ТАҚЫРЫБЫ: Абай мен Шәкәрімнің рухани үндестігі
Мәдени мұраларды зертеу қай ұрпақ үшін де мәртебелі міндет санаған. Дегенмен тарих доңғалағы әрдайым бір ырғақпен қозғала бермеген. Бір заманда жарқырап көрінген кейбір рухани қазыналардың келесі бір тарихи кезеңде көмескі тартатыны, не болмаса керісінше, кешегі күні қадірі мен қасиеті елеусіздеу саналған мұраның бағы жанар жұлдызды шағы туатыны - өмір шындығы. Адамзат парасатының алдындағы биік міндет – шын асылды жасықтан айырып ала білу, оның өзіне лайық бағасын беру. Тарих осыны талап етеді.
Қазақ халқының басына тәуелсіздік бақытын сыйлаған соңғы оншақты жылдың көлемінде рухани дауымызда бірқатар оң өзгерістер дүниеге келді. Бұрын жоғалтқан, жоғалта жаздаған асыл қазыналарымызды қайта таптық. Қоғамның құрылымдық сипаты ғана емес, тұтастай ойлау жүйесі жаңғырды. Ұлттық әдебиетіміздің тарихында мәртебесі биік саналатын Абай және оның ақын шәкірттерінің есімдері қайта жаңғырып, олардың өлмес - өшпес мұралары туған халқының назарына ұсынылды. Шығармалары жеке – жеке кітап болып басылып шықты. Соңғы жылдары жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлттық әдебиетіміздің шежіресіндегі ақтандақ жайттар, жазықсыз жалалы болған есімдер, қайта ашылған мәдени мұралар жөнінде бірқатар игілікті зерттеулер жүргізілді. Көрнекті қаламгерлердің әдеби мұралары әр қырынан қаралып, өз бағасын алу үстінде.
Қазақ мәдениетін тану ғылымы, оның ішінде Абай жайындағы ғылым жемісті, дұрыс арнаға неғұрлым молырақ түскен сайын оның терең тағылымды ойлары жайындағы мәселе де соғұрлым тереңірек әрі нақтылы зерттеле бастады. Бұл салада М.Әуезов ұзақ уақыт бойына еңбек етті. 1933 жылы жазған «Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласында ол ұлы ақын өз маңындағы талапты жастарға ұстаздық еткенін, шығармашылыққа баулығанын айтады. Ал келесі жылы «Абайдың ақындық айналасы» атты мақаласында ол бұл мәселеге арнайы тоқталады. Зерттеушінің айтуынша Абай өзінің ақын шәкірттеріне идея, тақырып, сюжет беріп, жол көрсетіп отырған.
Абай өзінің бүкіл шығармашылығымен, эстетикалық - көркемдік принциптерімен бүкіл қазақ поэзиясының жаңа арнада дамуына, онда реалистік әдістің белең алуына айрықша әсер етті. Ал бұл әсер оның өз төңірегіндегі ақындарға тіпті күшті болды.
Абай өзі жазған Шығыс сюжетіне құрылған шығармаларды тек өзі ғана жазбай, шәкірттеріне де тақырып етіп беріп отырған. Сол арқылы оның
шәкірттерінің шығармаларында да Шығыстық сюжетке құрылған аса құнды қисса - дастандар, поэмалар туындады. Бұл тақырыпта аянбай еңбек еткен шәкірттері - Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы және Әсет Найманбайұлы.
Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған «Ләйлә - Мәжнүн», Көкбай Жанатайұлының «Ғадыл патша қиссасы» мен «һарун Рашид патшасының қиссасы», Әріп Тәңірбергенұлының «Зияда -Шаһмұрат», «Баһрам», «Қожа Ғафан», Әсет Найманбайұлының «Ағаш ат», «Үш баланың әңгімесі», «Шеризат», «Француз патшаның баласы», «Салиха - Сәмен» туындыларына Абай өз поэмаларына арқау еткен шығыс әдебиетінің әйгілі туындысы «Мың бір түннен» тақырып алып беріп отырған. Бұл олардың шығармашылық жолдарын дамытуға, ақын ойларының кеңеюіне әкелді. Абай маңындағы ақын шәкірттер ұлы ұстаздың өнегесін ілгері дамытты.
Шәкәрім дана Шығыстың дариядай айдынды, тұңғияқтай құпиялы, терең ойлы, дәстүрлі мұрасын өз талантының табиғатына дарыта білді. Ежелгі сөздің, өрнекті ойдың қасиетін жете сезінді. Ақынның «Оятқан мені ерте Шығыс жыры» деген өлең жолы осы сабақтастық тамырының тым тереңде жатқанын аңғартса керек. Шығыс жырының әлдиімен оянған ақын кейінірек шығыстық аңыздар мен сюжеттік желілерді шеберлікпен қайта тірілтті. Фирдоуси, Хафиз, Физули, Сағди тәрізді жарық жұлдыздар поэзиясынан өзіне қажетті нәрді талғап, таңдап ала білді, оларды өзінің шабытты жүрегінен өткізе жаңғыртып жырлады. Мәселен, Сағди дастандарындағы әр алуан хикаялар сюжеттерін Шәкәрім бірде өлеңмен, бірде қара сөзбен қайта өрнектеп, Шығыс ақынының шығармасынан өзінің ойларына тірек болар тиянақ іздейді. Өзінің фиолософиялық түйінін қосады. Ондайда Шығыс ойшылымен кейде үндесіп, кейде одан алшақтау табылып жатады.
Шәкәрім көне Шығыстың әдебиетінен келе жатқан нәзирашылдық дәстүрден мол сусындады. Бұрыннан белгілі оқиғалар жайын баяндағанда немесе өзге елдердің шығармаларын қазақша сөйлетуге келгенде Шәкәрім көбінесе осы дәстүрдің ықпалында болды. Бұл ежелгі дәстүрге құрғақ еліктеу немесе көзсіз жан жүгіну емес.
Шәкәрім - ойшыл ақын. Оның ойшылдығы бұрынғы - соңғы әдеби мұраларды таңдап, талғауға келгенде тіпті ерекше байқалады. Ол бөтен елдердің кез - келген қаламгеріне немесе туындысына көз сала бермеген. Ең алдымен ол олардың өзінің сырлы ойына сабақтастық сарынын іздеген. Шәкәрімнің шабытты жүрегін кернеген көркем ой жарық дүниеге жарқ етіп шығудың көрікті жолын іздеп шарқ ұрады. Сондай шақтарда Шәкәрім Шығыстың дана философиясымен іштей үндестік тауып, соларға сюжеттерді баяндай отырып, Шәкәрім өзінің философиялық тұжырымдарын берік тұғырға қондырады.
Шәкәрімнің қолданысындағы нәзирашылдық дәстүрдің ең бір жарқырап көрінген мысалы - «Ләйлә - Мәжнүн» дастаны. Күні - бүгінге дейін біресе аударма деп, біресе ақынның төл туындысы деп бағаланып келе жатқан дастанның көркемдік ой кестесі құрылымдық сипаты, жалпы шығармашылық табиғаты «Ләйлә - Мәжнүнді» қазақтың ұлттық әдебиетінің жазира жайлауында өмірге келген төл перзентіне жақындата түседі. Ал шығарманың өмірге келуінің түпкі негізіне зер салсақ, әрине, ол сонау Физули, Низамилерге көш басын түзейді. Міне, осы екі арнаны сабақтастыру, шығыстық сюжеттің сырын қазақ даласының бойына дарыту, ойына сіңіру жолында Шәкәрім нәзирашылдық дәстүрді тамаша пайдалана білді. Тұтастап алғанда, Шәкәрімнің бүкіл эпикалық поэзия айдынындағы дастан тудыру тәжірибесі шынайы Шығыстық дәстүр үлгісінде түзілген тәрізді.
Қазақ сөз өнерінде Хакім Абайдың өзі қалыптастырған мектеп бар. Сол мектеп ішінде дара тұрғаны да – Шәкәрім. Шәкәрім сөз өнерінде Абай дәстүрін жай ғана жалғастырушы болған жоқ, дамыта жалғастырушы болды. Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілі ретіндегі өнері, поэзияның алуан түрі бойынша,сонымен бірге эпикалық бағытта да ерекше байқалды.
Абайдың ақын шәкірті, әсіресе поэма жанрында ұстаз жолын өрбіте түсті. Поэма жанрының үрдіске айналуына өзі себепкер болып, шәкірттеріне дәл осы жанрдың үддесінен шығатын тақырыптар ұсынып, сюжеттерді алға тартып қозғау сала бастайды. Соның нәтижесінде ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде поэма жанры кезеңдік белсенділікке ие болып, профессионал поэмалардың алғашқылары ретінде қалыптаса бастады. Олардың қатарының алғы легін Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Ләйлі-Мәжнүн» тағы басқа поэмалары құрайды.
Шығыс мәдениетінің маржандарын таңдап, талғап тергеп Шәкәрімнің осы тараптан назар аударған дүниесі әйгілі «Ләйлә - Мәжнүн» хикаясы болды.
Айта кететін бір мәселе - поэмадағы Ләйлә бейнесіне қарағанда Мәжнүннің образында Шығыстың классикалық әдебиетінің көркемде үлгілері, романтикалық элементтер молырақ кездеседі. Қайыстың елден қашып кетеуі, аңдармен достасуы, сырласуы, ғашықтықтан өртенуі, талып қалуы, сондай-ақ Ләйләнің о дүниелік болғанын алыста жүрсе де сезінуі осының айғағы болса керек. Ләйләнің көбелекпен сырласатыны секілді Мәжнүн де торыққан сәттерінде жартаспен, аймен, жұлдыздармен сұхбаттасады.
Мәжнүннің Ләйләға деген махаббат сезімінің құдіреті оның Меккедегі қасиетті қағбаға барған кезінде ерекше көрінеді. Баласын дертінен сауықтыруды ойлап ата - ана құлақ аспастан ол қағбаға қолын арта тұрып, өзіне махаббаттың ауыр азабын тілейді. Ондағы арманы, ойы, асылы - Ләйлә. Сол Ләйләнің жолында:
«Жолдасым - бейнет болсын, жауым - рахат,
Көп тартқыз ғашықтықтың михнатын.
Көп жүргіз, бейнет көргіз, жасымда алма,
Қайғының ең ауырын басыма бер.
Жалғанда жануменен өткізе көр,
Тыныштық, рахатымды кеткізе көр.
Дүниеде қосылуға жазбасаң да,
Өлген соң мұратыма жеткізе көр!» -
деп өзінің ғазиз жанын құрбан етеді. Ғашық бозбаланың құдайдан да қағбадан да тілейтіні - Ләйләға деген махаббаттың азабы. Ғашық жарына о дүниеде қолы жетсе, соған да риза Мәжнүн.
Шәкәрім басшылыққа алған Физулидің «Ләйлә - Мәжнүнінде» Ебнсалам өлгеннен кейін Ләйлә мен Мәжнүннің жолығу сахнасы бар. Бұл кезде Мәжнүн әбден қажыған, есінен айырылған, айналасына байыппен қараудан қалған мүсәпір күйде. Ләйләға да назары салқын тәрізді сезілді. Мұны көрген Ләйлә Мәжнүннен түңіліп, трагедиялық финалға бет бұрады.
Ал Шәкәрімнің поэмасындағы Ләйлә мен Мәжнүннің арасындағы махаббат сезіміне ешбір қылау түспейді, салқындық сайтаны араласпайды. Қайта кездескен сайын екеуі бірін - бірі көріп күйіп - жанады, талып қалады. Осынау адалдықты бейнелеу арқылы ақын Ләйлә мен Мәжнүн образдарының тұғырын асқақтата түседі.
Мәжнүннің мұраты - махаббаттың кіршіксіз күйде сақтау, сол жолда қандай құрбандықтан болса да бас тартпау. Оның ойлайтыны - Ләйлә. Тіпті өзіне жанашыр болып, жанын түсінген, ғашығына қолын жеткізуге көмегін тигізбек болған Науфал батырдың іс - әрекетіне де ол осы тұрғыдан қарайды. Қыз әкесінің қылығын естіген Науфал батыр бар әскерін жинап, соғысқа Ләйләні Мәжнүнге тартып әперуге аттанады. Бірақ қанша күшті болса да жеңіліске ұшырай береді. Себебін білмей дал болып отырғанда бір көріпкел оған сәтсіздіктің сырын айтады:
Сопы айтты: «Мәжнүн жатыр хақтан тілеп,
«Әскерін ғашығымның қор қылма» деп.
Анық-ақ бұл керемет содан болды,
Сұраңыз нанбасаңыз өзін әкеп» -
Осыдан кейін Мәжнүннің келісімін алған соң барып қана Науфалдың әскері жеңеді. Бірақ оқиға аяғы тағы нәтижесіз қалады, қыз әкесінің «қызымды ойнасына бермеймін» деген сөзін естіген Мәжнүн қайтадан таудағы тіршілігіне оралады.
Шәкәрімнің «Ләйлә - Мәжнүн» поэмасында Мәжнүнге қатысты тартыстар сахнасының ұзын желісі шығыстық нұсқалардағыдай күйде сақдалған. Бәрінде де Мәжнүн дала кезіп жүреді, аңдармен достасады, хайуандармен сөйлеседі. Шығыстық дана философиядан бастау алатын бұл ахуал шығармадағы барлық оқиғалар желісімен жымдасып, қабысып жатыр.
Табиғат - бүкіл тіршілік атаулының анасы, алтын бесігі. Адам баласы сәби болып, пәк күйінде дүниеге келгенде табиғат құшағына енбек. Табиғат -тазалық, табиғат - мейірім, табиғат - шындық. Абам баласы осы тазалықтан, осы мейірімнен, осы шындықтан сырт болмауға тиіс. Өлгенде де адам осы ананың қойынына оралмақ. Тіршіліктегі көрген қызықтың бәрі өткінші фәни жазған.
Шығыстық философия осы бір дана қағиданы ежелден жоғары ұстанған. Сондықтан да Қайыс тәрізді табиғат перзенттері әділетсіздік көргенде, жанына сүйеніш іздегенде, әлденелер ұмтылып, қолын жеткізе алмай пұшайман болғанда қиналғанда асқар тауларына барып сыр ашады, өзі тәрізді табиғат жаратқан аң - құстардың ортасына барады. Бұл адам баласының о стихиясына қайтып оралуы, күнадан тазаруы іспетті.
Ойшыл Шәкәрімнің ежелгі шығыс дүниедегі Ләйлә мен Мәжнүн хикаясына назар аударуының, оны поэмаға айналдыра жырлануының түпкі себептерін айқындайтын тағы бір сыр осы арада қылаң беретін секілді. Ақынның тағдыры да кей сәтте Мәжнүндікіне ұқсап кеткендей болады. Екеуінің де бар ғұмыры адалдық, әділет, шындық іздеумен, рухани бостандыққа, ой - сезім еркіндігіне ұмтылумен өтеді. Ойланған, қиналған сәттерде туған табиғатының кең де мейірімді қолтығын сағалау, Шақпақтағы саятқораға оралу, ел ішінен алшақтау арқылы жан толғанысына таяныш іздеу психологиясы Шәкәрімнің басында да болды. «Мен сорлы жоққа ғашық болып едім» - дегенде ақын өз басындағы осындай ахуалды мегзесе керек.
Шәкәрім мен Қайыстың басындағы бұл жайлар жай ғана деректердің кездейсоқ сәйкестігінен гөрі шығыстық философияның Шәкәрімнің жан дүниесіндегі ой - толғаныстарымен психологиялық ахуалмен үндестігіне көбірек ұқсайды.
Міне, Шығыс аңызының желісін жаңғырта жырлай отырып, оның әрбір тартыс - шиеленістерін өз табиғатымен, қазақ өмірімен Шәкәрім осылайша ұштастырады. Және де шығарма сюжетін дәстүрлі дастандық баяндау үлгісі арқылы өрбітуде де ақын түпнұсқадан бірқатар формалық, композициялық алшақтықтарға барады. Мәселен, Физули дастанында әр тараудан кейін қорытынды іспетті ой толғақтар беріліп отырады. Қазақ ақыны мұны қажет деп санамаған. Бұрыннан қалыптасқан, фольклордан келе жатқан дәстүрлі тәсілмен бір оқиғадан екінші оқиғаны баяндауға шебер ауысып отырады.
Қарап отырсақ, шынында да Шәкәрімнің өзге елдер әдебиеттерінің бұрынғы - соңғы үздік шығармаларын қазақ оқырмандарына жеткізу, ұлттық әдебиеттің алтын қорына қосу тәжірибесі бір ғана аударма жанры арқылы түсіндіріле алмайды. Ақынның көркемдік - эстетикалық шабыт - қуаты одан әлдеқайда кең мүмкіндіктерге құлаш ұрады. Ең алдымен, Шәкәрім белгілі бір шығарманың сюжеттік желісін негізге алады. Одан да сол өмірлік философиясымен, дүниетанымдық нысандарымен тамырлас, сәйкес келуі шарт. Өзі назар аударған шығармалардың табиғатынан Шәкәрім әрдайым осындай сарындастықты іздейді. Сол себепті де ақынның көңілі Шығыс пен Батыс елдерінің кез келген қаламгеріне, кездейсоқ шығармаларына түсе бермеген. «Ләйлә - Мәжнүнге» ғана емес, өзге шығармаларға да Шәкәрім осындай шығармашылық зердемен қараған. Өзінің жүрегіне жылы сезілген, ойларымен астарлас шыққан шығармалардағы сюжетті оқиғаларды ол еркін жырлайды, нәзирашылдық дәстүрдің көркем қалыбына салып әрлейді.
Сонымен, Шәкәрім ежелгі ақындармен үндесе отырып, нәзираның ғажайып үлгісін ұсынды. Соның нәтижесінде қазақ әдебиетінің өлмес қорына «Ләйлә - Мәжнүн» атты тамаша төл туынды қосылды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Әбдіғазиев Б. Шәкәрім шығармашылығынының дәстүрлік және көркемдік негіздері. //Докт. диссер. Алматы, 2001.
-
Базарбаев М. Замана тудырған әдебиет Алматы: Ғылым, 1997.
-
Сейфуллин С. Ләйлә - Мәжнүн. Алматы. ҚКӘБ, 1935-75 б.
-
Құбайбердиев Ш. Шығармалары. Алматы: Білім, 1988-560 б.
-
Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. Алматы: Білім, 1990-51 б.
Достарыңызбен бөлісу: |