12 Сәуір 2012, 14:02
Сенат депутаты С. Ескендіров С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Түлектері клубының төрағасы болып сайланды
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Самат Ескендіров С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Түлектер клубының төрағасы болып сайланды, әріптесі Сергей Кулагин оның орынбасары болды.
2012 жылдың 9 сәуірі күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «ҚазАТУ түлектері клубының» мүшелері бас қосып, клуб жұмысын жетілдіру мәселесін талқылады. Оған Владимир Гартман, Тасбай Симамбаев, Самат Ескендіров, Жаңбыршы Нүркенов Жұматай Сүйіндіков, Теміржан Хамитов, Иван Сауэр сияқты университеттің көптеген түлектері, елге белгілі тұлғалар қатысты. Ал, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Кулагин мен СҚО әкімі Серік Біләловтің өкілдері келді.
Ректор Ақылбек Күрішбаев бұрынғы түлектерге оқу ғимараттары мен зертханаларды аралап көрсетіп, университеттің даму жоспарымен таныстырды. Сонымен қатар, студенттердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін клуб мүшелерінің қаржылай қолдауы қажеттігін айтып, ол қаражаттың нақты қайда жұмсалатындығы туралы ақпарат берді.
Мәселен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттерге материалдық жәрдем көрсетіп, оқу ақыларын төлеуге көмек беру керектігі айтылды. Сондай-ақ, студенттік емхананы ашу, 480 орындық сауықтыру кешеніне қаржылай қолдау көрсету, ата-ананың қамқорлығынан айырылған 72 студентке көмек беру, үздік оқитын әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылардан шыққан балаларға және 35 спортшы студентке Түлектер клубының гранттарын бөлу ұсынылды.
Университет басшысының бұл ұсыныстары «ҚазАТУ түлектері клубының» мүшелері тарапынан толығымен қолдау тапты.
Түлектердің кездесуі барысында, сондай-ақ клубтың жаңа төрағасы сайланды. Қатысушылардың бірауыздан қолдауымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты (университеттің 1990 жылғы түлегі) Самат Ескендіров қоғамның төрағасы болды. Оның орынбасарлары болып Владимир Гартман мен Сергей Кулагин сайланды.
Достарыңызбен бөлісу: |