Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы



Дата24.02.2016
өлшемі64.5 Kb.
#15077
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы

Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсан N 1787-ХII Заңы



МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Қазақстан Республикасының аталмыш Заңының күшi 1997 жылғы 1 сәуiрге дейiн тоқтатылды: төтенше, ең жоғары, жоғары, ең төмен радиациялық қауiптi аймақтарда және жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта тұрған және тұратын азаматтарға бiр жолғы ақшалай өтемақылар төлеуге қатысты бөлiгi, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерiн ұстауға арнап республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаржыны 1,5 есе көбейтуге қатысты бөлiгi - ҚР Президентiнiң 1994.03.20. N 1612 Жарлығымен.


      Ескерту. 12-баптың бiр тармақшасының 1, 2, 3, 4, 5, 6 бөлiктерiнiң күшi қайта қалпына келтiрiлдi - ҚР Заңының 1994.12.07. N 119.
      Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы жүргiзiлген ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығына және айналадағы табиғи ортаға орны толмас зиян келтiрдi, халықтың жалпы аурулары мен өлiмiн көбейттi. Бүкiл Семей аумағы мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы деп танылды.
      Ядролық сынақтардың апатты зардабының қатерлi әсерi уақыт озған сайын күшейе түсiп, ұрпақтан-ұрпаққа, ауысып, барған сайын қатерлi әсер етуде.
      Бұл зардаптарды жою халықты емдеу, сауықтыру, денсаулығын қалпына келтiру, әлеуметтiк қорғау жөнiндегi арнаулы мемлекеттiк бағдарлама мен кешендi шаралардың жүзеге асырылуын талап етедi.

1-тарау
Жалпы ережелер

      1-бап. Заңның мақсаттары мен мiндеттерi

      Бұл Заң Семей ядролық сынақ полигонындағы ұзақ уақыт ядролық сынақтар жүргiзудiң салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау iсiн қамтамасыз етуге арналған.
      Заң көп жылдық ядролық жарылыстар әсерiнен зардап шеккен азаматтардың мәртебесi мен аумақтардың түр-түрiн белгiлейдi, өтемдер, жеңiлдiктер түрлерiн және аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту жөнiндегi шараларды айқындайды.

      2-бап. Азаматтардың өз денсаулығы мен мүлкiне


             келтiрiлген зиянның орнын толтыруға құқығы

      Осы Заңның 10-бабында аталған азаматтар категориясының өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның орнын осы Заңның 12, 13, 14, 15-баптарымен айқындалған мөлшерде толтыртуға құқығы бар.


      Бұл Заңның күшi Семей облысының аудандары мен қалаларында және Павлодар , Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарының ядролық қарулы сынау салдарынан радиоактивтi заттармен ластануға ұшыраған тиiстi аудандарында тұратын азаматтарға қолданылады.
      Аталған аудандар мен қалалардан басқа жерге тұру үшiн кетiп қалған, осы Заң қолданылатын және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын азаматтар осы Заңмен көзделген жеңiлдiктердi пайдаланады.
      Аталған аудандар мен қалалардан басқа жерге тұру үшiн кетiп қалған, осы Заң қолданылатын және Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерде тұратын азаматтар халықаралық келiсiмдерге сәйкес осы Заңда көзделген жеңiлдiктердi пайдаланады.

      3-бап. Мемлекеттiң ядролық сынақтар салдарынан


             зардап шеккен азаматтар құқықтарын қамтамасыз
             ету жөнiндегi мiндеттерi

      Республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның орнын толтыртуға құқықтарын қамтамасыз етуге мiндеттi.


      Осы Заңды iске асыру жөнiндегi қажеттi шараларды жүзеге асыру және азаматтарды құқықтық қорғау жөнiндегi мiндеттердi мемлекет өз мойнына алады.

2-тарау
Ядролық сынақтардың әсерiне ұшыраған аумақты түр-түрге бөлу

      4-бап. Ядролық сынақ жүргiзген кезде радиоактивтi


             шөгiндiлердiң әсерiне ұшыраған аумақты
             түр-түрге бөлу

      Сәулеленудiң әсерлi эквиваленттi мөлшерi бүкiл сынақ кезеңiнде халық үшiн 0,1 бiрден асатын аумақ ластанған деп есептеледi.


      Залалданған аумақтар әсерлi эквиваленттi мөлшерiнiң шамасына қарай:
      - төтенше радиациялық қауiптi аймақ
      - ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ
      - жоғары радиациялық қауiптi аймақ
      - ең төмен радиациялық қауiптi аймақ
      - жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ деп бөлiнедi.
      Аумақтағы шаруашылық қызмет түрлерiн және оны ұйымдастыру тәртiбiн, табиғат пайдалану көлемiн және экологиялық оңалтуды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. K030442, K070212
      Экологиялық апат аймақтарының шекаралары және оларға кiретiн аудандардың тiзбесi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен осы Заңға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу арқылы өзгертiледi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      5-бап. Төтенше радиациялық қауiптi аймақ

      Төтенше радиациялық қауiптi аймақ - аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 100 бэрден жоғары әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған, ең жоғары сейсмикалық әсер белдеуiне кiретiн бөлiгi.
      Төтенше радиациялық қауiптi аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы, Сарыжал ауылдық (селолық) округiнiң, Бесқарағай ауданы, Долон ауылдық (селолық) округiнiң, таратылған Жаңасемей ауданының Сарыапан және Иса елдi мекендерiнiң аумақтары жатады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      6-бап. Ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ

      Ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ - аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 35-тен 100 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi.
      Ең жоғары радиациялық қауiптi аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Абай, Бесқарағай және таратылған Жаңасемей аудандарының, Семей қаласы Ақбұлақ, Абыралы, Алғабас, Айнабұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық (селолық) округтерiнiң, Павлодар облысы Май ауданы Ақжар және Малдар ауылдық (селолық) округтерiнiң елдi мекендерi жатады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      7-бап. Жоғары радиациялық қауiптi аймақ

      Жоғары радиациялық қауiптi аймақ - бүкiл сынақ кезеңiнде 7-ден 35 бэрге дейiн халыққа әсер ету мөлшерiндегi радиациялық ластануға ұшыраған аумақ бөлiгi.
      Бұл аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Жарма, Аягөз, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандарының елдi мекендерi, Семей, Курчатов, Өскемен және Риддер қалалары; таратылған Қазыбек би ауданының аумағы шегiнде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Павлодар облысының Май ауданы жатады.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      8-бап. Ең төмен радиациялық қауiптi аймақ

      Ең төмен радиациялық қауiптi аймақ - аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 0,1-ден 7 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi.
      Ең төмен радиациялық қауiптi аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Yржар, таратылған Таскескен, Көкпектi, Ақсуат, Зырян, Зайсан және Тарбағатай аудандарының Қарағанды облысының таратылған Қазыбек би ауданының аумағын қоспағанда, Қарқаралы ауданының Павлодар облысының Лебяжi ауданының елдi мекендерi жатады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      9-бап. Жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық


             мәртебесi бар аумақ

      Жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ - бүкiл сынақ кезеңiнде тиiмдi эквиваленттi сәулелену мөлшерi әртүрлi себептерден 0,1 бэрден төмен болған, бiрақ радиациялық қауiптi және сейсмикалық қауiптi аудандарға жақын тұруға байланысты елеулi психикалық-эмоциялық терiс әсерi бар ең төмен радиациялық қауiптi аймаққа таяу жатқан аумақ (әкiмшiлiк аудандардың шекарасы шегiнде).


      Бұл аймаққа Павлодар облысының Баянауыл ауданы жатады.

3-тарау
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар
салдарынан зардап шеккен азаматтардың мәртебесi

      10-бап. Заңның күшi қолданылатын, ядролық сынақтар


              салдарынан зардап шеккен азаматтар категориясы

      Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға мыналар жатады:


      әуеде және жер үстiнде ядролық жарылыстар жасаған кезеңде (1949-1965 жж.) радиоактивтi заттармен ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;
      1966 жылдан 1990 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi аралықта жерасты ядролық жарылыстарын жасау кезеңiнде осы аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;
      1949 жылдан 1990 жылға дейiнгi аралықта жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;
      осы баптың екiншi және үшiншi абзацтарында аталған, мүгедек деп танылған аурулары бар адамдардың балалары, олардың денсаулық жағдайы мен Заңда аталған аймақтарда ата-аналарының бiрiнiң болу факторы арасындағы себептi байланыстар анықталған ретте.

      11-бап. Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен


              азаматтардың куәлiгi

      10-бапта аталған адамдарға куәлiк берiледi, ол осы Заңда көзделген жеңiлдiктер мен өтемдерге құқықты растайтын құжаттар болып табылады.


      Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу және оларға куәлiктер беру Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылды.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

4-тарау
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар
салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау

      12-бап. Ядролық сынақтар салдарынан зардап


              шеккен азаматтардың жеңiлдiктерi
              мен өтемдерi

      5, 6, 7, 8, 9-баптарда аталған аймақтарда жұмыс iстеген, тұрған және тұрып жатқан азаматтарға:


      ядролық сынақтар келтiрген зиян үшiн мына аймақтар бойынша:
      - төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1949-1965
жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн 5 айлық есептiк көрсеткiш және 1966-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      - ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша 1949-1965 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн екi жарым айлық есептiк көрсеткiш және 1966-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      - жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1949-1965 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн бiр жарым айлық есептiк көрсеткiш және 1966-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн 0,75 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      - ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1949-1955 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және 1966-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн 0,5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
      - жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша - 1949-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн 0,25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде бiр жолғы ақшалай өтемге кепiлдiк берiледi.
      Бiрiншi кезекте бiр жолғы ақшалай өтемақы алу құқығын зейнетақы жасына жеткен азаматтар пайдаланады.
      Айлық есептiк көрсеткiш дегенiмiз - өтем берген кездегi айлық есептiк көрсеткiш болып табылады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi, ол заңды күшiне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап енедi - ҚР Заңымен 1997.06.19 N 134; ҚР Заңымен 1999.07.04. N 374.

      13-бап. Халықты әлеуметтiк жағынан қолдау

      Осы заңның 5 және 6-баптарында аталған аумақтарда тұрып жатқан және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетке шыққан азаматтардың аймақтар бойынша мынадай мөлшерде үстемақы алуға құқығы бар:
      төтенше радиациялық қатер аймағы - 2 айлық есептiк көрсеткiш;
      ең жоғары радиациялық қатер аймағы - 1,75 айлық есептiк көрсеткiш.
      5, 6, 7, 8, 9-баптарда аталған аумақтарда тұратын халық:
      1) Мына аймақтар бойынша төмендегiдей қосымша еңбекақы алуға:
      төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 2 айлық есептiк көрсеткiш;
      ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1,75 айлық есептiк көрсеткiш;
      жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1,5 айлық есептiк көрсеткiш;
      ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1,25 айлық есептiк көрсеткiш;
      жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша - 1 айлық есептiк көрсеткiш алуға құқылы.
      2) Алынып тасталды
      3) Мына аймақтар бойынша төмендегiдей жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс алуға:
      төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 14 календарьлық күнi бар;
      ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 12 календарьлық күнi бар;
      жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 10 календарьлық күнi бар;
      ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 7 календарьлық күнi бар;
      жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша 5 календарьлық күнi бар демалыс алуға құқылы.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi, ол заңды күшiне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап енедi - ҚР 1997.06.19 N 134; 1999.11.16. N 480 Заңдарымен.

      14-бап. Әйелдерге, балаларға және жасөспiрiмдер


              мен олардың ата-аналарына берiлетiн
              қосымша жеңiлдiктер мен өтемдер

      Ядролық сынақтар әсерiне ұшырған аумақтарда тұратын әйелдердiң қалыпты босану жағдайында 170 күнтiзбелiк күн, босануы ауыр болған реттерде және екi немесе одан да көп бала туған жағдайда 184 күн жүктi болуы мен босануы бойынша демалыс алуға құқығы бар.


      Ядролық сынақтар әсерiнен зардап шеккен аумақтарда тұратын балалар мен 18 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдердiң санаторий-сауықтыру мекемелерiнде тегiн сауығуға (медициналық көрсеткiштер бойынша) құқығы бар.
      Сырқат баланы күту жөнiндегi жұмысқа жарамсыздық парағына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ата-ананың бiреуiне немесе олардың орнындағы адамдарға, жұмыс стажына қарамастан, бүкiл сырқаттанған кезеңге ақы төленедi.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда және өзгерiстер енгiзiлдi - ҚР Заңымен 1998.12.17 N 323 (1999.01.01 бастап күшiне енедi), ҚР 1999.07.04 N 374 Заңымен.

      15-бап. Әскери қызметшiлерге және арнаулы мемлекеттiк


               органдардың қызметкерлерiне берiлетiн жеңiлдiктер
               туралы

      Ластанған аумақтарда әскери қызмет және арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткерген кезде әскери қызметшiлер және осы органдардың қызметкерлерi осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiне сәйкес құқықтар мен жеңiлдiктердi пайдаланады.


      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

5-тарау
Аумақты экологиялық жағынан сауықтыру және халыққа
медициналық көмек көрсету

      16-бап. Ядролық жарылыстар әсерiне ұшыраған аумақты


             экологиялық жағынан сауықтыру

      Семей полигонындағы ядролық жарылыстар әсерiне ұшыраған аумақтарда айналадағы табиғи ортаны сауықтыруға бағытталған мынадай кешендi шаралар жүзеге асырылады: айналадағы ортаны ғылыми тұрғыдан зерттеу, сыртқы орта объектiлерiн және жергiлiктi жерде өндiрiлетiн тамақ өнiмдерiн тұрақты бақылауды жүзеге асыру, шаруашылық және өзге қызметке мемлекеттiк және қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу, радиациялық ластанған аумақтарды шаруашылық айналысына қайтару жөнiнде шаралар жүргiзу.

      17-бап. Халыққа медициналық көмек ұйымдастыру

      Осы Заңда аталған адамдар кешендi медициналық тексеруден өткiзуге жатады.


      Оларды жеке есепке алу iсiн қамтамасыз ету үшiн Мемлекеттiк регистр құрылады.
      Семей полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету және оларға кешендi медициналық тексеру жүргiзу iсiн солар тұратын немесе жұмыс iстейтiн жердегi денсаулық сақтау мекемелерi жүзеге асырады. Бұл адамдарға кезектен тыс мамандандырылған медициналық қызмет көрсету iсiн Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерi жүзеге асырады.
      Республикалық бюджетте республикалық орташа деңгеймен салыстырғанда бiр тұрғынға 1,5 еседен келетiндей есеппен медициналық мекемелердi күтiп-ұстауға арналған қаражатты ұлғайтуды қамтамасыз ететiн қаржыландыру жыл сайын көзделедi. Қазақстан Республикасының Үкiметi ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақтардағы денсаулық сақтау мекемелерi үшiн медициналық техника мен дәрiлiк заттардың нысаналы бөлiнуiн жыл сайын қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      18-бап. Аурулардың Семей ядролық полигонындағы ядролық


               сынақтарға байланыстылық себептерiн анықтау тәртiбi

      Ядролық сынақтарға байланыстылық себептерi бар деп танылуы мүмкiн аурулар тiзбесiн және осы байланыстылықты анықтау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.


      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

6-тарау
Азаматтарды әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң
экономикалық негiздерi және лауазымды адамдардың
жауапкершiлiгi

      19-бап. Азаматтарды әлеуметтiк қорғау жөнiндегi


              шараларды қаржыландыру және
              материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Азаматтарды осы Заңда көзделген әлеуметтiк қорғау жөнiндегi шаралар:


      республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң
      кәсiпорындардың қаражаты;
      қайырмалдықтардың, қайырымдылық көмектiң, сондай-ақ халықаралық қорлардың қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
      Халықты медициналық сауықтыру және аумақтарды әлеуметтiк-экономикалық дамыту нысаналы мемлекеттiк бағдарламалар негiзiнде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.07.04 N 374 Заңымен.

      20-бап. Осы Заңның бұзылғаны үшiн жауаптылық

      Осы Заңның бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртiптiк, материалдық, әкiмшiлiк,  қылмыстық жауапқа тартылады.

7-тарау
Халықаралық шарттар

      21-бап. Халықаралық шарттар

      Бұл Заң шетел азаматтарына халықаралық келiсiмдерге сәйкес қолданылады.
      Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының осы
Заңда жазылғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет