Сол отызыншы жылдар ішінде Орталық Қазақстанның шикізат базасын кешенді зерттеу негізінде тау-кен инженері Қ



Дата16.06.2016
өлшемі127 Kb.
#140009
ҚҰБЫЛЫС

Қазақстанның экономикалық даму перспективаларының болашағы оның жер қойнауындағы орасан зор табиғи байлықтарымен байланысты екендігі жасырын емес десек, өткен XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында геологиялық тұрғыдан Қазақстан аумағы “ақтаңдақ” болып есептелді және Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесінің шын мәнінде барлығы дерлік бар екендігін дәлелдеу үшін Сәтбаевтың және оның мектебінде тәрбиеленген қазақстандық геолог-ғалымдар мен өндірісшілердің көп жылғы жанқиярлық еңбегі қажет болды. Бүгінде шетелдік инвесторлар өздерінің қаржыларын осы жер асты байлығымызға және біздің салыстырмалы түрде осы байлықтың дамыған өндіруші және өңдеуші өнеркәсібіне салуда. Осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ Қаныш Имантайұлы: “Біздің табиғи байлықтарымызды ақылға қонымды пайдалану ғана халықтың материалдық әл-ауқатын және мәдени деңгейін, оның экономикалық және әлеуметтік дамуын айқындайды”, деп айтқан болатын. 1926 жылдан бастап Жезқазғанда ресейлік академиктер Усов пен Обручевтің шәкірті болған жас тау-кен инженері Қаныш Сәтбаевқа зерттеушілердің шағын отрядымен рудалардың барланған қорын төрт жүз елу есе арттыруға мүмкіндік туып, әлемдегі ірі мыс кенішінің атағын әйгіледі. Ал 1934 жылы күзде ең алдымен Мәскеуде Жезқазған проблемалары бойынша КСРО Ғылым академиясының сессиясын өткізуге (сол кезде Қазақстанда ғылым әлі өркендей қоймаған кез), содан кейін сессия қорытындыларына сүйене отырып, КСРО ауыр өнеркәсібінің халық комиссары Серго Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған мыс қорыту комбинатының, Жезқазған кеншілер қаласының және оған баратын темір жолдың құрылысы туралы мемлекеттік шешім шығартуға қол жеткізеді.

Сол отызыншы жылдар ішінде Орталық Қазақстанның шикізат базасын кешенді зерттеу негізінде тау-кен инженері Қ.Сәтбаев байтақ өңірдегі темір құрамдас рудаларға, мұнай мен газға, тас көмірге жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстары болашағының зор екенін дәлелдей отырып, орталық және республикалық баспасөзге тұрақты түрде мақалаларын жариялап тұрды. Ол өзінің бірқатар жарияланымдарын Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін көтерудегі қара металлургияның маңызды рөлін алға тарта отырып, Қарағандыға жақын жерден металлургиялық комбинат құрылысын салу керектігін айтты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қ.Сәтбаевтың жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде-ақ ашқан Жезді кен орнының марганец рудасы танк жасау ісінде бронь прокатын шығаруды арттыруда және елдің әскери қуатын нығайтуда орасан зор маңызға ие болғаны белгілі. Қазақстанның мемлекеттік геологиялық қызметінің негізін салушылардың бірі, академик Қаныш Сәтбаевтың ұстанымы мен көзқарасы КСРО-да бірінші болып республикалық Геология министрлігін ұйымдастыруда шешуші рөл атқарды. Оның ұсынуымен алдымен А.Богатырев, кейін Ш.Есенов министр болды. Сөйтіп, бұрын бөлшектеліп келген көптеген ведомстволардың геологиялық қызметтерін бір колға біріктіру Қазақстанда геологиялық-барлау жұмыстарының тиімділігін шұғыл көтеруге мүмкіндік берді. Міне, осы кезең еншісіне Маңғыстауда ірі мұнай кенінің, Орталық және Шығыс Қазақстанда алтын және сирек кездесетін металдар кен орындарының ашылуы жатады.

1941 жылы маусымда Қаныш Имантайұлы жаңадан ашылған Геология институтын басқаруға Алматыға шақырылған болса, содан кейін КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалына басшылық етті. Соғыс жылдары Қазақстанға көптеген көрнекті кеңес ғалымдары эвакуацияланды, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға, Қазақстан экономикасын көтеруге, оның ғылыми техникалық әлеуетін кеңейтуге әрі жаңартуға, отандық зерттеушілердің жас кадрларын тәрбиелеуге Қ.Сәтбаев мол еңбек сіңірді. Міне, сол соғыс жылдары Қазақстан ғылымының дамуында сапалық серпіліс болды (ғылыми-зерттеу институттарының саны соғыс басталған кезден оның аяқталғанына дейінгі аралықта 1-ден 15-ке жеткенін айтсақ та жеткілікті), бұл 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясын ашуға мүмкіндік берді, оның тұңғыш президенті болып осы лауазымға нағыз лайықты тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды.

Алғаш құрылған жылдарынан бастап Ғылым академиясы қызметінің басты мазмұны Қазақстанның өндірістік күштері мен мәдениетін дамытуға бағытталған кешенді зерттеулер болды. Жаңа институттар, атап айтқанда, ядролық физика, математика және механика, гидрогеология және гидрофизика, экономика, әдебиет және өнер, философия және құқық және т.б. институттары ашылды, ал Гурьевте мұнай химиясы және табиғи тұздар, Қарағандыда химия-металлургиялық, Өскеменде Алтай тау кен металлургиялық, Балқашта ихтиология және балық шаруашылығы институттары өмірге жолдама алды. Қаныш Имантайұлының бастамасы бойынша Қазақстанның ірі өнеркәсіптік өңірлерінде – Қарағандыда, Жезқазғанда, Гурьевте, Өскеменде, Қостанайда, Шымкентте академияның көшпелі сессияларын өткізу дәстүрі қалыптасты. Бұл сессиялардың материалдары облыстардың және тұтастай алғанда республика экономикасын дамытудың ауқымын, сатылары мен бағыттарын үйлестіру үшін нақты негізге айналды. Қ.Сәтбаевтың Геология ғылыми-зерттеу институтын үзіліссіз басқарған көп жылғы жұмысының жемісі әлемдік геологиялық тәжірибеде баламасы жоқ Орталық Қазақстанның кешенді болжамдық металлогендік карталарын жасау мен әдістемесін әзірлеу болып табылады. Бұл геологиялық теорияға қосылған баға жетпес үлес, өңірдің өзіндік ерекшелігі бар энциклопедиясы және геолог-өндірісшілер үшін бағдар сілтеуші десек, әбден орынды болмақ. Осы еңбек үшін Қ.Сәтбаев басқарған зерттеушілердің авторлық ұжымы кеңес ғалымдары үшін ең жоғары награда болып есептелетін Лениндік сыйлыққа ие болды.

1956 жылдың өзінде-ақ Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаев Қазақстан аумағын техникалық-экономикалық бағыттарының белгілеріне қарай он бір өңірлік кешендерге бөлді. Осы бөлуге сәйкес салалық институттар алдына өңірлерді кешенді зерттеу міндеттері қойылды. Қаныш Имантайұлы жалпы міндеттер мен жоспарлар ішінен ең бастысын, ең маңыздысын бөліп қарады: энергетикада бұл Ертіс ресурстарын, Жайық-Ембі ауданы мен Маңғыстау түбегіндегі мұнай қорларын игеру, Қарағанды бассейні мен Екібастұзда көмір өндіруді одан әрі арттыру, Торғай ойпатындағы мұнайға барлау жасау. Өнеркәсіпте – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатының және Теміртаудағы металлургиялық алыптың құрылысы, Қаратау фосфорит қоры негізінде минералды тыңайтқыштар өндірісі... Бүгінде бұл міндеттер іс жүзінде шешілген және олардың кезінде шешімін табуының нәтижесінде қазір Қазақстан экономикасы сенімді түрде өсу мен ілгері қарай даму үшін айтарлықтай өнеркәсіптік әлеуетті, берік іргетасты иеленеді.

Академик Қ.Сәтбаевты XX ғасыр басында ұлы Абайдың ізгілікті және демократиялық идеялары мен өсиеттері ықпалымен қалыптасқан жоғары білімді қазақ философтарының, саясаткерлерінің, ғалымдары мен педагогтарының ғажайып шоғырының нағыз патриоттық және ағартушылық бастамалары мен атқарған істерінің тікелей ізбасары және істерін жалғастырушы деп батыл айтуға болады. Аса қатыгез әрі аяушылықты білмеген большевиктік террор жылдарында өзінің аға буын әріптестері мен достары саяси қуғын-сүргін құрбанына айналғанда, оның туған ағасы Бөкеш Имантайұлы Сәтбаев, немере ағалары Әбікей Зейінұлы мен Әбдікәрім Жәминұлы Сәтбаевтар репрессияға ұшырағаңда және сталиндік түрмелерде қаза тапқанда жас тау-кен инженері Қ.Сәтбаевтың ондай зұлматтан аман қалуы бақытты жағдай еді. Бірақ та 50-ші жылдардың бас кезінде партияны басқарғандардың Қазақстанда жүргізген “буржуазиялық ұлтшылдар мен тексіз космополиттерге қарсы күрес науқанында” Қаныш Имантайұлы да қуғын-сүргіннен тыс қалған жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлы ғалымның 90 жылдық мерейтойында былай деп атап көрсеткен болатын: “Көптеген талантты, өзгеден ерекшеленіп тұратын адамдар тәрізді, Сәтбаевқа да өмірде оңай бола қойған жоқ: ғалымның білімдарлығы мен батылдығын айтпағанның өзінде, оған бірнеше рет өзіне азаматтық өрлікті жоғары қоюына тура келді. Сонымен қатар, ол біздің арамыздан мәңгілікке кеткеннен кейін де қазақстандық ғылымның сәтбаевтық кезеңін үнсіздік аймағына айналдырғысы келген жөнсіз әрекеттер жасалды. Бұл алып адамды өздерінің әлсіз ғылыми тұлғаларымен иілткісі келген бейшаралардың текке әуреленуі еді”.

Тәуелсіз Қазақстанның ғылыми-техникалық прогрестің жаңа жетістіктерін бағындырмай, экономикалық және мәдени гүлденуге жетуі екіталай. Ал мұның өзі жас қазақстандықтардың өз ғылымының тарихына және оның даңқты есімдеріне, инженерлік-техникалық шығармашылығын бүкіләлем мойындаған ұлы ғалымның және ғылымды ұйымдастырушының тұлғасына үлкен қызығушылық туғызып, бағыт-бағдар беретіні сөзсіз, өйткені Қаныш Сәтбаевтың өмірі – Отанымыздың болашағы, халқымыздың игілігі жолындағы ерен еңбектің ғажайып үлгісі.
Нұрлан ЖАРМАҒАМБЕТОВ, филология ғылымдарының кандидаты.

Алматы.


ЕЛ ЖҮРЕГІНДЕГІ ЕРЕН ТҰЛҒА

Кеше Көкшетау қаласында атақты ғалым-геолог, көрнекті қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 110 жылдығына арналған “Қ.Сәтбаев және осы заманғы ғылым” тақырыбымен аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оны “Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалы мен Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесі ұйымдастырды. Келелі мәжіліске облыстық департамент басшылары, кәсіпорындар мен бизнес саласының өкілдері, зиялы қауым, партияның облыстық филиалы көмегімен Семей мемлекеттік геологиялық барлау колледжіне түсіп, оны биыл бітірген түлектер, Көкшетау мектептерінің оқушылары қатысты.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі философия кафедрасының меңгерушісі Раушан Көшенова “Қ.И.Сәтбаев және бүгінгі әлем” тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан ғалымдарының дүниежүзілік аренадағы орны туралы тартымды мағлұматтар берді. Сондай-ақ, “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалының белсенді мүшесі Мейрамбек Киіков пен Солтүстік Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану аймақаралық департаментінің директоры Берді Бекмағамбетов ұлы ғалымның өмір жолын зерттеудің патриоттық тәрбиедегі маңызы мен Қазақстан геология саласын дамытудағы Қ.Сәтбаев идеяларының ықпалы тақырыбында сөз сөйледі. Жұртшылық Көкшетау университетінің кафедра меңгерушісі С.Жетпісовтің “Сәтбаев феномені туралы” толғанысына, Семей мемлекеттік геология барлау колледжінің бөлім меңгерушісі М.Меденованың “Кен ісі мамандарын даярлаудың ерекшеліктері туралы” хабарламасына айрықша ықылас қойды.

Қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Мәншүк Сайдалина Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен атқарған қызметін насихаттап, жас буынға жеткізуде белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. Оны партия филиалымен бірлесіп өткізілген “Өмірі – өнеге, тірлігі – таным” атты дөңгелек үстел сұхбатымен, “Сәтбаев әлемі” мультимедиялық әдебиеттің дайындалуымен дәлелдеуге болады. Партия ғимаратында өткізілген “Тарихпен тамырлас өмір” ғылыми конференциясының әсері де әлі сейіле қойған жоқ. Сәтбаев мұраларын насихаттау шаралары шеңберінде байқау өткізіліп, үздіктердің ғылыми жұмыстары “Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми жұмысы” атты электронды жинаққа енгізілді. “Достар” мәдениет сарайында Қазақстанның құрметті геологы, Минералды ресурстар академиясының кор­респондент-мүшесі Берді Бекмағамбетовпен қала студенттерінің кездесуі тәлімге толы екендігі анық.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытынды құжаттарында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясына Қ.Сәтбаев есімін беру, жыл сайын Сәтбаев оқуларын өткізу, ұлы ғалымның мұрасын насихаттауда елеулі табыстарға жеткендер үшін арнайы сыйлық тағайындау, тағы басқа ұсыныстар атап көрсетілген.


Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.

АҚСАҚ ТЕМІРДІҢ БЕЛГІТАСЫН ТАПҚАН

Қаныш Сәтбаев екенін осы жұрт бүгінде біле ме?
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен 2004 жылы “Мәдени мұра” бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осы мемлекеттік құжат шеңберінде көптеген құнды жәдігерлеріміз тарихи және ғылыми тұрғыдан өз бағасын алып, жарыққа шығып, халықтың игілігіне айналуда. Әйтсе де біткен істен бітпегені әлі де көп екені анық. Осы орайда мен бүгін қазақ халқының ұлы перзенті, академик Қаныш Сәтбаевтың сонау киелі Ұлытаудағы Алтыншоқы тауынан жазуы бар белгі тас тапқаны туралы айтсам деп едім.

Қ.Сәтбаевтың “Таңдамалы еңбектерінің” бесінші томында жоғарыда аталған керемет тарихи қазына туралы былай деп жазылған: “По свидетельству Язди, Тимур “взошел на вершину Улутауских гор и долго наслаждался видом окружающей степи, которая была покрыта прекрасной зеленью от одного конца до другого”. Тимур здесь провел целый день и “приказал войскам принести камни и соорудил здесь большую пирамиду, на которой искусные мастера высекли дату этого счастливого события, чтобы этот долговечный памятник мог сохранить память о нем на долгие годы...” Таким образом, была доказана историческая достоверность эпизода, описанного Язди, а также установлены возраст и история сооружения пирамиды и надписи на вершине горы Алтынчоку...”

Осы жолдарды оқи отырып, біз ғұлама ғалымның қаламгерлік қасиетіне тәнті боламыз. Оның бойынан сондай-ақ туа біткен асыл қасиеттерді көреміз. Көрсем, білсем, тапсам деген жалықпаушылығы, еңбекқорлығы атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиеті екеніне, міне, осынау дүйім жұртты дүр сілкіндірген аса мәнді тарихи ескерткішті тапқан сәттегі оның қуанышы арқылы куә боламыз. Бұл оқиға 1935 жылы болған еді. Қ.Сәтбаевтың кіндік қаны тамған жер – Баянауылдағы Теңдік ауылының байырғы тұрғыны, бүгінде бақилық болған Шәріп Қозбағаровтың да осы тарихи құнды жәдігерге куә болуы таңғаларлық жәйт. Бұлай деуіміз, бала кезімізде ол кісіні көзіміз көрді. Шәкеңнің бұл оқиғаға куәгер болғанын білсем, сол кезде сұрар ма едім, сұрамас па едім. Осы орайда жазушы ағамыз, сәтбаев­танушы Медеу Сәрсекенің “Сәтбаев” роман-эссе кітабынан үзінді келтіруді жөн көрдім: “Хижраның 793-інде, қой жылы, осыған дейін жеңіліс көрмей, жиырма бес жыл ұдайы ат үстінде жорықта болып, жүріп өткен жерін қанға бөктіріп, оттай жалмап келе жатқан атақты Әмір Темір екі жүз мың әскермен Самарқаннан аттанған. Темірдің бұл ат тұяғы жеткен төңіректі жаппай бағындырып, Азияның Ақсақ Барысы атанған шағы...

Неше күн шеруде көзіне ешбір тұғыр ілінбей, қарауыл салар жалғыз биік көрінбей, ішқұсада келе жатқан Әмір Темір шексіз даланың тылсым үнсіздігінен әбден жалыққан беймаза бір күні алдыңғы шолғыншыдан хабар келеді: “Көкжиектің терістік қиырына көз салсаң – күншілік жерден көкірегін бұлт тіреген биік тауды көруің хақ... “Бұл тау Сарыарқаның кіндік жонында осы күнде дара тұрған биігі – Ұлытау еді... Ұлытауда олар үш күн, үш түн шеру болады. Көлік тынықты... Төртінші күннің ертеңгілік мезгілінде Әмір Темір қасына қолбасшы, уәзір, кеңесшілерін алып, Кермене ақын және бар, өзінің қыл құйрық байланған, қара туы қадалған биік төбенің үстінде төңірегін шалып тұрады... Төңіректің көз тұндырған көк-жасыл көркін емес, көлемін өлшеп тұрған секілді...


Әлден уақытта ол қатты дауыстап:

– Әй, Кермене! Табаным тиіп тұрған мына төбеге қандай сый лайық?

– Әміршім, – дейді сонда Кермене ақын Ақсақ Темірдің сөзін бөліп. – Осы тауда тастан көп қазына көрмедім. Соның біріне атыңды жазып қалдыр. Сен қонған ұлы жұртқа сол өшпес белгі лайық!..”

Олай болса, ұлы жиһангердің жазып қалдырған белгі тасын арасына алты ғасыр салып, қазақтың ұлы ғалымының табуы кездейсоқтық деуге бола ма?! Алайда осы қара тас қазіргі кезде Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы әйгілі Эрмитажда тұр. “Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні”, осынау құнды қазынаны қазақ жеріне қайтару үлкен бір міндет.

Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің естелігінен мына бір жолдарды келтіре кетсек артық болмас: “Қаныштың бір ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де, тарихшымен және тілші-әдебиетшімен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе білуі...” – деп жазыпты ол. Бұны тілге тиек етудегі ойым кемеңгер ғалымның “сегіз қырлы бір сырлы” екенін аузы дуалы адамның сөзімен нықтай түсу десем, бұған қоса ол домбыраға қосылып ән айтып, мандолинада еркін ойнайтын әрі әндер тарихын жетік білетін. Содан да ол 1926 жылы А.В.Затаевичтің өтінішімен Мәскеуде домбырамен сүйемелдеп, Баянауыл өңірінің 25 әнін жаздырған. Қаныш ағаның осы еңбегін жоғары бағалаған Қазақстанның халық әртісі А.В.Затаевичтің өзі былай дейді: “Томскінің технология­лық институтында білім алған Қаныш Имантайұлы жас қазақ инженері. Осы жинақ үшін тек әндер мен әуендер саласында ғана емес, сондай-ақ мәтіндері жөнінде де бірқатар құнды деректер берген, мәтіндерді орысша аудармасымен қамтамасыз еткен, Баянауыл әндерінің тамаша білгірі және жақсы орындаушысы...”

Қазақ даласының осындай алыпты дүниеге әкелуі, ғалымның соңында қаншама игі істердің қалуы жайдан-жай емес. Иә, Жезқазғанның дүниежүзілік мыс ошағы екенін әлемге паш етуі, Қазақстандағы тұңғыш геология ғылымдары институтын ашуы, Ұлттық Ғылым академиясының құрылуы, Қазақстан ғылымын сол кезде шоқтығы биік деңгейге көтеруі – Қазақ елінің мәңгі өшпес ескерткіші емес пе. Сонымен қатар, Сарыарқа төсіндегі “Ертіс-Қарағанды” каналы кемеңгер ғалымның көрегенділігі екені сөзсіз. 1947 жылы Кеңес делегациясының құрамында Англияда болған кездегі Сәтбаев пен Черчилль арасындағы әңгіме бүгінде аңызға айналған. Черчилль Қаныш ағаға барлай қарап: “Қазақтардың бәрі сіздей алып па?” – деп сұраса керек. Сонда Қаныш аға: “О, жоқ, халқым менен де биік!” – деп жауап берген екен. Міне, қысқа да нұсқа берілген жауабынан Қанағаңның даласына, халқына, ұлтына деген шынайы сүйіспеншілігін айқын көреміз.


Болатбек МҰЗАФАР, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты “Руханият” тарихи зерттеулер ғылыми-практикалық орталығының маманы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет