Талас өҢірінде 2013 ж. ЖҮргізілген археологиялық барлау мен қазба жұмыстары



Дата29.06.2016
өлшемі130.15 Kb.
#165265
Елеуов М. т.ғ.д., профессор, Талеев Д.А. т.ғ.к., доцент. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Алматы қаласы.
ТАЛАС ӨҢІРІНДЕ 2013 ж. ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ МЕН ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ
2013 жылы Талас өңірінде орналасқан ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің қорғаныс жүйесін зерттеу мақсатында Талас өзенінің орта ағысында барлау жұмыстары жүргізіліп, ортағасырлық Бағара төрткүлінде батыс қабырғасы мен мұнарасында кесік-қазба, Қоңыртөбе, Жайтөбе, Қаратөрткүлтөбе, Қаракемер және Бектөбе қалаларының шаруашылық аймағын қоршап жатқан ұзын қорғандарында қайта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, олардың ұзындықтарына толықтырулар енгізілді, және Қоңыртөбе мен Жайтөбе қалаларының ұзын қорғандарына кесік салынды. Сонымен қатар, Кішібурыл тауының шығыс беткейінде (Құмжота ауылынан батыста) орналасқан Кішібурыл 2 қарауыл мұнарасы мен Ақбұлым қарауыл төбесі, Үлкенбурыл оба-қарауыл төбесі ашылып, есепке алынды. Түймекент қаласының цитаделіндегі қазба онан әрі жалғастырылды.

Талас өңіріндегі археологиялық барлау жұмыстары

Төрткүл Бағара. Төрткүл Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Төрткүл (бұрынғы Бағара) ауылының ішінде орналасқан. Төрткүлді алғаш рет 1984 жылы ҚазМУ-дің археологиялық тобы (М. Елеуов) ашып, зерттеп, оның оңтүстік қабырғасының ортасындағы жол кесіп өткен жеріне кесік салған болатын.

1985 жылы төрткүлді ҚазССР ҒА ТАЭ ТАЗИ (К.М. Байпақов) қайта зерттеп, оны Қырқкүмбез қалашығы деп атаған [1, 123-124 бб. - № 134].

2010 жылы «Археологияческая экспертиза» ЖШС ескерткіштер Жинағы экспедициясы (С.Ақылбек, Ш.Құдабаев) төрткүлді зерттеп, құралмен оның жобасын түсірген [10, 100-101 б.- № 52].

2013 жылы Тұран археологиялық экспедициясы төрткүлдің экологиялық ахуалымен танысып, солтүстік-батыс бұрышында кесік, батыс қабырғасында кесік-қазба жүргізді.

Төрткүлдің географиялық координаттары: 42 Т 695885, 478985. Жобасында төртбұрышты, қабырғалары дүниенің төрт жағына қарай бағытталған төрткүлдің 2013 жылғы экологиялық ахуалы төмендегідей. Ұзындығы 210 м батыс қабырғаның 150 м жері бұзылып, тегістеліп кеткен ал оның солтүстік-батыс бұрышындағы сақталған бөлігінің ұзындығы 62 м, қалыңдығы 15-16 м, биіктігі 3 м. жолдың ені 8 м, тереңдігі 3 м, осы бұрыштан 30 және 60 м жерде мұнара орындары сақталған, олар қабырға сызығынан 6-7 м сыртқа шығып тұр, қабырғаның үстіндегі биіктігі 1-1,2 м. Солтүстік-батыс бұрыштың ішкі жағына қи, қабырғаның бұзылған жеріне қамыс аралас көң тасталған.

Оңтүстік қабырғаның ұзындығы 200 м болған, оның оңтүстік-батыс бұрышы 15-16 м аралықта, 1,5-2 м тереңдікте қазылған. Қабырғада бұрыштағы екі мұнараны қоса есептегенде 8 мұнара болған, олар бір-бірінен 30-32 м аралықта орналасқан. Осы қабырғадағы 3-және 4-мұнаралардың арасы арқылы өткен жол қамалдың 30 м жерін бұзып өткен. Қабырғаның оңтүстік-шығыс бұрышына жақын жерден қазылған арықтың ені 4-5 м, тереңдігі 1,5-2 м. Оңтүстік қабырғаның сыртынан қазылған ордың ені 30 м, тереңдігі 2 м.

Шығыс қабырғаның ұзындығы 240 м, оның сыртында оңтүстік-шығыс бұрыштан 30 м жерде, қабырғадан 25 м сыртқа шығып тұрған жобасында «Г» тәрізді қақпа орналасқан. Оның бұрыштарындағы мұнаралардың аумағы 10-15 м, биіктігі 2-3 м. Осы қақпа арқылы өткен жол солтүстік-шығыс бұрыштан 60 м жерде қамалдың қабырғасын кесіп өткен. Оңтүстік-шығыс бұрыштан 75 м жердегі қабырғаны бұзып салынған осы күнгі жолдың ені 6-7 м, тереңдігі 2,5-3 м.

Төрткүлдің солтүстік-шығыс бұрышының сыртындағы «Г» тәрізді қақпаның көлемі 20х20 м, оның бұрыштарында орналасқан мұнаралардың аумағы 10-12 м.

Солтүстік қабырғаның ұзындығы 235 м. Бұл қабырға солтүстік-шығыс бұрыштан солтүстік-батысқа қарай 70 м аралықта сақталған. Онан әрі қарай 105 м аралықта ол үйлерді, олардың қора-жайларын, жолды салу кезінде бұзылып кеткен. Қабырғаның үстінен 175-205 м аралықта қазылған, топырақ алынған шұңқырлардың аумағы 25-30 м, тереңдігі 1-1,5 м. Қабырғаның солтүстік-батыс бұрышқа іргелес жатқан бөлігінің ішкі жағына күл-қоқыс төгілген. Төрткүлдің ішіндегі құрылыстар жол, көшені бойлай орналасқан үйлерді, олардың қора-жайларын салу кезінде тегістеліп кеткен.

Солтүстік қабырғаның сыртындағы ор 30 м аралықта ғана сақталған. Ескерткіш апатты жағдайда, егер жергілікті әкімдік тарапынан шұғыл шаралар іске асырылмаса оған толық бұзылып кету қаупі төніп тұр.

Төрткүлдің солтүстік-шығыс бұрышын бұзып қазылған ені 8 м, тереңдігі 3 м жолдың жиегінде ұзындығы 10 м, ені 1 м, тереңдігі 3 м кесік қазылды. Кесіктен 10-12 см пахса қабаттарынан тұрғызылған қалыңдығы 6 м қамал ашылды, оның сақталған биіктігі 3 м. Қамалдың сыртында жатқан пахса құландысының арасынан ыдыстардың ұсақ сынықтары кездесті.

Батыс қабырғаның сақталып қалған бөлігінің оңтүстік шетіндегі қалыңдығы оған іргелес орналасқан мұнараны қоса есептегенде 20 м, оның батыс жағының жиегі осы күнгі жолды салу кезінде 1,5-2 м аралықта бұзылған. Қамал мен мұнараның құрылысын анықтау үшін қамалдың бұзылып жатқан оңтүстік жерінде ұзындығы 19 м кесік, мұнараның сыртында қазба жүргізілді. Соның нәтижесінде 10-12 см пахса қабаттарынан бір уақытта тұрғызылған қалыңдығы 6 м қамал мен жобасында трапецияға ұқсас көлемі 6х7 м, қамалдың сыртқы сызығынан 5 м сыртқа шығып тұрған мұнара ашылды. Мұнараның сыртында жатқан пахса аралас топырақ құландысының астынан ыдыс сынықтары табылды.

Ортағасырлық Жайтөбе қаласы. Байзақ ауданындағы қазіргі Төрткүл (Бағара) ауылының солтүстік шетінде, ескі өзектің сол жағасында орналасқан. Ескерткішті 1984, 1986 жылдарда Қаз ССР тарих және мәдениет ескерткіштері Жинағының экспедициясы (К. Байпақов), зерттеп, 2010 жылы «Археологическая экспертиза» ЖШС ескерткіштер Жинағы экспедициясы оның жоспарын түсірген [ 10, 97-98 бб. - №49].

2013 жылы ТАЭ (М. Елеуов) қаланың көлемін анықтап, шаруашылық аймағын аралап көріп, оны оңтүстік жағынан қоршап жатқан ұзын қорғанына кесік салды. Қаланың географиялық координаттары 42 Т 695604 4779972. Ескі өзектің жағасында орналасқан қаланың батыс бөлігін су шайып кеткен. Қазіргі күнде жобасында таға тәріздес ескеткіштің қалған бөлігінің ұзындығы солтүстіктен-оңтүстікке қарай 150 м, ені оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 60-80 м, биіктігі 6-7 м. Оның үстінде осы заманғы зират орналасқан. Ескерткіштің оңтүстік-батыс бұрышынан басталған қалыңдығы 10-12 м, биіктігі 1,5-1,8 м жалдың сақталған ұзындығы 550 м. Осы жалдың оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс жақтары жол салу кезінде бұзылып кеткен. Жалдың оңтүстік-батыс бұрышынан солтүстік –батысқа қарай 290 м жердегі ені 7 м келетін үзілген жерінде (мүмкін шаруашылық аймағына кіретін жол өткен болса керек) ұзындығы 7 м, тереңдігі 1,5 м кесік салынды . Кесікті қазу барысында оның үстінде жатқан құландының астынан қалыңдығы 0,2-0,25 м пахса қабаттарынан тұрғызылған қалыңдығы 4,2 м, сақталған биіктігі 1,2 м қамалдың қалдығы ашылды. Қамалдың сыртында жатқан құландыны тазарту кезінде оның түбінен ыдыстың сынығы шықты.

Ортағасырлық Қоңыртөбе қаласы. Ортағасырлық қаланың орны Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Төрткүл ауылынан 3 км оңтүстік-батыста орналасқан.

Оны 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы ашып, зерттеге, 1949 және 1978 жылдарда Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы, Тараз археологиялық экспедициясы, 2010 «Археологияческая экспертиза» ЖШС ескерткіштер Жинағы экспедициясы зерттеген [2, с. 115; 3, с. 62; 63, 99-100 б., № 51; 11, 119-120 б., № 106].

2013 жылы Тұран археологиялық экспедициясы ортағасырлық қаланың шаруашылық аймағын қоршап жатқан ұзын қорғандарының ұзындығын өлшеп, оның солтүстік бөлігінде кесік салды.

Ортағасырлық Қоңыртөбе қаласының географиялық координаттары 42 Т 695684 4772631. Қоңыртөбенің шаруашылық аймағын барлық жағынан қоршап жатқан ұзын қорғанның анықталған ұзындығы 10 км-ден астам, оның қалыңдығы 10-12 м, осы күнгі сақталған биіктігі 1,2-2 м. Ұзын қорғанның үстінде бірнеше жерде биіктігі 0,5-1 м төбешіктер сақталған, шамасы, олар мұнаралардың орны болса керек. Ортағасырлық қаланы қоршап жатқан ұзын қорғанның солтүстік, солтүстік батыс жағында сыртында онан әртүрлі қашықтықта қосалқы ұзын қорғанның қалдығы сақталған. Қосалқы ұзын қорғанның 2013 жылы анықталған ұзындығы 2 км-ден асады, оның қалыңдығы 8-10 м, биіктігі 0,8-1 м, кей жерінде 1,5 м.

2013 жылы Қоңыртөбенің шаруашылық аймағын сырттай қоршап жатқан негізгі ұзын қорғанның орталық бөліктен солтүстіктегі жол кесіп өткен жерінде қалыңдығы 13 м, биіктігі сыртындағы ордың табанынан есептегенде 2 м. Жалдың жол кесіп өткен жерінің шығыс жағында солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған ұзындығы 9 м, тереңдігі 1,5 м кесік қазылды. Кесікті қазу кезінде жалдың үстіндегі шым қабаттың астынан 0,1;0,15;0,2 м пахса қабаттарынан тұрғызылған қалыңдығы 4 м, сақталған биіктігі 1,3 м қамалдың қалдығы ашылды. Қазба жүргізілген жерден ыдыс сынықтары кездескен жоқ.

Ортағасырлық Қаратөрткүлтөбе қаласы. Байзақ ауданы Еңбек ауылынан 1 км солтүстікте орналасқан. Қаланы алғаш рет 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) ашып, зерттеген. 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы, 1985 жылы Тараз археологиялық экспедициясы зерттеп, оның орталық бөлігі, сыртындағы ұзын қорғаны туралы жазған [2, с. 115; 11, с. 62; 6, 115-116 б., №105; 11, с. 140, № 435].

2013 жылы Тұран археологиялық экспедициясы ортағасырлық қаланың шаруашылық аймағын қоршап жатқан ұзын қорғандарының көлемін анықтап, оның бұзылып жатқан бөліктерін суретке түсірді.

Ортағасырлық Қаракемер қаласы. Ортағасырлық қала Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Қаракемер ауылындағы оңтүстік-шығыста 1 км жерде орналасқан. Географиялық координаттары 42 Т 668430 4770372 ескерткішті 1938 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы, 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы, 1989 жылы Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының тарихи және мәдени ескерткіштер Жинағының экспедициясы 2010 жылы «Археологическая экспертиза» ЖШС ескерткіштер Жинағы экспедициясы зерттеп, оның тарихи-топографиялық құрылымын көрсетіп, техникалық құралдармен жобасын түсірген [2, с. 113; 6, с.141-142; №181; 11, с.130, №53]. 2013 жылы ТАЭ ортағасырлық Қаракемер және Бектөбе қалаларын сырттай қоршап жатқан ұзын қорғандарда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың ұзындығын, алып жатқан көлемін анықтап, суретке түсірді.

Кішібурыл 2 қарауыл мұнарасы. Байзақ ауданындағы Құмжота ауылынан батыста орналасқан Кішібурыл тауының биік жеріндегі төбенің оңтүстік жиегінен 12 м жерде орналасқан, жобасында төртбұрышты, қабырғалары тастан қаланған көлемі 8х8 м төбенің сақталған биіктігі 2,5 м. Осы қарауыл мұнарасынан Тараз қаласының төңірегіндегі Қостөбе, Бектөбе, Түймекент, Қаратөрткүлтөбе, Қоңыртөбе, Шөлтөбе және т.б. ортағасырлық ондаған қалалар, елді мекендер мен қатар Ботамойнақ, Үлкенбурыл тауының үстіндегі мұнаралар көрінеді. Осы мұнарадан 1 км оңтүстік-батыста, Кішібурыл тауының ең биік жерінде Кішібурыл 1 қарауыл мұнарасы орналасқан.

Ақбұлым қарауыл төбесі. Қарауыл төбе Байзақ ауданындағы Ақбұлым ауданындағы шығыста, Ботамойнақ тауының оңтүстік-батыс етегінде, теміржолға жақын жерде орналасқан. Тас аралас топырақтан үйілген қарауыл төбенің аумағы 14 м, сақталған биіктігі 3,5 м. Онан Тараз қаласының төңірегіндегі үлкенді-кішілі қалалар мен елді мекендер және Тараз қаласы аймағындағы қарауыл мұнаралар мен қарауыл төбелер көрінеді.

Үлкенбурыл оба-қарауыл төбесі. 2013 жылы барлау кезінде Айша бибі ауылында болып, осы ауылдың ақсақалдарынан Үлкенбурыл тауында орналасқан қарауыл төбелер мен қарауыл мұнаралар туралы сұрадық. Олардың бірі Қыршынды тауының үстінде орналасқан тастан қаланған құрылыс барын және Үлкенбурыл тауының ең биік жерінде ХХ ғасырдың 70 жылдарында әскерилер үйлер салған кезде төбеде орналасқан тастан үйілген құрылыстың тастарын бұзып алып жатқанын көргені туралы айтты. Осы кісінің көрсеткен бағыты бойынша Қызылтаң ауылынан солтүстік-батыстағы тау шатқалын өрлеп отырып, таудың ең биік жеріндегі жартылай бұзылып жатқан үйлерге жеттік. Осы үйлерден солтүстікте, солтүстік және солтүстік-батыс жақтары тік құзды болып келген таудың жиегінде орналасқан қазіргі күнгі сақталған аумағы 8 м, биіктігі 0,6-0,7 м тастан үйілген құрылыстың қалдығы орналасқан, оның географиялық координаттары 42 Т 0671151 4753206, теңіз деңгейінен биіктігі 1133 м. Үлкенбурыл тауының ең биік жерінде орналасқан бұл құрылыс тастан үйілген, оның төңірегіндегі және бұзылып жатқан үйлердің жанындағы құрылыстарға пайдаланған тастардың көлеміне қарағанда оба-қарауыл төбенің бастапқы биіктігі кемінде 1-1,5 м болған болса керек.

Үлкенбурыл оба-қарауыл төбесі биік жерде орналасқандықтан жан-жақты бақылап тұруға өте қолайлы. Онан солтүстік-батыстағы Аса ауылы жанындағы Төрткүл, Қаракемер ауылының жанындағы ортағасырлық Қаракемер, Бектөбе қалалары, солтүстіктегі Тастөбе қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендер, шығыстағы Қыршынды қарауыл мұнарасы Кіщібурыл тауының үстіндегі Кішібурыл 1, Кішібурыл 2 қарауыл мұнаралары және Ботамойнақ тауының үстіндегі Ботамойнақ 1, Ботамойнақ 2 қарауыл мұнаралары көрінеді. Соған қарағанда Үлкенбурыл тауының биік жерінде орналасқан бұл оба ортағасырлар кезінде оба-қарауыл төбе қызметін атқарған деуге толық негіз бар.

2013 жылы ортағасырлық Түймекент қаласының цитаделінде жүргізілген қазба

2012 жылы ортағасырлық Түймекент қаласының цитаделінің үстіндегі солтүстік-батысқа қарай бұрын қазылған ұзындығы 13 м, ені 5 м, тереңдігі 1-1,5 м ордың солтүстік-батыс жағында көлемі 16х14 м қазба (қазба 7) басталып, онан бөлмелер мен аула ашыла бастаған болатын [9, 17-20 б.].

2013 жылы қазба 7-дегі жұмыстар онан әрі жалғастырылды. Жүргізілген қазба жұмыстарының барысында оның солтүстік-шығыс бөлігінен 2012 жылы ашыла бастаған бөлме тереңдетіліп, онан оңтүстік-шығыста орналасқан бөлме 2 (дәліз) 10 м аралықта, бөлме 3 3,65 м аралықта және бөлме 4-тің тек шығыс бұрышы ашыла бастады.

Көлемі 8х2,4 м бөлме 1-ді 4,95 м тереңдікте қазылған кезде оның едені ашылды. Бөлменің қабырғалары аралас әдіспен қаланған. Қабырғаларды қалау кезінде көлемдері 0,45; 0,5; 0,55 м, биіктігі 0,5 м пахса блоктары мен олардың арасына көлемдері 38-40х19-20х9-10 см бірнеше қатар кесек қаланған. Қабырғаның ішкі жағындағы бірнеше рет сыланған сылақтардың қалыңдығы 3-3,5 см.

Бөлменің еденіне көлемдері 30х31х5-6 см қыш кесек төселген оның солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс қабырғаларының жиегіне осы көлемдегі қыш кесектер тігінен қаланған. Еденнің үстінде жатқан пахса, кесек аралас құландыны тазарту кезінде солтүстік-батыс қабырғадан оңтүстік-шығысқа қарай 1,44 м жерден құдық пен ошақ ашылды. Аумағы 1 м құдықтың жиегі көлемдері 30х31х5-6 м қыш кесекпен қаланған ернеуі еденнің деңгейінен 0,4 м биік орналасқан құдықтың тереңдігі 2 м, түбіне қарай кеңейе түскен оның түбіндегі аумағы 2 м. Құдықты ішін құландыдан тазарту кезінде онан оның ішінен бүтін және сынық су құбырлары, қыш кесектер табылды. Құдықтан табылған бүтін су құбырдың ұзындығы 49 см, кең жақ ернеуінің аумағы 16 см, тар жағында – 12 см. Құбырдың кең жақ ернеуінің сыртында саусақпен батырып салған 8 ойық бар, ойықтардың аумағы 1,5-2 см, тереңдігі 0,5-1,2 см. Құбыр сапалы қоспадан шарықта жасалған. Біркелкі күйдірілген қызғыш түсті. Оның іші топыраққа толы. Су құбыры сынығының сақталған ұзындығы 25 см, оның кең жағындағы аумағы 15 см, қабырғасының қалыңдығы 1,2-1,5 см. Кең жақ ернеуінің сыртында батырып салған саусақ іздері бар.

Құдықтың қабырғалары кесектен қаланған, соған қарағанда, ол осы бөлменің (цитадельдегі құрылыстың) астындағы платформаны кесіп қазылған болса керек. Жалпы цитадельдегі бөлмеден ашылған құдықтар бұрында табылған, олардың қатарында ортағасырлық Ақтөбе 1 (шардаралық) қаласының цитаделінен ашылған үш құдықтар [12, c.123-124, рис.4]. Бабата қаласының цитаделіндегі құдық [4, с. 120], ортағасырлық Ақтөбе қаласының цитаделінен ашылған құдық бар [5, с. 43]. Құдықтың солтүстік жағында, солтүстік-шығыс қабырғаның жиегіндегі ретсіз жатқан қыш кесектердің арасында бұзылған ошақтың орны жатыр, соған қарағанда бұл ошақты тек уақытша пайдаланған болса керек. Ошақтың шығыс жағында қыш кесектердің үйіндісі жатыр, шамасы бұл қыш кесектерді ошақты бұзыған кезде алған болса керек.

Бөлменің оңтүстік-шығыс қабырғасындағы ені 1,3 м есіктің жақтаулары көлемдері 40х20х7-8 см кесектен қаланған.

Бөлменің шығыс бұрышында, оған кіретін есіктің оң жағындағы еденде көлемі 0,8-1 м жерге қыш кесек төселмеген. Шығыс бұрыштағы қабырғаны (еденнің дейгейінен) 1,5 м биіктікке дейін от шарпыған. Шамасы осы бұрышта орналасқан пешті бөлмеде жүргізілген құрылыс жұмыстары не жөндеу кезінде бұзып тастаған болса керек.

Бөлме 1 мен оның оңтүстік-шығыс қабырғасындағы есік арқылы байланысып жатқан бөлме 2 солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай бағытталған. Оның ені 2,6 м болатын солтүстік-шығыс қабырғасы көлемдері 40-42х20-21х7-8 см кесектен қаланған, сақталған биіктігі 3,5 м. Осы бөлме 10 м аралықта ашылды, оның оңтүстік-шығыс қабырғасында (солтүстік-шығыс қабырғадан 6,5 м) жерде ені 2 м келетін үсті қораптап жабылған есік бар. Есіктің өлшемдері 0,7х0,7 м шығыс, батыс қабырғалары кесектен өрілген. Қораптың иығы қазбаның қазіргі деңгейінен 2 м биікте орналасқан.

Бөлме 3. Бөлме 1 мен солтүстік-шығыс қабырғасы ортақ (қалыңдығы 1,8 м) бөлме 3-тің ені 2,4 м, ашылған ұзындығы 6,5 м. Оның оңтүстік-шығыс қабырғасындағы бөлме 2-ге шығатын есіктің ені 1,2 м. Бөлменің ашыла бастаған еденінің солтүстік-батыс жағынан оның табанына төселген көлемдері 29х29х4,5-5; 30х29х5; 31х31х5-5,5; 32Х32Х5-5,5 см қыш кесектер шыға бастады. Бөлме 3-тің ашылған бөлігінде оңтүстік-шығыс, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс қабырғаларының жиегіне көлемдері 29х29х4,5-5; 30х29х5; 31х31х5-5,5; 32Х32Х5-5,5 см бірқатар қыш кесектер тігінен қаланған.

Бөлме 4. Бөлме 3 пен ені 1,3 м солтүстік-шығыс қабырғасы ортақ бөлме 4-тің тек шығыс бөлігі ғана ашыла бастады. Оның солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бөліктері қазылмағандықтан көлемі анықталған жоқ. Бөлменің оңтүстік-шығыс қабырғасынан (шығыс бұрыштан 0,5 м жерден) 2-бөлмеге (дәлізге) шығатын есік ашыла бастады.

Ортағасырлық Түймекент қаласының цитаделінде 2013 жылы жүргізілген қазба жұмыстарының барысында ашылған бөлмелердің еденінің деңгейінен және олардың үстінде жатқан пахса, кесек, құландылар аралас топырақтың арасынан ыдыстардың сынықтары табылды.

Қазан. Мойыны аласа, тік ернеуінің аумағы 20 см, қабырғасының қалыңдығы 0,7-0,8 см құты құрамында ұсақ тас, құм аралас қоспадан шарықта жасалып сапалы күйдірілген. Ыдыстың ернеуін, сыртын от шарпыған, иығында қатты затпен батырып сызған қос сызықтары бар.

Қазан. Мойыны ажыратылмаған ернеуіндегі аумағы 2 см, қабырғасының қалыңдығы 0,5-0,7 см, ыдыс майда тас құм аралас қоспадан шарықта жасалып, сапалы күйдірілген. Түсі ашық қызғылт түсті. Ыдыстың иығынан төменгі бөлігін от шарпыған.

Қайрақтас. Қайрақтастың сынығының ені 3,5 см, сақталған ұзындығы 3,5 см, қалыңдығы 1,2 см. Оның шетінен 0,5 см жердегі тесігінің аумағы 0,7 см.

Тұтқа. Шыны ыдыстың нұсқасында иықты болып келген тұтқасының жоғарғы жағы ыдыстың ернеуіне, төменгі жағы иығына жапсырылған. Тұтқаның ернеуге жапсырылған жерінде жапырақ тәрізді жапсырмасы бар. Тұтқаның қалыңдығы 0,6-1 см, биіктігі 5 см. Ыдыстың ернеуінің қабырғасының қалыңдығы 2 мм.

Қазан. Мойыны ажыратылмаған ернеуіндегі аумағы 18 см, қабырғасының қалыңдығы 0,8-1 см ыдыс құм аралас қоспадан шарықта жасалып, сапалы күйдірілген. Қызғылт түсті. Ыдыстың ернеуінен 6 см төмен иығында қатты затпен батырып салған сызықтары бар.

Құты. Цилиндр тәрізді мойынының биіктігі 3,5 см, ернеуіндегі аумағы 12 см, қабырғасының қалыңдығы 0,5-0,6 см. Ыдыс ұсақ тас құм араласқан қоспадан шарықта жасалып, сапалы күйдірілген.



Қазан. Ернеуіндегі аумағы 22 см, қабырғасының қалыңдығы 0,5-1 см. Ыдыс құрамына тас құм араласқан қоспадан шарықта жасалып, сапасыз күйдірілген. Ыдыстың сыртында және ішкі жағының түбін от шарпыған. Ыдыстың сыртында ернеуінен 4 см төмен иығына көлденеңінен жапсырылған жарты ай тәрізді тұтқасы бар. Оның биіктігі 2 см, ұзындығы 10 см. Тұтқаның ыдыстың иығына жапсырылған жерінде саусақпен батырып салған ойықтары бар. Осы үлгідегі ортағасырлық Түймекент қаласының оңтүстік-батыс қақпасында жүргізілген қазба кезінде 2011 жылы жүргізілген қазбадан және 2012 жылғы цитадельде жүргізілген бөлме 1-ден табылған болатын [7, 18-б., сурет13-1-2, 8, 27-б., сурет 21-1].
Әдебиеттер


  1. Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Жамбыл облысы. – Алматы: РМК «ММЕ ҒЗЖИ», 2002. – Т.2. – 364 б., карталар, ил.

  2. 6Труды Семиреченской археологической экспедиции (1936-1938 гг.) Таласская долина. – Алма – Ата: Изд. АН КазССР, 1949 г.

  3. 11Ремпель Л.И. Археологические памятники в дальных низовьях //Труды ИИАИ Т.1. – Археология. – Алма-Ата, 1956. – С. 61-72.

  4. 17Агеева Е.И. Цитадель // Археологические исследования на северных склонах Каратау. – Алма-ата, 1962. – С. 117-153.

  5. 32Елеуов М. Некоторые итоги изучения цитадели городища Актобе (1976-1990 гг.) // Известия НАН РК. Серия общественных наук. – 1995. – №4. – С. 39-49.

  6. 42 Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Жамбыл облысы. – Алматы: РМК «ММЕ ҒЗЖИ», 2002. – Т.2. – 364 б., карталар, ил.

  7. 56Елеуов М. Ортағасырлық Түймекент қаласында 2011 жылы жүргізілген зерттеулер // ҚазҰУ хабаршысы. – Тарих сериясы. – № 3 (62). 2011. – 84-91 бб.

  8. 58Ғылыми-зерттеу жұмыс жөніндегі есеп. Ортағасырлық Түймекент, Тамды қалалары (аралық). – Алматы, 2012. – 50 бб.

  9. 59Ғылыми-зерттеу жұмысы есеп. Шу-Талас өңірлері мен Қаратаудың солтүстік беткейіндегі ортағасырлық қалалардың, елді мекендердің қорғаныс жүйесі (аралық). – № 120 ғылыми зерттеулерді грантпен қаржыландыру жобасы бойынша. Алматы, 2012. – 93 б.

  10. 63Жамбыл облысы тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Байзақ ауданы. – Алматы, 2010. – 120 б. карталар, ил.

  11. 64Алипчеев С., Байбосынов К. Свод памятников истории и культуры Жамбулской области. – Джамбул, 1982. – 130 с.

  12. 65Максимова А.Г., Мерщиев М.С., Вайнберг Б.И., Левина Л.М. Древности Чардары (археологические исследования в зоне Чардаринского водохранилища). – Алма-Ата: Издательство «Наука» Казахский ССР, 1968. – 263 с.

  13. Алдабергенов Н.О. Жилища горожан на рабаде городища Актобе // История материальной культуры Казахстана. – Алма-Ата: Издание КазГУ, 1980. – С. 39-48.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет