Сабақтың тақырыбы:«Ақсұңқар»



Дата22.11.2023
өлшемі24.37 Kb.
#484145
түріСабақ
С.Сейфуллин разработка


Сабақтың тақырыбы:«Ақсұңқар» Сәкен Сейфуллин шығармашылығына арналған әдеби сайыс
Сабақтың мақсаты: Жас ұрпаққа ақынның шығармашылығын ата мұрамыз ретінде танытып, терең меңгерту
Сабақтың түрі: әдеби сайыс сабағы
Барысы:
1 - жүргізуші:
- Құрметті ұстаздар, оқушылар! Қазақстанның қоғамдық тарихында абыройлы орын алатын қазақтың белгілі жазушысы, ақын,драматург, күйші, қазақ тілі мен әдебиетінің жанашыры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай өткізілгелі отырған
« Ақсұңқар» атты сайысымызға қош келдіңіздер.
2 - жүргізуші:
Тарихта қалған тарландардың өмірі біз үшін үлгі. Қазақтың қазыналы тілінің бір пұшпағын илеген талай ақын - жазушыларымыз сөз маржанының қандай болатынын қарға тамырлы қазаққа дәлелдеп айтып кетті. Өмір атты теңізде қолдарына қалам алып, дүние сырына тоймай, тамсана жазған талай дана адамдар болды. Өмірге жұлдыз болып келетін, халықтың еркесі, халық жүгін көтеретін дара адамдар, дарынды жандар аз -ақ. Солардың бірі – ірі тұлға Сәкен Сейфуллин атамыз.
Биыл ақын, жазушы,драматург, қазақ әдебиетінің ақсұңқары Сәкен атамызға -125 жыл. Ақынның мерей тойына орай жас ұрпақтармен сайыс ұйымдастырғалы отырмыз. Мақсатымыз: жас ұрпаққа ақынның тағылымға толы шығармашылығын ата мұрамыз ретінде қабылдатып, жаңа буынға танытып, өлеңдерін насихаттап, терең меңгерту.
1-жүргізуші:
Сайысымыз 5 кезеңнен тұрады:
1 кезең - «Өзім туралы» әр топ өздерін таныстырады
2 кезең - «Өлең – сөздің өрнегі» . Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу
және қарсылас топ оқылған өлең желісі бойынша сурет салады
3 кезең - «Өлеңі өрнек, сөзі жібек - кестеленген» ақын
поэмаларынан үзінді оқу
4 кезең - Ақын шығармашылығына байланысты эссе жазу және
сұрақ – жауап
5 кезең- ақын өлеңдерін орындау
1-жүргізуші:
Сайысымызды бастамас бұрын қатысушыларымызға төрелік етіп,білімдерін бағалап, әділ бағасын беретін қазылар алқасымен танысып кетейік.
1-жүргізуші: Осы жастар Сәкен атамыз туралы қаншалықты біледі екен?
2-жүргізуші: Әрине біледі, жастардың бәрі де ақын, жазушы атамыз жайлы оқып, естіп жүр деп ойлаймын. Біз ақын Сәкен атамыз туралы сонау 5- сыныптан бері оқып, танысып келеміз емес пе?! Бірақ ақын атамыздың өмірі туралы деректерге қысқаша тоқталып кеткеніміз артықтық етпес деп ойлаймын
1 - жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың
2 - жүргізуші: Сәкен Сейфуллин 1884 жылы қазан айының 15 - інде Ақмола уезіне қарасты Нілді болысында (қазіргі Жезқазған облысы Ағадыр ауданы) көшпелі кедей шаруасының отбасында дүниеге келген. Сәкен Сейфуллин – қазақ Кеңес әдебиетінің негізін салушы, акын. жазушы. драматург, қоғам қайраткері, педагог, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, публицист. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты.Табиғаттың дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқын шашты, қыр мұрынды, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына,еркелетіп Сәкен атап кеткен.
1-жүргізуші: Қазақ арасына кең тараған есімдердің бірі – Сәдуақас. Бұл атаудың жәннатпен сүйіншіленген белгілі сахабалардың бірі, жаужүрек батыр Сағд ибн әбу Уаққастың есімімен байланысты екенін біреу білер, біреу білмес. Тек кейін қазақ төрт сөзден тұратын есімді біріктіріп, “Сәдуақас” атап кеткен, балаларына да атақты сахабаға ұқсасын деген ниетпен сол атты беріп отырған. Сәкеннің әкесі Сейфолла (“Алланың қылышы” деген мағынаны білдіреді) діннен хабары бар, оқыған, тоқыған жан болса керек. Ұлының атын “Сәдуақас” қоя отырып, баласының кейінгі тағдыры өмірінің соңына дейін дініне қызмет еткен даңқты сахаба Сағд ибн әбу Уаққас секілді, ұлтына адал еңбек етіп және сол жолда өмірін қиюмен өтетінін білмеген болар. Қалай десек те, әке үміті, ниеті ақталды. Сәкен деп еркелеткен Сәдуақасы ұлт үшін туған ұл болып шықты.
2-жүргізуші: 1937 - 1938 жылдарда қара дауылдай соғып тұрған сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді, ең саналы зиялыларын баудай түсірді: қазақ әдебиетінің негізін қалауға ат салысқан С. Сейфуллин нақақ жаланың құрбаны болды. Жалған айып тағылып, өлім жазасына ұшыраған көрнекті ақын, жазушылардың қырқылып кетуі қазақ мәдениетін орны толмас шығынға душар етті.
1 - жүргізуші:
Егер ақынға сезім мен сұлулықты, қосып берген жағдайда одан нағыз шедевр дүниелерді күтуге болады. Қазақтың маңдайына біткен Сәкен
Сейфуллин дәл сондай сері адам болатын. Қазақ халқы келбетті ер адамдарды көргенде сері деген. Дәл сол сері Сәкен ақынның сұлу жанынан өріліп, талай дүниелер дүниеге келді. Соғыстың да ащы дәмін татып, бала оқытуды да меңгерген ірі ұстаз өмірінің соңғы кезіне дейін құдіретті ақындық өнердің жүректе жатқан шырағын сөндірген емес.
Жаңалыққа толы қым - қуыт жиырмасыншы ғасыр өмір майданына, өмір жағалауына таңдаулыларды өзі шығарып тастап отырды. Жазушы туралы қанша айтса да жарасады.
1 - жүргізуші:
Сәкен – қазақ кеңес әдебиетінің қарыштап дамуында үлкен рөл атқарған жаңашыл ақын. Өзінің бар өнерін халық мақсатына, туған елінің жарқын болашағына арнап, жаңа заманның дауылпазы болды. Абайдан кейін қазақ поэзиясына жаңалық қосқандардың ішінде оның орны бөлек.
Ендеше сайысымызға келейік.
2-жүргізуші:
Амансыңдар ма, ұл-қыздар, әзірміз бе сайысқа?
Әдебиет - сөз өнері, Сай келейік талапқа.
Бар ма үйден дайындық? Тапсырмаңыз дұрыс па?
Оқымасаң уайым қып, тығылмаңыз қуысқа.
Ойымызды айтайық, Білімімізді байқайық.
Тексеруші ұстаздар қалсын бір сәт марқайып,
Олай болса, достар, «Өзім туралы» кезеңі. Әр топ өздерін таныстырады
1 - жүргізуші:
Таудағы тасқындаған ағын судай,
Өлеңім басталады таудан ұдай,
Әсемін әңгіменің көп таратқан,
Айтылмай қалған екен тау мынадай
2 - жүргізуші:
Көк орман, көркем тоғай маужыраған,
Сұлудың көзіндей көл жаудыраған.
Малта тас, маржан асық, меруерт тас
Төгіліп көк жиекке саудыраған, - деп Сәкен жырлағандай, келесі кезекті өлеңдеріне берейік
2 кезең - «Өлең – сөздің өрнегі» . Мұнда әр топтан бір оқушы ақын шығармашылығынан бір өлеңін мәнерлеп оқиды және қарсылас бір топ оқылған өлең желісі бойынша сурет салады
2- бөлім бойынша әділ қазылардың бағасын білсек...
1 - жүргізуші:
Сәкен лирикасының өзіндік сыр - сипаты алуан түрлі. Туған жерге сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары,
сағыныш сазы, мезгіл суреттері, аң -кұсты аялау, ана мен бала сүйіспеншілігі - ақын лирикасының басты тақырыптары.
2 – жүргізуші:
Ол, әсіресе, табиғатты жан - жүрегімен нәзік сезініп, «Көкшетау», «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы», «Домбыра», «Экспресс» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім - күйлерін терең суреттейді.
Олай болса, келесі кезекті «Өлеңі өрнек, сөзі жібек - кестелеген» демекші, ақынның поэмаларынан үзінді оқуға берейік.
3 - бөлім бойынша әділ қазылардың бағасын білсек...
2 - жүргізуші:
Ақбоз атты құлатқан – жала - керме,
Магаданға мола іздеп бара берме.
Сәкен деген – халқымның рухы ғой,
Рухтарды көмбейді қара жерге! - деп Алаштың ақберен ақыны Ғалым Жайлыбай айтпақшы, Сәкен – қазақ халқының көгінде мәңгі жарқырап тұра беретін жарық жұлдыздарымыздың бірі.
1 - жүргізуші:
Сәкен Сейфуллин – айтулы ақын, қарымды қаламгерлігімен қатар, көрнекті қоғам қайраткері. Қызылдардың жыршысы болып жүріп - ақ Қазақ үкіметін басқарған тұста «қырғыз» атауын «қазақ» деп түзеуді именбей көтеріп, «Қазақты қазақ дейік» деп мақала жазып, атымызды қайтарып бергенінің өзі ұлының ұлы ісі деп білеміз.
Келесі кезекті, «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» тақырыбында эссе жазуға береміз. қатысушыларымыз ақын жайлы көлемі 100 сөзден тұратын әдеби эссе жазады. Талап: эссе құрылымы сақталу керек
2 –жүргізуші:
Сонымен бірге қатысушыларымыз эссе жазып, қаламдарын шыңдап жатқанда, уақыт ұттырмау үшін топбасшыларына «Ойлы болсаң, озып көр» деп ақын өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтар беріледі. Мұнда қатысушының шапшаңдығы және сөз саптауы мен дұрыс жауабы бағаланады.
4- бөлім бойынша әділ қазылардың бағасын білсек...
1-жүргізуші:
Міне, ақын атамыздың өмірі мен шығармашылығы жайлы
оқыдық, тыңдадық, көп деректер білдік. Енді бір сәт экранға назар салсақ... (интербелсенді тақтадан Сәкен туралы бейне материал көрсету) 1мин
2 - жүргізуші: Сен білесің бе, сол аласапыран заманда: «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс - қағаз қазақ тілінде жүрсін, ол қазақ ауылдары мен болыстарында 1924 жылдың 1 қаңтарынан шілдеге дейін жүзеге ассын. Ал 1 шілдеден әрі қарай қазақ пен орыс аралас отырған жердің барлығында да іс - қағаздары қазақ тілінде жүргізілсін» деп батыл шешім шығарған екен. Міне, осының өзінен - ақ оның өз заманының ұлы болуымен қатар, үрей туғызып тұрған
орталық биліктен жасқанбай ұлты үшін басын бәйгеге тіккенін көруге болады.
1-жүргізуші:
Иә, келісемін, осыны сол кезде тереңінен аңғарған болу керек, өлең сөздің құлагері Ілияс Жансүгіров: «Жырламасқа теңіздей, қуаныштың шегі жоқ. Ардақталған өзіңдей, қазақта ақын тегі жоқ», деп ақиқат сөзді тап басып айтқан екен.
2 - жүргізуші:
Ақын атамыздың тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлеңдеріне ән де шығарылған. Бүгінгі күні ақын әндерін еліміздің атақты әншілері сахна төрінде орындап та жүр.
1- жүргізуші:
Иә, дұрыс айтасың
Ендігі кезекті «құлақтан кіріп, бойды алар» айдарына , яғни ақын өлеңдерін орындауға береміз
2 –жүргізуші:
5 - бөлім бойынша әділ қазылардың бағасын білсек...
1 - жүргізуші:
«Ақын жыры алыстарды жақындатты, биіктерге көзімізді жеткізді. Біздің сана -сезімімізге жырдан жаңа таныс, жаңа көз тапты. Бұл ұстаз болатын ағаға лайық қасиет еді. Мен бүгін де сол үшін ақын шабытының алдында бас иемін», - деген болатын Әбділда Тәжібаев
2 - жүргізуші:
Адамға тән алты қасиет.
Ұғымыңды ойлы ететін зерде-зейінің;
Сені өрге сүйрейтін өнер-өрісің;
Тез ілгері бастайтын – талабың;
Еш қашан алдамайтын – тапқырлығың;
Қиындықта сыналатын – қайратың;
Бәрінен күшті ететін – ақылың мен білімің;
Осы бүгінгі кештің ақылды, білімді, оқушыларын анықтау үшін әділ қазылар алқасына сөз береміз.
1 - жүргізуші:
Біз, кейінгі ұрпақ, сіздерді ешқашан ұмытпаймыз. Сіздердің өмірлік жолдарыңызды, халық үшін жасаған игіліктеріңіз жайлы енді кітаптардан оқып, көзімізге елестетеміз...
2- жүргізуші:
Ел үшін, туған халқы үшін құрбан болған, сіз мәңгі біздің есте қалмақсыз. Арман еткен тәуелсіздіктің таңы атты. Біз, сол таңның куәгері, еліміздің бейбіт өмір сүруіне бар күш - жігерімізді саламыз.
Сондықтан жақсы оқып, елжанды азамат болуға тырысамыз
Ал, достар, тілегім: Егеменді еліміздің еңселі, білімді ұл-қыздары болайық!
Назарларыңызға рақмет! Қош, сау болыңыздар

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет