Талапкердің моральдық залал бөлігіндегі талабының
негізділігіне бірінші сатыдағы сот тиісті бағасын
бермегендіктен шешім өзгертілді
( үзінді)
Талапкер А. жауапкер «ШЛИ» компаниясына (бұдан әрі - Компания) 256 189 теңге материалдық залалды, 333 000 теңге моральдық зиянды және сот шығындарын өтеу туралы сотқа талап арыз берген. 2005 жылғы 25 шілдеде жауапкердің меншігіндегі «Toyota Hi Ace» шағын автобустың жүргізушісі К., жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, С. Датов және Ш. Уәлиханов көшелерінің қиылысында апаттық жағдай туғызуының салдарынан талапкердің меншігіндегі «Фольк сваген-Пассат» маркалы автомашина аударылған. Жол апатының салдарынан талапкерге материалдық залал келтіріліп, 1999 жылы туылған ұлы А-ның кеудесі мен іші жарақаттанған.
Атырау облыстық сотының 2006 жылғы 19 қаңтардағы қаулысымен А-ның талабы ішінара қанағаттандырылған.
Компаниядан А-ның пайдасына мүліктік зиянды өтеу үшін 44000 теңге, моральдық зиянды өтеу үшін 10000 теңге және 2462 теңге сот шығындары өндірілген.
Талапкер апелляциялық шағымында жиналған дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегенін, соттың жол апаты материалдарын, фотосуреттерді назарға алмағанын атап көрсете отырып, шешімді өзгертіп, талапты толық мөлшерінде қанағаттандыру туралы мәселе қойған. Жауапкер сарапшының тұжырымдарының дұрыстығына күмәнданбайтынын, бағалау қызметімен айналысуға лицензиясының болмауына маманның кінәлі емес екендігін көрсеткен.
Алқа, Компания өкілінің талапкердің апелляциялық шағымы бойынша қарсы пікірін, ҚР Бас прокуроры көмекшісінің соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылуы тиіс деген пікірін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот шешімі төмендегі негіздер бойынша өзгертілуі тиіс деп анықтаған.
Сот анықтағанындай, 2005 жылғы 25 шілдеде сағат 8.35 шамасында талапкер меншік құқығымен өзіне тиесілі «Фольксваген-Пассат» автомашинасын басты жол – С. Датов көшесімен СМП-136 жақтан темір жол бөлімшесінің ғимаратына қарай жүргізіп келе жатқан. Уәлиханов көшесі жақтан жолдардың қиылысында жауапкер 2004 жылғы 6 шілдедегі жалға алу шартының негізінде иелік ететін «Toyota Hi Ace» шағын автобусының жүргізушісі, 2001 жылғы 1 желтоқсанда жасалған жеке еңбек шартының негізінде жұмыс істейтін К., жол қозғалысы ережелерінің 13.11-тармағын бұзып, басты жолмен келе жатқан көлікке жол бермей, талапкердің автомобилінің алдына шығып, апаттық жағдай туғызған. Талапкердің соқтығысуды болдырмауға әрекет жасауынан оның автомашинасы аударылып, бүлінген. Оның ұлының кеудесі мен іші жарақаттанған.
Сот отырысында жауапкердің өкілдері Компания жоғары қауіп көзінің иесі болмағандықтан, келтірілген зиян үшін жауапкершілікке тартылуға тиіс емес деген уәждер келтірді. Аталған уәждерді соттың тексеріп, негізсіз деп тануы дұрыс.
Көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікке сәйкес, мемлекеттік нөмірі Е 077 ВЕ «Toyota Hi Ace» шағын автобусының иесі «КЧ» ЖШС-і болып табылады.
2004 жылдың 6 шілдесінде Компания «КЧ» ЖШС-мен 2005 жылғы 6 шілдеге дейін жалға алу шартын жасас-қан.
Сот талқылауы барысында жауапкердің өкілі М. жалға алу шартының мерзімі өткеннен кейін де және жол-көлік оқиғасы болған күні Компания «Toyota Hi Ace» шағын автобусын пайдаланды деп жауап берді. 2005 жылғы 25 шілдеде Компанияға «КЧ» ЖШС-дан шартты тоқтату туралы хат түскен.
АК-нің 558-бабына сәйкес, егер жал-ға берушi тарапынан қарсылық болмаған жағдайда жалға алушы шарттың мерзiмi бiткен соң да мүлiктi пайдалана беретiн болса, шарт нақ сондай талаптармен белгiсiз мерзiмге қайта жаңартылды деп есептеледi. Бұл орайда тараптардың әрқайсысы қозғалмайтын мүлiктi жалға алған кезде, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, бұл туралы басқа тарапқа кем дегенде үш ай бұрын және өзге мүлiктi жалға алған кезде - бiр ай ішінде жазбаша түрде ескеріп, шарттан кез келген уақытта бас тарта алады.
Мұндай жағдайда, жол-көлік оқиғасы болған сәтте Компания жоғары қауіптілік көзінің иесі болып табылған деген сот қорытындысы негізге алынады.
АК-нің 931-бабына сәйкес, қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi. Зиянды өтеу мiндетi меншiк құқығымен, шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе жедел басқару құқығымен немесе кез келген басқа да заңды негiзбен (мүлiктiк жалдау шарты, көлiк құралын басқару құқығына берiлген сенiмхат, көздердi беру туралы құзыреттi органның өкiмi арқылы және т.б.) жоғары қауiптiлiк көзiн иеленушi заңды тұлғаға немесе азаматқа жүктеледi.
Материалдық залалды өтеу туралы талабына негіздеме ретінде жауапкер ҚР ӘМ ССО Атырау облыстық сот сараптамасының ғылыми-өндірістік зерт-ханасы маманының 2005 жылғы 13 қыркүйектегі қорытындысын ұсынған. Соған сәйкес, амортизациялық тозуын есептегенде «Фольксваген-Пассат» автомобилін қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарының құны 246 774 теңгені құрайды.
Істі қарау барысында талапкердің автомобилі қалпына келтірілгендіктен соттың автотауартану сараптамасын тағайындауға мүмкіндігі болмаған.
Сот маманның 2005 жылғы 13 қаңтардағы қорытындысында бағалау қызметін көрсету жөніндегі лицензиясының бар-жоғы туралы мәліметтердің болмағанын анықтаған. Зерттеуді жүргізген К. сот отырысында бағалау қызметін көрсету жөніндегі лицензиясының жоқ екенін айтқан.
Мұндай жағдайда, маманның 2005 жылғы 13 қаңтардағы қорытындысы АІЖК-нің нормаларымен көзделген тәртіпте алынбағандықтан, АІЖК-нің 68-бабына сәйкес, осы дәлелдемеге жол берілмейді және сот оны шешімге негіз етіп ала алмайды.
Сот отырысының барысында талапкер өзінің автомобилі ТҚС-да қалпына келтірілгені және осы кезде ТҚС бұ- рынғы орнынан көшіп кеткені туралы жауап берген.
Талапкер автомобильді қалпына келтіруімен байланысты шығындарын дәлелдейтін нанымды әрі дау туғызбайтын дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
Атырау облысының ІІБ ЖПБ әкімшілік практика бойынша маман инспекторы берген анықтамада жол-көлік оқиғасы барысында автомобильдің алдыңғы сол жақ қанаты, артқы оң жақ қанаты, жүргізу бөлігі ақаулы болған деп көрсетілген. Ал жүргізу бөлігінің ақауларын сот отырысында нақтылауға мүмкіндік болмаған.
Талапкер сотқа ұсынған, жеке кәсіпкер К. («Ә» дүкені) 2006 жылы 12 қаңтарда берген № 1 жөнелтпе құжат-қа сәйкес, көліктің бір қанатының бағасы 22 000 теңгені құрайды, сондықтан сот талапкердің автомобилінің алдыңғы сол қанатына, артқы оң қанатына кел-тірілген нақты шығынның мөлшері 44 000 теңгені құрайды деп дұрыс тұжырым жасаған.
Талапкер автомобилінің жүргізу бөлігінің нақты қандай бөлшектері зақымданғанын көрсететін дәлелдемелер ұсынбағандықтан, соттың талапты жоғарыда көрсетілген бөлігінде қанағаттандыру туралы қорытынды жасағаны дұрыс.
Сонымен қатар, талапкердің 1999 жылы туылған жасөспірім ұлы А-ға жан азабымен қатар тән азабы келтірілгендіктен, соттың моральдық залал бөлігіндегі талапты 10000 теңге мөлшерінде ғана қанағаттандыру туралы шешімін негізді деп тануға болмайды.
АІЖК-нің 358-бабының 2) тармақшасын басшылыққа алып, азаматтық істер жөніндегі алқа Атырау облыстық сотының 2006 жылғы 19 қаңтардағы шешімін өзгертіп, А-ның пайдасына Компаниядан өндірілетін моральдық зиянның мөлшерін 50 000 (елу мың) теңгеге дейін арттырып, шешімнің басқа бөлігін өзгеріссіз қалдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |