Сотталғанның апелляциялық шағымын оның мүддесіне
қайшы пайдалануға болмайды
(істен үзінді)
Жәкебаев 18.09.1997 жылы Алматы қалалық сотының үкімімен ҚК-нің 88-бабы 1-бөлігінің “б”тармағымен 8 жылға сотталып, 2.08.2002 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма аудандық сотының қаулысымен (2 жыл, 6 ай, 25 күн бұрын) шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, Алматы облыстық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігінің “г” тармағымен 9 жылға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің “з,н” тармақтарымен 19 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 58-бабы 4-бөлігімен жеңілірек жазаны ауырырақ жазаға сіңіру жолымен қылмыстардың жиынтығы бойынша 23 жылға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, ҚК-нің 70-бабы 7-бөлігінің “в” тармағын қолдана отырып, түзеу колониясының ерекше режимінде өтеуге сотталған.
ҚК-нің 13-бабы 3-бөлігінің “в” тармағына сәйкес оның әрекеттерінде қылмыстың аса қауіпті қайталануы бар деп саналды.
Жәкебаев, бұрын қасақана кісі өлтіргені үшін сотты бола тұра, қарақшылық ниетпен жәбірленуші Болатханға шабуыл жасап, оны ұрып-соғып, теуіп, қару қолданып, яғни белдікпен қылқындырып қасақана өлтіргені үшін айыпты деп танылған.
ҚР ҚІЖК-нің 408-бабы 2-бөлігіне сәйкес іс сотталған Жәкебаевтың қатысуынсыз қаралды.
Іс бойынша судьяның баяндамасын, прокурордың үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрағанын тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, апелляциялық шағымның, прокурордың, жәбірленуші, мен қорғаушысының қарсы пікірлерінің уәждерін тексеріп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді:
Сотталған Жәкебаевтың Болатханға қарақшылық шабуыл жасап, қасақана өлтірген айыбы іс бойынша жинақталып, сотта жан-жақты және объективті тексерілген дәлелдемелер жиынтығымен толық анықталған.
Куәлер мен осы қылмысты басынан аяғына дейін көрген Молдияровтың біркелкі жауаптары, оқиға болған жерді, мәйітті қарау, сот-дәрігерлік, биологиялық сараптамалар қорытындылары толық қауышып тұрғандықтан, алқа, бірінші сот сатысы аталмыш дәлелдемелерді үкімге заңды негіз етіп алған деп шешті.
Сотталған Жәкебаев апелляциялық шағымында оқиға болған жерде мас болып қалғанын, есін жиғанда Молдияровтың бір адамды тепкілеп жатқанын көргенін, содан Гүлнар деген әйелдің үйіне біреулердің өзін апарып тастағанын, Гүлнарға болған оқиға туралы айтқанын көрсеткен. Бірақ сотталғанның уәждері негізсіз, өйткені оның сөзі жоғарыда келтірілген басқа дәлелдемелер жиынтығымен теріске шығарылып тұр.
Сондықтан Жәкебаевтың айыптары толық дәлелденген, қылмыстық әрекеттері ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігінің “г” тармағымен және 96-бабы 2-бөлігінің “з,н” тармақтарымен дұрыс дәрежеленген деп қорытындылаған жөн. Дегенмен де үкім ішінара өзгертілуге жатады. Өйткені облыстық сот Жәкебаевқа қылмыстардың жиынтығы бойынша ақтық жаза тағайындағанда жеңілірек жазаны ауырырақ жазаға толық сіңіру принципін қолданған. Бұл заңға қайшы, себебі, ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігінде бұндай принцип көрсетілмеген. Алайда апелляциялық сатыда қазір бұл заң бұзушылықты қалпына келтіруге заңды негіз де, мүмкіндік те жоқ, себебі, іс бойынша бұл жағдайды дұрыстауға бағыталған прокурордың наразылығы жоқ, жәбірленуші жағынан да шағым келтірілмеген. Ал алқа өз құқымен ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігінде көрсетілген принциптердің ешқайсысын да қолдана алмайды, өйткені, баптың бұл бөлігінде көрсетілген принциптердің қай-қайсысы да Жәкебаевтың процессуалдық және материалдық жағдайын анағұрлым ауырлатуға әкеліп соқтырады.
ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігінде көрсетілген принциптерді қолдану ҚІЖК-нің 31-бабының талаптарына да қайшы, себебі, іс Жәкебаевтың апелляциялық шағымымен келіп түсті, яки шағымды оның мүддесіне қайшы пайдалануға болмайды.
Соттың қолданған жолы-жеңілірек жазаны ауырырақ жазаға сіңіру принципі ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігінде болмаса да, осы баптың 3-бөлігінде көрсетілген. Жоғарғы Сот алқасы үшін бұл мән-жай Жәкебаевқа қолданылған принципті өзгеріссіз қалдыруға құқықтық негіз бола алады. Бұндай құқықтық жағдай Жәкебаевқа қылмыстар жиынтығымен жеңілірек ауыр жазаны ауырырақ ауыр жазаға сіңіру арқылы ақтық жаза - 19 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасын тағайындауға толық мүмкіндік береді. Үкімге енгізілген осы өзгерісті және ҚК-нің 70-бабына сәйкес өзгеріссіз қосылатын жазаны есепке ала отырып, алқа Жәкебаевқа жаза мерзімі істеген қылмысы мен жеке басы, үкімде келтірілген оның жауапкершілігін жеңілдететін және ауырлататын басқа да мән-жайларды ескере отырып дұрыс тағайындалған деп шешті.
Жоғарғы Сот алқасы ҚР ҚІЖК-нің 411-бабының 3-бөлігі, 422, 423-баптарын басшылыққа ала отырып, Алматы облыстық сотының Жәкебаев жөніндегі үкімін өзгертуге, ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігінің “г” тармағымен мүлкін тәркілеп, және 96-бабы 2-бөлігінің “з, н” тармақтарымен 19 жыл бас бостандығынан айыруға, жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру арқылы ақтық жаза -19 жыл бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 70-бабы 7-бөлігінің “в” тармағын өзгеріссіз қолдана отырып, оған түпкілікті жаза 21/жиырма бір/ жыл бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге, үкімнің басқа бөлігін өзгеріссіз қалдыруға қаулы етті.
Достарыңызбен бөлісу: |