоқыса; Шариғаттың жолы деп, Әдеп бір етсе мұртына, Өсиет етсе жұртына,
Ақ кәләмді аударған- Ол пір ұлына жарасар!

Оқушыларға зар заман өкілдеріне қысқаша сипаттама жасату.


Шортанбай ақынның «Бала зары» өлеңімен Мұрат Мөңкеұлының
«Мұраттың жалпыға айтқаны» өлеңдерінен үзінді келтіре отырып салыстырту. Қорытынды сабақ болғандықтан, «конференция» түрінде сыныпты екі топқа бөлу.

  • Тілшілер (журналистер)

  • Мамандар (әдебиет ғылымының).

Тіршілер осы сабақ бойынша мамандарға сұрақтар қояды. Мамандар сұраққа жауап беру керек, жауап болмаған жағдайда сұрақтың жауабын мамандар өздері айтуы шарт. Сұрақтар сапалы болу керектігі ескертіледі. Жұмыстың бұл түрі арқылы Шортанбайдың қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны өзіне тән сегіз қасиетімен айқындалады.

  1. Діндарлығы және ділмарлығы

  2. Шортанбай - әлеуметтік өмірдің шынайы суреткері. Абайға дейінгі ақындардың ішінде әлеуметтік мәселені тұңғыш рет тиісті дәрежеге көтере білуі.

  3. Шортанбай айтыскер.

  4. Шортанбайдың айтыстары.

Қорытындылау үшін «Шортанбай» ұғымына кластер жасалып, оқушылардың өз пікірімен дәйектеледі.
Үйге тапсырма: Шортанбай шығармашылығы мен өміріне байланысты ойтолғау жазып келу.

Білім беру жүйесіндегі дәстүрлі сабақ құрылымы бүгінде оқытудың жаңа технологияларына негізделген тың ізденістермен толығып келеді. Біз мысалға келтіріліп отырған сабақ жоспарлары дәстүрлі сабақ түрлеріне құрылған. Әдістеме ғылымында отандық әдіскерлердің қалыптастырған жүйесін жете білу жаңа ізденістердің дұрыс бағытта дамуына да өзіндік үлесін қосары анық. Олай дейтініміз жаңа технологияларға негізделген сабақ жоспарларын түзу үшін де сабақтың тұтас құрылымдық жүйесін терең таныған орынды.


Әдетте әдебиет пәні бойынша сабаққа дайындықты оқу материалын талдаудан бастаған орынды. Оқу материалы бойынша сыныпта жүргізетін жұмыс барысы да мұғалімнің мәтін мазмұны бойынша ұйымдастыратын оқу- танымдық жұмыстарының бірізділігі мен жан-жақтылығына қатысты. Оқу материалына кіріспе сұрақтар даярлау, мәтін мазмұнын оқушылардың меңгеру дәрежесін білу мақсатындағы анықтау сұрақтары, мәтін талдауға бағытталған сұрақ-тапсырмалар, мәтіннің идеялық қырларын талқылай отырып, тануға арналған проблемалық сұрақтар, оқу материалына қатысты, сабақты бекіту, пысықтау кезеңдерінде оқушыларға қойылатын сұрақтарды ойластыру – барлығы мұғалімнің сабақ алдындағы даярлық жұмыстарына жатады. Одан өзге сабақты жоспарлау барысында сабаққа қойылатын негізгі талаптарды ескерген орынды. Олар:

  1. Сыныпты ұйымдастыра білу.

  2. Берілген білімнің оқушыға түсінікті болуы.

  3. Мұғалімнің оқушы ұғымына лайықты сөйлеуі.

  4. Мұғалімнің сабақта басты мәселеге көңіл аударуы, негізгі мәселені ерекше даралай, көрсете білуі.

  5. Сабақта психологиялық хал-ахуал туғызуы (оқу материалын меңгертуде оқушының қиялы, зейіні, таным деңгейі, түйсінуі, терең ойлануы т.б.)

  6. Сабақтың темпі мен ырғағы.

  7. Сабақ кезеңдерінің өзара байланысы.

  8. Сабақтың тәрбиелік салмағы.

  9. Мұғалім сауалдарының дидактикалық талапқа сай қойылуы. 10.Сабақтың ғылымилығы, танымдық құндылығы.

  1. Сабақтағы пәнаралық байланыстың, интеграциялық байланыстың жүзеге асуы.

  2. Сабақта мұғалімнің бақылауды ұйымдастыруы. 13.Оқушылармен жеке дара жұмысы.

  1. Сабақ мақсатының дұрыс орындалуы.

  2. Мұғалімнің оқушыны үнемі дамытуға талаптануы.

  3. Сабақ үдерісінде оқушы мен мұғалімнің ынтымақтастығын орнату. 17.Сабақты пысықтау, оқушы білімін бағалауы, (оқушы білімін сарап-

тай отырып бағалау).
18.Үй тапсырмасының педагогикалық талапқа сай берілуі.
Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі саласына елеулі үлес қосқан әдіскер- ғалым Қ.Бітібаева «Әдебиетті оқыту әдістемесі»1 оқулығында сабақтың бірнеше түрін атайды. Сабақтың түрлерін қолданылатын әдіс-тәсілдері мен тақырыптарына қарай саралай отырып, қай сабақ типтерінде белсенді қолданылатынын нұсқайды. Әдіскердің көп жылдық тәжірибесінде қолданған интеграциялы «Қос үштік сабағы», ойын элементтері бар «Сот сабағы»,
«Жәрмеңке сабағы», «Көкпар, жарыс сабақтарын» қандай тақырыптарда өтуге болатынын атап айтады.
Бүгінгі оқу үдерісінде сабақ форма жағынан да ішкі құрылымы жағынан да өзгеріп, түрленіп отыр. Сабақ түрін анықтауда оқу үдерісінің тұтас құрылымын ескерген орынды. Себебі кейбір сабақ үдерісіндегі шағын ойын элементімен аталатын сабақ түрлері де тәжірибеде кездеседі.
Оқытудың жаңа технологияларына негізделген сабақ жобалары. Жаңа оқыту технологияларына негізделген сабақ құрылымдары әралуан. Мәселен, «оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасынан жүргізілетін оқу үдерісінде сабақты үш кезеңге бөледі. Олар:
1.Қызығушылықты ояту кезеңі; 2.Мағынаны тану кезеңі;
3.Шығармашылық кезең. Сонымен қатар, ойсергектер мен рефлексияға да ерекше назар аударылады.
Сондай-ақ модульдік оқыту сабақтарында оқу-таным үдерісін іштей үш кезеңге жіктейді. Олар:
1.Кіріспе бөлім; 2.Сөйлесу бөлімі; 3.Қорытынды бөлім.
Сабақтың кіріспе кезеңінде оқу материалы бойынша ақпарат беріледі. Сөйлесу бөлімінде түрлі әдіс-тәсілдер арқылы, рөлдік ойындар, дидакти-

калық ойындар т.б. арқылы оқу мазмұны оқушылардың белсенді әрекетінде игеріледі. Ал қорытынды бөлім шығармашылық жұмыстарға арналады.


Жаңа оқыту технологиялары бойынша сабақ түрі оқушының білімді меңгеру үдерісінің құрылымына қарай ұйымдастырылады1. Олар:
1.Қабылдау 2.Мәнін түсіну 3.Есте сақтау 4.Қолдану 5.Қорыту
Әрбір сабақ түрі өзіне тән белгілі логикасына қарай құрылады. Оларды саралар болсақ, бірінші сабақ типі: «Бастапқы жаңа білімді оқып үйрену және есте сақтау іс-әрекеттерінің тәсілдері» делінеді.
Сабақтың мақсаты – оқушылардың қабылдау, мәнін түсіну және бастапқы білімді оқып үйрену, есте сақтау әрекетінің әдіс-тәсілдерін ұйымдастыру.
Сабақтың құрылымы (кезеңдері):

  1. Мотивация

  2. Оқушылардың оқу-таным түсініктерін өзектілеу кезеңі 3.Оқушы түсінігін алғаш тексеру кезеңі

4.Алғашқы қайталауды ұйымдастыру кезеңі 5.Талдау кезеңі
6.Рефлексия.
Бұл сабақты көбіне дәріс, кино сабақ, саяхат сабақ, әңгімелесу т.б. сабақтары түрінде ұйымдастыруға болады.
Екінші сабақ типі: «Оқушы білімін және іс-әрекет тәсілдерін жетілдіру» сабақтары.
Сабақтың мақсаты – білімнің беріктігін орнықтыруды қамтамасыз ету және іс-әрекет тәсілдерін жетілдіру.
Сабақ құрылымы (кезеңдері):

  1. Мотивация.

  2. Жетекші білімді қалыпты және өзгерген жағдайда өзектілеу, білімді өз бетінше қолдану.

  3. Бақылау және өзін-өзі бақылау. 4.Түзету.

5.Рефлексия.
Бұл сабақ практикум, семинар сабақ, «ашық ойлар» сабағы, «Брейн- ринг» ойыны, тренинг-сабақ, өзіндік жұмыс т.б. сабақ түрінде жүзеге асады.
Үшінші сабақ типі: «Білім және іс-әрекет тәсілдерін кешенді қолдану».
Мұндай сабақтардың мақсаты – оқушылардың кешенді білім және іс- әрекет түрлерін өз бетімен қолдану үшін мазмұндық және ұйымдастыру жағдайларын жасау.
Сабақтың құрылымы (кезеңдері):

  1. Мотивация.

  2. Кешенді білім мен іс-әрекет әдістерін өзектілеу.

  3. Ұқсас және жаңа жағдайларда білімді өз бетімен қолдану, бақылау және өзін-өзі бақылау.

  4. Түзету. 5.Рефлексия.

Аталған сабақ типін әңгімелесу және практикалық сабақ, дәріс және тренинг түрінде жүргізу тиімді.
Төртінші сабақ типі: «Білім мен іс-әрекет тәсілдерін жүйелеу және қорытындылау» деп аталады.
Сабақтың мақсаты – оқушылардың білімін және іс-әрекет әдістерін қорытындылау жұмыстарын ұйымдастыру.
Сабақтың құрылымы (кезеңдері):

  1. Мотивация.

  2. Оқу материалының мазмұнын талдау.

  3. Оқу материалындағы басты мәселені ерекшелеу. 4.Жүйелеу және қорытындылау.

5.Пән аралық және пәнішілік байланыс орнату. 6.Рефлексия.
Бірінші және екінші сабақ типтеріндегі сабақ түрлерін белсенді қолдануға болады.
Бесінші сабақ типі: «Білімді және іс-әрекет әдістерін тексеру, бақылау, түзету сабағы» делінеді.
Сабақтың мақсаты – оқушылардың өз білімдерін және іс-әрекет тәсілдерін түзетуді ұйымдастыру.
Сабақтың құрылымы (кезеңдері):

  1. Мотивация.

  2. Тапсырманы өз бетімен орындау. 3.Өзін-өзі бақылау.

4.Бақылау. 5.Талдау. 6.Бағалау. 7.Түзету. 8.Рефлексия.
Әдебиет пәні бойынша бұл сабақ типін көбіне бақылау жұмыстарында, мазмұндама, шығарма, кейс-стади, эссе, тестілеу т.б. сабақ түрлерінде қолдануға болады.
Әр сабақ типіндегі сабақ кезеңдері іштей кіріктіріле жүргізіледі. Әр кезең құрылымына қойылатын талаптар, дидактикалық мақсат, міндеттерге сайкес анықталады.
Жаңа оқыту технологиясымен жүргізілген сабақтың үлгі жоспары.
Қазақ әдебиеті. (7- сынып).
Сабақтың типі: Бастапқы жаңа білімді оқып үйрену және есте сақтау іс-әрекеттерінің тәсілдері.
Сабақтың түрі: «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» технологиясына негізделген.
Сабақтың тақырыбы: С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңі.
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға ақын шығармасының идеялық, көркемдік қырларын таныту, өлеңнің ерекшелігін, авторлық ұстанымды таныту. Оқушылардың көркем мәтінмен жұмыс барысында мәтіннің ішкі, сыртқы композициялық құрылымдар жүйесін, көркемдік сипатын саралай алу қабілетін, мәтін талдау түрлері мен жолдарына сәйкес сараптамалық жұмыс қабілеттерін шыңдау. Оқушыларды топтық жұмысқа қатыстыру арқылы, шығармашылық ынтымақтастыққа, көшбасшылыққа, түрлі жағдайларға икемді және ұтқыр болуға баулу, сезімталдық пен жаңа идеяларды қабыл- дауға икемділік қабілетін дамыту, білім, білікті мақсатты пайдалана алу қабі- леттерін шыңдау.
Танымдық міндеттері: 1. «Сыр сандық» сөзінің тудыратын ұғымдары, символдық белгілерін тану; 2. Ақынның аллегория арқылы жеткізетін ойын анықтау: амал достықты мысал ете отырып, адамның ішкі сыры, болмысы, жан дүниесінің күрделі қатпарларын түсініп, түйсіну үшін шын ниет, шынайы достық керектігін тану; 3. лирик ақынның адамның ішкі әлемін танытуда қолданған сөз образдарын айқындау; 4. өлеңнің көркем айшықтары мен композициялық құрылымын тану.

  1. Дамытушылық міндеті: «Сыр сандық» сөзінің көмегімен ой қозғау, оқушылардың образды ойлауын дамыту, саралау, талдау, ойды жинақтай білу қабілеттерін жетілдіру; шығармашылығын дамыту.

  2. Тәрбиелік міндеті: Лирикалық шығарма арқылы эстетикалық, әлеуметтік тәрбие беру.

Әдістері: ассоциация, кластер, кубизм, елес жетелеу.
Оқу материалы: 7-сынып Әдебиет оқулығындағы С.Сейфуллиннің
«Сыр сандық» өлеңінің мәтіні.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: Сабақты ұйымдастыру үшін сыныптың ішкі- сыртқы жағдайын қамтамасыз ету. Студенттерді қарым-қатынасқа психоло- гиялық жағынан дайындау.
Тақырыпқа қызығушылықты ояту кезеңі: Студенттер жыл мезгіліне қатысты төрт топқа бөлінеді. Сұрақ: «Сыр сандық»; «досық»; «тау» «перне», сөздері қандай ассоциация тудырады?
Мағынаны тану: Кластер құру. Идеялық, мағыналық қырларын қарастыру. Көркемдік ерекшеліктерін іздеп, жүйелеу, жинақтау.
Кубизм:
Суреттеңіз – достыққа зәру жанның көңіл-күйі мен мінез-құлқын суреттеңіз.
Салыстырыңыз – Өзіңіздің әртүрлі күйдегі сәтіңізді салыстырыңыз.
Зерттеңіз – (ойыңызбен байланыстырыңыз) – шығарма қандай ойға жетелейді? Шығармадағы көркемдік детальдардың автор ойын ашудағы қызметін пайымдаңыз.
Саралаңыз (талдаңыз) – өлеңдегі автордың ішкі сыр туралы ойын айқындаңыз.
Қолданыңыз –достық шарты туралы автордың көзқарасын пайдалана отырып достық ережесін жазыңыз.
Ұсыныңыз – әркім оң жағындағы сыныптасына бұрын айтылмаған көңіл түкпіріндегі жақсы лебіз, жақсы ниетін арнасын.
Толғаныс деңгейі:Елес жетелеу.
Шығармашылық деңгей: Әр оқушы 5 минут уақыт көлемінде өз ойларын жазып шығады. Топта талқылау. Көпшілікке оқу.
Рефлексия:
Интервью алу парағы

Оқушының аты-жөні
Талданатын мәселелер

Жауабы

  • Сабақ ұнады ма?

  • Өлең мәтініндегі сізге ұнаған идея қайсы?

  • Сабақ тақырыбының сіз үшін қандай маңызы бар?

  • Сабақ барысында кімнің пікірі ұнады Неліктен?

  • Топ жұмысында қандай іс-әрекет ұнады?

  • Өз тобыңыздың қай мүшесіне жоғары балл қояр едіңіз (аты-жөнін жазыңыз)




Бағалау. Сабақты бағалау қос тарапта жүргізіледі. Топтағы жұмысты бағалау оқушылар тарапынан да, мұғалім тарапынан да жүзеге асырылады. Топ мүшелерінің топтағы қызмет-әрекеті (тіркеуші, ұйымдастырушы, бағалаушы, атқарушы, спикер) ескеріледі.




Өзін-өзі тексеру сұрақтары мен тапсырмалары:

  1. Жоспарлау ұғымына түсініктеме жазу.

  2. Күнтізбелік жоспар түзудің негізгі ұстанымдарын жазу.

  3. Кеңес мектебі іс-тәжірибесінде қалыптасқан сабақ классификациясын саралау.

  4. Сабақ типтеріне сәйкес кезеңдерін жіктеу.

  5. Инновациялық білім беру жүйесіндегі сабақ үдерісін саралау. 6.Сабақ жоспарын сабақ типтеріне қарай жіктеу.

7.Жаңа технологияға негізделген сабақ құрылымының ерекшеліктеріне сипаттама жазу.

Әдебиеттер тізімі:



  1. Мемлекеттік білім стандарты. – А., 1998.

  2. Қазақ әдебиетін оқыту тұжырымдамасы. – А., 1997.

  3. Қазақ әдебиеті пәні бойынша қазақ мектептеріне арналған бағдарлама. V – IX, X – XI сыныптар, - А., 2013.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет