СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ
Каримова З.Ж., Сембаева С.М., Бимаканова З.Ш.
(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)
Тарих – адамзаттың тұтас бір ұрпағының құжаттандырып, жүйеленген өмірі. Оны түрлі оқығалар мен ұлы күндерді санамалаумен шектеуге болмайды. Ғасыр күндер мен жылдардан құралатыны сияқты халық тарихы да әрбір жеке адамның өмірінен тұрады. Деседе халық жадында, уақыт жылнамасында сол халық үшін, өз елі, өз өлкесі үшін өшпес із қалдырған адамдар ғана сақталды. Есімдері уақыт тасқынымен шайылмастан ел есінде мәңгі жарқырайды. Солтүстік Қазақстан – халық батыры Қожаберген жыраудың Отаны. Жоңғар шапқыншылығы – ұлы үркіншілік жылдары халықтың мұң – мұқтажын жырға қосты. «Елім – ай» әні сол кездің әнұранына айналды. Ұрыстарда жауға бірге шауып, халық жадында үзеңгілес батырлар атанған Қарасай мен Ағынтай. Осы арадан жорыққа аттанып, туған жерлеріне қайта оралған Батыр Баян мен Ер Жабай, Толыбай сыншы халық мақтаны. Шапырашты Қазыбек бек («Түп - тұқияннан өзіме шейін») Қарасай мен Ағынтайдың арадан қыл өтпес достығын айта келіп, қазақтың Қарасай батыры туралы сөзін былай аяқтайды: «Менің байқауымша, ғəлəбқа (жеңіске –Б.Қ.) жеткізетінтек қана достық болар деймін… ал егер бірін – бірі өлімнен қорғап, досы басын өзінен жоғары бағаламаған болса, бұл екеуінің (Қарасай мен Ағынтайдың – Б.Қ.) басы да кез келген жерде домалап қала берер еді. Міне, нағыз достықтың күші осындай. Иншалла, құдай достықтан айырмасын! Батырлардың жаны жаннатта болсын!» Арғын Ағынтай батыр мен Шапырашты Қарасай батырдың қай кезде танысып, қалайша айырылмас дос болғанын қазірше дерек көзі болмағаннан кейін анықтап айту қиын. Алайда, екі батырдың айрықша дос болғанын сол дəуірде өмір сүрген Матай би ерекше ілтипатпен жазып кеткен екен. Олардың өз ғұмырында қанша рет жекпе-жекке шыққанын ешкім есептемеген. Бірақ аз болмаса керек. Ал кескілескен соғысқа екеуі де екі жүз мəрте кіріпті.
Ұлы Отан Соғысының батырлары, өлкеміздің гүлденуіне жасампаз еңбектерімен үлес қосқан ерлер. Солардың арасынан заманымыздың белгілі ғалымдары Ебіней Бөкетов, Мұрат пен Нағима Айтқожиндер, Аманжол Қошанов, Зейнолла Молдахметов, Еренғайып Шайхутдинов бар екенін атап айтқан орынды. Бүгіндері Қазақстанның барлық азаматы сияқты солт.қазақстандықтар да Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған жаңа ауқымды міндеттерді орындауға барлық шығармашылық күш – қуатын жұмылдырып отыр. Петропавл каласындағы мәдени ағарту мекемелері 19 – ғасырдың 2 – жартысында құрыла бастады. 1881 жылы азматтардың қаражатына бірінші қоғамдық кітапхана ашылды, кейін 1885 жылы көпшілік кітапхана пайдалануға берілді. 1926 жылы Петропавл театр басқармасы мемлекеттік Ақмола театрларының губерниялық басқармасы болып қайта құрылды. Репертуарлық саясатқа баса көңіл бөлінді, балаларға арналған алғашқы 10 спектакль қойылды. 1933 жылы 29 қыркүйекте Петропавл театры Халық ағарту комиммариаты алқасының шешімімен облыстық мәртебеге ие болды. Қаладағы мәдени өмір Ұлы Отан Соғысы жылдарында да тоқталған жоқ. Драма театрлар, кинотеатрлар, клубтар мен кітапханалар жұмыс істеуін жалғастырды. Әскери бөлімдерде госпиталдарда, зауыттарда, концерттік бригадаларда өнер көрсетті. Олардың құрамында М.Иманқұлова Облыстық филармониясының әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, К.Чосс, В. Долматов, Т.Кучина, А.Туманов және облыстық театрдың өзге де актерлары болды. Мәдениет қызметкерлері, кәсіби әртістер тұрғындар арасынан орасан зор түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, майданға көмек қорына жылы киімдерді және ақша қаражаттарын жинауға көмектесе отырып, өздерінің концерттерімен фашизмді жеңетіндеріне елді сендіре білді. 1958 жылы Мәскеуде Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. Қазақстандық делегация құрамына облыс хореографиясыалтын қорының өнерпаздары М.Вороюбитова, Г.Боровских, К. Седова, В.Хренов енді. 509 жылдарының аяқ кезінде өздерін жұртшылыққа кеңінен танытқан педагогтар, балетмейстер – қоюшылар Солт.Қазақстанның мақтанышына айналды. Әр жылдары мәдениет саласына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкерлері Б.Айсина, В.Верещагин, В.Хренов, В.Котов, З.Щепина, И.Мищенко, К.Ушаков, Р.Сергеева, Э.Горенбург, т.б мол үлес қосты. Р.Оспанов, М.Сексембаев, А.Меркель, К.Касымов, Л.Таранина, В.Лебедев, Н.Рудзинская, В.Мамбетов, А.Жетписбаева, А.Капарова, А.Есентанв, т.б талант иелері өздерінің шығармашылықтарымен ерекше көзге түсті. Аймақтың мәдениет саласына И.Омаров, М.Қанафина, С.Пресняков, А.Шманов, З.Беева, А.Тәженов, О.Сошникова, К.Омаров, Н.Иванова, В.Демиденко, В.Гартман, П.Уақпаев, Е.Желболдын, А. Баймұхаметов сынды әр деңгейдегі өлшеушіз үлес қосты. Қазақ жерінен біздің жерлес – ғарышкерлер Владимир Шаталов пен Александр Викторенко ғарышқа самғады.
Артына өлмес жол мұра қалдырған Шал ақын, Сегіз Сері,Үкілі Ыбырай өскен өңір.Ақ қайынды, көгілдір көлді өлкенің жасампаз еңбек адамдарын Мағжан Жұмабаевтың, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Н.Шуховтың, Павел Василъевтің өз шығармаларының арқауы етті. Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында тарихи –өлкетану мұражайының ашылу салтанаты болды. Оған аймаққа жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы қатысты. Мұражайдың құрылысына облыстық бюджеттен 1 миллион 600 мың теңге бөлінген. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 70 –тен астам мәдени нысандар салынған, оның ішінде тарихтың 22 ескерткіші бар.Аймақ басшысы XVIII ғасырдан бастап өлкенің тарихынан сыр шертетін 1, 5 мың экспонат пен құжаттарды көріп, мұражайды аралады. Бой көтерген жаңа мұражайда қазақтың ұлы жазушысы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған жеке зал бар. Сондай –ақ келушілер тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың жеткен жетістіктерін баяндайтын тарихқа куә бола алады. Солтүстік қазақстандық ақын – жазушылардың шығармашылығы көпұлтты Қазақстан әдебиетінен лайықты орын алады.
Бұл өңірде кезінде әлемге танымал “Конек – Горбунок” ертегісінің авторы Петр Ершов өзінің балалық шағын өткізген, ақын – декабрист Николай Чижов осында жер аударылды, ақын – петрашевшіл Сергей Дуров солдат болып қызмет етті, колчакшылдардан өлкені азат ету күндерінде аты аңызға айналған солдат Швейктің образын жасаған чехтің жазушы – сатиригі Ярослав Гашек интернационалдық күрес жүргізді, кеңестік көрнекті жазушылар Всеволод Иванов пен Сергей Марков өдебиет майданына осы жерден аттанды, белгілі жазушы – фантаст Алексаңдр Казанцев осында өмір сүрді. Ақын - революционер Баймағамбет Ізтөлин, қазақ фольклорының озық үлгісінің бірі “Қозы Көрпеш және Баян Сұлу” жырын алғашқылардың бірі болып орыс тіліне аударған Георгий Тверитин осы өңірден түлеп үшты, осы ше аймақтан казақтың көрнекті ағартушы – демократы Шоқан Уәлиханов Ф.М.Достоевскийге өзінің хаттарын жазды. Солтүстік Қазақстан көне заманнан бері өзінің, атақты талант иелерімен даңққа бөленген. Қазақ әдебиеті тарихында осы облыс аумағында өмір сүрген Шал ақын деген атымен танымал болған Тілеуке Құлекеұлы есімі айырықша аталады. Есіл бойында суырып салма ақын Молдахмет Тырбиевтің атағы шыққан. Қонысбай Айжанов, Уахыт Темірбеков, Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин, т.б. сөз өнерінің хас шеберлері халық ақындарының дәстүрін одан әрі жалғастыра білді. Біздің жерлестеріміз ішінде көркем әдебиеттің көрнекті сөз шебері, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов, академик Ебіней Бөкетов есімдерін мақтанышпен айтамыз. Ұлты неміс Герольд Белъгер қазақ ауылында өсіп, қазақ орта мектебін бітірді, ол қазақ әдебиетінің 150 - ден астам шығармасын орыс тіліне аударды. 50 – жылдарда аймақга әдебиетті дамытуға орай Петропавлда Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің құрылуы бұл салаға жаңа серпін берді, оны көптеген повестер мен романдардың авторы, жастар шығармашылығының ұстазы Борис Петров баскдрды. Осы жылдары жазушы Зейнел – Ғаби Иманбаев, ақындар Владимир Шестериков, Георгий Шамов, “Есіл жағасында” пьесасының авторы Михаил Лверин, сықақшы Александр Ветров, өлеңдер топтасы шыққан Альфред Пряников, Август Гусинский, Иван Плетухин, Олег Мухин, Владимир Лдерихин, Николай Белозеров, Андрей Растихин, әңгіме жанрында Сергей Шевченко, рецензиялар авторы Римма Сергеева, зерттеу еңбектері жарияланган Борис Дивинский, т.б. шығармашылықпен белсенді түрде айналысты. Петр Осипов “Қазақстан” баспасынан бірнеше дерекгі повестерін шығарды. Петропавлда туған Нури Арсланов татар әдебиетінің көрнекті сөз шеберіне айналды, сонымен қатар жерлестері тағы бір татар ақыны Махмуд Хусаин есімін де қадір тұтады. Тағдырлары Солтүстік Қазақстанмен жалғасып жатқан Есләм Зікібаев, Хамза Абдуллин, Әмина Шалабаева, Андрей Кияница, Леонид Макеев, Асгадулла Хамидуллин, Ерік Асқаров, т.б. белгілі ақын – жазушылар шығармалары да оқырмандар ықыласына бөленген. Анатолий Хорольскийдің очерктері мен әңгімелері, әдебиет зерттеушісі Валерий Любушиннің ғылыми мақалалары, Василий Черниковтің бірқатар публицистикалық еңбектері жарияланды, Михаил Ключеровтің Есіл ауданының тарихы туралы анықтамалық – энциклопедиялық басылымы жарық көрді. Мерзімді баспасөз, әр алуан жинақтар мен журнал беттерінен Юрия Полякова, Владимир ІЦукин, Александр Курлена, Валентина Суслова, Марат Кинеев, Зейнолла Акымжанов, Тоқтар Зикирин, т.б. ақындар есімдерін кездестіруге болады, Борис Бурков сықақ өлендер мен пародияларға, Аркадий Польшаков ғылыми фантастика, сатира жөне әзіл – оспақ жанрына жиі қалам тартып жүр. Оқырмандар өмірден ерте кеткен Александр Осинскийдің, Ермек Конарбаевтың, артист әрі ақын Герберт Кристельдің, Борис Волохинның, талантты аудармашы Борис Тимохиннің прозалық шығармалары мен өлендерін ұмытпай есте сақтайды.
Көркем сөз шеберлерінің қалыптастырып кеткен әдеби дәстүрін кейінгі толқын жалғастыруда. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері 22 жылға аяқ басты. Осы уақыт аралығында егемен ел ауыз толтырып айтарлықтай елеулі табыстарға қол жеткізді. Республикадағы саяси – экономикалық, әлеуметтік – мәдени өзгерістер жасалды. Мұндай құбылыс ғылымға да тән болды. Отандық тарих ғылымы тың деректер негізінде жазылған салиқалы еңбектермен толтырылды. Төл тарихымыздың қай кезеңін алып қарасақ та, зиялы атанған адамдар, халқына қызмет істеген оқығандар, интеллигенцияның таңдаулы өкілдері ұлттық элита қатарында болып келді. Оның себебі – халқымыз рухани бай адамды материалдық жағынан дәулетті адамнан жоғары санап, сыйлап келді. Қазақта өте зор ауқатты, “шіріген” байлар аз болмаған, алайда олардың бірен-саранының ғана есімдері тарихымызда сақталған. Ал сөз өнерінің (саз өнерінің де) майталман өкілдерінің есімдері мен туындылары ел жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. “Біз қазақ зиялыларының жалпы тарихын жазар белеске келіп қалдық, - деп жазды академик М.Қ.Қозыбаев. – Онда зиялы қауым кім, ол қай заманда жеке тап болып, топ болып қалыптасты, қандай кезеңдерді басынан кешірді, қазақ зиялыларының өркениетке қосқан үлесі қандай? - деген сияқты келелі сауалдарға жауап беруіміз керек. Бұл үшін зиялы қауым тарихымен айналысар жас албырт буын тарихшылар тәрбиелеуіміз керек”. Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның ең алдыңғы қатарлы өкілдері – ақын-жазушыларды біріктірген Қазақстан Жазушылар одағында бүгінде 700-ден астам мүшелері бар. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген қаламгерлер мен қазіргі заманғы қалам қайраткерлерінің айырмашылықтары өте үлкен. Бүгінгі қазақ интеллигенциясы өткен заманмен салыстырғанда жаңа интеллигенция болып табылады. Бүгінгі қазақ интеллигенциясының басынан кешіріп отырған қайшылықтары соғысқа дейінгі кездегілерге қарағанда мүлде өзгеше. Қазіргі ақын-жазушылар, өнер мен ғылым адамдарының материалдық жағдайы күрт нашарлағанымен (бәрінің бірдей емес, кейбірінің тұрмысы жақсарды), оларда таңдау бар, шығармашылығына толық дерлік еркіндік берілген Қазақстан Республикасында шығармашылық қызметтің нәтижелі болуына қажетті саяси-әлеуметтік бостандық, ғылыми плюрализм мен демократия принциптері орныға бастады. Қазақ ұлты ХХІ ғасыр табалдырығын жарқын болашаққа деген үлкен үмітпен аттады. ХХ ғасырда бұрын-соңды болып көрмеген тарих тәлкегіне ұшыраған қазақ халқы жаңа ғасырға саны 10 млн-нан асып, мәдениет, білім, ғылым, технология мен экономикасын едәуір биік дәрежеге көтеріп жетті. Қазіргі заман көзқарасымен қарағанда мәдениетті ұлт атануға қажетті қасиеттердің бәрі дерлік қазақ халқының бойынан молынан табылады. Ең бастысы – ұлттық дамудың кемшіліктері мен олқылықтарын көруге де, оларды түзетуге де әл-қуаты әбден жететін жоғары потенциалды интеллектуалдық күші бар.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
-
Солтүстік Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. – 704 б.
-
Ұлт зиялылардың ұлағаты. Рахимова Қ.Қазақстан тарихы әдістемелік журнал.2012. – 69 – 84 б.
-
Солтүстік Қазақстан газеті. 8 қазан 2013. – 3б.
-
Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі. Арыстар тұғыры. (Екінші кітап). - Алматы: Ғылым, 1998. 14-б. (280).
-
Мұқанов С. Халық мұрасы. Алматы: Қазақстан, 1974. 187-188-б. (236).
-
Қазақ совет әдебиетінің тарихы. – Алматы: Ғылым, 1992. 31-б. (246).
-
Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы. 1-том. – Алматы, 1998. 666-б. (720).
Достарыңызбен бөлісу: |