Саят Ақбасов: Өнерде кімнің мықты екенін мойындау да ерлікпен пара-пар
1-Қыркүйек, 2011 | 391 рет оқылған
- Саят, сіз есімі елге белгілі күйшілердің бірісіз. Басылым беттеріне қаншалықты жиі шығып тұрасыз?
- Газет-журналдардан жиі көрініп тұрамын деп айта алмаймын. Бір-екі рет күйшілік өнер, дәстүрлі ән, ұлттық мұра төңірегінде кішігірім сұхбат бергенім болмаса, жеке өзіме қатысты сұхбаттар жасалған емес. Бірінші рет сіздердің шақыруларыңыз бойынша, редакцияларыңызға келіп отырмын.
- Ал телебағдарламаларға түсу жағы қалай?
- Ең алғаш «Мир» телеарнасында Бағлан Бәбіжанның «Мирас» авторлық жобасында сұхбат берген едім. Одан кейін «Қазақтың 100 күйі», «Алтыбақан» сияқты бағдарламаларға қатысып, өз өнерімізді көрсетудің сәті түсті.
- Осы уақытқа дейін сізбен ешкімнің толыққанды сұхбат жүргізбеуін неліктен деп ойлайсыз?
- Өзгелер сияқты әрбір ізденісімізге жарнама жасап, күйімізге клип түсіріп жүрмегеннен кейін көзге көп түсе бермейтін шығармыз. Бірақ соған қарамастан, газет-журналдардың бір жақсысы дәстүрлі өнер иелерін ешқашан ұмыт қалдырған емес. Ал телеарналарда керісінше күйшілер көрінетін бағдарлама атымен жоқ.
- Екі мәрте Президент стипендиясының иегерісіз. Өнердегі жетістіктеріңізге сәл шолу жасасақ…
- «Өнерге әркімнің де бар таласы» дегендей, бала кезімде әуелі ән айтуға құмар болатынмын. «Желбір-жекен», «Еркем-ай» сияқты халық әндерін өз бетімше орындап жүретінмін. Бертін келе ауылға консерватория тәмамдап келген алдыңғы толқын ағаларымыздың домбыра тартқанына қарап, қос ішекке деген қызығушылығым оянды. 9 сыныптан ұстазым Кенжебай Иматаевтың тәрбиелеуімен күйге түбегейлі әуестене бастадым.
Мектеп бітіргеннен кейін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне түсіп, Мәдениет қайраткерi Шынарбек Асқарұлынан төрт жыл білім алдым. Осы оқу орнының қабырғасында бірталай жетістікке қол жеткіздім десем болады. Республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып, екі рет Президент стипендиясын иелендім. Бұл марапатты сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев өз қолымен табыстады. Сол уақыттағы Мәдениет министрі Қырымбек Көшербаев арнайы құттықтау хат жолдап, колледждің мерейін бір асырған. Осы көрсеткіштерімнің арқасында Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға шертпе күйдің шебері Біләл Ысқақовтың класына емтихансыз қабылдандым. Ал консерваторияда оқып жүріп, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен шетелдердегі қандастарымыздың алдында концерт қойып, Өзбекстандағы қандас-тарымызбен жүздесіп, Ресей, Түркия, Франция мемлекеттерінің дәмін татып, суын іштік. Студенттік күндерден ең есте қалғаны — 2003 жылы Санкт-Петербургтің 300 жылдығына орай Ресейге сапар шеккеніміз. Қаһарман қалада Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толуына байланысты ескерткіш ашылып, айтулы шараның салтанатты рәсіміне Алматыдан — Санкт-Петербургке дейін марафоншылар жүгіретін болды. Арнайы жасақталған бригаданың құрамында біз де жолға шықтық. Бастапқыда автобус ішінде отырғанымызбен, жолда қызды-қыздымен спортшыларға қосылып кеттік. Бастапқыда үш-бес, он, соңына қарай 25 шақырымға дейін тер шығарып, әрі салауатты өмір салтын ұстанып, әрі өнерімізді көрсетіп қайтқанбыз. Осындай жоғары деңгейлі шараларға атсалысып, бірнеше елге гастрольдік сапармен шығу студент үшін жаман жетістік емес деп ойлаймын. Қазір П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде және Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында домбырадан дәріс беремін.
- Колледж қабырғасынан дәстүрлі ән класын ашуды армандаған екенсіз…
- Бұйыртса, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің құрылғанына 2012 жылы 80 жыл толады. Мұнда фортепиано, флейта, саксафон, виолончель, баян, скрипка сияқты классикалық аспаптардың барлық түрі оқытылады. Домбыра сыныбы да бар. Тек дәстүрлі ән класы жоқ. Негізі, ауылдан келген кез келген бала Алматыға «әнші боламын» деп келеді. Алайда бәріне бірдей орын жоқ, оқуға түскенде бірі қобызға, бірі домбыраға бөлініп кетеді. Мен оларға күй үйретіп отырсам, олар менен үнемі Біржанның, Ақанның, Естайдың әндерінің қалай орындалатынын сұрайды. Бір-екі рет көрсетіп жібергенім болмаса, бірақ түбегейлі басы-қасында отыруға қол тие бермейді. Маған осы жайт бірден-бір түрткі болды. Көптен бері көкейде жүрген ойымыз еді. Биыл колледж директоры Ая Жакенқызы Қалиева үлкен қолдау көрсетiп, 2011-2012 оқу жылына бірінші рет шәкірт қабылдадық.
- Неше бала студент атанды?
- Әзірге министрліктің бөлгені екі орын. Жетісу ән мектебіне бір қыз, бір жігіт таңдап алдық. Болашақта 3-4 бала қабылдасақ па деген ойдамыз.
- Екі балаға қанша оқытушы дәріс береді?
- Дәстүрлі ән класы «Жеке ән салу» бөлімінің ішінен ашылды. Домбыра, қобыз, сазсырнаймен қатар оқытылады. Замандасымыз, досымыз, әріптесіміз, Дәнеш ағамыздың шәкірті Нұржан Жанпейісовті жұмысқа шақырып отырмыз. Студенттер тек ән емес, қосымша күй де үйренеді. Классикалық вокал, дауыс қою мектебінен өтеді. Ноталық сауатын ашамыз. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты кәсіби білім алып шығады.
Бұдан бөлек, жыл сайын «Халық аспаптары» бөліміне бір курста отыз баладан қабылдаймыз. Жоғарыда айтып өткендей, оның жоқ дегенде он бесі әнге құштар. Оларға да ешқандай шектеу қой-маймыз, факультатив сабақ есебінде қосымша меңгеретін болады. Құстың қос қанатындай ән мен күйді шәкірттеріміз қатар алып жүрсе екен дейміз.
- Неге тек қана Жетісудың ән мектебін бөліп алдыңыздар?
- Келесі жылдары министрлік тағы орын берсе, өзге мектептерді де қамтып, қанатымыз кеңейеді деген үмітіміз бар. Алла сәтін салса, Арқа, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстанның да дәстүрлі ән мектептерінің іргетасын осы колледж қабырғасынан қалаймыз деп отырмыз. Құзырлы орындардың берген уәдесі бар, жақсы бастамаға аяғына дейін қолдау көрсететін шығар.
- Арманыңыз орындалып, бір марқайып қалған боларсыз?
- Арман көп қой, бұл кішкене болса да талантты жастарға жасалған көмек.
Күйімді тартып, өз күйімді күйттеп жүре берсем болар еді, онда менің ұлтжандылығым, ұстаздық борышым, азаматтығым кәне? Өнерге деген адалдық, қазақтың баласына деген жанашырлығым қайда қалады? Өнер — халықтiкі, бабалар мұрасын насихаттау, кейінгілерге қаймағы бұзылмаған қалпында жеткізу бәрімізге ортақ парыз деп білемін.
Ертең сол шәкірттерімізді бір биіктен көре алсақ, еңбегіміздің жанғаны…
- Мықты әдістеме — қойылған мақсатқа жету жолы. Еңбек жану үшін ұстаздың өзіндік оқыту тәсілі болуы керек. Келісесіз бе?
- Әрине. «Тәрбие — тал бесіктен» деген. Мәселен, қазір А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатта қоңырау орнына қазақтың күйі ойнайды. «Бүгінгі ұрпақ қазақша ән айтпайды, күй тыңдамайды» дегеннен гөрі, барлығымыз осы жүйеге көшкеніміз дұрыс. Ұстаз ретінде осындай әдіс тауып, кішкентайынан талап етіп, құлақтарына сіңіре берсек, төл өнеріміз ешқашан ұмытылмайды.
Тағы бір мысал, өзім бір кездері №15 гимназияда домбыра үйірмесінен сабақ берген едім. Мамыр айында музыка пәнінің мұғалімі жүктілігіне байланысты демалысқа шығып, мектеп директоры шақырып, «Оқу жылы болса, аяқталып қалды. Бір айға бола адам алмай-ақ қояйын. Сен биылғы сыныптарды бірдеме қып бітіріп шығар» деді. Бірден жаңа қызметіме кірісіп кеттім. Күй тыңдамақ түгілі, мұғалім сыйлайтын бала бар ма? Сабақ үстінде ұялы телефондарын шұқылап отырады. Одан қалса, бір-біріне хабарлама жібереді. Көздері тақтада болғанымен, ойлары айдалада. Олардың бетін бері қарату үшін маған шынында бір әдіс қолдану керек болды. Сөйтіп, әрқайсысының телефондарына өзім домбырада ойнап отырып, бірнеше күй жаздырттым. Сосын үйде жаттап келуге тапсырма бердім. Тура «Әуенді тап» ойыны сияқты, бір күй тартамын, олар шығарма-ның атын тауып, композиторы кім екенін, мазмұнын айтуы тиіс. Нәтижесінде, 4-сынып оқушылары бір ай ішінде 15 күй жаттап шықты. Тіпті «Баламыз ертелі-кеш күй тыңдайтын болды» деп ата-аналар хабарласып, өзімді қуантып тастады.
Сол сияқты телеарналардан дәстүрді дәріптейтін бағдарламаларды үзбей көрсетсек, кейінгілер кімнің кім екенін біліп жүрер еді. Бірақ, өкінішке қарай, көк жәшіктегі көкелеріміз Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов сияқты дүлдүл әншілеріміздің, Дина Нұрпейісова, Жаппас Қаламбаев, Уәли Бекенов, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин сынды дәулескер домбырашыларымыздың кезінде таспаға түскен, «Алтын қорда» сақтаулы хабар-ларын қайталап бере бермейді. Оқушылар олардың түрін танымайды. Сондықтан осы орайды пайдаланып, ұлттық арна басшы-ларына айтар үлкен назымыз бар. Бабалардың мұрасы, ағалардың халыққа, мәдениетімізге, өнерге сіңірген еңбектері күн түспейтін көлеңкеде шаң басып жатпауы тиіс. Өлгенді тірілтіп, өшкенді қайта жандырмасақ, өскеніміз қайсы?
Біздіңше, күй өнерін дәріптейтін бағдарламалардың ашылуы да күйге деген қызығушылықты арттыратын бірден-бір әдіс болар еді…
- Жөн екен, жазғы демалысыңыз қалай өтті?
- Аздап демалдық, қыдырдық. Шымкентте үлкен бір мәдени шара өтіп, қатысып қайттық. Соның арасында колледжге студенттерді қабылдау науқаны басталды. Одан кейін ауылда концерт қойдық. Туған жерім — Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қарашоқы совхозы. Елбасының саясатын қолдай отырып, «Нұр Отан» партиясының «Дипломмен — ауылға» жобасы бойынша сол ауданнан шыққан өнер адамдары ауыл мәдениетін көтеруге атсалысып, өскен-өнген жерімізге тағзым еттік. Еңбегіміздің жемісін көрсеттік. Оған ауылға ғана емес, ауданға, облысқа еңбегі сіңген, 35 жылдық тарихы бар «Жетісу гүлдері» ансамблі, Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті, белгілі дирижер, композитор, Мәдениет қайраткері Самат Мәлімбай да қатысты. Жерлестеріміз ақ батасын беріп, бір серпіліп қалды. Ең бастысы, концертімізге әкім-қаралалар да келіп, сылағы түсіп, тозығы жетіп тұрған Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге уәде беріп кетті. Біз үшін сол үлкен жетістік болды.
- Мәдениет үйі жөнделген соң, ауылға барып жеке концерт қоятын шығарсыз?
- Бұйыртса…Оған дейін келесі жылы тағы бір концерт қойсақ деген жоспарымыз бар. Аман-шылық болса, мектеп бітіргенімізге жиырма жыл болады. Біздің сыныптан кезінде 7-8 айтыс ақындары шыққан. Термеші, күйшілері бар өнерлі класс. Сол достарымыздың басын қосып, жанымызға танымал азаматтарды алып, әдемі кеш өткізгіміз келеді.
- Қалада да жеке шығармашылық кешіңіз өтпеген сияқты…
- Әзірге қазақ өнерінің майталмандары шоғырланған мәдени ортада жеке концерт бере қойған жоқпын. Бірақ өзім жұмыс істейтін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде биыл шәкірттеріммен бірігіп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай шығармашылық есеп бердік. Көп тартылмай жүрген, насихаты аздау күйлерді қайта жаңғыртуға тырыстық. Соның ішінде Өскенбай Қалмамбетұлының Құлбай бақшы деген түрікпен күйшісімен сайысқа түскенде шығарған «Жаңылтпаш» күйі, сондай-ақ «Үш ананың тартысы», «Үш атаның тартысы» сияқты Маңғыстау өңірінің аңыз-әңгімелерімен баяндалатын көне айтыс-тартыс күйлерінің тарихын өзім айтып отырдым, студенттер кезек-кезек орындады. Биыл тағы осы үрдісті жалғастырмақпыз. Бұл жолы күйлердің шығу тарихын өзім емес, студенттерге әңгімелеттіремін. Қай күйді алмаңыз, Құрманғазының «Төремұраты», «Қайран шешем», «Аман бол, шешем», «Кісен ашқанының» өз тарихы бар. Көп жағдайда тыңдаушы да, тартушы да түп төркініне, байыбына бара бермейді. «Түрмеден қашқанды» жай ғана түрмеден қашып бара жатыр деп түсінеді. Күйшінің бірнеше мәрте абақтыға айдалғанын, алайда халықтың азаттығы жолындағы күресін тоқтатпағанынан хабарсыз. Оның үстіне қазір жастар арасында сөйлеу мәдениеті артта қалып, «жаргонмен» сөйлеу қалыптасып барады.
Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, күй мен аңыз, тарих қоса өрілсе деймін. Сонда шәкірттеріміз не ойнап отырғанын түсініп тартады. Әрі көрерменнің қабылдауы да, сіңіруі де басқаша болады.
- Көп тартылмайтын күйлерді қайдан алдыңыз?
- «Мұрағаттан таптым» дей алмаймын. Құдайға шүкір, Алтай мен Алатау арасында қалыптасқан Шығыс, Батыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау күй мектептері хатқа түскен, ноталық жазбалары бар. Күй табақтары, кітаптары да жарық көрген. Сол мұралардың ішінен қарап отырып, сирек орындалып жүргендерін сараптап алдым. Бұдан бөлек, үлкен сахналарда жиі орындалғанымен, оқу бағдарламасына енбеген туындылар бар. Жалпы, Жетісудың күйшілік мектебі кенже қалған мектептердің біреуі. Бұрынғыларын айтпағанда, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерінің өзі оркестрде кең тарағанымен, жеке көп тартылмаған. Қожеке Назарұлының шығармаларын бір ізге түсіріп, Темірбектің төкпелерін де кең насихаттауды бірден-бір мақсатыма айналдырмақпын.
- «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағына қанша күй қостыңыз?
- Бұл жобаға мен қатыспадым. Көп күйлер мұрағаттан алынды, қайта өңделетіндерін басы-қасында жүрген азаматтар өздері шешті. Өміріміз алда, аман болсақ, әлі талай бастамаға еңбек сіңірерміз. Оған ешқандай өкпеміз жоқ. Шама-шарқымыз келгенше халыққа қол жеткізіп, өнердің қара қазанында қайнап жүрсек жетеді.
- Сіздің әніңізді сахнадан ести аламыз ба?
- Менің даусымды естіген кей кісілер «дәстүрлі әнші екен» деп ойлап қалады. Тіпті «кімнен бітірдің?» деп сұрап жатады. Бірақ үлкен сахнада ән салып шыққан емеспін. Тек хобби ретінде айтамын. Сахнада, концертте, ел алдында негізгі мамандығым бойынша күй тартамын.
- Дәстүрлі өнер иелері ортасында алауыздық бар ма?
- Өз басым «алауыздық көріп, әділетсіздік жаныма батып жүр» деп айта алмаймын. Құдайға шүкір, сол өнердің арқасында бала-шаға тәрбиелеп, нәпақа тауып отырған жайымыз бар. Барлығымыздың «илегеніміз бір терінің пұшпағы». Қай мектептің өкілі сахнаға шықпасын, әннің жақсы орындалғанына арқамыз қозады. Дәстүрлі күй өнері өзіндік ерекшеліктерімен орындалып жатса, оған да көңіліміз толып, мерейіміз өсіп қалады. Шеберлігіне тәнті болып, басымызды иіп, бағалаймыз. «Ой, бәрекелді!» деп ризашылық білдіреміз. Аяқтан шалып, мектеп-мектепке бөлініп алып, тартысып жүрген дәнеңеміз жоқ.
Өнерде кімнің мықты екенін мойындау да ерлікпен пара-пар. Құдай, ел алдында жүрген азаматтардың жаман атын шығарма-сын!
- «Айналайын» деген сөзді жиі қолданатыныңызды байқадық…
- «Айналайын» деген жақсы сөз ғой. Көңілің толған адамға деген ризашылығыңды жеткізу, құрметіңнің белгісі. Жақсы сөзге жаны семіретін қазақпыз. Әрдайым бір-бірімізге жылы лебімізімізді білдіріп, Алла баршамызды жақсы істерімізбен қуантып жүруді нәсіп етсін!
Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА, «Айқын».
Достарыңызбен бөлісу: |