ТАРАЗ - ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТIНIҢ АЛТЫН БЕСIГI
Кәнкиев Ә.Ш., Жүншеев Р.Е.
Тараз қ., М.Х.Дулати атындағы ТарМУ
Ежелгi Тараз - Ұлы Жiбек жолын жалғап жататын турақты дипломатикалық және сауда-саттык қарым-қатынас жасалатың күре тамыры iспеттес. Бұл байланыс көпiрiнiң маңызы дүниенiң екi бөлiгi арасындағы материалдық ауыс-түйiспен ғана шектелiп қалмай, оның шеңберiнен алысқа кетiп жатты. Ол алуан турлi мәдениеттер мен халықтарды бiр-бiрiмен байланыстырып, сонау ежелгi заманнан берi идеялар алмасудың тұрақты да маңызды факторы ретiнде қызмет етiп келдi. Тараз - Қазақстанның ортағасырлық қалаларының iшiндегi ең белгiлiсi, ең көнесi.
VII ғасырда Тараз Ұлы Жiбек жолы бойындағы iрi қалаға айналды. Осы кезден бастап ол кеңiнен мәлiм болады. IX-X ғасырларда Тараз одан әрi өсе түстi. Оның дәл сауда жолы бойында, егiншiлiкке қолайлы бай алқаптың ортасында, Талас Алатауындағы күмiс кендерiне жақын жерде орналасуы экономикалық және мәдени өрге басуға жәрдемдестi. Х ғасырда Әл-Максиди былай жазған: «Тараз - бекiнiстi үлкен қала, бау-бақшалы, халқы көп, айнала ормен қоршалған, төрт қақпасы және рабады бар. Мәдина қақпасы алдынан өзен ағып жатады, ар жағында қаланың бiр бөлiгi орналасқан, оған өтетiн жол бар. Ал, базардың нақ ортасындағы үлкен мешiтi көрiнiп тұрады». Тараз қаласының орнын тұңғыш рет iрi ғалым Әлкей Марғұлан француз ғалымдары А. Ромоди, Шааванье Де Грата, академик Бартольд еңбектерiне сүйене отырып, көне екенiн дәлелейдi. Жазба деректер бойынша Таразда 568 жылы Византияның емшiсi Земархтың түркi қағаны Дизабулдың қабылдауында болуынан кейiн, бiр ғасырдан соң 630 жылы Қытайдың монахы Сюань «Цзянь-Июаньнан батысында (Долос) қаласы орналаскан, қаланың аумағы 8-9ш/км, онда әр елдiң саудагерлерi мен соғырлар тұрады», деп жазды. Осы кезден бастап қаланың аты тек өз өлкесiнде ғана емес, көршiлес мемлекеттерге белгiлi болды.
Тараз қаласының IX-X ғасырлардағы экономикасы мен мәдениетiнiң өркендеуiне негiзiнен ықпал еткен Талас аңғарындағы бай егiншiлiк алқап пен Талас Алатауының маңындағы күмiс өндiретiн кен орындарының дамуы болды. Тараз - Түркеш, Қарлық онан кейiн Қараханид мемлекеттерiнiң орталығы болып, өзiнiң бақыр ақшаларын шығарды. Ортағысырлық қалаға жүргiзiлген археологиялық қазбадан табылған қыштан жасалған су құбырлары, сәулет өнерiнiң дамығандығын дәлелейтiн құрылыс орындарының қалдықтары, тас төселген көшелер мен тротуарлар және қолөнер шеберлерiнiң қолынан шыққан көптеген бұйымдар, сөз жоқ, қаланың X-XII ғасырларда едәуiр гүлдене өскендiгiнiң куәсi. Қалада керуен сарайлары, iрi қоғамдық ғимараттар, қолөнершiлердiң шеберханасы, копестердiң дүкендерi мен көптеген қала тұрғындарының қажетiн өтейтiн кiшiгiрiм сауда орындары болған. Тараз қаласында мұсылман сәулет өнерiнiң iнжу-маржандары болып саналатын Әулие ата - Қарахан (XI ғасыр) және Дәуiтбек (XIII ғасыр) кесенелерiн айтуға болады. Тараз XIII ғасырдың аяғында моңғол империясының, одан кейiн Темiр империясының маңызды орталығы болып қала бердi. Кейiнiрек XVI ғасырда Жетiсуда Қазақ хандығы құрамына енген кезде де қала өз жалғасын тауып кеттi.
Қала 1856 жылы - Әулиеата деп аталды, 1936 жылы - Мирзоян аты берiлдi, 1938 жылы жыр алыбы Жамбыл есiмiн иелендi. Ал 1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республика Президентiнiң жарлығымен ежелгi аты қайтарылып, Тараз аталды. Тараз тарихы таусылмайтын тағлымға бай, тамыры тым тереңде жатқан көне қала. Ол әсiресе X - XII ғасырларда зор даму, гүлдену дәуiрiн басынан өткердi. Қарахан әулетi билеген тұста, ол осы бiр ертеғасырлық алпауыт мемлекеттiң астанасы болған. Тап сол кезеңде Тараз, түрленiп, түлеп күллi әлемнiң құрылымдық жүйесi, көше жолдары қала стилiндегi терең де бедерлi, сән - сәулетке ие болды. XII ғасырдың аяқ кезiнде бабамыз Қарахан дүниеден өткен кезде, оның қабiрi басына сәулеттi күмбез ғимараты салынады. Ол келе-келе қала тұрғындары мен қонақтарының бас иiп, мүнәжәт ететiн қасиеттi орынына айналған. Сөйтiп, мазар «Әулиеата» аталып кетедi. Бiрақ, кейiн монғолдардың жойқын шапқыншылығы кезiнде сол қасиеттi күмбез де, қала да тып-типыл болып қиратылған едi.
Кейiн жоңғарлардың «ақтабан шұбырындысынан» арылған, есiн жиған қазақтар 1809 жылы кесененi қалпына келтiрдi. Мiне, сол ғимарат Айша-бибi, Бабажа-қатын, Дәуiтбек (Шамансұр) ертеортағасырлық архитектуралық ескерткiштер күнi бүгiнге дейiн сақталып келедi. Айша бибi, Қарахан, Бабажа қатын, Тектұрмас сынды тарихи жәдiгерлерiмен әлемдi сүйсiнткен көне Таразды, шығыстың ұлы жұлдызы Фердауисидың жүрегiнен суырып алған, мына өлең жолдары тамсандырған бұл көне, қасиеттi Тараз. «Сергiтер жүрек жарасын, Мөп-мөлдiр көздер қарасын Тараздан ғана табарсың» деп оның табиғатына, тұрмыс тiршiлiгiне, тарихы мен салт-дәстүрiне, топырағына сүйсiнген. Осынау қасиеттi, шуақты Тараз қаласынан XI ғасырдың бiрiншi ширегiнде теңге сарайы табылған. Ортағасырлық қала тұрмысында түрлi қолөнер өндiрiсi: тоқыма, шыны үрлеу, зергерлiк, ұсталық ағашты және сүйектi бедерлеп ою маңызды роль атқарған.
Бабаларымыздың бұдан 2000 ж. бұрын да қала салып, металл қорытып, қыш ыдыстар ғана емес, құбырлар жасап су жүргiзгенiн, Тараз - Еуропа мен Азияны жалғастырған Ұлы Жiбек жолының ең елеулi қаласы болып, бүкiл түркi елiнiң экономикасы мен мәдениетiнiң дамуына зор үлес қосқан, әлемнiң бар түпкiрiнен саудагерлер ағылған, таразы сияқты салмақ өлшеу құралы да, ойлап табылған, Шейх Ахмет Тарази сияқты ғұлама ақын өмiр сүрген көне, мәдениетi жоғары дамыған, рухани байлықтың дiңгегi. Қазба жұмыстары нәтижесiнде Тараз тарихының әр түрлi дәуiрлерiндегi құрылыс комплекстерi мен жеке құрылыстары ашылды. 200 м2 - дей жердi қазған кезде шаһристанның шығыс жақ бұрышынан моншаның қалдығы табылды. Оның төбесi күмбезделiп жасалса керек. XI - XII ғасырларда, қала экономикалық жағынан дамыған кезде салынғанын дәлелдейдi. Осы жерден ұзындығы 12,8 м су құбыры табылды. Таразда 11-12 ғасырларда өте қызық тәсiлмен салынған пеш табылды. Оның пiшiнi күмбез тәрiздi, пеш сынап және жаңғыш заттар сақтайтын, ұзын мойынды, бүйiрлi ыдыстарды күйдiруге арналған болу керек. Пеш табылған жерден әр түрлi ас бұйымдарын тапқан. Тараздың орнын қазған кезде, ақ күңгiрт, жасыл және қызғылт шыныдан жасалған дискiлер табылған. Бұл дискiлердi үйдiң терезесiне орнату үшiн пайдаланған. Таразда әйелдерге керектi әсемдiк бұйымдарын құюға арналған үш қалып табылды. Ұсақ түйек бұйымдар жасау үшiн сүйекпен мүйiз кеңiнен пайдаланған. Бұғы мүйiзiнен жасалған бұйымдар да Тараздан табылған. Металл бұйымдар - шырағдандар мен оларды қоятын тұғырлар аса зор көркемдiкпен iстелген. Мiне, осы қазба жұмыстары нәтижесiнде табылған заттар, өрнектелген бұйымдар, тарихи ескерткiштер мәдениеттiң яғни рухани мәдениеттiң дамуына зор үлес қосты.
Қазақстанның ең көне қаласы Тараз Ұлы Жiбек жолының ең басты, елеулi орталығы болды. Ұлы Жiбек жолында ғасырлар бойы бiздiң өлкемiздiң тарихы, әлемдiк құрамдықтың, тiршiлiктiң күре тамырына айналып, өз заманында Жiбек жолы бойындағы жетi жұртқа даңқы жайылған iрi сауда, қолөнер кәсiпшiлiгi дамыған орталық болғанын бүкiл әлем, осыдан бiрер жыл бұрын Қытай елiнiң ежелгi астанасы - Сиянь қаласында өткен Ұлы Жiбек жолына 2100 жыл толуы құрметiне арнап өткiзген халықаралық конференцияда мойындап оны, мақұлдады. Бұдан бiз олардың бiздiң қасиеттi қаламыздың тарихын тым терең бiлетiндiгiне көз жеткiземiз. Ұлы Жiбек жолы - адамзат тарихының дамуында бiздiң эрамызға дейiн II ғ. Батыс пен Шығысты байланыстыратын, құрылық аралық жол ретiнде қызмет еткен бiрегей тарихи ескерткiш. Бiздiң өлкемiз арқылы өтетiн басты бағытының iшiнде - Оңтүстiк бағыт-сауда орталығының шоғарлары, ғылымның дамуы мен, мемлекет аралық байланыстың күшеюi, олардың озық өркениетiнiң мәдениетiн өзара бiрлесiп байытуға орасан септiгiн тигiздi. Оның көп ғасырлық тарихы әлем мәдениетiнiң дамуына айтарлықтай үлес қосқан мұра болып табылады және адам баласының бiрнеше мың жылдар бойы жасаған тарихи мұралары қазiргi мәдениетiмiздiң тұғыры ретiнде келешек ұрпаққа сақталынуы қажет.
20 жүз жылдықпен құрдас сияқты Тараз қаласының бүкiл әлем болып, атап өтетiн мерейтойы туралы ЮНЕСКО 1999 жылы шешiм қабылдады. Елiмiздегi ең көне қаласы, оның тарихы, мәдени ескерткiштерi сол күйiнде сақталып сәулетi мен сәнi арта түссе шеккi болмас едi. Иә, қала қайта жаңғыртуды күтедi. Сан қырлы сәулетi мен сәнi ескерткiштер ерекшелiктерiн сақтай отырып, XХI ғ. лайық жаңа түрмен байыта, бiртұтас мемориалдық кешен түзеу қаланың бас жоспарына алынған. Сұлу табиғаты мен, арықтарды сыңғырлап аққан суымен, қонақжайлығымен баурап алатын Тараз өңiрi дүниежүзiлiк туризм ағымынан шет қала алмайды. Қаланың келешегi зор, бүгiн де Тараз - ежелгi де жаңа қалаға айналды. Рухани байлықты паш ету Тараз қаласының 2000 жылын тойлаудың темiрқазығы болуы абзал. Сонда, ғана бiз мақсат биiгiнен көрiнемiз. Тараздың және осы өлкенiң бай тарихын, табиғатын, жерiн ұтымды көрсете бiлсек, көне ұлттар қатарына, оның қазақ мәдениетiнiң, қазақ өркениетiнiң дамуына қосқан үлесiн, тигiзген жетiстiктерiн әлемге паш етемiз. Ал, ендеше iске сәт «Ежелгi, Тараз»- қазақ мәдениетiнiң алтын бесiгi.
http://taraz2000.tarazinfo.kz
Достарыңызбен бөлісу: |