ҮШІНШІ БӨЛІМ
УАҚЫТ КЕРУЕНІ
Абдырадан алынатын тоғанның іс қағаздарына, одан кейін Ши-амбының тойына қарайлап, қалада он шақты күндей бөгеліп қалған Демежан Шəуешек сапарынан бүгін ғана қайтып еді. Бұл күнде Демежанның жарым көңілі бүтінделген. ЬІрысқаннан туған Назарбек деген ұлы, Назым деген қызы бар. Қазір Демежанның рухын үстем етіп, мерейін, тасытып тұрған — шексіз билік те, шен-шекпен де емес, мүлде басқа қуаныш. Осы жақында ғана көптен жанын жегідей жеп, маза бермей жүрген бір арманы орындалды. Ши-амбының өзіне деген ерекше ықыласын, биылғы мереке қарсаңындағы шадыман шағын пайдаланып, Абдыра мен Қараүңгір өзендерінен тартылатын екі тоған суға қағаз жасатып, оны Іле жаң-жұңына бекіттіріп алды.
Соңғы жылдары, əсіресе балалы болғаннан бері, Ырысқан мінезіне бір асқақтық, менмендік ене бастаған. Көп жағдайда Бибіні елең қылмай, өз бетінше əрекет етуге бейім тұрушы еді. Жас келіншекті азғырып, күндестік отына май құйып жүрген абысын-ажын да аз емес-ті. Тамшылаған су тасты теседі. Адамның тіліне аспандағы бұлт айналады. Əлгіндей уəсуəлі, азғырынды сөз қайталана берген соң, Ырысқан да тілге еріп, əртүрлі жат мінездер көрсете бастаған.
● ● ●
Демежандар келгенде, Абдыра өзенінің тау шатқалына таяу оң жақ қабағында жүз қаралы кісі шоғырланып күтіп тұр еді. Тойдуманға, желік-тамашаға жиналған қызық құмар қыр қазағы емес, қалың қайрат танытып, іске жұмылған еңбек тобы. Төменде, биік жарқабақ астында, тастан-тасқа соғылып, күркірей арындап, Абдыра өзені ағып жатыр. Жатақ ауылдар биыл көктемде осы бөктерге соқамен тырмалап, біраз егін салған екен. Қазір сол егіндері тақта бетін жасырып, қаулап өсіп қалыпты. Алынатын тоған алдымен осы егіндікті басып өтуге тиіс. Бірақ өзен аңғары тым терең, биік қабақтың астында жатыр. Тоған көмейін едəуір жоғарыдан алып, қабырғалатып əкелмесең, дəл тұспа-тұстан су шығара алмайсың. Сондықтан олар əлі де төрт-бес шақырым жоғары өрлеп, тау шатқалына ішкерілеп ене түсті.
Топастық пен надандық ұя салған жерде құр кеуде мен қара күш қоса жүретін əдеті. Халдайлар Дохалдайдың үйінде отырып, ұзақ дуылдасты. Бəрі де Абдыра өзеніне қол сұққан қазақтардың бүгінгі əрекетін адам төзгісіз сұмдық ретінде қабылдаған. Соңғы бір байламды Шихалдай айтып еді. Бұл аймақта қазақтың көп екені рас. Бірақ басы бірікпейтін берекесіздігі тағы бар. Ендігі жерде халдайлар ұстанатын бір амал — қазақ руларын іштей іріту, атқа мінер ел жуандарының арасына от жағып, бір-біріне айдап салу. Сонан соң, реті келсе, пəле басы боп жүрген ең қауіпті жау — Демежанның көзін құрту керек. Оны да ашық істемей, өз ағайындарының қолымен от көсеуді ойластырған жөн. Бəрі бір ауыздан осы бəтуаға тоқтады....
Осыдан бір апта өткенде, Абдыра аңғарын қабақтап, ұбап-шұбаған бір түйдек көш кетіп бара жатты. Бұл — Шағыждағы қонысынан кешеулей қозғалып, жайлауға қарай бет алған Ысқақтың көші еді. Мұның ауылына Дохалдай келе қалды. Іргесіне келіп қонған Ысқақты үй ішімен ерулікке шақыра келіпті. Осы жолы Дохалдай екеуі оңаша үйде талай-талай əңгімеге барысты. Жолы болмай, тым құрыса əлі күнге дейін зəңгілікке қолы жетпей жүр... Оның ұлық алдында бет-бедел алуына мүмкіндік бермей, жүрер жолына шөккен нардай болып көлденең жатып алған — Демежан екен. Ысқақтан мансапты да, абырой-атақты да қызғанатын көрінеді. Ал Ысқақтың ұлыққа, халдайларға деген ықылас-құрметі ерекше. Демежан мұны сол халдайларға жақындығы үшін ұнатпайды, ел ішінде сүтке тиген күшіктей етіп, үнемі шетке қағып жүреді. Үй иесінің де күткені осы болатын. Дохалдай да ештеңесін жасырмай, өзінше ағыл-тегіл «сыр» ақтарды. Өзі қазақты керемет жақсы көреді екен. Тек сондай тамаша жұртты, өздерінен бір ұл тумағандай, Демежан сияқты қаны бөтен, қайдағы бір кірменің билеп отырғанына бұл да қатты қорланатын көрінеді. Ши-амбы қазір ауру, төрінен көрі жуық десе де болады... Демек үкірдайлық мансап Төртуылдың өз азаматтарына тиетін кезі де алыс емес. Сонда болашақ үкірдай кім болмақ? Бұл туралы халдайлар өзара ақылдасып, осы Ысқақ мырзаға тоқтапты. Демек, қазақтың игі жақсыларының да, халдайлардың да ортақ жауы — Демежан. Содан неғұрлым тезірек құтылса, небір талапты азаматқа жол ашылмақ.
● ● ●
Жылдағы дағдысы бойынша жайлауға қарай үдере көшкен ел өздерінің байырғы мекен-қоныстарына келіп орныққанына да бірнеше күндер болған. Кештердің бірінде ауылға ат-көлігі де, сырт пошымы да бөтен, бір топ қонақ келіп түсті. Алыстан ат терлетіп, əдейі келген бұл бес кісі — Дөрбілжінге қарайтын Орқашардың қалмақтары еді. Бұлар осы жақында ғана бір үйір жылқы жоғалтып, соның ізіне түсе келген жоқшылар екен.. Сол жылқы бергі Қорымсу бойынан Орқашарға көшеміз деп отырғанда, бір түнде жоқ болып шыққан. Жылқышылар ауылға ас ішуге кеткенде, өрісте қалған екі күзетшіні сойылмен бір-бір қағып, оп-оңай түсіріпті де, топ жылқыны бөліп алып, дүркірете қуып əкеткен. Ертеңінде қалмақтар із кесіп жүріп, қолды болған жылқының күнгейдегі Төртуыл жағына кеткенін шамалайды. Сол маңда бір атақты жауырыншы бар екен, ол да жауырынға қарап жіберіп, ұзап бара жатқан жылқының бағытын дəл нұсқап беріпті... Содан іле-шала бір топ қуғыншы шығады. Олар суыт жүріс, қуғын үстіндегі жылқының жас тезегінен, сойдақталып жатқан із сорабынан жаңылмай, Сібеті өзенінен өтіп, бергі бетте отырған Төртуыл ауылдарының шетіне дейін келеді. Бірақ бұл жұрт жаппай жайлауға көшіп жатқан қарбалас кез болғандықтан, ел ішіне ілінген соң жылқының ізі шиырға қосылып, адастырып кетеді... Осыдан кейін амалы құрыған қуғыншылар еліне қайтып барып, енді өздерінің даугер жоқшыларын атқа мінгізіпті.
Қазақтың бойында балтамен шауып тастайтын мін-мерез көп қой. Солардың ішінде Демежанның өте-мөте жек көретіні — осы барымта мен ұрлық... Ұрлықты тыям деп қанша алысса да, көп жылдан бері осы бір Байсерке деген пəлеге шамасы жетпей-ақ қойды. Демежан оны ұры деп айыптаса, басқа ел жуандары «батырым, барымташым» деп араға түседі.
Алыстан келген жолаушыларды ұзақ күттіріп қоюдың орны жоқ. Ертеңінде Демежан қасына Тыныбай, Түсіп бастатқан төрт-бес кісі ертті де, қалмақ жоқшыларын бастап, Қаражал, Бөкенбай жайлауларында отырған Қараменде ауылдарына қарай бет түзеді. Сол елдің үстінде топ құрып, қалмақтың дауын біржола бітіріп қайтпақ.
Бірақ бұл жолы да оңайшылықпен алдыра қоятын Байсерке көрінбеді. Үкірдайы, зəңгісі, биі болып, үш жақтан ұтылап қуса да, ол қалмақ малынан ақпын да саумын деп, екі қолын төбесіне қойып, бет бақтырмады. Өзін ақтайтын қарсы дəлелі де жеткілікті. Қалмақ жылқысы ұрланатын тұста Байсеркенің Орқашар бөктеріне барғаны рас екен. Бірақ ол бұл жолы ұрлықты ойына да алмай, таза ниетпен, көптен қатынай алмай жүрген Шотай ішіндегі қайын жұртына барыпты. Жəне жалғыз да емес, ер-əйелі, бала-шағасы аралас, боқташақ бір қауым адам боп барған. Қайын жұртында он шақты күн аялдап, талай ауылдарда қонақта болғанын сол елдің бəрі растайды. Ал əйелінің төркінінен ондай үйірлі жылқы емес, сынық өркеш сары атан мен құла төбел бесті жетелеп қайтқанын осындағы ағайындар түгел көрген.
– Жылқының ізі сойдақталып, аулыңа келіп тұрса да, ірге күш көрсетіп, мойындамай отырсыңдар ғой, ендеше былай болсын, — деді Қолқа бəрінің атынан сөз ұстап — Тіліміз, дініміз бөлек болғанмен, жаратқан тəңір біреу ғой. Ұлыққа барып ұйлыққанша, қазақ-қалмаққа ортақ, ата-бабаның ескі жолына бағынайық. Байсерке «Қара күмəннан» өтсін. «Ұрлық жылқыдан да, кісі өлімінен де ақпын, адалмын» деп қолына құран ұстап, жанын берсін де, құтылып жүре берсін. Жылқы — сенікі, жан иманын — біздікі. Біз де елімізге мал алып қайтпасақ та, тым құрыса бір қазақтың жанын алып қайтайық! — деген түсін суыққа салып.
Мына сөзді естігенде, қазақтар қарадай шошып, қатты тіксініп қалды. Тірідей жан беріп, иманын сатты деген не сұмдық?!
Əнеугүннен бері қанша бетбақтыққа салынғанымен қалмақ жылқысынан Байсеркенің қолы таза емес-ті.
Байсерке əнеугүні өзін Демежан мен Көксеген ортаға алып, қатты қысып сұраған кезде, «осылардан сыр жасырмай не де болса шындыққа келейін» деп бір оқталған. Бірақ сол ойын Ысқаққа айтқанда, ол мұны қолма-қол айнытып тастады.
Пахридден имам ең алдымен Байсеркеге дəрет алып келуді бұйырды. Сонан соң оның сырт киімдерін шештіріп, бір қабат кебін кигізді де, үлкен ақ киіздің үстіне көлденең жатқызып, жаназа оқудың қамына кірісті. Кəдімгі жаназа! «Ассалата жаназа!» деп дауыстай жар салып, жиналған жұртты сапқа тұрғызып жатыр. Осы көріністің өзі-ақ адамды жаннан түңілдіріп, бүкіл тіршіліктен бездіріп жібергендей еді.
Осы сəт артқы қатардан ышқына айғайлаған бір жат дауыс естілді. Ащы айғайы құлақты жарып, өлі тыныштықты дар еткізіп айырып жібергендей болған бір адам: – Ағатай-ай, біз үшін өз жаныңды қинамашы! Сенің орнына қазылған көрге мен-ақ түсейін... Бермеші жаныңды!.. Уа, тоқтатыңдар, халайық! Жылқы — менде. Ұрлаған — менмін... Малыңның көзі түгел, осы қазір алдына салайын! — деп жан ұшыра дауыстап сөйлеген күйі жұртты кимелеп алға шықты.
Оқиғаның бұлайша аяқ астынан кілт бұрылуы Төртуыл кісілерін де қатты абыржытып тастаған. Байсеркенің əнеугүннен бері мойындамай, қанша жұртты сарсаңға салып, енді келіп ойламаған жерден омақаса жығылуы сүйекке таңба түсірердей үлкен намыс болып еді. Оның есесіне, қалмақ жоқшылары айы оңынан туғандай айдарынан жел есіп шыға келді.
Демежан ендігі сөзін қалмақ даугерлерінің басшысы Қолқаға қарап сөйледі. – Кісі құнын мен бітірмеймін. Оны қаладағы ұлық шешеді. Байсерке сол істеген қылмысы үшін, бүгін абақтыға айдалады. Ендігі дауды сол қала ұлығынан қуасыңдар! — деді кесімді сөзін қысқа қайырып. Демежан билігіне наразы күңкіл сөздер Төртуыл кісілерінің өз ішінен шыға бастаған. Көксеген, Ысқақ, Тыныбайлар Байсеркені абақтыға айдатам дегенін ұнатпай, қырын қабақ танытты.
● ● ●
Бүгін Демежан төңірегі опыр-топырдан оңаша еді. Қазір қасында қарт ұстазы Ли-шансың ғана бар. Оның мұнда келгеніне бір аптадан асып кетсе де, Демежанның өзі үйде болмай, біраз күн Байсеркенің дауында жүріп, ауылға кеше ғана оралған-ды. Содан бері де ауыл үсті кісіден арылмай, енді ғана екеуінің оңаша қалған кезі болатын. Осы сəтте бұлардың назары түстік жақтағы тұмсықтан қылт етіп шыға келген екі салт аттыға ауды. Екі жігіт арқан бойы қалғанда аттан түсіп, үкірдайдың қасына жаяулап келді де, дауыстарын соза-соза сəлем берісті.
– Жөн-жөн... Қалаңда не жаңалық бар? – Ештеңе жоқ, сол өзіңіз көргендей. Ши-амбы Іле жақта біраз бөгеледі-ау деймін... Мұндағы бар билікті уақытша Шихалдайға қалдырыпты деген сөз бар. Бірақ Əбдірасыл осы тұста бұлардың ойын бөліп, тағы бір тосын хабар жеткізді. – Айтпақшы, сонан кейінгі бір үлкен жаңалық: қазір Шəуешекке Əсет ақын келіп жатыр. Ыбырай байбатшаның үйіне түскен екен... Несін айтасыз, бұл күнде ойын-тамашаның бəрі сол төңіректе. – Былай етсек қайтеді? — деді Демежан шұғыл шешімге келіп. — Үлкен əнші іргемізге келгенде үнсіз қалғанымыз ұят болар. Сен ертең қалаға қайта жүріп кет. Мен Əсетке хат жазып берейін. Соны апарып, ақынды осы елге қонаққа шақырып кел.
Демежан қалашы жігіттермен əңгімелесіп тұрғанда, Ли-шансың белден асып, ары таман ұзап кетіпті. Бұл да көк тазысын ертіп, солай қарай аяндады.
Бұлар əртүрлі əңгімемен тоғайдың шетіне дейін барып, одан кері бұрылды. Сол маңнан алақанат сауысқандар шықылықтап, əлдебір жат дыбыстан белгі бергендей болады. Көктұйғын да Демежанның аяғына оралып, мазасыз қыңсылауын қоймай келе жатқан... «Апыр-ай, мына байғұсқа не болды?» дегені сол еді. Кенет арт жақтарынан əлдекім қатқан тулақты сабаумен салып қалғандай, тарс еткен бір дыбыс естілді. Екеуі де селт етіп артына бұрылған. Дəл осы мезетте жаңағы тоғай жақтан тарс еткен мылтық даусы едел-жедел екі рет шықты да, иесінің қасында келе жатқан Көктұйғын қаңқ ете қалып, ұршықтай үйірілген беті құлап түсті. Демежан түкке түсінбей, сілейіп тұрып қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |