Сахналық Өнер мен драматургиялық жанрлар



Дата06.12.2022
өлшемі17.15 Kb.
#466665
Сахналық өнер


САХНАЛЫҚ ӨНЕР МЕН ДРАМАТУРГИЯЛЫҚ ЖАНРЛАР
Драматургия – бұлтарысы мен бұралаңы көп әдебиеттің ірі де іргелі саласы. Драматургияның динамикалы, қозғалыс күшінің басымырақ болуы әдебиеттің өзге екі саласына қарағанда ерекшелеп тұрады. Осы бір мәселені одан әрі саралайтын болсақ, сахналық өнер, драматургиялық жанрлар, театр, мәдениет деген дүниелерді де зерделеуіміз қажет. Драмалық шығармалар туралы сөз қозғағанда, сахна өнері жөніндегі пікірімізді іркіп қалуға болмайды.
Әдебиет ішінара үш салаға бөлінетін болса, соның ішінде драматургия саласы да драма, комедия, трагедия секілді үш бағытта қарастырылады. Драмалық шығармалардың негізгі бөлігі осы бағытта құрылатындықтан, бұл театрда қойылатын спектакльдің жүйелі түрде өрілуіне әсер етеді. Драмада көрермен кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі арпалыс, бұлқыныстарды сезіп, жүйелі образдар бейнесінің бедерлілігін айқындап, шым-шытырық әрекеттердің негізгі кілтін табады. Бұл драмалық шығармаларда кездесетін, көрерменнің өз басынан кешетін негізгі белгілері. Ал комедиялық шығармаларда көрермен тұңғиық ойға, терең пайымдауға жүгінбейді. Тек сахналық өнердің қызығына тәнті болып отырады. Алайда, бұл комедиялық шығармалар тек күлкі мен қылжақтан тұрады деген сөз емес. Әсіресе, осы комедияда бүгінгі күннің негізгі проблематикалық мәселелерін арагідік шолып өтеді. Ирония мен сарказмның ұштасқан тұсында үлкен дүниені шығаруға өзіндік өрнек өреді. Бұл жерде режиссердің тапқырлығы, қыралығы, шеберлігі қажет болады. Ал трагедияда көрермен шым-шытырық, қиюласқан әрекеттер, сюжеттер тізбегін көреді, қайшыласқан пікірлер өзегін айқындайды. Көрерменнің бар демін ішіне жинап отырып көретін трагедиялық шығармалар режиссердің шеберлігіне құрылады. Бұл да драматургияның негізгі салаларының бірі.
Драматургияның негізгі жанрлары туралы ой өрбіткенде, сахна мәдениетін де атап өтуіміз керек. Себебі, сахна-театр-драматургия үштағаны берік байланыста болуы қажет. Сахна мәдениеті үлкен парсатты, биік өнерді, адал ниетті қажет етеді. Театр сахнасында қойылатын кез келген спектакльдің қойылуы өзінше бір мәдениетке құрылады. Бұл өз кезегінде қойылымның шынайы әрі анық шығуына көмектеседі. Сахналық мәдениеттің дұрыс қойылуы, спектакльдің жүйелі түрде өрілуі өз кезегінде драмалық шығарманың негізгі тінін ашады. Бұл театрдағы мәдениетті, оның негізгі жүйесін арттыратыны сөзсіз.
Бұл арқылы бүгінгі күні сахна мәдениетіне қойылатын талапты да ескеруіміз қажет. Қазіргі таңда Елік Нұрсұлтан, Фархад Молдағали секілді жас режиссерлердің сахналық мәдениетке, театр өнеріне әкелген жаңалықтары баршылық. Бұл турасында осы мәселеге байланысты олардың бүгінгі күні сахналап жүрген қойылымдарын тілге тиек етуімізге болады. Режиссер Фархад Молдағалидың «Құлагер», «Фариза», «Король Лир» сияқты шығармалары өзіндік көркемдігімен, шеберлігімен ерекше көзге түседі. Әсіресе, оның «Құлагер» атты саундрамасы бүгінгі қазақ театр өнеріндегі ең үлкен жаңалықтардың бірі. Бұл атақты ақын Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасына негізделіп қойылған шығарма. «Құлагер» арқылы Фархад Молдағали ХХ ғасырдың басындағы жүйріктерге, Алаш қайраткерлеріне сөзден ескерткіш тұрғызды. Сол бір тарихи кезеңдегі ұлт үшін жанын пида еткен қайраткерлердің негізгі әрекеттерін бір қойылым арқылы жеткізу арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, сыншылардың оң пікірін иеленді. Бұл тұрғыда режиссер Фархад Молдағалидің өзі: «Мен көп сөзділікті ұнатпаймын. Аз ғана, шағын ғана қойылым арқылы сол бір кезеңдегі негізгі дүниені жеткізгім келді» дейді. Міне, сахналық мәдениеттің, театр өнеріндегі мәдениеттің негізгі мәселесін арттырады.
Сахна өнері үлкен қарым мен қабілетті қажет етеді. Себебі, драматургияның өзі күрделі сала болып саналады. Біздің дәуірімізге дейін 2500 жыл бұрын ең алғаш Мысырда қойылған театрлық қойылымнан бастап бүгінгі күні қойылатын спектакльдердің көркемдік ізденісі мен шеберлігі жер мен көктей. Ол уақытта қойылған спектакльдің негізгі сюжеттік желісі мысыр аңызының негізгі бейнесі Осириус құдайдың басынан өткен хикаялары туралы болған. Міне, осы жерден басталған театр өнері үлкен мәдениеттің есігін ашады. Сол арқылы Мысыр елінен басталған бұл өнер бүкіл әлемге қанат жаяды. Әлемнің түкпір-түкпіріне тараған театрдың негізгі мазмұны да, мәні де ерекше болды. Ежелгі грек, рим елдерінде осы дәстүр өз жалғасын тауып, небір қойылымдар дүниеге келді.
Әлемдік театр өнерінде алғашқы қадамдар Мысыр елінен өз бастауын алса, елімізде 1926 жылдың 10 қаңтарында Қызылорда қаласында Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» қойылымымен басталады. Ал осыдан 3 күн өткен соң Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылады. Міне, еліміздегі театрдың есігі осы жерден ашылады. Осы оқиғалардан кейін халықтың өнерге, білімге деген көзқарасы оң бағытқа өзгереді. Көрерменнің сахналық өнерге деген ынтасы арта түседі. Бұл туралы жазушы Мұхтар Әуезов: «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деп айтса, Ғабит Мүсірепов: «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр» деп өзінің ойын білдіреді.
Сонымен қатар, драматургиялық шығармалардың жанры турасында да сөз қозғағанымыз жөн. Бұл да өзіндік зерттелуі тиіс мәселелердің бірі. Бүгінгі күні тек жоғары оқу орындарында ғана емес, мектеп қабырғасында да осы мәселелерді оқытып, сахна мәдениетіне тәрбиелеу өте маңызды боылп саналады. Мектеп қабырғасынан бастап оқушыларға осыны үйрете білсек, оларға тәлімдік, тағылымдық дүниелерді ұсыну үлкен еңбекке бағытталады. Себебі, бұл өте маңызды мәселелерге бой ұрады. Драмалық шығармалардағы типтік, тектік, түр бойынша бөлінуі жыл сайын ауысып отырады. Себебі, уақыт өткен сайын драмалық шығармалардың түрлі бағытта өрілуі жаңа жанрлардың туындауына әкеледі.
Қорыта келгенде, сахналық өнер туралы сөз өрбіткенде, драматургияның жанрлары, театр өнері туралы айтпасқа болмайды. Расында, театр өнері – үлкен еңбектің, биік парасаттың, терең ойдың жемісі. Осы дүниені халыққа жеткізу жолында сахналық өнердің арқалаған жүгі ауыр, атқарар міндеті орасан зор. Бұл халық пен өнер арасындағы байланысты одан әрі бекемдей түседі. Сондықтан, сахналық өнердің, драматургияның әдебиеттегі маңызы ерекше.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.Жарокв А. Д. И. Сахналық мәдениет: теория, әдістеме, практика: Оқу құралы: МГИК, 1994. – 112 б.
2.Қабдолов З. Сөз өнері: Оқулық. – Алматы: Санат, 2002. – 360 б.
3.Бөпежанов Ә. Шеберлік бастауы. – Алматы: Өнер, 2009. 327 б.
4.Құндақабйұлы Б. Театр туралы толғау. – Алматы: Өнер 2006. – 320 б.
5.Сығай Ә. Сахна әлемі. 2 т. – Алматы: Ан-Арыс, 2009. – 336 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет