ЖИЫРМАСЫНШЫ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хор, Мылқау.
ЭЛЕКТРА. Сен өз парызыңды орындадың, Орест!
ОРЕСТ. Озбыр елді, қала азат!
ЭЛЕКТРА. Озбыр өлді. Қанжар әлі қолыңда. Сен бұнымен енді не істейсің?
ОРЕСТ. Туған қаламды азат етем деп, он бес жыл бойы көзімнің қарашығындай сақтап келдім, енді күлге лақтырсам да болар.
ЭЛЕКТРА. Солай деп ойлайсың ба? Шынында да анық солай ма? Озбыр өлді, ал оның жандайшаптарын қайтпексің?
ОРЕСТ. Жазалылар жазасын тартады.
ЭЛЕКТРА Ендеше, қанжарыңды бекем ұста. Мына әйелді кердің ғой. Бұл менің анам, Орест. Егер қылмыскер сазайын тартатыны рас болса, ең алдымен осыны бауызда.
(Орест үндемейді).
Сен мені құбыжық көріп тұрсың ғой. Ендеше, неге бетіме айтпайсың?
(Орест үндемейді).
Құбыжық болсам, құбыжық шығармын. Бірақ, былайғылардың да оңып тұрғаны шамалы. Бұл дүниеде дұрыстың ылғи құбыжықтар жағында. Сондықтан, менің айтқаным дұрыс, Орест. Падиша, егер қылмыскерлер жазасыз қалса, онда бұдан былай әділдіктің де құрығаны.
ОРЕСТ. Бұл қанжарды бұдан былай қатігездікке жұмсаман!
ЭЛЕКТРА Жазықтыны сонда сен жазаламағанда кім жазалайды?
ОРЕСТ. Мен Эгисті өлтірдім, бір рет қан төктім. Бұдан былай ешкім өзі қансырамай тұрып, жендетке өзгелерді өлтір деп әмір бермейтін болады.
ХОР. Еңбек бөлісудің қазіргі тәртібі тұрғанда дал бұл айтқаның жүзеге аса қоймас.
ОРЕСТ. Жоқ, Электра, мен жендет болуға келгем жоқ. Азаттық бар жерде заңның өзі-ақ жазалайды.
ЭЛЕКТРА. Сонда сот кім болады, Орест? Бұл қаладан басқаларға үкім айтуға қақысы бар басқа адамды қайдан таппақсың?
ОРЕСТ. Оны тұсында көре жатармыз.
ЭЛЕКТРА. Тексере бастадық-ақ, жұрттың бәрі сүттен ақ, судан таза боп шыға келеді.
ОРЕСТ. Сонда тергеп-тексерместен жұрттың бәріне шетінен қарғыс таңба қарып шығамыз ба?
ЭЛЕКТРА. Падиша, айтшы өзің, сонда озбырға осынша жыл қызмет еткендердің арасында жазықсыз кім бар, мына шаһарда күнәсіз кім бар?
ОРЕСТ. Патша қызы, абайла: жұрттың бәрі жазалы болса, онда оларға патшаны жендеттен қою керек. Байқа, Электра, таққа тағы да көк семсердің келгені алтын тажды тағы да қанішердің кигені.
ЭЛЕКТРА. Сен түсінбей тұрсың: өз сазайын тартпаған бір қылмыскердің аман қалғаны, әділеттің тағы да аяқасты болғаны.
ОРЕСТ. Сен де түсінбей тұрсың: азатсың демей, жазалаймын десем, таны да құлақкесті құлдарды көбейткенім.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, бұның бәрі бекер әуре. Мен бажыдан бері бұл қалада әлгі сұмдықтың бәрін білегін бір ғана адам, ең болмаса, бір ғана адам тірі жүрсін деп сені күтіп ем. Сөйтсем, тіршіліктен баяғыда-ақ баз кешуім керек екен.
ОРЕСТ. Жоқ, Электра, оның бекер болған жоқ.
ЭЛЕКТРА. Ех, Орест, сүйіктім. Дүние кең ғой, кетейікші осы арадан.
ОРЕСТ. Оның мүмкін еместігін өзің де біліп тұрсың.
ЭЛЕКТРА. Біз қайыққа отырайық, сен желкенді кер. Шағалалар мен балықшылардан басқа қара жоқ бір кішкене аралға барып мекен тебейік. Мен лашығыма исі аңқыған көк құрақ төсеп, бұлақтан су әкеліп, теңізіңе апарып, сенің аяғыңды жуайын. Кетейікші, сүйіктім.
ОРЕСТ. Білесің ғой, бұл айтып тұрғаның мүмкін емес нәрсе.
ЭЛЕКТРА. Екеуміз базарға барайық, балық салып тұрған халықты қызықтайық, құрма толы жаймаларды аралап көрейік. Кешқұрым жерге отыра кетіп, серуенші жұртқа қарайық. Шеберханаға барып құмырашылардың өнеріне сүйсінейік. Дүкеннен жеміс алып жейік, әр таң сайын мен саған гүл сатын әкеп тұрайын. Осы арадан кетейікші, сүйіктім.
ОРЕСТ. Электра, сүйіктім, мен бұл арадан кете алмаймын.
ЭЛЕКТРА. Сонда менің саған еш керегім болмағаны ма?
ОРЕСТ. Мен үшін сенің орныңды ешкім баса алмайды.
ХОР. Патша қызы, сенің орныңды ешкім баса алмайды.
ОРЕСТ. Сен жоқ жерде мен жартыкеш жанмын, мүгедекпін. Мүсәпірмін.
ХОР. Сен жоқ жерде ол жартыкеш жан, мүгедек, мүсәпір.
ЭЛЕКТРА. Эгист өлді. Қала азат. Енді мұнда аялдайтын не бар?
ОРЕСТ. Халық азаттықтың бағасын біліп, қадірлеуді үйренгенше әлі де жүздеген жылдар керек.
ЭЛЕКТРА. Сонымен, сен маған ермейсің ғой?
ОРЕСТ. Сүйіктім, мені жалғыз тастама. Қаланы тастап ешқайда кетпе, Электра. Бұл қала сен кетсең, қараң қалады.
ЭЛЕКТРА. Туғалы бері бұл қаланың сыртына шығып көрмеппін. Кеш сайын қорғанға, қиырларға қарайтынмын. Алыстағы таулар мен өзендерге телміре-телміре қашан сен келгенше, ешқайда аттап шықпасқа ант еткем-ді. Қақпа ашық тұрса да, аттап шыққан емеспін.
ОРЕСТ. Электра, егер екеуміз дария кешіп кетейік десең, кетер ем. Дала кезіп кетейік десең, кетер ем. Бірақ, ол үшін менде саған деген сүйіспеншіліктен басқа міндет, парыз болмауы керек қой.
ЭЛЕКТРА Сонда мен саған кім болғаным?
ОРЕСТ. Оны өзің жақсы білесің.
ЭЛЕКТРА. Нақсүйерің болсам, қалар ма едің?
ОРЕСТ. Жанқияр досым болғаныңды қалаймын.
ЭЛЕКТРА. Әйелің болсам қайтеді?
ОРЕСТ. Аға мен қарындастық арасында неке жүрмейтінін білесің ғой.
ЭЛЕКТРА. Сен оны заң деп есептейсің бе?
ОРЕСТ. Заң солай, Электра.
ЭЛЕКТРА. Ғашықтардың бірін-бірі сүюіне қандай заң тыйым сала алады?
ОРЕСТ. Заң жұрттың бәріне, соның ішінде маған да ортақ.
ЭЛЕКТРА. Падишам, теріс заңның тепкісіне көніп, жалған жосықтың дегенін тыңдайсың, Орест.
ОРЕСТ. Заңды кез келген қайыршы, кез келген құлақкесті құл бұза алады. Тек патшаға ғана заңды белден басып баса көктеуге болмайды.
ХОР. Заң шығарушылар, естисіңдер ме? Кез келген қаңғыма қайыршы заңнан аттап кете алғанмен, заң шығарушының өзі заңнан аттап кетпеуге тиісті.
ЭЛЕКТРА Сонда тақта бірге отырып, төсекте бөлек жатамыз ба? Күндіз қасыңда болып, түнде жалғыз өткізем бе? Маңдайыңнан сүйгенмен ерніңнен сүйе алмаймын ба?
ОРЕСТ. Мен неткен бақытсыз ем! Бірақ, өле-өлгенше осылай етуге міндеттімін. Махаббатым жазылмас жарама айналмақшы. Сүйе тұрып, сүйе алмау, маңдайға біткен жазмышым.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, сенің жалғандыққа жазмышым деп көнгенің.
ОРЕСТ. Мен азапты жазмыш еттім. Басқа амал менде жоқ.
ЭЛЕКТРА. Жоқ, сенің жазмышың азап болмайды. Қорықпай-ақ қой, сен Электраны әлі-ақ ұмытасың. Өйткені, Электраның аты – Электра да, Орестің аты – Орест. Енді мәңгі бақи солай болмақ.
ХОР. Электраның аты, Электра да, Орестің аты, Орест. Енді мәңгі бақи солай болады!
ОРЕСТ. Электра сүйіктім, сенің есімің ғимараттардың маңдайына алтын әріппен қашап жазылады.
ЭЛЕКТРА. Менің атым ғимараттарға жазылмақ.
ОРЕСТ. Сонда жұрт бұдан мың жыл өткесін де дүниеде Электраға тең келетін ешкім жоқ екенін білмекші.
ЭЛЕКТРА. Дүниеде Электраға тең келетін ешкім жоқ екені мәңгілікке паш етілмек.
ХОР. Электраға ешкім тең келмейді.
ЭЛЕКТРА. Мен бұл күнді он бес жыл күттім. Басымнан қара түскен жоқ. Енді, міне, сүйтіп тапқан бақытым, ең болмаса шошқашы Лотос емес, ғимараттық тас бағаны болмақшы.
ХОР. Сонда қайсысын қалайсың, патша қызы?
ЭЛЕКТРА. Жалғандықты құртады деген Орестім жұртты жаңа өтірікке үйретпек. Ол енді басқаны қойып, Электраны өтірікке үйретпек. Электраның атын алтын әріппен бадырайтып тас бағанға жазып қоймақшы. Қасына мәңгі бақи ешкімнің аты жазылмайды. Өйткені, бұл дүниеде енді қайтып Электра сияқты ешкім болмақ емес!
ХОР. Электраға тең келетін ешкім болмайды.
ЭЛЕКТРА. Мына дүниеге талай-талай бала жетектеген аналар келеді, аймаласқан ғашықтар келеді, немерелеріне ерген қариялар келеді. Талай-талай алаңдарда ет қақталып, жүзім сатылын, арақ-шарап судай төгіліп, қыз бен жігіт құйқылжыта билеп, мәз-мейрам болады. Ал, Электрадан тас бағанадағы жазудан басқа ештеңе қалмайды. Жалғыз-ақ ауыз сөз қалады.
ХОР. Жалғыз-ақ ауыз сөз, аты ғана қалады.
ЭЛЕКТРА. Енді Электра, жөніңді тапқаның жөн. Қақпаның аузы ашық, жолыңды ешкім бөгемейді. Дария кешіп, дала кезіп, қаңғырып ешкімді сүймеймін деп әзіңді өзің алдайсың ба, жоқ, осында қалып ертелі-кеш сенделіп, ешкімді сүймеймін деп өзіңді өзің алдайсың ба, өз еркің өзіңде!
ХОР. Кетсең де, өтірікшісің, қалсаң да өтірікшісің.
ЭЛЕКТРА. Орестке де Электра емес, өтірік керек. Жұрттың бәріне де Электра емес, өтірік керек. Электранық ешкімге қажеті жоқ.
ОРЕСТ. Элекгра, сүйіктім, Орестің аты. Орест. Электраның аты. Электра, бірақ екеуіне екі айрылуға болмайды.
ЭЛЕКТРА. Жоқ, екеуміздің жолымыз екі басқа. Егер Электраның Электра, Орестің Орест екені рас болса, екеуінің жолының бір болуы мүмкін емес.
ОРЕСТ. Алмақтың да салмағы бар деген. Мені мақұлдайтын болсаң, өзіңнен бас тартпай болмайды.
ЭЛЕКТРА. Мен Электрамын. Мен өзгере алмаймын.
ОРЕСТ. Электра, сүйіктім, мына дүниеде екеуміздің бірге болғанымыз жөн еді.
ЭЛЕКТРА. Жоқ, падишам. Өйткені, Орест, сен қоянжүрек қорқақсың. Сүйіп тұрып, сүйе алмайсың. Жеңіп тұрып, жыға алмайсың.
ОРЕСТ. Байқа, Электра, сен әділетті жендеттің қанды қара балтасын іздеп тұрсың.
ЭЛЕКТРА. Байқасаң байқа, Орест. Мейрімді болам деп жалтақтап отырғаныңда, жалғандық тағы дүниені жалпағынан басып кетпесін.
ОРЕСТ. Электра, жұрт өмір сүргісі келеді. Егер көрінгенге мынау қылмыскер деп қол шошайтсам, мына қаланың көрген күні не болмақ.
Егер сені азаптаса, сенің жан даусыңды бүкіл патшалық естиді. Егер жендет балтасы сенің басыңды шапса, сенің молаң бүкіл елге белгілі болады. Ал, олардың өлі-тірісін кім біліп жатыр. Байқа, Электра, атың мәшһүр өзіңді аттары тірідей өшкен өзгелермен салыстырып тұрсың.
ЭЛЕКТРА. Демек, менің үкім айтуға қақым жоқ екен ғой.
ОРЕСТ. Егер олардың біреуінен кек қайтарсаң, қалғандарын да көк есекке теріс мінгізіп шығады.
ЭЛЕКТРА. Мен олардан кек ал деп тұрғам жоқ, әділдік орнат деп тұрмын.
ОРЕСТ. Өзің қысастық жасап, өзгелерді әділетті қыла алмайсың.
ХОР. Өзі қысастық қылған өзгелерге әділетті бола алмайды.
ЭЛЕКТРА. Базардың астын қазып көрші: жазықсыз қырылғандар саған тісін қайрап жатпаса маған кел. Зынданға түсші: тас зындан өз-өзінен ыңырсып жатпаса маған кел. Бастары шабылған мүрделерден сұрап көрші, өткенді ұмыт десе маған кел.
ХОР. Сүйікті мырзалар, айтыңдаршы, сендерді ұмытайық па, ұмытайық па?
ОРЕСТ. Ендеше, Электра, сол базардың астын өзің қаз. Тас зынданға өзің түс. Өліктерден өзің сұра: олар біздің кегімізді қайтар дер ме екен, жоқ, өңмені етен озбырлықты тойтар дер ме екен?
ЭЛЕКТРА. Сен ұмытпақсың сенің есіңде ештеңе тұрмайды. Қылмыстыларды да кешіре аласың, өйткені, жазықсыз жапа шеккендердің жан даусын өз құлағыңмен естіген жоқсың, бір құдықтан су ішкен жоқсың. Мұнда жұрт дарға асылып жатқанда, сен онда жезөкшенің қойнында жаттық?!
ОРЕСТ. Мен патша боп тұрғанда, таққа жендет отыра алмайды. Мен патша боп тұрғанда, таққа озбыр отыра алмайды. Мен патша боп тұрғанда, бұл қалада тек еркіндік қана дәурен сүреді..
ЭЛЕКТРА. Ендеше, сендей патшаның бағасы бес тиын қара бақыр. Мен тірі тұрғанда, сен патшалық құра алмайсың.
ОРЕСТ. Сен ақылыңнан алжасқан шығарсың?
ЭЛЕКТРА. Мен қазір базарға барам да, сенің кім екеніңді айтып, күллі қалаға жар салам. Күйеуі жазықсыз өлген әйелдер, әкелері жазықсыз кеткен балалар, ғашықтарынан жазықсыз айрылған бейбақтар, барша жапа шегіп, тауқымет көргендер саған емес, маған ереді, Орест.
ОРЕСТ. Ендеше, ұлы әкесін өлтіреді, әкесі ұлын өлтіреді, жігіт қалыңдығын өлтіреді, кектің шегінен шыға алмаймыз.
ЭЛЕКТРА. Мен өліктерді жердің астынан қазып алам. Тауқымет көргендерді тірілтем. Сонда жендет балтасы желкесін қырыққандардың бәрі маған қосылып залалға зауал, жазықтыға жазым деп айқай салмаса көр де тұр!
ОРЕСТ. Сен өйтіп бүкіл қаланы тамұққа айналдыра алмайсың. Сен өйтіп жұртты шеттеріңнен қылмыскерсіңдер, өмірбақи үрейленумен өттіңдер деп шегінен шерменде қып қоя алмайсың. Электра, абайла, жұртта өйтіп қоқаңдай берсең, бір күні мына қаланың күлі көкке ұшады.
ЭЛЕКТРА. Егер жұртты күнәдан тазартуға керек болса, мен бұл қаланы тамұққа айналдырудан да тайсалмаймын. Егер күнәларынан арылтуға азап керек болса, мен оларды азапқа салуға да бармын.
ОРЕСТ. Мен патша боп тұрғанда, бұл қала тамұққа айнала алмайды. Мен патша боп тұрғанда, заңның орнына үрей орнатар жайым жоқ.
ЭЛЕКТРА. (Мана Эгистің өлігінің қасында шыр көбелек айналғандай, Орестің қасында шыр көбелек айнала бастайды). Иә, сен патша емессің. Сен патша бола алмайсың. Сен патша да емессің. Орест те емессің. Сенің Орест емес екеніңе енді көзім жетті.
ОРЕСТ. Сен ақылыңнан алжасқан шығарсың?
ЭЛЕКТРА. Сен Орест емессің. Сен жалғандықты жоя алмайсың. Өйткені, өзің жалғандықсың...
ОРЕСТ. Электра, тоқтат!
ЭЛЕКТРА Сен Орест емессің. Естисің бе, халайық, мынау Орест емес!
ОРЕСТ. Тоқтат, есуас!
ЭЛЕКТРА Сен Орест емессің! Сен патша бола алмайсың. Сен Орест емессің!
ОРЕСТ. Жоқ, болмайды екен! (Қанжар сұғады).
Үнсіздік.
– Ах, есалаң бейшара-ай! Маған бұл не істеткенің? Электра, сүйіктім менің, қолымды тағы қандаттың-ау.
Үнсіздік.
– Сен де мен сияқты жұртты озбырдан құтқарғың келді. Мен де сен сияқты жұртты озбырдан құтқарғым келді. Енді, міне, сен мені жалғыз тастап кеттің. Ал, мен сенсіз өмір сүргім келмейді. Ах, бейшара мұңлығым-ай, Электраның аты Электра екен де, Орестің аты Орест екен! Енді бұл дүниеде мәңгібақи осылай болатын болды ғой!
ХОР. Электранық аты. Электра да, Орестің аты. Орест. Енді мәңгі бақи солай болады.
Достарыңызбен бөлісу: |