1. Тәрбие. Үйдегі, мектептегі тәрбие ұл-қызымызға жоғалтқан ұлттық мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталуы керек. 2. Ұлттың рухани түлеуі. Ішімдікке әуестік, отбасының ертеңін ойламайтын жалқаулықтан арылу. Мәдениетті, парасатты ұл-қыз өсіру әр ата-ананың ел алдындағы парызы болу. 3. Бала культі, отбасының культін жасау. 4. Көп бала өсіріп, оны жақсы тәрбиелеген ананың қоғамдағы беделінің және жағдайының жоғары болуы. Әйел жағдайының жақсы болуы елдің экономикасының өсуіне, отбасының табысы молаюына байланысты ғой. Егер жағдайы болса, көп әйелдер бала-шағасын тастап, қызметке ұмтылмас еді. Енді, міне, жаңа заманға бет бұрдық. Мұғалім ретіндегі ойым – мектептен бастап қыздарымыздың үй шаруасына икемділігін, ибалылығын, қарым-қатынас мәдениетін сіңіре білгендігін қолпаштауымыз керек. Жаппай қоғамдық қайраткер дайындауға ұмтылған бұрынғы тәсілге өзгерістер ендіріп, әйелдің бірінші парызы аналық қасиетін сақтау екенін ұқтыруға бейімделейік. Болашақ өміріне көптен-көп қажетті дағдыларға үйретіп, жан әлемін дұрыс байытатын қыздар мектептері ашылса, қандай жарастықты болар еді!
Соңғы уақытта газет бетінде көп әйел алуды заңдандыру туралы әңгіме шыға бастаған соң, бұл жайында студенттердің пікірін білгім келіп сұраймын. Студенттерім жымың-жымың етеді.
– Жігіттер жағы қуанып жүр, – дейді.
– Қыздар не дейді?
– Қыздар алдырмаймыз! – деп айқайлайды.
Ал отбасын құраған келіншектер болса, жанындағы жалғыз жарын ешкіммен бөліскісі келмейтін ыңғай танытады. Балаларының да көңіл күйі бұзылып, екі жақты алаң бола ма деген қаупін айтады. Отбасының тыныштығына сызат түсетінін ойлайды. Қысқасы, баяғы бірінің баласын-бірі емізген бәйбіше, тоқалдың психологиясынан мүлде алыстағанбыз. Қазақ әйеліне теңдік әпердік деп кеткен кешегі кеңес өкіметі, қалай десек те, біздің тарихымыз. Алған теңдігіміздің идеясы жақсы болғанымен, оны қамтамасыз ететін әлеуметтік жағдай жасалмады. Сөйтсе де әйелдер өзімен санасудың, қоғамдық кызметте елеулі рөл атқарып, тәуелсіз болудың дәмін татты. Бүгінгі қазақ әйелінің жан жүйесі қалыптасты.
Адамзат ұғымында сүю, махаббат сезімі «жалғыз» деген түсінікпен үйлеседі. Ғасырлар бойы жырлап келген Махаббаттың бар екенін мойындасақ, мұғалім ретінде жас ұрпаққа шын сүюді, тұрақтылықты көп әйел алу заңымен қалай түсіндірер екенбіз деп қиналамын. Біз аяқ астынан сұмдық өзгерістер жасауға үйренген ұрпақпыз. Ендігі жерде әр нәрсені терең зерттеумен ғана тәуекел етпей, бола ма? Әйел қамы үлкен социологиялық зерттеулер жүргізіп барып, білімпаз жантанушылардың, демограф, педагогтердің жан-жақты саралауымен ғана әңгіме болуға лайық.
Қазіргі өміріміздегі қиыншылықтар әсіресе әйелдерге ауыр салмақ салып тұр. Адамның өмір сүруге, кездескен кедергілерді жеңуге деген ынта-ықыласы көңіл-күйіне байланысты. Басын сүйер азаматының жанынан табылуына байланысты. Психологтердің болжамы бойынша, осы жағдайды адамның қабылдауы әр түрлі болады екен: біреуіміз тез көндігіп, қолымызды бір сілтеп, құдай салды, біз көндік деп жүре береді екенбіз. Екіншілеріміз жаңа жағдайға тез қалыптасып, дереу оңтайлы жолдар іздей бастаймыз. Үшіншілерімізде ашу-ыза пайда болып, соқтығарға қара іздеп, жүйке қозады екен. Осының соңғысы өмірден түңілуге әкеледі. Бұл күйге түскен адамның ызасын белгілі бір жаққа бағыттап жібере салу оңай. Түрлі қақтығыстар, әр түрлі ұрыс-керістер осыдан шығады. «Даналық дегеніміз – істің аяғы неге соғарын көре білу» дейді ғой. Әрбір заңда артық бүгу болып жатады. Сондықтан көп әйел алу мәселесі әр отбасының өзі шешетін, әйелдер шешетін шаруа ғой деймін.