Сәрсенбай Алтынай Әбілқасымқызы
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы,
Дүкен негізгі мектебінің
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Тақырыбы: Бақыт, қайда жасырындың?
Мақсаты: оқушыларға «бақыт» ұғымын түсіндіру, бұл ұғымның кең екенін,
бақытты бола білудің маңызын ұғындыру;
Міндеттері:
-
«бақыт», «қайғы», «сәтсіздік» туралы түсінік беру;
-
оқушылардың өз ойларын жеткізе білуіне ықпал жасау;
-
бақытты сезіне білуге, біреуге бақыт сыйлай білуге үйрету;
Көрнекіліктер: , бейнетаспа, керуен суреті- А3 парағында. Үнтаспа.
Шаттық шеңбері
Барлық оқушылар ортаға шығып, шеңбер жасап тұрады. Үнтаспа арқылы
А. Нұрмағанбетованың орындауындағы «Бақыт» әні қойылады.
- Балалар, көңілді ән әуенін тыңдай отырып, бір-бірімізге жақсы тілектер арнайықшы.
(Балалар қол ұстаса отырып, тілектер айтады)
Әңгімелесу
-
Қане, балалар, бүгін бақыт туралы әңгімелесейікші. Әңгімеміз түсініктірек болуы үшін мен сендерге Саттар Ерубаевтың «Бақыт» әңгімесінен үзінді оқып берейін.
Бақыт
Мен бақытты көрсем деуші едім.
Біздің қақпаның алдындағы үлкен қара жолмен күнде бір қайыршы шал өтетін еді. Шал ұзын асасын жоғары көтеріп алып:
-
Е, азаматтар, бақытты болыңдар! – дейтін еді.
Менің бақытты көргім келді.
Күн батушы еді; шал қара көлеңкеде үйреншікті жолыменен күнде бір қалыпта кетіп бара жататын еді. Мен біраз қарап тұрар едім де, қараңдап кетіп бара жатқан сыры белгісіз, жұмбақ қайыршының аузынан шыққан «бақыт» деген сөзбен көңіліме елең салатын қараңғылықта бір түрлі сескенер едім. Содан соң жылдам басып үйге келетін едім. Есікке жақындағанда белгісіз шыққан қайыршының қара күңгірт даусын естіп, үйге жүгіріп кіріп, өзімнен-өзім «бақыт» дейтін едім.
Төсекке жатқанда ұзын асалы шал көз алдымнан кетпей, даусы құлағымда тұратын еді. Мен жұмбақ «бақытты» көрсем дейтін едім...
...Біздің үй Түркістан қаласының оңтүстік жақ шетінде болатын еді. Бізбен бірге Жақсыбайдың үйі тұратын. Күн еңкейіп қақпаның тасасына түсуші еді. Қақпа көлеңкесі ұзарып, төргі бұрыштағы Жақсыбай үйінің іргесіне дейін барушы еді. Осы уақытқа дейін Жақсыбайдың шешесі Күнтүлім күн шуақта жамау жамап отырушы еді.
Барлыбай көзі қарауытып:
-
Апа, қарным ашты ғой, -дейтін еді.
-
Е, бақытсызым-ау, бақытың жоқ қой, оны неге маған айтасың? – деуші еді Күнтүлім.
Осы уақытта түрінген балтыры балшық-балшық боп Жақсыбай келуші еді. Жақсыбай қалада қыш құйып, күнделікті жұмыс істейтін. Жақсыбайдың қолында шүберекке оралған бір нәрселер көрінсе, Күнтүлім Барлыбайына:
- Бақытың бар екен, қарағым, - деп күлімсірейтін еді. Бірақ бұл күлкі уақытша күлкі болған соң, бар қуаныш бетіне ғана жиылып, жүрегінде барлық бақытсыздықтың зілі жатқандай болушы еді.
Мен бақыт деген нан ба екен деуші едім... (С.Ерубаев)
Ой бөлісу сұрақтары:
-
Күнтүлім баласына «Е, бақытсызым-ау, бақытың жоқ қой» деп неліктен айтты?
-
«Бірақ бұл күлкі уақытша күлкі болған соң, бар қуаныш бетіне ғана жиылып, жүрегінде барлық бақытсыздықтың зілі жатқандай болушы еді» деген сөйлемдегі «бақытсыздық» сөзінен не ұқтыңдар?
-
Бала неге бақытты нан екен деп ойлады?
А.Еңсеповтың «Балалық» күйімен композицияланған М.Шахановтың «Жігерлендіру» өлеңі тыңдалады.
Мақсаты: Оқушыларды бақыт пен қайғыны ажырата білуге үйрету
Жігерлендіру
Сен жыладың, жігітім,
Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.
Сен жыладың, сезімің жасып ағып,
Кіп-кішкентай балаңды қасыңа алып.
Қырмызы күнім өтті деп,
Сенгенім сатып кетті деп.
Сен жыладың:
Аңғармай қалдым орды деп,
Қадамым сәтсіз болды деп,
Бір қатты соққы алдым деп,
Бақытсыз болып қалдым деп.
Сен жыладың:
Бірақ мен селт етпедім,
Білем сені тағдырдың ерке еткенін,
Білем сені өр көңіл, жомарт едің,
Енді бүгін... қалай бұл кер кеткенің?
Жә, жә, жарар,
Өткен күн оралар ма?
Басыңдағы бөрік пе,
Орамал ма?
Бөрік болса ауыс тез басқа күйге,
Көз жасыңды көрсетпе жас сәбиге.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,
Әй, әй, жігіт, сен маған ұнамадың.
Жас нәресте көруге тиісті емес
Әкесінің еңкілдеп жылағанын,
Әкесінің тым күйреп құлағанын.
Ерлік пенен ездіктің жолы қатар,
Екеуінің арасы бір-ақ адым.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын.
Көтер, қане, басыңды, қалай бұның,
Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?
Көтер, қане, басыңды,
Күніңді босқа өткізіп пе едің,
Тағдырың неге сыр айтты сараң?
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық деп, кім айтты саған?
Кім айтты саған?
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақ көйлек кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп.
Кім айтты саған?
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп.
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп,...
Жігітке арман жеткізіп пе еді?
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес ендеше. (М.Шаханов)
-
Жігіт неге жылайды?
-
Ақын оған не деп ақыл айтты?
-
«Бақытсыздық» пен «сәтсіздік» сөздерін қалай түсінесіңдер? Олардың қандай айырмашылықтары бар?
Сахналау
Берілген оқу материалының мазмұнын эмоционалдық-сезімдік күймен әсерлі қабылдау үшін 6 класс оқушыларының М.Шахановтың «Күре тамырды іздеу» поэмасынан қойылған үзіндіні тамашалауға шақырамын. Диалогтың оқытуды қолданамын
Жастық шақ пен ақын шеткері тұрып сахнаға қарайды. Өрімдей жас жігіт өз Бақытының (Бақыт қыз бейнесінде) соңынан келеді.
Жігіт: (сағынышпен)
- О, Бақыт!
Бар адамға өтімдісің сөйлесең,
Баянсыз да секілдісің кейде сен.
Сені көру еді менің арманым,
Іздеп келем, іздеп келем талмадым.
Іздеп келем әлі күнге жолдамын.
Тым құрыса, қонағым да болмадың.
Шаттығым да, қайғым да өзің күрсінсем,
Айтшы маған қай биікте жүрсің сен?
Бақыт:
Есіңде ме аяулы анаң, қарт анаң,
Нан пісірді саған арнап арпадан.
Жер шырынын ұлым татсын деп еді,
Бірақ сенің оны жегің келмеді.
Жауар бұлттай қабағыңды түсіріп,
Арпа нанды қойдың былай ысырып.
Оранып зор мейірімінің отымен,
Сонда саған анаң боп тіл қатып ем.
Нан бергенім шақырғаным еді ғой,
Егістікте сені күтіп жатып ем.
Жігіт:
Ол күні емес, ертесіне барғанмын,
Сонда мені неге күтіп алмадың?
Бақыт:
Сенен бұрын келіп жеткен біреудің,
Арбасына мініп кетіп қалғанмын.
Жігіт:
О, Бақытым, бала кезден аңсаған,
Қалай айтсам екен мұны мен саған.
Бір күні үйде отыр едім ерігіп,
Сені маған көшеде жүр деді жұрт.
Мен көшеге шықтым жылдам жүгіріп,
Жан-жағыма қарап едім үңіліп,
Таба алмадым іштей ойға малтыдым,
Сен сол күні қайда болдың, жарқыным?
Бақыт:
Ха-ха-ха!
Маған адал болғанымен тілегің,
Аңғармайсың, аңғал сенің жүрегің,
Саған жолда сәлем берген бір қыздың
Жанарына жасырынып тұр едім.
Бала кезгі өрлігіңді қайталай,
Басыңды изеп, өте шықтың байқамай.
Ха-ха-ха! (Бақыт ғайып болғанымен, көпке дейін күлкісі естіліп тұрады.)
-
Бақыт пен жігіттің әңгімесінен не байқадыңдар?
-
Жігіт бақытын тапты ма?
Дәйексөз
«Меніңше, адамның ең бір үлкен бақыты – күресе білу, қуана білу, жұмыс істей білу және басқалардан қалыспай, өмірге ілесе білу»
В.Н.Терешкова
Жүректен жүрекке жаттығуын орындату арқылы оқушылардың «Бақытты сәттерін» қолдан шығарып алмауға жағдай жасаймын.
- Балалар, бүгін біздің қаламыздың маңынан «Бақыт керуені» өтіп барады екен. Олар бақыт іздеп ұзақ сапардан келе жатса керек. Біз сабақтан «бақыт» дегеніміз не екенін ұғындық қой. Мүмкін керуенге бағыт берерміз? Сондықтан мен сендерге қалам-қағаз алып, «Бақыт дегеніміз не?» деген сұраққа жауап болатындай бір-бір сөз жазып, керуендегі түйелердің қоржындарына салуды тапсырамын.
(Балалар өздері жазған сөздерді дауыстап оқып, неге ол сөзді жазғанын ұғындырады да шеңберге келіп тұрады.)
Мұғалім:
-
Балалар, мен сендермен бүгінгідей мән-мағынасы терең, керемет сабақ өткеніме бақыттымын.
-
Ризамын, ризамын, ризамын бүгінге!
Ризамын, ризамын, ризамын қазірге!
Достарыңызбен бөлісу: |