СОҒЫС БҰЛТЫ ТОРЛАМАСЫН АСПАНДЫ
Ұлы Жеңiске-70 жыл
Әлемде жан түршiгерлiк, суық сөз болса, ол «соғыс» деген сөз деп ойлаймын. Жер бетiндегi соғыс адамзат баласына тек қана өзiнiң зардабын, ауыртпалығын әкелген. Дүниеде соғыс әсерiнен кейбiр мемлекеттер тарих сахнасынан жойылып кетiп отырған жағдайлар да аз болмаған.
Қазақ елi төл тарихында көптеген елдерден теперiш көре жүрiп, өзiнiң мемлекеттiлiгiн сақтап қалған бiрегей ел. Жаз жайлау, қыс қыстауға көшiп жүрiп көршiлес елдердiң зобалаңын көп көрдi. Қанды қырындарда қазақ батырлары мен баңадүрлерiнiң басы бәйгеге тiгiлдi. Туған елдiң топырағын жат қолына өткiзбей, кеудесiнде қасық қандары қалғанша күрестi.
Қанқұйлы соғыстардың iшiнде фашистiк Германиямен болған Ұлы Отан соғысы қазақ халқы үшiн ең зардапты, ең шығыны көп соғыс болды десек қателеспеймiз.
9 мамыр - Жеңiс күнi ұрпақ жадында жаңғырып, жылма-жыл мемлекеттiк деңгейде мерекеленiп келедi. Ата-бабаларымыз бен аналарымыздың рухты жолдары, өшпес ерлiктерi, ержүректiлiктерi кейiнгi буын өкiлдерiне үлгi әрi өнеге деп бiлемiз. Алдағы 2015 жылы Жеңiстiң 70 жылдық мерекесi кең ауқымда тойланады деп күтiлуде. Алайда, табиғаттың заңдылығына сай, ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерiнiң саны жылдан-жылға азайып, қазiргi кезеңде олардың саны саусақпен санарлықтай. Соғыстың тiрi куәгерлерi, Отан қорғау жолында елдiк пен ерлiктiң тiзгiнiн қатар ұстап, кеуделерiн от пен оққа төсеген батыр бабаларымыздың ортамызда болғаны - өскелең ұрпақ пен жалынды жастарға рухани күш-қайрат бергендей.
«Оттан да ыстық - Отаным» деп Ұлы Отан соғысына аттанған азаматтың бiрi, кент тұрғыны -Қуанышбай Бисенбаев бүгiнде 89 жаста.
Ол Жаңажол ауылында 1925 жылы шаруа отбасы Бисенбай Кеңесбаев пен Алма Iзтайқызының жанұясында дүниеге келген. Шаңырақтағы екi баланың үлкенi.
Ата-анадан алған тәлiмдi тәрбие Қуанышбай Бисенбайұлын еңбексүйгiштiкке, көпшiлдiкке, адалдыққа, батылдыққа бастады. Ел басына түскен жоқшылық пен аштықты да көрдi. Дегенмен, жас жiгiттiң бұл ауыртпалықтар жiгерiн жасыта алмады, керiсiнше еңсе тiктеуiне, еңбекте жинақы болуына септiгiн тигiздi. Ауылдың көптеген бозбалалары секiлдi ол да қатарына қарап, жiгiттiк жасқа бой алдыра бастағанында әскер қатарына шақырылып, майданға аттанып кеттi. Артында қалып бара жатқан үйдегi әке-шешесi мен iнiсiн iштей қимаса да туған ел мен жерiн жау қолынан азат етiп, Жеңiс туын желбiретiп, өз өлкесiне жеңiспен оралу мақсатын ойдан шығарған жоқ.
1943 жылы соғыс комиссариаты қызметкерлерi өрiмдей жас Қуанышбайды Жосалы стансасынан өзi қатарлас жiгiттермен бiрге вагонға тиеп, соғысқа аттандырады. Жауынгерлер тиелген вагон темiр жолмен жүрiп отырып, Қиыр Шығыс, Байкал маңына келiп тоқтайды. Сондағы Чита қаласында 3 жыл Отан алдындағы борышын өтеп, шекара күзетiнде тұрады.
Жауынгер ағамыз өз майдандастарымен 1945 жылы 15 мамырда жапон әскерлерiн Забайкальеден қуып отырып, Қытайға дейiн барады. Кескiлескен ұрыс әрi қарай жалғасып, Қытай мемлекетi iшiнде орналасқан жапон бекiнiстерiн бұзып өтедi. 1945 жылдың 3 қыркүйегiнде соғыс аяқталады. Сол күнi жапондықтар өздерiнiң толығымен жеңiлгендiктерiн мойындап, қару-жарақтарын ерiктi түрде өткiзедi.
Одан кейiнгi жауынгерлiк жорық жолында, Манчежурье, Цецекарь қалаларын жапондықтардан тазартады.
Жауынгердiң одан арғы жолы портты қала - Порт Артурда жалғасын тауып, 4 жыл теңiзге түсетiн тiкұшағы бар құтқарушы кемесiнде әскери парызын өтейдi. 1950 жылы осы жерден Владивостокқа келiп, жетi жарым жыл дегенде туған елге аман-есен оралады.
Келгеннен соң 1952 жылы жас мұғалима қыз Балдама Ыбыраевамен отбасын құрып, жанұялық өмiр бастайды. Берекелi отбасында Қалдыбек, Дәуiт, Сауыт, Дүрия, Жанар, Салтанат, Мархабат, Кенжебек есiмдi ұл-қыздар өмiрге келiп, бүгiнде олардан 23 немере, 5 шөбере тарауда. Жақын арада Қуанышбай ағаның шөпшек күтiп отырған жайы бар. Ардагер аға үшiн келiндерi Маржан, Гүлмира, Гүлнар мен күйеубалалары Жүзбай, Оралдар туған баласындай. Балалары мен немерелерiнiң алды елiмiздiң өсiп-өркендеуiне өз үлестерiн қосуда. әртүрлi салаларда еңбек етуде, немерелерi Азаматы мен әсиясы Ақтөбе қаласындағы медицина институтының грант иегерлерi. әлиясы қобызшы.
Халқымызда қазыналы қария деген ұлағатты ұғым бар. Қазыналы қария деп өмiрден көрген-бiлгенi бар, жүрекке түйгенi бар азаматтарды айтады. Бұл ретте Қуанышбай Бисенбайұлының жастарға айтары көп. Ардақты ақсақал мектеп оқушыларымен, жастармен болатын кездесу кештерiнiң қашан да қадiрлi қонағы.
Ардагер ата әңгiме тарқата отырып, өткен өмiрге көз жүгiрттi. - Соғыстың аты - соғыс. Онда аяушылық деген болмайды. Сен жауыңды атып түсiрмесең, ол сенi атып түсiредi. өмiр үшiн жан алып, жан берiсесiң. Жапондықтарды жеңгеннен кейiн тұтқынға түскен жапон жауынгерлерiн вагонмен Қызылорда қаласына әкеттi. Тұтқындағылар қаладағы үлкен көпiрдi - су тоспасын салды деп естiдiк. Есте қалған жайт, Хайдар қаласында құрамында 60-70 адамы бар бiр рота сыртымыздан атқылады. Қасымыздағы 2 жiгiт сол ұрыста оққа ұшты. Бiрiнiң аты-жөнi Нұғыман Сейiтмаханов болатын. Бозарқаштың жiгiтi едi. Соғыстан соң Хайдар қаласындағы кескiлескен шайқаста ерлiкпен қаза тапқан Нұғыман Сейiтмаханов, әбзәли Егiзбаев, бас-аяғы 50 жауынгердiң құрметiне ескерткiш тақта қойылды. Семенов, Похолуев, Вербицкий деген рота, взвод командирлерiмiз болды. әскери тәртiп қатты. Аллаңтың маған берген несiбесi шығар, ұрыс алаңдарынан жарақат алғаным жоқ. Талай күндердi аштықпен де өткiздiк. Ондайда жеген ботқаның дәмi таңдайыңнан кетпейдi. Бейбiт аспан астында өмiр сүре жүрiп, әскерге барғысы келмейтiн бозбалаларды құлағымыз шалып қалып жүр. Естiген құлаққа ұят. әскерден қашып жүрген балалар елдi, Отанды қалай қорғамақ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында тыныштық заманда халқымыз ғұмыр кешiп жатыр. Ұлты мен ұлысы көп мемлекетте бiрлiк пен татулықтың, ынтымақтың туы желбiрейдi. әр елдiң өз айбын-айбары болады. Ол - әскер. Бұл тұрғыда жастар тереңдеу ойланулары керек. Соғыстан кейiн де бiздiң өмiрiмiз керемет болды деп айта алмаймын. Ел соғыстың зардабынан қалжыраған, шаршаған. Сонда да қиындыққа мойымай, алға батыл қадам басты. әрбiр қадам еңбеккерлiкпен жасалып, жасампаз Қазақ елiнiң рухын биiкке көтердi. Бiз де көппен бiрге болып, қатарға қосылып кеттiк. Көптеген мемлекеттiк марапаттарға ие болдым. Сұм соғыс ешкiмге де аяушылық жасаған жоқ. Қалалар қирады, аналар жесiр, балалар жетiм қалды. Шаруашылық тұралады. Бiрақ осындай кедергiлердi халқымыздың жасампаздығы, ауызбiрлiгi, еңбеккештiгi жеңе бiлдi. Бейбiт аспанның қадiрiн ешқашан ұмытпауымыз қажет. Тәуелсiздiк алдық, егемен ел атандық. Дегенмен, дүниенiң төрт бұрышы дүбiрге толып жатқанда тәуелсiздiктi нық та берiк ұстап тұру оңай жұмыс емес. Сондықтан да тәуелсiздiгiмiз бен мемлекеттiлiгiмiздi мәңгiлендiру жолында жастарымыз шаршамай-талмай еңбек етулерi тиiс, - дейдi соғыс және еңбек ардагерi.
С.ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.
Достарыңызбен бөлісу: |