Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультеті
Қытайтану кафедрасының
аға оқытушысы Керімбаев Е.Ә.
erker_70@mail.ru
Сун Ятсеннің Қытайдағы ұлттық мәселені шешуге қатысты ұсынған идеялары
Қытай Халық Республикасы құрылғанға дейінгі 1911-1949 жылдар аралығындағы кезең Қытайдың бірқатар ұлттық аудандарындағы бір-біріне қарсы күштердің өз мүдделерін көздеген өткір талас-тартысымен, Орталық мемлекеттің ауқымды аймақтарындағы хань емес ұлттардың ұлттық қозғалыстарының жаппай өршуімен ерекшеленеді. Бұл кезең Сун Ятсеннің «үш халықтық принцип» ілімін жасап, біртұтас, мықты, тәуелсіз Қытай мемлекетін құру туралы насихатын таратқан кезі. Және де бұл кезең Қытайда Гуоминдаң партиясының билігі орнаған, қытай ұлты культі доктринасы мен хань емес ұлттарды барынша тез қытайландыру идеясын ойлап тауып, сол идеяларды жүзеге асыруға тырысып көрген кезең болды. Осы жылдары ҚКП басқарған революциялық қозғалысқа хань емес ұлттардың да қатысуын көздеген, әр ұлт өз тағдырын өзі шешуі керек деген маркстік-лениндік талапты алға тартқан қытай коммунистері белсенділік танытты.
Кеңес Одағы тұсында және одан кейінгі кезеңде Cун Ятсенді саясаткер, әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың авторы, революционер-демократ тұрғысынан қарастырған еңбектер жетерлік. Бірақ, оның ұлтшылдыққа қатысты ойлары туралы талдап жазылған еңбектер көп емес.
Бұл мақалада Сун Ятсеннің ҚХР-ның ұлттық саясатының деніне әсер еткен ұлттық мәселелерге, ұлтшылдыққа қатысты ойларына, тұжырымдарына талдау жасалады.
Сун Ятсеннің Қытайдағы ұлттық мәселенің түрлі аспектілеріне қатысты тұжырымдары оның «үш халықтық принцип» ілімінің маңызды бөлшегі болып табылатын ұлтшылдық идеясымен тығыз байланысты. Бұл ілімін Сун Ятсен Синхай революциясына дейін-ақ жасаған еді. Алайда, жылдар өте келе әлемдегі, елдегі саяси жағдайдың өзгеруіне орай және жаңа Қытай үшін болған талас-тартыстың барысында жинақталған тәжірибесін негізге ала отырып ол өзінің «ұлтшылдық принципінің» мазмұнын ішінара өзгертіп отырды. Бірақ, қалай болғанда да Сун Ятсеннің осы мәселелерге қатысты тұжырымдарының негізі біршама берік, өзгеріссіз сақталды. Тек қана өмірінің соңына қарай Гуоминдаң партиясының 1 съезінің манифестінде жарияланған Қытайдың барлық ұлты өз тағдырын өзі шешуі керек деген талапты қабыл алған кезінен оның ұлттық мәселеге қатысты ұстанымы жаңа түрге ие бола бастағанын байқауға болады[1, с.14-15].
А.А. Москалев Сун Ятсеннің ұлтшылдыққа қатысты тұжырымдарының қалыптасу эволюциясын төрт кезеңге бөліп қарастырады. Бастапқы кезең сунятсендік ұлтшылдықтың негізін және даму бағытын айқындайтын алғашқы ұлтшылдық ұрандар пайда болған 1893 жылдан бастау алады. Екінші кезең ХХ ғасырдың алғашқы жылдары мен 1912 жылдың аяғына дейінгі кезеңді қамтиды. Осы кезде сунятсендік ұлтшылдықтың мазмұнының ауқымы кеңейіп, антиманжурлық ұстанымдары жүзеге аса бастайды. Хань емес ұлттарды ассимиляциялауға қатысты бағдарлы талаптардың алға тартыла бастауы да осы кезеңге тура келеді . Бұл кезеңді «бес ұлт Республикасы» доктринасын Сун Ятсеннің өзінің «бір ұлтты Қытай» идеясына ыңғайлай бастаған кез деп те айтуға болады. Үшінші кезең, яғни біртұтас «қытай ұлтын» (чжунхуа минцзу) құру міндетін ұлтшылдық принципінің маңызды бөлшегі ретінде енгізу кезеңі, Гуоминдаң партиясының І съезіне дейін созылды. Төртінші кезең Сун Ятсеннің 1924 жылы оқылған лекцияларында баяндалған «мемлекеттік ұлт» ұлтшылдық концепциясымен байланысты[6, №2 с.98-99].
Сун Ятсеннің Қытайды бір ұлтты мемлекет қылуға қатысты алғашқы ойлары Гуоминдаң партиясының идеологтарының бірі Ваң Цзинвэйдің 1905 және 1907 жылдары «Минбао» газетінде жарияланған көлемді екі мақаласында көрініс береді. Ваң Цзинвэй алғашқы жарық көрген «Ұлт азаматтары» деген мақаласында, мақаланың дені Сун Ятсеннің ұстанымдары екенін және мақаланың мақсатын Тумынхуэй басшысының өзі түсіндіріп беріп отырғанын жазады[7, с.106].
Бұл мақалалардан 1905 жылдың өзінде-ақ Сун Ятсеннің Қытайда хан мемлекетін құру үшін тек қана «манжурларды қуу» керек деген ұранмен шектеліп қалмағанын байқаймыз. «Ұлт азаматтары» мақаласынан Сун Ятсен Қытайдың болашақ тағдырын полиэтникалық мемлекет тұрғысынан қарастырғаны, яғни Қытай көп ұлтты мемлекет болып қалғаны дұрыс па, әлде ханьдықтардың хань емес ұлттарды ассимиляциялауы керек пе деген мәселені ойластырғанын көреміз. Мақалада Ваң Цзинвэй, полиэтникалық мемлекетте ұлттардың мәселесін шешетін екі жол бар, біріншісі, мемлекеттегі этностарды өзгертудің, яғни ассимиляция жасаудың қажеті жоқ, екіншісі, барлық халықтарды біріктіріп, оларды ассимиляция жасау арқылы бір халық жасауға болады деп жазады. Ваң Цзинвэйдің айтуынша, Тунмынхуэй Сун Ятсеннің ойларына сәйкес бұл мәселені шешудің екінші нұсқасын дұрыс көреді.[7, с.106].
1907 жылы жарық көрген «Этникалық және саяси факторлардың арақатынасын зерттеуге арналған материалдар» деген мақаласында Ваң Цзинвэй ұлтшылдықтың жоғарыда айтып кеткен аспектісіне қайта оралады. Ол мақалада «біздің ұстанып отырған ұлтшылдығымыз барлық ұлттарды (хань емес) ассимиляция жасау арқылы бір ұлт жасауды көздейді» деп жазады. Егерде Қытайда ұлттарды ассимиляция жасау жүретін болса, онда хань ұлты этолонға айналып, басқа ұлттар өзінің бастапқы табиғатынан
________________________________________________________________
Тумынхуэй (Одақтық лига) - 1905 жылы Сун Ятсен бұған дейін құрылған Қытайды қайта жаңғырту қоғамын сол кездегі Қытайдағы басқа да ұйымдармен біріктіріп қайта құрған революциялық ұйым.
айрылатыны сөзсіз. Бұл мақалада Ваң Цзинвэй хань ұлтының Қытайдағы басқа хань емес ұлттарды ассимиляция жасау саясатының себептеріне тоқталады. Ол мемлекетке төнетін қауіптің алдын алу үшін хань емес ұлттарды ассимиляция жасау керек екенін, және де бұл хань ұлтының құқығы ғана емес, сонымен қатар оның міндеті деп атап өтеді. Хань емес ұлттарды хань ұлтының ассимиляция жасауынан тек қана хань ұлты ғана ұтып қоймайды, бұл сол хань емес ұлттардың өзіне де пайдалы, өйткені, ассимиляция нәтижесінде хань ұлты мен хань емес ұлттардың құқығы теңеседі деп сендіруге тырысады. А.А.Москалев Cун Ятсеннің Қытайды біртұтас хань ұлты мемлекетіне айналдыруға ұмтылуының басты себебі, негізінен ірі-ірі хань емес ұлттар шоғырланған аймақтарда келеңсіз жағдайлардың алдын алу арқылы мемлекеттің біртұтастығын сақтау болды, өйткені Сун Ятсен сол кездегі манжурлардың, монғолдардың, мұсылман ұлттардың, тибеттіктердің өмірлік қайратын тым әлсіз деп есептеп, бұл халықтар ірі державалардың оңай олжасына айналады деп қауіптенсе керек деген болжам айтады[7, с.107].
«Ұлт азаматтары » мақаласында Ваң Цзинвэй қытай аңыздарындағы алғашқы император Хуаңдидің өзі жатжерліктермен күресудің негізін қалағанын алға тарта отырып, мыңдаған жылдық тарихында ханьдықтар басқа этностарды ассимиляцияуға әбден дағдыланған этнос екенін айтады. Ханьдықтардың алдында тұрған алғашқы міндет - манжур династиясының орнауымен қатар жойылып кеткен басқа ұлттарды өзіне сіңіріп жіберу қасиетін қайта жаңғырту, ал манжурлар, монғолдар, мұсылман ұлттар, тибеттіктер өте әлсіз этностар болғандықтан, олардың хань ұлты арқылы ассимиляцияға ұшырауы бұл мәселені шешудің ең бір тиімді жолы деп жазады өз мақаласында Ваң Цзинвэй. Ваң Цзинвэй Қытай мемлекетін хань ұлты құрғанын, хань ұлты Қытайды қайта жаңғыртып отырғанын, хань ұлты ғана елді осы тоқыраудан алып шығып, мықты мемлекеттердің қатарына қосуға шамасы бар екенін айтып, хань ұлтының басқа ұлттарды ассимиляцияға ұшыратуға құқылы екенін негіздеуге тырысады. Осылайша, тарихи тұрғыдан хань ұлтының Қытайдағы басқа ұлттарды ассимиляцияға ұшыратуын Сун Ятсен елдегі хань емес ұлттардың мәселесін шешудің ең бір тиімді жолы деп қарастырады.[6,№2 с.102].
Қытайдағы хань емес ұлттардың тағдырына қатысты бұл ойларын Сун Ятсен моральдық тұрғыдан кіршіксіз деп есептеді. Хань емес ұлттардың хань ұлтына айналуын Сун Ятсен сол ұлттардың игілігі деп қарастырды. Және де ол өзінің ұлтшылдық идеяларында батыстағы осы доктринаны ұстанушылармен салыстырғанда ешқандай «шектен шығушылық» жоқ деп есептеді. Біраз уақыт өте келе 1923 жылы «Қытай революциясының тарихы» еңбегінде Сун Ятсен өзінің ұлтшылдығында ата-бабалардан мұраға қалған ұлтшылдықты «кемелдендіргенін» айтады. Және де ол өзінің «кемелдендірілген» ұлтшылдығын хань емес ұлттардың мүддесіне қарсы келетін дүние деп қарастырмайды [7, с.107].
Сун Ятсеннің ұлт құруға қатысты әрекеттерінің екінші кезеңі негізінен 1912 жылмен байланысты. Бұл өзімен бірге У цзу гуң хы («Бес ұлт республикасы») жаңа доктринасын ала келген Республиканың бірінші жылы еді. Бес ұлт құрамын Қытайдағы «үлкен бестік» ұлттары - ханьдықтар, манжурлар, монғолдар, мұсылман ұлттар, тибеттіктер құрады. Бұл доктринаның басты идеясы, Қытайдағы үлкен бес ұлттың тең құқылығы болды, сондай-ақ бұл доктрина басқа да Қытайдағы «аз этностардың » (сяо мин цзу) басқа ұлттармен тең құқылы екенін жоққа шығармады. Ұлттардың арасындағы жаңа арақатынастың символы ретінде бес түсті, бес жолақты ту қабылданды. Алайда Сун Ятсен мұның бәрін өзінің бір ұлтты Қытай идеясынан ауытқу деп құлықсыз қабылдады. Ол «бес ұлтты Қытай» доктринасын жасаушылардың қатарына кірмеді, және де бұл идеяны жақтамады. Өз елін бір ұлтты Қытай ретінде көргісі келген ол бес түсті туды мемлекеттік ту ретінде қабылдауға қарсы болды [6,№2 с.103].
Алайда, Республиканың құрылған алғашқы күндерінен бастап жаңа доктринаның жаппай қолдау табуымен бетпе-бет келген Сун Ятсен ашық қарсылық көрсете алмай, бұл жағдаймен санасуға мәжбүр болды. Сонымен қатар, ол бұл доктринаны өзінің бір ұлтты қытай құру идеясына ыңғайлай бастады. Сондықтан да Сун Ятсен мемлекет халқын тең құқылы деген У цзу гуң хы («Бес ұлт республикасы») доктринасын Қытайдың бүкіл халқын бір ұлтқа біріктіруші доктринаға айналдыруға тырысып бақты. Ол өзінің сөздерінде Қытай Республикасының құрылуымен қатар ұлттардың арасындағы теңқұқылық мәселесі шешілді деп атап көрсетті. Бұл оған жаңадан қалыптасқан жағдайда ұлтаралық айырмашылық керексіз болып қалды деп сендіруге мүмкіндік берді. Бәрінен де Сун Ятсен бес ұлттың тұтас бір ұлтқа бірігуі керек екенін жиі айта бастады[7, с.108].
1912 жылдың 1 қаңтарында уақытша президент қызметіне кірісу иннаугурациялық Декларациясында-ақ Сун Ятсен елдің «ұлттық бірлігі» туралы өз ойларын алға тартты. Мұндай бірлікке жету үшін, елдің барлық аймақтарын біріктіруден бөлек, барлық ұлттарды – ханьдықтарды, манжурларды, монғолдарды, мұсылман ұлттарды, тибеттіктерді бір ұлтқа біріктіру керек екенін баса айтты. Осы 1912 жылы қызмет барысында жан- жаққа жіберген телеграммаларында, негізінен хань емес ұлттардан құрылған аудиториялардың алдында сөйлеген сөздерінде Сун Ятсен Қытайдағы барлық ұлттардың бір ұлтқа бірігуі керек екенін айтудан танбады. Алайда, Сун Ятсен баса назар аударып отырған «үлкен бестіктің» бірігуі «ерікті» түрде жүзеге асуы керек болды. Осы кездегі оның сөздерінде хань ұлтының басқа ұлттарды ассимиляция жасауы керек екені туралы айтылмайды. Шамасы, сол кездегі қалыптасқан жағдайда мұндай ойларды алға тарту орынсыз болып көрінсе керек. Бірақ бұл Сун Ятсен өзінің бастапқы ойларынан толығымен айныды деген сөз емес. Осы 1912 жылдың өзінде Сун Ятсеннің бұл көзқарастарынан бас тартпағаны, хань емес ұлттарды ассимиляциялау міндеті екі жерде, яғни алдымен Тунмынхуэйдің, артынша жаңадан құрылған Гуоминдаң партиясының құжаттарында бекітілгенде көрініс береді[7, с.109].
Сонда да болса Сун Ятсен жаңа құрылған Республиканың жағдайында өзінің ұлтшылдығының жаңа формасын әлі де айқындай алған жоқ еді. 1913 жылы 1 мартта сөйлеген сөздерінде ол ұлтшылдық пен халық билігі, осы екі ұлы принциптің екеуі де өз мақсатына жетті деп жариялады. 1914 жылдың 8 июлінде жаңадан құрылған Гуоминдаң партиясының бас нұсқаушысының ант мәтінінде ұлт принципі мүлде сөз болмады. Бірақ мәтінде Сун Ятсен халық билігі және халық игілігі деген екі принципін жүзеге асыруға бар күшін салуды өзіне міндет етіп алатыны туралы айтты. Осылайша, Сун Ятсеннің «ұлы принциптері» бірде бір принципке, бірде екі принципке айналып отырды, олардың ешқайсысында ұлтшылдық идеясы бой көрсетпеді. Алайда 1917 жылдарға қарай ол өзінің ұлт принциптерінің аз бөлігі ғана жүзеге асқанын мойындай бастады. Осыдан біртұтас ұлт жасау талабы бірінші орынға қойылатын ұлтшылдықтың жаңа формасының негізі қалана бастағанын аңғаруға болады. [6, №3 с.82].
Осылайша 1912 жылы Сун Ятсен У цзу гуң хы доктринасын пайдаланып өзінің «бір ұлтқа» бірігу идеясын насихаттауға тырысты. «Бір нәсілге бірігу» ұрандарын осы кезде Пекиндегі орталық билік өкілдері де, соның ішінде Юан Шикайдың өзі де айта бастады. Ұлттық аймақтардың ісіне қатысты пекин үкіметінің құжаттарында кездесетін «бес ұлт - бір семья» формуласын Сун Ятсен тиімді пайдаланды. Алайда, жас Республиканың сол кездегі ұлттық қарым-қатынасынан Сун Ятсеннің ұлттардың бірігуіне шақырған ұрандары Қытайдың ұлттық аймақтарында осындай аз уақыттың ішінде кең қолдау таба қоймағанын көруге болады. Елде негізінен ұлттық алауыздық өршіп тұрды. Сун Ятсенге өзінің ұлттық бірігу насихатын осындай қиын жағдайда таратуға тура келді. Бірақ түрлі себептерге байланысты оның бұл әрекеттерінде біраз уақытқа созылған тоқырау басталды. [7, с.109].
Тек қана ХХ-ғасырдың 10-шы жылдарының аяғына қарай Сун Ятсен бір ұлт идеясын белсенді насихаттауға қайта кірісті. Өзінің «Үш халықтық принцип» (1919 ж.) еңбегінде ол ұлтшылдықтың «оң мақсатына» жету үшін күресті жандандару керегін айтып, ұлтшылдық мәселесін қайта көтерді. Ол Синхай революциясы кезіндегі биліктен манжурларды қуу осы принциптің «теріс мақсатына» ғана жету деп есептеді. «Оң мақсат» дегеніміз не? деген сұраққа Сун Ятсен ханьдықтар өздерінің қандарын, тарихын, тәкәппар атауын құрбандыққа қиып, манжурлармен, монғолдармен, мұсылман ұлттарымен және тибеттіктермен өзара игілікті келісім негізінде бір қазанда біте қайнасып қорытылып, қарасы бар, ағы бар ондаған халықтың басын құраған, әлемге жаңа американ ұлты принципін тудырған Америка халқы пайда болғандай, жаңа біртұтас қытайлық ұлт (чжунхуа минцзу) принципін жасауы керек. Міне ұлтшылдықтың оң мақсаты дегеніміз осы деп кеңінен жауап берді[7, с.110].
Өзінің жаңа тұжырымдарында Сун Ятсен болашақ чжунхуа минцзу ұлтын барлық ұлттарды ассимиляциялап, өзіне сіңіріп жіберген үлкен хань ұлты ретінде емес, Чжун хуа Мингуо (Қытай Халық Мемлекеті) - Қытай мемлекетінің атауымен үндес жаңа ұлт ретінде көргісі келді. Сун Ятсеннің ұлтшылдығы біртұтас ұлтты басқаша сипаттаған жаңа түрге ене бастады. Егерде бұған дейін Сун Ятсеннің ойларын жариялаған Ваң Цзинвэй атап көрсеткендей, біртұтас ұлттың өзегін құрау керек болған хань ұлты басқа ұлттардың қасиетін бойына сіңірмеуі керек болса, бұл жолғы Сун Ятсеннің чжунхуа мин цзуы хань ұлтының басқа ұлттармен қорытылып, құрбандыққа баруы арқылы пайда болған жаңа этникалық топ түрінде сипатталды. Алайда, екі елдегі ұлттық жағдайдың тым алшақтығына байланысты америкалық модель Қытайға мүлдем жанаспайтыны анық еді. Типологиялық тұрғыдан алғанда да американ халқы Сун Ятсен Қытайда көргісі келген ұлттан мүлдем басқа халық еді. Сун Ятсен бұл жерде хань ұлтының ассимиляциялық орасан зор күшіне сенім артты, және де ол жаңа біртұтас халықты қысқа уақыттың ішінде құруға болады деп сенді. Сондықтан ол жаңа еңбегінде, егерде әлемдегі ең ежелгі, ең үлкен, өзіне басқа ұлттарды сіңіріп жіберуге ең қабілетті ұлтқа жаңа әлемдік принциптерді қосып, қытайлық ұлттың (чжунхуа минцзу) барлық қасиеттерін белсенді түрде дамытсақ, біз көп ұзамай Америка мен Европаны артқа тастап, «әлем тәжі» бола аламыз деп жазды[7, с 110].
Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ Сун Ятсен Қытайдың біртұтас ұлты басқа халықтарды өзіне сіңіріп жіберген хань ұлты болуы керек деген әу бастағы ойларына қайта орала бастады. 1921 жылы сөйлеген сөзінде Сун Ятсен «американ ұлтын» мысалға келтіре отырып, хань ұлтын «чжун хуа минцзу» деп өзгертсе болғаны деп атап өтті. Сол жылдың маусым айында сөйлеген сөзінде ол басқа ұлттарды ханьдықтарға қосып, Қытай ұлтын құятын «қорыту қазанын» еске түсіре отырып, біртұтас қытайлық ұлт (чжунхуа минцзу) мемлекетін құрудың нәтижесінде қытайлықтардың ұлылығы бүкіл әлемді дүр сілкіндіреді деп атап өтті. Сун Ятсеннің осыған ұқсас сөздерінен оның түбінде болашақ біртұтас ұлт (чжунхуа минцзу) ханьдық болып қалыптасуы керек деген қорытындыға келгенін байқауға болады[6, №3 с.83].
Ұлтшылдықтың «оң мақсатын» жасаумен қатар Сун Ятсен «бес ұлтты Республика» доктринасын өзінің ойларын жүзеге асыруда кездесетін негізгі кедергі деп сынға алды. «Үш халықтық принцип» еңбегінде Сун Ятсен бұл доктринаны ойлап тапқан адамдарды «ойсыз адамдар» деп атады. 1920 жылы Шанхай қаласында сөйлеген сөздерінде «бес ұлтты Республика» идеясының Қытайға мүлдем келмейтінін, елдегі тек қана бес ұлтты ғана қамтудың дұрыс емес екенін және барлық ұлттарды біртұтас қытайлық ұлтқа (чжунхуа минцзу) біріктіру керек екенін айтады. Қытай зерттеушілері Сун Ятсеннің «бес ұлтты Республика» доктринасын жоққа шығару себебін Қытайда бесеуден әлдеқайда көп ұлт бар болғандығынан деп болжады. Ал шындығында Сун Ятсен бес ұлт деген Қытай үшін көп деп есептеді. Ол Синхай революциясынан кейін Қытайды «бес ұлт республикасы» деп атауды толығымен қате, соның салдарынан ханьдықтар әлі де болса толық еркіндікке қол жеткізе алмай отыр, негізінде Қытайда хань мемлекетін хань ұлты құруы керек деп есептеді[7, с.111].
«Бес ұлт республикасы» доктринасына үзілді-кесілді қарсы болуының тағы бір себебі, манжурлар, монғолдар, мұсылман ұлттары, тибеттіктер ханьдықтар үшін сенімсіз серік екеніне Сун Ятсеннің көзі жете түсті. 1921 жылы Гуаңчжоу қаласында сөйлеген сөздерінде ол манжурлықтар Жапонияның, монғолдар Ресейдің, Тибет Англияның олжасына айналуға дайын екенін, олар өздерін қорғауға шамалары келмейтінін, тек қана хань ұлты ғана сыртқы агрессияға төтеп бере алатынын алға тартты[7, с.111].
1923 жылы 1 қаңтардағы Қытай Гуоминданының Декларациясында ұлтшылдықтың тиімді жағы сол баяғы біртұтас ұлт құру міндетімен түсіндірілді. Алайда, бес ұлт туралы бұл жерде ешқандай сөз болмады. Декларацияның мәтініне сәйкес бұл міндет елдің барлық ұлттарын біріктіру және бір үлкен қытайлық ұлтты (чжунхуа минцзу) құру дап көрсетілді. Бұл чжунхуа минцзу идеясын соңғы рет алға тарту еді. Көп ұзамай Сун Ятсен біртұтас ұлт құрудың жаңа концепциясын қолға алды.
1924 жылғы Сун Ятсеннің «Үш халықтық принципі» лекциялар топтамасында алты бірдей лекция ұлтшылдыққа немесе ұлт принципіне арналды. Бірінші лекциясында-ақ Сун Ятсен бұл принципті басқа тұрғыдан түсіндірді. «Ұлт принципі дегеніміз, ол мемлекеттік ұлт (гуо цзу) принципі дегеніміз» деп көрсетті ол. Сун Ятсеннің айтып отырған гуо цзуы бұл «гуоцзя минцзу» - «мемлекеттік ұлт». Оның түсінігіндегі ұлтшылдық (минцзу чжуи) - ол мемлекеттік ұлттың ұлтшылдығы. Сун Ятсеннің ойынша, Қытай мемлекетін құрушы, қытай мемлекеттілігін алып жүруші хань ұлты мемлекеттік ұлт болып есептеледі. Оның сөзінше, Қытайда Цин және Хань династияларынан бастап бір ғана ұлт (яғни, хань ұлты) бір мемлекет құрған. Ал енді «жатжерлік» династияларға (моғолдық, манжурлық) келсек, бұл Сун Ятсеннің түсіндіруінше, ханьдық мемлекеттердің қираған кездері болды.
Сун Ятсеннің өз лекцияларында түсіндіруі бойынша, гуо цзу (мемлекеттік ұлт) концепциясы адамдардың жаңа бір жиынтығын құруды көздемейді. Өйткені гуо цзу - Қытай мемлекетін құрған этноұлт ретіндегі ханьдықтар. Сун Ятсеннің ойынша, гуо цзу - хандықтардың қоғамындағы ең жоғарғы саты: цзя цзу (семья, отбасы), цзун цзу (клан), гуо цзу (мемлекеттік ұлт).
Сун Ятсеннің айтуынша, ханьдықтардың отбасылық және кландық деңгейдегі бірлігі біршама берік. Ол бірлік кланнан жоғары қарай кеми береді. Мемлекеттің деңгейінде олар басы бірікпейтін құмның қиыршықтары сияқты деп өкініш білдіреді Сун Ятсен. Осыдан барып ол хань этносын нығайтуды, ханьдықтардың санасына бір үлкен мемлекеттік ұлтқа жататындарын құюды, осы ұлтты сыртан келетін түрлі қысымға төтеп бере алатын мықты қоғамға айналдыруды талап ете бастады [7, с.112].
Бұл мәселені шешу үшін Сун Ятсен барлық ханьдықтарды кішкентай құрылымдар ретінде сол өздері жататын кландарға сүйеніп және оның ішкі ұйымдарын жетілдіру арқылы барлық кландарды тұтас бір мемлекеттік ұлтқа айналуға үндеді.
Мемлекеттік хань ұлты жағдайында Сун Ятсенді алаңдатқан тағы бір мәселе - әлемнің басқа державаларымен салыстырғанда сол кездегі хань ұлтының өсімінің мүлдем баяу болуы. Мұндай жағдай мемлекеттік ұлтқа үлкен державалардың тарапынан қауіп төндіретін әскери және экономикалық қысыммен қатар, Қытайға сырттан болатын демографиялық әсерге де алып келуі мүмкін деп сендірді. Сондықтан ол ханьдықтардың жылдам өсуіне барлық жағдайды жасау керек деп есептеді [7, с.113].
Өзінің мемлекеттік ұлт, яғни хань ұлтын нығайту жобасын түсіндірген кезде, ол басқа хань емес ұлттардың мәселесін назардан тыс қалдырып отырды. Әсілі Сун Ятсен хань емес ұлттардың мәселесі енді тым маңызды емес деп есептесе керек. «Толығымен ханьдық» Қытай мемлекетін құратын нағыз осы «ұлы хань отандастары» екеніне оның көзі жеткендей болды. Бірінші лекциясында Сун Ятсен хань емес ұлттардың санының тым аз екеніне назар аудартады. Қытайлық ұлттың (чжунгуо ды минцзу) жалпы саны 400 млн.адам. Оның құрамында бар болғаны бірнеше миллион монғол, миллионнан аса манжур, бірнеше миллион тибеттіктер және бір миллион бірнеше жүз мың мұсылман-түрік бар. Хань емес ұлттардың барлығының санын қосқанда 10 млн. адамның шамасы. Сондықтан Қытайдың 400 млн. халқын толығымен хань ұлты құрап отыр дегенді айтады. Олардың қаны бір, тілі мен жазуы бір, діні бір, салт-дәстүрлері бір, сондықтан бұл толығымен бір ұлт деп есептеді. Басқаша айтар болсақ, Сун Ятсен Қытайды моноэтникалық мемлекет ретінде қарастыруға тырысты. Сун Ятсеннің өзі көрсетіп отырған Қытайдағы ұлттардың санына сүйенетін болсақ, оның айтып отырған сөздері негізсіз емес. Этнологтардың қарастыруы бойынша, елдегі саны жағынан басымдыққа ие негізгі этнос 95% құраса, онда мұндай мемлекет моноэтникалық мемлекет болып есептеледі. Сун Ятсеннің болжамында Қытайдағы хань емес ұлттардың үлес салмағы бар болғаны 2,5 % қана. Оның үстіне Сун Ятсен өзінің лекцияларында атап өткендей, Қытайдағы мяо, яо, ляо, чжуан сияқты көптеген этностар жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрғанына сенімді болды. Сун Ятсен сол уақыттарда Қытайдағы барлық ұлттардың тең құқылы екенін қолдағанымен, хань емес ұлттардың санының тым аз болуы, олардың болашағының бұлыңғыр болуы себебінен, орасан зор хань мемлекетінің құрамындағы теңіздегі тамшыдай аз ұлттардың мәселесіне көп мән берудің қажеті жоқ деп ойласа керек. Сун Ятсеннің түсінігіндегі Қытай іс жүзінде бір ұлтты мемлекеттердің қатарына жататындықтан, біртұтас ұлт жасау мәселесі хань этносының ішкі бірлігін нығайтуға ойысты. 1924 жылы оқыған лекцияларында Сун Ятсен осы мәселеге баса назар аударды. Және де лекцияларында ол біртұтас ұлттың жаңа концепциясын ұстанғандықтан, «чжунхуа минцзу» атауын мүлдем қолданбады[7, с.113].
Осылайша, өмірінің соңына қарай Сун Ятсенді мазалаған Қытайды бір ұлтты мемлекетке айналдыру мәселесі ол үшін өздігінен шешімін тапқандай болды. Өзінің сенуі бойынша және басқаларды сендіруі бойынша, Қытайды әлем мемлекеттерімен терезесі тең дәрежеге көтеруге және елдің территориялық тұтастығын сақтауға шамасы келетін нағыз біртұтас ұлт – гуоцзу - хань мемлекеттік ұлты болды.
Алайда Сун Ятсен «үлкен бестіктегі» хань емес ұлттардың санына келгенде біраз қателіктерге бой алдырды. Оның үстіне бұл бестікке кіретін төрт ұлттан басқа да хань емес ұлттар Қытайда көп еді. Қытайдың арнайы әдебиеттерінде көрсеткендей, ХХ-шы ғасырдың басында Қытайдағы хань емес ұлттардың үлес салмағы 10% құрады. Яғни, типологиялық тұрғыдан алғанда Қытай полиэтникалық мемлекетке жатты. Сондықтан Сун Ятсен тек қана хань мемлекеттік этноұлтын көрген бір ұлтты Қытай, шындығына келгенде елес болып шықты. Сонда да болса чжун хуа минцзу концепциясынан гуо цзу концепциясына қарай ойысуының өзі Сун Ятсеннің өзінің сүйікті біртұтас ұлт идеясын жүзеге асыратын жолды үздіксіз іздеу үстінде екенін көрсетті. Және де соңғы жобасында ол біртұтас ұлтты әлі де болса этникалық топ ретінде көргісі келді [7, с.114].
Сун Ятсеннің жобаларының утопиялық және ұлыханьдық ыңғайына қарамастан, оның ХХ ғасырдағы Қытайдағы ұлт жасау процесіне қосқан үлесі әжептеуір қомақты екенін мойындауымыз керек. Сун Ятсеннің идеялары қытай қоғамының назарын шындығында да төтенше маңызды мәселе болып табылатын ұлт мәселесіне аудартты. Сун Ятсен өзінің айтуынша ұлы ата-бабаларының дәстүрлерін негізге ала отырып бұл мәселені өз бетінше шешуге талпынды. Сонымен қатар Сун Ятсеннің идеялары әлдеқайда қонымды жаңа концепциялар мен идеялардың тууына негіз болды. Оның кейбір концепциялары немесе оның элементтері уақыт өте келе одан ары дамытылып, жаңа мазмұндармен толықты. Мысалы, Қытай Гуоминдан партиясы қабылдаған «гуо цзу» (мемлекеттік ұлт) термині Сун Ятсен ашықтағаннан басқа мәнге ие болды. Гуо цзу Қытайдағы барлық ұлттардың жиынтығы ретінде қабылданды. Және де ол «чжунхуа гуо цзу» деген жаңа атқа ие болды, яғни қытайлық мемлекеттік ұлт деген сөз. Сун Ятсеннің біртұтас қытайлық ұлтына қолданған «чжунхуа минцзу» этнонимін Мао Цзэдун, Чан Кайши, ҚХР-дың біраз ғалымдары қабылдады. Сонымен қатар, Сун Ятсен саясаткер ретінде түрлі интегративті формулалар мен ұрандардың біріктіруші ролін керемет түсіне білді және оларды біртұтас ұлт құру міндеттерін насихаттаған кезде өз ретімен, жөнімен барынша белсенді түрде қолдана білді. Мұның өзі оның ұлт құру мәселесіне қатысты идеялық мұраларының позитивті бөлігін құрайды. Сун Ятсеннің хань ұлтын іштей бірігуге шақыруы белгілі бір деңгейде әлі де болса өзектілігін жойған жоқ.
Пайдаланылған әдебиеттер
-
Богословский В.А., Москалев А.А. Национальный вопрос в КНР (1911-1949г.г.) М.: Наука, 1988.
-
Сыроежкин К.Л. Мифы и реальность этнического сепаратизма в Китае и безопасность Центральной Азии. Алматы: «Дайк-Пресс», 2003.
-
Алдабек Н.Ә.Тарихы талқыға толы Шыңжаң. Алматы: «Қазақ университеті», 2003.
-
Ефимов Г. Очерки по новой и новейшей истории Китая. М.:Государственное издательство политической литературы, 1951.
-
Москалев А.А. Теоретическая база национальной политики КНР (1949-1999г.г.) М.:Памятники исторической мысли, 2001.
-
Москалев А.А. Национализм в понимании Сун Ятсена // Проблемы Дальнего Востока, М.:РАН ИДВ, - 1999, № 2-3.
-
Москалев А.А. Единая нация в проектах Сун Ятсена.-Проблемы Дальнего Востока, 1997, № 3
***
Мақалада Сун Ятсеннің ҚХР-ның ұлттық саясатының деніне әсер еткен ұлттық мәселелерге, ұлтшылдыққа қатысты ойларына, тұжырымдарына талдау жасалады.
***
Настоящая статья посвящена рассмотрению эволюции подходов Сун Ятсена к проблеме единой нации в Китае в начале ХХ века.
***
Present article is devoted consideration of evolution of approaches Sun Yatsen’s to the problem of the uniform nation in China in the XX-th century beginning.
Достарыңызбен бөлісу: |